Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6058 8 пікір 5 Қазан, 2018 сағат 10:06

Жазушы шеберлігі – Рухтың тірілуі

Әлі есімде, 2010 жылдың жазы. Талдықорғанның Қапал Арасанына келіп, бұлақ бойында ем алып жатқанмын. Қолымда жазушы Жәди Шәкенұлының жаңадан шыққан «Қаралы көш» романы. Бас алмай оқыдым. Көз жасыма ие болмай, сор кешкендей болып отырып, аяғына қалай жеткенімді де білмей қалдым. Менен соң әйелім оқып, ол да жылады. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлына телефондап, «ойбай, солай да солай. «Қаралы көшті» тауып оқышы. Қазақ әдебиетіне жаңа дүние келіпті» деп сүйіншіледім. Көп ұзамай Н.Қапалбекұлы да тамсана, таңдана оқығаннан айтып, қоңырау шалды.

Шын мәнінде, жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» аталатын романы қазақ көркем әдебиетіне келіп қосылған үлкен олжа болды. Баяғыда ағылшын жазушысы Жюль Верннің «Он бес жасар капитанында» құлдық дәуірдегі Африка негрлерінің азап-қырғынын жазыпты деп, сілекейіміз шұбыра мақтап едік. Алайда, ондағы баяндалған жайлар Жәди Шәкенұлы жазған «Қаралы көштегі» қазақ қырғынының ширегіне келмейді екен. Біз өзіміздікін көрмейміз, өзгеге жалтақтауға үйірміз. Мен осы сөздерімді 2010 жыл 15 қырқүйек Қазақстан Жазушылар одағында өткен «Қаралы көш» романының талқысында оқыған баяндамамда да айтқанмын.

Айтса айтқандай-ақ, қазақтың басына түскен қаралы көш көш оқиғасы автордың көп тер төгіп еңбектенуі арқасында терең қамтылған. Баркөлден басталып Гансу, Чиңхай, Тибетғ Үндістан, Пәкістан жерлерін көктей өткен бұл көштің небір қанды қырғындардан аман қалған тамтығы Түркияға жетіп жығылады. Бір кереметі, солардың жұрнағы бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанын ауыз толтырып айтуға әбден болады. Қазақ ұлты үшін осындай қомақты тарих жатқан бұл ғажайып оқиға жайлы қай-қай оқырман оқыса да, тұщынарлықтай терең тамыр тартқан романды жазудың үлесі Жәди Шәкенұлының маңдайына бұйырған екен. Және кім оқыса да, ізі жосылған тарихи шындыққа, әрі роман тілінің әшекейіне мін таға алмастай.

Қанды қырғын қаралы көштің жұрт білмейтін терең қатпарларына үңіліп, қайран қазақ ұлты қансырап жатқан тарихи шындығымызды дәл баса отырып, еңірегенде етегі жасқа толған елдің қасіретті тағдырын айрықша көрсетіп, осындайлық көркем шежіре шерткен бұл кітаптың – тұтас ұлт мақтанышы дерлік ерекше еңбек екенін мойындауымыз және жар салып айтуымыз керек. Біреулер менің сөзіме қарап отырып, қызығар, қызғанар. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демекші, жай ғана білуге, ермекке оқитын шығарма бұл емес. Романның желі-арқауы, ондағы қасірет жалпылама көтермелеп мақтауды, жай дүрмекті көтермейді. Мұнда мыңдаған аруақ рухының шамшыл киесі бар. Ол салғырттықты, сүлесоқ немқұрайдылықты көтермейтін кие. «Тәуіптің ең жақсысы, ауруға ауру қоспай кеткені» дегендей, бұл кітапты ықылассыз, немкетті оқығаннан оқымаған жақсы. Баға бергісі келмеген, бағалай алмаған адам зиянын тигізбей, аулақ жүрсе, сол да жетеді.

Жоңғар заманын айтпаған күннің өзінде, өзге қазақ рулары басынан кешпеген қырғынды жауынгер Керей елі кешкен. Және қасық қаны қалғанша күресе білген. Намысын таптатпай, жауынның жағасынан алып өлген. Елсіхан бастаған Қожақын, Адубайлар сияқты көптеген жаужүрек батырлар елін қорғауда қытайдан, моңғұлдан, дүңгеннен, ұйғырдан – сан тараптан тиіскен қанды қол қас жауларымен бастарын бәй тіге шайқасқан. Елсіханның әкесі Әліп үкірдайдың жаман түс көруімен бірден басталатын бұл оқиға – қазақ халқының көрмеген қырғыны қалмағанын әйгілеп, жаныңды жаралап отырады.

Мемлекет армиясы 36 дивизиясының бастығы, дүңген генералы, алаяқ Ма Жұңйың өз мүддесі үшін Елсіханға хат жолдап, әкесіне көңіл айтады. Елсіханның көзсіз батырлығын білетіндіктен оған үкіметті аударып, бірлескен мұсылман мемлекетін құрайық дейді. Бұның барлығы да тарихи шындықтан алынған. Әкесінің ауылы шабындыға ұшырағанда, басқа жақта жүрген Елсіхан, Қожақындар келгенде жұрттағы қызыл қырғынның үстінен түседі. Баласын алдырған барыстай жаралы болған Елсіхан жанпида айқасқа біржола бел шешіп шығады. Енді дүңгендер жайлаған өлкелер Гансу, Чиңхай жаққа ығысуға мәжбүр болады. Амалсыздан мұсылман ғой деп, пана іздеп, соларды арқа тұтпақ!.. Бірақ қанқұйлы Ма Буфаң алғашында өз мүддесіне бола емексіткенмен, Елсіханның еліне зұлымдық тигізгеннің бірі – осы дүңген генералы болады.

Романға қатысатын адам аттары, айтпаса болмайтын қажетті кейіпкерлер шығарманың шындығын арттырып, суреткерлікпен берілген. Санап алғысыз адам аттары  қай жерде, қаншасы қалай қырылғаны бәрі орын-орнында. Барлығы да өзді-өзінің қажетті жүгін арқалап тұр. Көптігі сонша мысалға келтірейін десең, қайсысын айтарыңды білмейсің. Жазушы Жәди Шәкенұлы осының бәрін қанша зерттеп, қалай іздеп тапқан жанкешті еңбегін ойлауымыз керек. Сол жолдағы жапа-машахатын айтуымыз керек. Ерен еңбегін бүкіл қазақ баласы болып бағалауымыз керек.

Тарих ешкімнің ақысын жемейді екен. Қызыл қанға бөккен елдің есесін бүгін Жәди Шәкенұлы деген жазушы жоқтап отыр. Артында ұрпағы қалмай, қара басын тек қана халқына арнаған Елсіхан өмірі туралы әркімдер барын салып жазса да, ірі тұлға ретінде сомдай алмағаны да рас. Сол ойсыраған бостықты, ақтаңдақты Жәди Шәкенұлы қаламы оның қарым-қуаты толықтырды. Қазақтың бір батыры ғана емес, қазақ халқының батырларында болатын ерлік, елдік қасиеті – көркем шығарма деңгейіне көтеріп, ұлт рухына үн қосты. «Шаһиттер өлмейді» дегендей, Елсіхан рухы қайта бас көтеріп, халқымен қауышты. Ұлтқа керекті, ұлт ұлдандарында болуға тиісті ұждан -кітап бетінде алтын әріптермен өрнектелді. Жүрек қанымен жазылған десек те, құдайшылық сөз болар еді.

Тағы-тағы шегелеп айтқанда, «Қаралы көш» жорығын Жәди Шәкенұлы ұмытпастай етіп жаза білген. Әлемдегі ең ұзақ көш бойында қазақ деген елдің көрмегені қалмаған. Тағы бір ғажабы, қазақ әйелдері сонау жоңғар заманынан бері жаугершіліктің қай-қайсысында да, ерлері жаумен арпалысып жатқанда, мына жақта үйін жығып, жүгін артып, демарада қуғын жауға көшкен жұрттарын сипатып кетіп отырған. Бала-шаға қасында еркектің жоқтығын білдірмей, мен-мен деген азамат атқарар істі мойынына алған. Мұзарттарға тіреліп қалғанда көліктердің аяғына киіз төсеп, қарсы алдыдағы керме тастарға маңдай тіреп, тоқтап қалған жерлерде түйелерінің беліне арқан байлап, ер-әйел демей үстіңгі жағынан жабылып тартып, шығарып отырған. Тағы бір таңданарлығы, бұл кітапта «Аллаһуакбар, Аллаһуакбар» деп азан шақырылып, өлім мен өмір ортасында жандарын аузына тістеген халықтың қорқынышты күйін автор дәл баса білген. Кітаптың басында Елсіханның әкесі Әліп таңғы намазды оқиды. Кітаптағы бес тарауда - бес реткі намаз бейнеленіп келеді де, Елсіхан өмірден өтер шағында Құптан намазын оқиды. Қырғынға ұшыраған халықтың қолынан келері – намаз оқып, зар тілекпен Құдайға жалыну ғана. Тарихи шындық осы шығармаға арқау ретінде алынған. Хаққа жалбарыну – сол көштегі адамдардың халінен артық бола қоймас. Соқыр көз, ұғар құлақ болса, Аллаға жылау осы кітаптан артық қай көркем шығармада барын білмеймін. Бұл да бізді тәубемізге келтірерлік нәрсе.

Тағы бір тамаша детал - Елсіхан қолындағы қамшы. Қамшы – ақсүйектіктің, бегзадалықтың, құлдыққа көнбейтін асаулықтың символы ретінде әр жерде көрініс береді. Елсіхан бала күнінде қытайша оқып жүріп, қытай балаларымен төбелесіп қалғанда, олардың басына қамшы ойнатады. Кейіннен ұзақ көш барысында сол қамшысы дүңгеннің басына, моңғұлдың басына, таңғыттың басына, тіпті шетелге – Үндістанға барғанда, үндінің басына ойнайды. Реті келгенде, екі жүзділік танытып, дұрыс тәржіман бола алмадың деп, сол қамшымен ұйғырды да тартып кетеді. Демек, романға үңілген сайын, оны қайталап оқыған сайын Жәди Шәкенұлының жазушылық қыры барынша ашыла түсумен бірге, Елсіханның батырлық образы да биіктей береді. Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар тақырыбындағы мұндай шеберлік сирек кезігетін құбылысқа жатады.

Сөз соңында, ешқайдан, ешкіммен опа көрмей, өгей өмір соққысынан зарыққан бауырларымызды өз қанымыз деп, ішке тартып, бас қалқа болған ұлы Түркия еліне шексіз алғыс-рахметімізді арнауымыз керек. Олар діндес, қандастығын ақтаған. Қорған болған. «Соңына сор ергеннің де, бір бақыты болады» демекші, сорға батқан қаралы көш адамдары Түркия үкіметінен пана тауып, бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанымыз, ұлтымыздың маңдайына біткен Елсіхандардай жүрегі түкті баһадүр перзенттеріміздің арқасы екенін мақтанышпен айтуымыз керек. Нағыз ер шешім деп, Елсіхан бастаған қаралы көштің шешімін айтып, жаһанға жар салуымыз керек. «Қаралы көш» романының түрік тіліне аударылып, күллі түркі жұртына танылып жатқанын ескерсек, бұл датегіннен тегін болмаса керек. Ел бастаған Елсіханның көштің бетін түркі жұртына бұруы туралы қаншама жазушы-тарихшы кітаптар жазса да, Елсіхан туралы мына «Қаралы көштің» жүгін арқалай алмаған еді. Даңғазалы жазушы Жәди Шәкенұлының бұл романы Елсіхан асқан Гималайдай биік деңгейге  көтерілді десе, артық айтқандық болмас еді.

Жанат Ахмади

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373