Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 8830 5 пікір 19 Қазан, 2018 сағат 16:02

Соколованың сандырағы мен Сүлейменовтің сөзі неге ұқсас?

Адамдар 17 қазанды халықаралық кедейлікпен күрес күні ретінде күнтізбеге енгізген. Демек, дәл осы күні ғалымдар мен саясаткерлер әлемдегі ішер ас, киер киімге жарымай жүрген жандардың мұң-мұқтажын сөз етеді. Ресми ақпараттарға сенсек, әлем халқының 26.2%-ы өте төмен деңгейде өмір сүріп жатқан көрінеді.

Жә, жығылып жатып сүрінгенге күлгендей болмайық. Әлемде кедейлер көп деп күлетіндей Қазақстан халқының шекесі шылқып өмір сүріп жатқаны белгілі. Қазба байлығының көптігі мен жер көлемінің кеңдігінен ғаламды таңғалдыратын елімізде көптеген адам үпі-тапы күн кешіп жатыр. Бұқараның алатын ең төменгі айлық жал­а­қы мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі, статистиканың айтуынша, дәл қазір 28,7 мың теңгені құрап отыр. Дүниежүзілік банктің тұжырымы бойынша, әр адамның күндік тұрмыстық қаражаты 3.2 доллардан кем болу —  табысы өте төмен елдің көрсеткіші. Басқаша айтқанда, әлемдегі кедей елдің халқынынан сәл ғана жоғары деген сөз. Ал біздің елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі (28,7 мың) бұдан әлдеқайда төмен екенін көріп отырсыздар.

Ресми мәліметтер бойынша Қазақстан халқының 2,6 пайызы кедейшіліктің шегінде өмір сүреді екен. Бұл ресми дерек. Ресми статистиканы қарапайым халықтың арасына мүлде келіп көрмеген, жайлы креслода отырып алып жоғары жаққа есеп бергіштер жасайтынын ескерсек 2,6 пайызы дегені бер жағы ғана болып қалары сөзсіз. Бізше, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген қазақтың кем дегенде тең жартысы кедейліктің құйына батып жатыр. Тағы да дүниежүзілік банктің есебіне сүйенсек, халқының күндік табысы 5.5 доллардан төмен болса төмен табысты елдер қатарына жатқызылады. Ал біздің елде бұндай табыс талай адамға қол жетпес арман болып отыр.

Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2,3 миллион жалдамалы қызметкердің 259,1 мыңы 45 мың теңгеден аз табыс табады екен. Бұны аз десеңіз елімізде 20 мың теңгеден төмен жалақы алатын адамдар да бар. Ал енді есептей беріңіз, дүниежүзілік банктің межесі бойынша біз қандай елдер қатарына жатамыз? Жоғарыда біз айтқан «қатырып» есеп бергіштерге сенсек, еліміздегі орташа жалақы көлемі 163 мың теңгені құрайды екен. Айына миллион теңгені санап алатын сансыз көп шенділердің әсерінен елдегі аз айлыққа күн көріп отырғандар ескерусіз қалып отыр. Біздің биліктегілер үшін статистика «мұздай» болса болды.

Азаттық Радиосының тілшілері министрлер мен депутаттардан ең төменгі күн көріс деңгейі - 28,7 мың теңгеге қалай өмір сүруге болатынын сұрапты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл сұрақты жауапсыз қалдырды. Жауап бере алмады ма, әлде жауап беру қажетсіз деді ме, оны өзі біледі. Осы саланың отымен кіріп, күлімен шығуы тиіс Мадина ханымды халықтың күн көрісі алаңдатпайтын да секілді.

Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов халықтың тұрмысы төмен дегенге келіспейтінін жеткізді. Шынайы жағдайға емес, қағазда жазылған есепке, статистикаға сенетін министр ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың теңге болғанымен, халықтың басым бөлігі бұдан көп жалақы алады. Әйтпесе, еліміздегі орташа жалақы көлемі 163 мың теңге болмас еді деген уәжін айтты. Бұл көрсеткіштің қалай пайда болғанына министрдің миы жетпесе де, халықтың ойы жетіп отыр.

«Елбасы 2019 жылдан бастап бұл санды 2 есеге өсіруді тапсырды. Енді ең төменгі күнкөріс деңгейі 42 мың теңгеге өседі. Ал 42 мың теңгеге көп нәрсе алуға болады деп ойлаймын», - дейді Тимур Сүлейменов. Білдей экономика министрі елдегі экономикалық жағдайдан хабарсыз болып шықты. Зат бағасы зымыранның жылдамдығымен өсіп бара жатқан мына заманда 42 мың теңгеге көп дүние сатып алуға болады дегені білермендік емес енді. Бәріміз білетіндей жалақы бес пайыз өскен күні зат бағасы мен ақылы қызметтер он пайыз көтеріледі.

Қазақ билігі құдайындай сыйлап, үлгі тұтатын Ресейдің өзі мынадай ойламсыз мәлімдемені кешірмейтінін көрсетті. Аталған елдің Саратов облысы Еңбек, жұмыспен қамту және миграция министрі Наталья Соколова «Зейнеткерлер 3,5 мың рубльге (19 600 теңге) бір ай тойып тамақтана алады» дегені үшін қызметінен қуылды. Соколованың сол сөзінен кейін Ресей жұртшылығы министр бұл бастаманы әуелі өзінен бастасын деп наразылық білдірді. Елдің наразылығынан кейін Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев Соколованың қызметтен кететінін мәлімдеді.

Қарап отырсаңыз, Наталья Соколова мен Тимур Сүлейменовтің айтқаны бір әңгіме. Айырмашылығы, алдыңғысы бір ай тойып тамақ ішуге 3,5 мың рубль жетеді десе, соңғысы ең төменгі күнкөріс сомасына көп дүине алуға болады дейді. Қайта, ресейліктердің жағдайы бізге қарағанда тойға барғандай екен. Тек азық-түліктің өзіне жұмсайтын 19 600 теңгесі бар. Ал біздің елде азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызмет көрсету, жүріп-тұру бәріне 28,7 мың теңгені жеткізуге тура келеді. Ал енді салыстыра беріңіз, Соколованың сандырағынан Сүлейменовтің сөзінің қанша айырмасы бар? Ендеше, барлық істе Мәскеуді үлгі тұтатын қазақ билігі Тимур Сүлейменов пен Наталья Соколованы салыстырмас па екен?!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052