Жұма, 29 Наурыз 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 4104 1 пікір 27 Қыркүйек, 2018 сағат 10:32

Біз көтерген мәселеге Діни басқарма орыс газеті арқылы жауап қатты

Біз Abai.kz ақпараттық порталына қыркүйектің 19 күні «1893 жылы салынған Марал Ишан мешіті ҚМДБ-ға қажеті жоқ па?» деген мақала жазғанбыз. Онда салынғанына тұп-тура 125 жыл толған осынау айшықты да ерекше Алла үйінің жанашыр қожайынның жоқтығынан азып-тозуға айналғанына жұртшылықтың назарын аударғанбыз. Содан біз ҚМДБ-дан бір жауап болар деген үмітте едік. Алайда күткеніміз болмады. Басқарма үнсіз қалды.

Жоқ, біз қателесіппіз. Басқарма ештеңені де бүкпестен, өздерінің атқарған жұмыстарын тәптіштеп, ұзақ-сонар жауап қатыпты. Бізге емес. Осы облымыздағы орыс тілінде шығатын «Наша газета» деп аталатын апталыққа беріпті. «Біз бірінші жазып едік, қанша дегенмен бүкіл елге тарайтын портал едік, жауабын алдымен бізге бағыттаса қайтеді» деген пендешіліктен аулақпыз, әрине. Біз үшін ең бастысы көтерген мәселеміздің қалай шешілетінінде. Кімнің атағы алдымен шығады, кім-кімді менсінгісі келмейді деген қысыр сөзге құмарлығымыз жоқ.

Сонымен, басқарма не дейді екен, соған келелік. Бұл мекеме өзінің мешіт істері жөніндегі бөлімінің басшысы Жанділла Бекжігітовтың аузымен «басқарманың еш уақытта Марал ишан мешітін ұстап тұрудан бас тартқан еместігін  жауапкершілікпен хабарлайтынын» айтады. Бұл енді бұрмалаушылық. Біз «басқарма Марал ишан мешітінен біржолата іргесін аулақ салып отыр» деп жазған емеспіз. Біз тек кезінде мешітті жөндеуге көмектесеміз деп уәде бере отырып, оны орындамай кеткенін еске салғанбыз. Мұны біз осындағы Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшығы Ерлан Қалмақовтың өз аузынан естідік. Қалмақов мырза өтірік айтса, ол сол азаматтан сұрағандарыңыз мақұл.

Сөйте тұра басқарма бұл мешіттің әбден азып-тозғанын, соның салдарынан мұнда мінажат етуге болмайтынын айтқан. Ал мешітті қайта қалпына келтіру аса қымбатқа түседі. Бекжігітовтың газет редакциясына телефон соққанда бұл жұмыстың бір миллиард теңгеге жетіп жығылатынын ашық мойындапты. Ал жергілікті қалталылар осынау сауапты іске қол ұшын беруге жарамапты.

Ал мұның енді өзіндік себептері бар. Жергілікті азаматтардың ақша бөлуге жарамағаны, олардың сараңдығынан емес. Бір кездері бізде әкім болған Кулагин деген кісінің сегізінші микорауданда бизнесмен Төлеген Жайлаубаевтың өз ақшасына үлкен мешіт салғанына қарамастан, оның жанына тағы бір мешіт тұрғызуға пәрмен бергендігінде. Ал оған ждергілікті кәсіпкерлерге беделін сала отырып, ақша жинатқанын осындағы жұрттың бәрі де біледі. Енді қостанайлық кәсіпкерлер қаншама бай болса да екі бірдей дүниеге - бір жаңа мешітке, бір ескі мешітке қаржы беруге мүмкіндігі келе қоя ма? Олардың тартынып қалғаны да міне осында.

Айтпақшы, «Шағын қаламызға екі бірдей зәулім мешітті бір жерге салудың қаншалықты қажеттігі бар? Онан да біреуін қала орталығындағы көк базардың жанындағы бос орынға салса қайтеді» деп қаламыздың зиялы қауымы қанша жерге үшбу хат жіберіп, наразылығын білдіргенмен, жоғарыдағы билік те түсіністік танытпады. Ақыры міне ауласы ат шаптырымдай екі мешіт бір жерге қаздай тізіліп тұр. Ал шаһарымыздың орталығы мен шығыс пен оңтүстік бөлігіндегі жәмиғат аурақтарға құран оқытып, бет сипау үшін қаламыздың әр түкпірінен бірнеше автобуспен осында шұбырады, Ал осыны біле тұра басқарманың жауабындағы «Қостанайда салынған екі мешіт қазіргі таңда мүлтіксіз жұмыс істеп тұр, міне сондықтан қаланың жәмиғатынан шаһарда мешіт жоқ деген наразылығын естіген жоқпыз» деп бір қайырыпты. Ау, кім мешіт жоқ деп отыр? Әңгіме тек Марал ишан атындағы орталық мешіт жайлы болып отыр емес пе? Ғажап қисын екен.

Қисын демекші басқарманың кең пішілген жауабында облысымыздың Қарабалық ауданының орталығындағы мәрмәр таспен өрілген зәулім ғимараттың қазір жергілікті бюджетке берілгенін қуана хабарлайды. Біздіңше, бұл жерде аса шаттана қоятын ештеңе жоқ.

Біріншіден, ол мешіт осы  жерде туған, қазір Астанадағы атынан ат үркетін бір мықтының анасына арнап салған мешіті. Байлығы жетеді, сосын салса салған шығар. Алайда бұл өңірде қазақтардың саны тым аз, тары ішінде бір бидайдай ғана. Сонда ол кім үшін салынды, мақсаты не деген күмәнді сұрақтар туындайды.

Екіншіден, осындай зәулім мешітті ұстап тұру үшін қыруар қаржы керек екені белгілі. Оның салмағы енді жергілікті бюджеттің мойнына, яғни қарапайым халықтың қалтасына түсіп тұр. Сонда дейміз-ау, алдымен елде жоқ керемет мешіт салады да, кейін одан бас тартып шыға келеді. Ау, оны енді өзі салған екен, ендеше ешкімге салмақ түсірмей өз ақшасына ұстап тұрса, кедейленіп қала ма? Мешіт деген сол кісінің анасының атын иеленіп тұр емес пе? Ендеше оған қаржылай да, өзгеше де жауапкершілікті өзі мойнына алмас па еді, ер азамат?

Қысқаша айтқанда, бізге келмеген көл-көсір жауаптан өзімізше түйген ойымыздың бір парасы осындай. Қалғанын оқырмандардың патша көңілі білер.

Айтпақшы қаламыздағы адам көрсе қызығар зәулім мешітті кәсіпкер Жайлаубаев еш қабағын шытпастан, барлық қаражатын өзі көтеріп отыр. Енді оның жиған-тергені  жаңағы азаматтың байлығының жүзден біріне жетпейтініне сенімдіміз. Сірә, әңгіме ақшада емес, мәселе істеген ісіңді өз мойныңмен көтере білуде шығар. Ал «Аты менікі, заты сенікі» дейтін қулық қай азаматқа да жараспайды. Айтайын дегеніміз осы еді.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

           

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553