Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 4215 4 пікір 10 Қазан, 2018 сағат 10:07

Рухани мүгедек болып қалмаймыз ба?

Бүгінгі күні қоғамға тез тарап, танымалдылыққа ие болып, осы ғасырдың сөздік қорының сәніне айналып отырған «хайп» сөзін күнде еститін болып жүрміз. «High Yield Investment Program» бұл бірнеше сөздің қысқарған түрі. Яғни «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағынаны білдіреді. «Хайптың» тарихы ХХ ғасырда АҚШ-тан бастау алған екен. Американдық медиа маман Дуглас Рашкоффтың жазуынша, мұның түпкі мағынасы «тері астындағы ине».

1920 жылдары бұл сөз есірткіге тәуелділерге қатысты қолданылған. Хайп – тәуелділік. Демек шуы көп, даурықпа, дүрлікпе, айқайшыл немесе алдамшы жарнама десек те болады. Бүгінде өз атын шығару үшін жасалатын жарнаманың бұл түрі асқыну шегінде тұр. Бұрынырақта бетке мақтағанда ұялып қалатын адам, қазір өзін-өзі мақтап, атын шығаруға арланбайтын болды. Хайптың шоу-бизнестегілерге тән дүние болып отырғанын несіне жасырамыз. «Әу» дегені жер жарғандар қатары жиілеген тұста, жан-жағындағы әріптестерімен бәсекеге түсіп, ел назарында болу үшін өзінің күнделікті өмірінен бір жаңалық жасап, тіпті болмаса өз ойынан бір нәрсе ойлап табатын болған. Көріп жүргеніміздей қазір хайпшылар камерадан жасқанбайды. Еркін түрде айтқысы келгенін айтады, сонан соң өтірік айтудан ұялмай, өзі сатып алған «сый-сыяпаттарды» өзіне табыс етіп жатқанын әлдебіреулердің атынан ұйымдастырады. Тіпті кейбір тележүргізушілердің өзі хайпшы­лар­мен бірге хайп жасауда.

Шоу-бағдарламалар саны жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап кетті. Онда айтылмайтын мәселе қалмай бара жатыр. Жамандап жүрген кеңес заманында келешек ұрпақ тәрбиесіне жат саналады деп телеарнадан көрсетпек тұрмақ, атын атауға тиым салынатын жайлар, бүгінгі күні арнада айқайлап айтылып, сол жағдайды жарнамалап тұрғанға ұқсайды. Арналардан (қай телеарна, қай тележүргізуші туралы айтып отырғанымды көзі қарақты көрермен сезіп отырған болар. авт) гермафродит (қосжынысты) адамдар, ішіне жын кіргендер т.б жайлы көргенге де, естігенге де ұялыс табатын бірнеше бағдарламаларды көзім шалып қалып жүр. Өзіме ол бағдарламалар өте жиіркенішті әсер қалдырды. Себебі ол күндіз не кешкі ас уақытында ата-ана мен балалар бірге отырғанда көрсетіледі. Еркектің қыз болып қылмыңдағаны, қыздың еркекше күжірейгені, үлкен тұрып, кішінің сөйлегені, ата-анасын ұрып-соққан, баласын қоқысқа тастаған сұмдық жайлар тарқатылып беріледі. Айта кету керек сол бағдарламада қосжыныстылар Қазақстан аумағында 1,5 млн. шамасында екені айтылды. Ал оны нақтылап, олардың 990 мыңы өмір сүріп жатыр дегенді алға тартқан тележүргізуші қатысушылардың біріне «егер сіздің балаңыз осындай болса қайтесіз?» деген орынсыз сұрақ қойып жатты. Белсенді көрерменнің көзаймына айналған тележүргізушілердің арзан айқай-шуы басым бағдарламалары осылай өрбуде. Сондықтан да бүгінгі телеарна мәдениетінде қазақы, адами құндылықтар құлдырап, тіл мен ділге, дінге деген көзқарас әлсіреп бара жатыр. Олай дейтін себебім телеарнаның тәрбиелік маңызы ерекше зор, сондықтан жұмсақ орында отырғандардан бастап, өнер адамдарының ұлттық құндылығымызға залалын келтіре­тін бағдарламардан сақ болып, мәдениет, әдеп қағидаларын ұстанып қазақ тілінде сауатты болуы, жинақы жүруі орынды. Әйтпесе олар орысқа ұқсаймын деп тілін бұрмалап, арабқа еліктеп бетін тұмшалап, шетелге еліктеп «жынды» бола бастады.

«Орыс болам деп әлекке түстің, ағылшын болам деп аласұрасың, араб болмаққа ұмтылдың, ал жарайды, ағылшынша ағып тұр, орыстың салтын істе, арабтың киімін жапсыр үстіңе, бірақ бетіңді қайтесің? Сыпырып тастайсың ба? Бетің қазақ қой. Қаныңды қайтпексің? Ағызып тастаймысың?»,- дегенді Зейнеп Ахметова апайымыз осындайдан күйгеннен айтқан болар бәлкім?!

Әлеуметтік желінің дамыған кезінде жақсылы-жаманды жаңа­лық­тар лезде тарайды. Үлкен-кішінің бір-бірімен бас қосып, әңгіме айтуға уақыты жоқ. Олардың көпшілігінің бар ойы әлеуметтік желідегі жазбаларда. Көздері ұйқыға кеткенше ұялы телефонда. Байқасаңыздар той-домалақ пен қазалы жерлерде де «алақандай әлемге» үңілген сорлы бастар. Біреу үйленсе де, біреу қаза болса да сол әлемнен естіп, біліп отырады. Сонан соң жаңалықтарын тілсіз, сөзсіз телефон пернелерімен тергіштеп жазып жеткізіп отырады. Бір жағынан әлеуметтік желідегі әңгімелердің пайдасы бар десек те, ХХІ ғасырдың онлайн-дәуірі кейбіреулерді жарға жығып жатқанын ескеруіміз керек-ақ.

«Заманың қандай болса, бөркіңді солай ки» дегенді алға тартып, көзсіз еліктеуден пайда болған заманауи әншілер көбейіп жатыр. Олар ұлттық санасы толық қалыптаспаған жастарға ұнайды. Мән-мағынасы жоқ, тілдерін бұрмалап, мұрнының астымен міңгірлеп айтатын әндер жастарды еліктіреді. Соған қол соғып қошеметтеп, әндерін ұялыларына жүктеп, құлаққап киіп өзімен-өзі жын ұрған бақсыдай болған бүгінгі адамдардың кейпі сырт көзге тіпті ерсі.

Музыка – жауһар өнер, жан-дүниеңді баурап алып, сезіміңді тәрбиелейтін құдырет, бірақ бәрі емес. Музыканың да музыкасы, әннің де әні бар. Сондықтан әлемде астыртын түрде мәдени террор жүріп жатқанын сезіне біліп, жастарымызға солардың жақсысы мен жаманын таңдай алатын талғамын қалыптастырып, оған өз құндылықтарымызды қарсы қоя білуіміз керек деп есептеймін.

Жанар Тұрдыбекқызы

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485