Жасөспірімдер Олимпиадасы: Айбек Оралбай алтын медаль алды
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында құрама қоржынына төртінші алтын медаль түсті.
Қазақстандықтардың оң жамбасына келетін спорт түрі бокстан алғашқы алтын жүлдені 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Айбек Оралбай жеңіп алды. Айбек ақтық сында алжирлік Мохаммед Амин Хасидті 5:0 есебімен еш қиындықсыз жеңді.
Бұл Айбек Оралбайдың ғаламдық ірі додаларда қол жеткізген бірінші жүлдесі емес. 18 жастағы боксшы бұған дейін Азия чемпионатында алтын, Әлем біріншілігінде күміс медаль алған болатын.
Кеше бокс турнирінің кешкі сессиясында медаль үшін кездесу өткізген тағы бір спортшымыз Надежда Рябец 69-75 келіде қола жүлдегер атанды. Боксшы қыз үшінші орын үшін өткен кездесуде алжирлік Ичрак Чаибті 5:0 есебімен жеңді.
Бұған дейін 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Дамир Тойбайдың финалда ресейлік боксшы Алексей Дроновқа есе жіберіп, жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанғанын жазған едік.
Біздің боксшыларымыздың Буэнос-Айрес төрінде тағы бір алтын медаль алуға мүмкіндігі бар. Бүгін шаршы алаңға 64 келіде жұдырықтасатын Талғат Шәйкен шығады. Оның қарсыласы ресейлік Илья Попов деген спортшы.
6 қазанда жалауын желбіреткен жасөспірімдер арасындағы III Жазғы Олимпиада ойындары 18 қазанда мәресіне жетеді. Ірі спорттық шараға 206 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Дүбірлі додада Қазақстан намысын 57 спортшы қорғауда.
Айта кетейік, осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындары алғаш рет 2010 жылы Сингапурде, кейін 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен болатын. Төрт жылда бір рет өтіп тұратын байрақты бәсекеге 14-18 жас аралығындағы спортшылар-юниорлар ғана қатысады.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz