Сенбі, 25 Мамыр 2019
Саңлақ 697 0 пікір 18 Қазан, 2018 сағат 02:05

Велоспорттан Қазақстан командасы жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында құрама қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.

Бұл жолы дүбірлі додада топ жарған велоспорттан Қазақстан ерлер командасы болды. Велошабандоздар Глеб Брусенский мен Евгений Федоров бес кезеңге созылған кешенді жарыста көш тізгінін ешкімге берген жоқ.

Бүгін маунтинбайктен өткен критериум жарысында Глеб Брусенский екінші орын иеленіп, команда қоржынына 80 ұпай салды.

Евгений Федоров та ұпайсыз қалған жоқ. Ол алтыншы орыннан көрініп, 30 ұпайға қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан командасы жалпы есепте 418 ұпай жинап, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдегер атанған Люксембург құрамасында 276, қола жүлде иеленген Ұлыбританияда 253 ұпай бар.

Айта кетейік, 6 қазанда жалауын желбіреткен жасөспірімдер арасындағы III Жазғы Олимпиада ойындары 18 қазанда мәресіне жетеді. Ірі спорттық шараға 206 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Дүбірлі додада Қазақстан намысын 57 спортшы қорғауда.

Abai.kz

0 пікір