Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
3270 1 пікір 2 Қараша, 2018 сағат 11:49

Астанада Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы өтті

Астанада 2018 жылғы 1 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс жұмысына ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин, РФ Үкімет Төрағасының Бірінші орынбасары Антон Силуанов, Қырғызстан Вице-Премьер-Министрі Жениш Разаков, БР Премьер-Министрінің орынбасары Игорь Петришенко, АР Вице-Премьері Мгер Григорян, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Отырыстың күн тәртібі 22 сұрақты қамтыды. Комиссия Кеңесінің мүшелері айрықша субсидиялардың қабылдану критерийлері туралы мәселені, сондай-ақ ЕАЭО аясында тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз етуге, тұтынушылардың құқығын қорғауға және оларды адастыратын әрекеттерді ескертуге бағытталған ЕАЭО-да сәйкестендіру құралдарымен тауарларды таңбалау туралы Келісімді іске асыру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Комиссия Кеңесінің ЕАЭО-ның ДСҰ органдарына бақылаушы ретінде қатысуы мәселесін пысықтау туралы тапсырмасы қабылданды.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері осы жылдың желтоқсан айында Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (Жоғары кеңес) отырысының күн тәртібін мақұлдады.

Жоғары кеңестің күн тәртібі Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру мәселелерін қамтиды. Ортақ нарықтарды қалыптастыру бағдарламаларын қабылдау Қазақстанның болашақ тұрақты дамуы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды, бұл Қазақстанның аталған салаларының экспорттық әлеуетін толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

ЕАЭО аясында интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту — аса маңызды мәселе. Интеграциялық үдерістерді дамытудың негізгі векторларын қамтитын ЕАЭО-ны одан әрі дамыту туралы декларация қабылдануы тиіс.

Бұдан өзге, 2019 жылға ЕАЭО халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын енгізу мақұлданды. Бұл құжат жыл сайын ЕАЭО үшін стратегиялық маңызы бар серіктестерді анықтап, олармен ынтымақтастықты дамыту шараларын айқындау мақсатында қабылданады.

Жалпы алғанда, өткен отырыс Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне жауап береді және ЕАЭО-ның тиімді жұмысына жаңа серпін беріп, ЕАЭО алдағы жұмысында бірлескен бағдарларды әзірлеуге негіз болады.

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин РФ Үкіметі Төрағасының Бірінші орынбасары Антон Силуановпен келіссөздер жүргізді.

Тараптар ЕАЭО аясында сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары мен қазіргі жағдайын талқылады.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының аумақтары арқылы өтетін жүктердің кедергісіз транзитін қамтамасыз ету, екі елдің ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, кездесу барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясында Цифрлық бастамаларды басқару офисінің қызметі туралы мәселені қозғады.

Асқар Мамин 9 қарашада Петропавлда «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудағы жаңа тәсілдер мен үрдістер» тақырыбында XV аймақаралық ынтымақтастық форумы өтетінін атап өтті.

«Бұл Форум барлық спектр бойынша елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді», — деді Асқар Мамин.

Қырғызстан Республикасының Вице-Премьер-Министрі Ж. Разаковпен кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық байланыстардың кең ауқымы бойынша өзара іс-қимылды дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Асқар Мамин өзара тауар айналымын ұлғайтудың үлкен әлеуетін атап өтіп, Мемлекеттер басшылары 2020 жылға қарай өзара сауда-саттық көлемін $1 млрд дейін ұлғайту міндетін қойғанын еске салды.

Шекарадағы, көлік саласындағы, фито-санитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендірудегі өзекті мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған екіжақты экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2018