Жексенбі, 10 Қараша 2024
Жанайқай 7809 11 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 09:24

1893 жылы салынған Марал Ишан мешіті ҚМДБ-ға қажеті жоқ па?

Мешітіміздің бүгінгі жағдайы осындай

Қостанай қаласының дәл орталығындағы Әл-Фараби атындағы даңғылда Марал Ишан атындағы мешіт сән-салтанаты мен көркіне сай кім-кімді де «мен мұндалап» шақырып тұратын. Облысымызда ғана емес бүкіл қазақ жұртына қасиетті ислам дінін таратуда аты мәшһүр болған бұл ғұламаны қазір қастер тұтпайтын адам жоқ. Марқұмның бейітіне Қызылорда облысына барып тәу етушілер көп екенін білеміз. Сөйткен ғұламаны өзінің кіндік қаны тамған жерінде онша қадір тұтпайтындығы байқалады. Өйткені аталмыш мешіт сонау 1893 жылы бой көтерсе де, күні кешеге дейін сылағы да түспей сыр бермей келген еді. Мұнда қасиетті жұма күні түгілі жай уақытта адам аяғы арылмайтын. Ал қазір ше?

Рас, ғасырдан астам уақыт бұрын халықтың ақшасына салынған бұл әсем ғимаратттың да кезінде көрмеген құқайы жоқ. Қазан төңкерісінен кейін большевиктердің қаһарына ұшырап, мешітіміз концерт қоятын филармонияға айналды. Одан соң біраз жөндеп, тағы халықтың көңілін көтеретін кинотетр болып мың құбылды. Тек еліміз егемендік алғаннан соң, 1992 жылы ғана дінімізге қайта оралып, құдай үйі атанып, есігін айқара ашты.

Енді міне қаламыздың киелі орнына айналған, алыстан келген қонақтардың өздері таңқала да тамсана қарайтын мешітіміздің басына қара бұлт үйірілді. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығының сырт жағында, яғни микроауданда жаңа мешіт саламыз деген сылтаумен бір мың адам артығымен сиятын бұл ғимаратты бос қаңыратып тастады. Қазір орталықта тұратын адамдар сонау қала сыртындағы мешітке садақа беру үшін бірнеше автобуспен қатынауға мәжбүр. Әсіресе жасы келіп қалған, сырқаты жанына бататын қарияларға қиын.

Ал Марал ишан атын иеленген мешіттің қазіргі жайы кім-кімнің де жанына аяздай батып тұр. Ол бейнебір ешкімге керегі жоқ басы артық дүние секілді. Азып-тозуға айналды. Мешіт жылу жүйесінен мүлдем ажыратылып тасталған. Намаз оқылмайды. Діни мерекелер өткізілмейді. Күрделі жөндеу жасау дегенді ешкім де ойламайды. Бір кездері, нақтылап айтқанда осыдан екі жыл бұрын Қазақстан діни мұсылман басқармасы «қажетті қаржылай көмек беріп, жақсылап жөндейміз» ,- деген уәдесінен де тайқып кетті. Ол басқарма бұл тарихи жәдігерді сылап-сипап болса да ұстап тұруға шамасы келмеді. Мұнда қазір ешкім келмейді, сондықтан азын-аулақ пікір-садақа да түспейді.Садақамен мүмкін лаждауға болар ма еді, енді ол да көзден бұл-бұл ұшты. Қысқасы, бір кездері қаламыздың мақтанышына айналған орталықтығы жалғыз мешітіміздің тағдыры қыл үстінде. Егер мұндағы анау Қайрат Нұртас, Айқын, Ерке мен Төрегелді секілді әншілерді тойына шақырып, милллиондаған ақшаны аямай шашатын байшкештерімізден еш көмек болмаса, күні ертең мешітіміз күл-қоқысқа айналып, пірадар Марал ишан атамыздың аты біржолата өшпек.

Бір қызығы бұл мешіттің осындай күйге ұшырауына өзіміздің емес, өзге ұлттың өкілінің жаны ашитын көрінеді.

- Марал ишан мешіті - тарихи нысан, ол көп жылдар бойы қаламыздың визиткалық карточкасына айналды, - деп қанжылыс білдіреді Қостанай қаласының тұрғыны Татьяна Галкина, - Оның бейнесі көптеген кітаптар мен открыткаларда да бар. Менің бір танысымның айтуына қарағанда Ресейдің Қазан қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында ескінің көзі ретінде Марал ишан мешітінің суретін қабырғаға әспеттеп іліп қойыпты. Мінекей көрдіңіз бе, біз сыйламасақ, өзгелер сыйлап жатыр. Елден ұят.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz            

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2767
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2807