"Болашақтықтар" қолайлы заңдар шығарып, "революция" жасауы керек
Өткенде, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жұмысын сынады. Сенат төрағасының айтуынша, бірқатар заң ішкі қарама-қайшылыққа толы екен. Ол кісінің айтып отырғаны жаңалық емес, заң шығаруда орын алған бұл жағдайлар уақытымен келген заңды құбылыс. Мұндай құбылыстың басы соңау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған еді.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары мемлекетіміздің атқарушы органдары Жоғары Кеңеске, кейінен Парламентке мақұлдауға апаратын жаңа заң жобаларын асығыс түрде даярлайтын. Себебі, сол кездері тәуелсіз елге жаңа заңдар шұғыл түрде керек болды. Кеңес заманы тұсында жазылып-жасалған ескі заңдарға әбден төселіп алған мемлекеттік қызметкерлеріміз жаңа заңдарға қажетті бапты ойлап табуға қауқарсыз еді. Ол уақытта, ел ішінде заң шығару процесімен айналасатын заңгер мамандар болмады деп айтуға болады. Барлық министрлеріміз өз саласына қажетті жаңа заңдарды жазуға заңгерлерді шетелдерден алдыратын. Заңдар әуелі тек орыс тілінде жазылып, кейін мемлекеттік тілге аударылды. Осы күнге дейін үкіметіміз, шетелдердің барлық бағыттағы заңдарын үлгі ретінде алып, пайдаланып келе жатыр. Көшіріп алған біреудің заңы біреудің еліне қызмет жасамайды. Нәтижесінде, пісіп жетілмеген, уақытында асығыс қабылданған барлық заңдарға парламент депуттары бүгін түзету мен толықтырулар енгізіп әлек болуда.
Қос палаталы Парламентіміздің жұмыстарын көруге журналистерді кіргізбеу дұрыс емес, заңдардың қайдан және қалай келіп жатқаның халық біліп отыруы керек. Ел үшін маңызды кейбір күрделі заңдарды талқылауға еліміздің қоғам белсеңділерін шақырса да артық болмайды. Жаһан тарихы көрсеткендей, халықпен бірге жазылып-жасалған заңдар ұзақ мерзімді және жемісті болады, бастысы елімізде заң шығару дәстүрлері қалыптасады. Қарап отырсаңыз, бүгінгі Парламент Мәжілісінде билік партиясынан басқа саяси партиялардан бір түйір депутаттар ғана бар. Жергілікті жерлерлердегі маслихаттарымыз бір партиялы болып отыр. Елімізге бүгін саяси плюрализмнің ауадай қажет екенің уақыт көрсетіп отыр.
Қазіргі, еліміздің пайдаланып жүрген басым көпшілік заңдар Батыс елдері заңдарынан алынған. Еуропадан келген барлық заңдар мен баптардың ғасырларға созылған өзіндік тарихы бар. Сондықтан, еліміздің мектеп оқушыларына тарих пәндерін оқытқанда, оқу бағдарламасына «заңдар тарихын» кіргізіп, жүйелі түрде оқытуға міндеттіміз. «Не оқытамыз?» -дегендерге пішім ретінде тарихтан өте қысқа мысал келтірейін: «Ағылшын королі Иоанн мен ағылшын барондарын демократияшыл деп айтуға ешкімнің ауызы бармайды, бірақ 1215 жылы Рунимед даласында олар қол қойған құжат конституциялық басқарудын елеулі көрінісі болды. Барондар корольмен қарым-қатынаста өздеріне әжептәір автономиялық құқық беретін феодалдық құқық дәстүрін патша бұзып отыр деп ойлап, наразылық білдіріп талаптарын күшейтті. Иоанн патша олардың талаптарын орындауға бас тартқан кезде барондар жасақтар көтеріп, көпшілігі жер иелерінің, ақсүйектердің және шіркеудің мүддесін қорғайтын құқықтардын тұратын 63 бапта қамтитын «Еркіндіктің Ұлы Жарғысына» қол қоюға корольді мәжбүр етті. Бұл жарғының бірқатар қағидалары Англияның барлық халықына қолданылса, кейбіреулері елдің құқық жүйесінің негізін қалады. Мысалы, «Еркіндік жарғысына» король маңызды мемлекеттік мәселелерді, соның ішінде салық салуды кіргізу мәселесін шешетін кезде барондармен бәтуаға келіп отыруы қажеттігі айтылады. Соңғы ғасырларда халықтың мүддесін қорғайтын орган – парламенттің келісімінсіз бірде-бір заң қабылданбауы, ешқандай салық салынбауы үшін осы жарғының баптары қолданыла бастады. Американ революциясы кезінде тәуелсіздік аңсаған колонистер бұл идеяны қуаттап, «өкілдіксіз ешбір салық салынбасын» деп, халықты Англияға қарсы күреске шақырды.
«Еркіндіктің Ұлы Жарғысынан» әділетті сот тәртібін де, әлеуметтік мәртебесіне қарамай, барлық адамдардан қазылар алқасын құру туралы идеяны да табуға болады. «Еркіндік жарғысында» көрсетілген феодалдық құқықтардың қарапайым халықтың конституциялық құқықтарына айналуына ұзақ ғасыр уақыт кетті, өйткені көптеген ағылшын корольдері «жарғыны» түрлі қитұрқы амалдар тауып елеп-ескермей келді. Тек 1688 жылы болған «Даңқты революцияның» нәтижесінде Англия елдің басты заң шығару органы болған парламент құрып, берік конституциялық монархия орнатуға қолы жетті. Парламентті өзертуге, оны тең өкілдіктен тұратын демократиялық институтқа айналдыруға тағы да бір ғасырдан аса уақыт кетті». Дүниежүзі тарихынан осындай тарихи мәліметтерді егжей-тегжейлі білген оқушылармыз конституция, еркіндік, парламент деген ұғымдарының елімізге қайдан және қалай келгенің біледі. Осыдан барып мемлекетіміздің әр азаматы демократиялық құндылықтарды бағалайды, тәуелсіз мемлекетіміздің қадірін түсінеді, зайырлығымызды қастерлейді.
Шетелдерге барып, демалып жүрген азаматтарымыз ол жақтын мәдениеті туралы, азаматтарының еңбекқорлығы мен тұрмыс өркениетті туралы әлеуметтік желіде тамсанып айтып-жазып жүреді. Тарихшы ретінде, осы жерге тарихи мәліметтің үзіндісін қосқым келіп отыр: «Еуропаны Наполеон әскерінен азат еткенде одақтастар әскері құрамында Ресейдің әскері Парижге дейін барады. Еуропаны кезіп өткен Ресейдің әскери дворяндары жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін көреді. Өздерінің еліндегі халықтың ауыр жағдайының себебін патшаның шексіз билігінен көреді. Осыдан барып, 1825 жылы желтоқсан айында Ресейдегі самодержавие мен басыбайлыққа қарсы орыс дворян революционерлері көтеріліс ұйымдастырады. «Дакабристер» революцияларымен өздерінің шаруа халықына сәл де болса еркіндік беруге тырысады».
Мұнымен айтқым келіп отырғаны, мемлекет қаражатына шетелдердің оқу орындарында оқып жүрген және оқып келген біздің маман жастарымыз «Дакабристерге» ұқсап неге еліміздің халқына қолайлы заңдар шығарып «революция» жасамайды? Әйтпесе олар шетелерде жүріп, демократиялық дамыған елдерінде сайлаулар әділ өтіп, көп партиялы парламенттердің әсерлі жұмыстарын көрмеді емес, көрді. Ең болмаса, барлық жағынан дамыған елдеріндегідей өз халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсартуына неге еңбек етпейді? Алыста жүріп, алтын уақыттарын сарп етіп оқып келген «мамандарымыз» бар болғаны, Батыс елдеріндегі жұрт бір ваннаға су толтырып кезек-кезек отбасымен суға жуынатындарын ғана көріп, соны бізге жаңалық қылады.
Жанат Асанқали, Жезқазған қаласы
Abai.kz