Режиссер сүрінсе де, ауыр еңбегінің түбегейлі нәтижесіне жетті
Кәукен Кенжетаев:
Профессионал кинорежиссердың жылдап жасаған еңбегін "маған ұнамайды" деп сызып тастай салатын топастар да жоқ емес қой. "За нами Москва" фильмін сол кездегі Қазақстан орталық партия комитетінің хатшысы Имашев көргенде айтқаны: "Фильмнен Бауыржан Момышұлы деген атты алып тастаңыз!" болды. "Режиссер Мәжиттің: "Неге?" деген сұрағына, "Көзі тірі адамды киноға шығарып керегі жоқ" деген еді.
-Кино экранға шықпаса шықпасын, бірақ мен Бауыржанның атын одан алып тастай алмаймын, — деді Мәжит.
Айтуын айтқанмен ол кейін қатты қиналды. Айлап, жылдап сарсылған жүз қаралы адамның творчестволық еңбегі, ол киноға шығындалған жүз мыңдаған сом үкімет қаражаты, түсірген режиссер, оператор, композитор, актерлар тағдыры ЦК-дағы үлкен кісінің бір ауыз сөзіне ғана тіреліп тұр еді.
Әрине бұл жағдай бәрінен де режиссерге қатты батты. Торда қамалған жыртқыш аңдай, Мәжит темекіні үсті-үстіне бұрқыратады.
Ендігі бар үміт мәскеуліктерде еді. Мәскеу жұртшылығы фильмді өте зор бағалап, Одақтағы газет-журналдардың бетіне Мәжит Бегалин фильмінің профессионалдық жоғары сатыдағы еңбек, зор табыс екенін шулата жазды.
Сөйтіп режиссер Бегалин сүрінсе де, құламай өз ауыр еңбегінің түбегейлі нәтижесіне жетті.
Р.S. Суретте — Режиссер Мәжит Бегалин мен Бауыржан Момышұлы рөліндегі Кәукен Кенжетаев. "За нами Москва" фильмі түсіріліп жатқан сәт. 1967 жыл.
Әсет Ақмолданың facebook парақшасынан
Abai.kz