Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
3115 0 пікір 22 Қазан, 2018 сағат 10:50

Рухани жаңғыру: Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

«Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі көркем әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті. Қаламгердің 50 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кешке арнайы барып, мерейтой иесін құттықтады.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше тоқталып, оның жаппай қолдауға ие болғанын және қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергенін айрықша атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажеттігін тапсырды. Бүгінде еліміз бойынша осы бағытта ауқымды жұмыстар басталып кетті.

Соның ішінде Жолдау міндеттерінің жүзеге асырылуын қатаң бақылап қана қоймай, сол жұмыстарға үлес қосуды басты мақсат етіп алған «Нұр Отан» партиясы да бірқатар тың жобаларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, еліміздегі жетекші саяси күш Қазақстан Жазушылар одағымен меморандум жасасып, алдағы уақытта партия тарапынан ақын-жазушыларға қолдау көрсетудің нақты тетіктерін пысықтады.

Кешті танымал сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Алғаш болып құттықтау сөз алған Мәулен Әшімбаев әкесі, қазақтың біртуар ұлы Сағат Әшімбаев пен той иесінің әкесі айтулы ақын Кеңшілік Мырзабековтің арасындағы достыққа тоқталып өтті. Сондай-ақ ол Амангелді Кеңшілікұлының қазақ әдебиеті айдынындағы орны ерекше екеніне назар аударып, әдеби сыншылық аясы кең өнер екенін тілге тиек етті.

– Амангелді Кеңшілікұлы әке ізін лайықты жалғап, қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның сын жанрындағы еңбектері мен эсселері өзінің терең мазмұнымен оқырмандарды қалың ойға жетелейтіні сөзсіз. Өкінішке қарай, қазір қазақ әдебиетінде сыншылық жанры бұрынғы деңгейінен төмендеп кеткені жасырын емес. Кезінде Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев сияқты үлкен жазушыларымыз қалыптастырған дәстүрді бүгінде санаулы жандар ғана жалғастырып келеді. Бүгінгі мерейтой иесі солардың бірі де бірегейі деп ауыз толтырып айтуға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары қаламгердің әдебиетшілігімен бірге партияның белді әрі белсенді қызметкері екенін де айтып, оның Елбасы тапсырмаларын орындауға және партиялық жаңғыру үдерісіне өзінің үлкен үлесін қосып жүргеніне назар аударды.

– Елбасының тапсырмасына орай «Нұр Отан» партиясы кейінгі уақытта ақын-жазушыларымызға қолдау көрсету ісіне үлкен көңіл бөліп отыр. Осыған орай таяуда ғана Қазақстан Жазушылар одағымен меморандумға қол қойдық. Соның нәтижесінде партия нақты төрт жобаны қолға алып, оларды Жазушылар одағымен бірлесіп жүзеге асыратын болады. Атап айтқанда, жас ақын-жазушыларымыз бен сыншыларымызды ынталандыру, қолдау мақсатында әдеби байқау өткізу, қаламгерлерге өз ойларын еркін білдіруге мүмкіндік беретін, «Астана» телеарнасынан көрсетілетін телебағдарлама дайындау, бүгінгі технология жетістіктерін тиімді пайдаланып, YouTube-те арнайы әдеби канал ашу және партиялық бастамалар аясында қайта жаңғыртылған кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру ісін қолға алып отырмыз, – деген Мәулен Әшімбаев осы жобаларды жүзеге асыруға Амангелді Кеңшілікұлының үлкен үлесін қосатынына сенім білдірді.

Қаламгерді мерейтойымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Амангелді Кеңшілікұлын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Сонымен қатар сахна төріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар бұлақтары Төлен Әбдік пен Қажығали Мұханбетқалиұлы бастаған қаламгерлер шығып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады. Одан бөлек, белгілі өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, кештің ажарын айшықтай түсті.

Айта кетейік, Амангелді Кеңшілікұлының мерейтойы республикалық көлемде аталып өтілді. Нақты айтқанда, Атырау, Қостанай, Түркістан облыстарында арнайы кештер ұйымдастырылып, жазушы оқырмандарымен кездесті.

Амангелді Кеңшілікұлы 1968 жылы Алматы қаласында туған. Әжесінің қолында тәрбиеленген қаламгердің балалық шағы Торғайда өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмәмдаған ол әкесі, қазақтың айтулы ақыны Кеңшілік Мырзабековтің ізін жалғап, әдебиет саласын таңдады. Әр жылдарда «Санат» баспасында редактор, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде аударма және ақпарат бөлімінің меңгерушісі, Қазақ радиосында бас редактордың орынбасары, «Нұр Астана» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, «Шалқар» радиосының бас редакторы қызметтерін атқарды. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында жұмыс істейді.

Қаламгер Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан ПЕН клубының мүшесі. Сондай-ақ ол бірқатар әдеби сыйлықтардың иегері. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты. «Тұрақсыз әлемнің суреткері» эссесі үшін 2017 жылы Астанада өткен І Халықаралық «Рух» әдеби байқауында «Үздік әдеби сын» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген. Қазақ тілі мен әдебиетінің магистрі. Жазған еңбектері бірқатар шетелдік басылымдарда жарияланған.

Жазушының «Ақ жауын», «Қарлығаш-дәурен», «Сөз патшасы», «Қазақты сүю», ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мәңгілік сәулесі», «Жүрек сөзі», «Парасат биігі», «Рух жыры» және «Тұрақсыз әлемнің суреткері» сияқты зерттеулері, эсселері, сыни мақалалары топтастырылған көптеген кітаптары жарық көрді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991