Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Сұхбат 7349 8 пікір 12 Қараша, 2018 сағат 14:35

Аятжан Ахметжанұлы: "Біреуі көшіріп, біреуі сатып алатын балл түбімізге жетеді"

Білімді ұрпақ — ел ертеңі! Бала кезде алған сапалы білім адамға өмірлік азық болмақ. Алайда еліміздің білім саласы сәл ақсап тұрғаны шын. Қоғам тарапынан білім беру қызметкерлеріне айтылатын сын да аз емес. Себебі, әрбір ата-ана өз баласының сапалы білім алып, саналы азамат болғанын қалайды. Сол мақсатпен балаларын түрлі қосымша сабақтарға қатыстырады. 

Бүгінгі таңда еліміздегі ең үздік қосымша білім беру орны саналатын республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы жас шәкірт жан-жақты білімін шыңдамаса бәсекеге толы заманнан бәсіре алуы қиын екенін айтады.

— «QAZBILIM» орталығы 2016 жылдан бастап қосымша білім беру нарығында жұмыс істей бастады. Біздің басты мақсат — оқушыларға ұлттық құндылықты негіз ете отырып тереңдете білім беру. Қазіргі таңда Астана қаласында екі, Алматыда бір білім ошағымыз бар. Осы үш бөлімшеде 70-тен астам қызметкер жұмыс істеуде. 500-ден аса шәкіртіміз бар. Бұл біздің үш жылда қол жеткізген жетістігіміз. Ерекше айта кетерлігі, біз тек қосымша білім берумен ғана емес, білім мен тәрбие үдерісінің барлық бағытына үн қосып келе жатқан іргелі білім ордасына айналып келеміз.

Біз оқушыларды ұлттық бірыңғай тестке, Дарынды балаларға арналған мектептерге, сонымен қатар Назарбаев университеті және шетелдік үздік жоғары оқу орындарына дайындауда жемісті еңбек етіп жатырмыз. ҰБТ-ға дайындалып, мемлекеттік грант иегері атанғысы келетін оқушыларға көмектесу орталығымыздың ең негізгі бағыты саналады. Алғашқы 2016 жылы орталығымыздан білім алған 48 түлектің орташа ұпайы 105 балды көрсетті. 2017 жылы орталығымызда ҰБТ-ға 163 оқушы дайындалып, ең жоғары ұпай алған оқушымыз 136 балл жинап орталық оқушыларының орташа ұпайы 111 балды көрсетті. Ал, биыл 2018 жылы орталығымызда 362 оқушы дайындалып орташа ұпайы 117 балды көрсетті. Біздің түлектердің бүгінде 94% – мемлекеттік грантта оқып жүр.

Білім таза бизнеске айналмау керек, бұл біздің басты ұстаным. Орталық жұмысын бастағаннан бері, осы бағыттағы ұстанымнан айнымай жұмыс істеп келеміз деп ойлаймын. Республикалық «QAZBILIM» орталығы 2016-2017 оқу жылынан бастап, оқушылардың отбасылық жағдайын ескере отырып «QAZBILIM» жылдық тегін оқу грантын ұсынуды бастаған болатынбыз. Қазірге дейін орталықта 50-ге жуық бала жыл бойы тегін білім алып, жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алуға мүмкіндік алса, бұл оқу жылында ҰБТ-ға дайындық тобына 25 грант, Назарбаев университетіне дайындық тобына 10 грант, Назарбаев зияткерлік мектептері дайындық тобына 15 грант беріп отырмыз. Алдағы уақытта орталығымыздың өсіп-өркендеуіне орай осындай білім гранттарының саны да артатын болады.

— Орталықтарыңызда білім алып жатқан оқушылар мектепте де оқып жүрген болар?

— Иә, оқушыларымыз мектепте қалыпты оқу бағдарламаларына қатысады. Бірақ мектептер жалпыға біртұтас білім беретіндіктен, оқушылар жалпы бағытта дайындалады. Ал бізге келгенде арнаулы түйінделген бағытта өзінің болашақ мамандығына сай дайындалады.

— Орталықтарыңызға мұғалімдерді қалай іріктеп аласыздар?

— Мұғалімдерді арнайы конкурспен қабылдаймыз. Бұнда бірнеше турдан тұратын сынақ арқылы мұғалімдердің білімін сынаймыз. Атап айтқанда, бірінші тур тест, екінші тур сөйлесу, үшінші турда сабақ өту шеберлігін байқаймыз. Осы сыннан сүрінбей өткендер ғана біздің орталықта оқушы тәриелеу ісіне араласа алады. Бәріміз білетіндей бүгінгі таңда алдымен сапалы кадр табу, одан қалса сол сапалы маманның талабындағы жалақысын беріп жұмысқа шақыру оңай жұмыс емес. Сол үшін әрбір үздік оқытушыны бағалап, төрден орын беріп келеміз. Соның арқасында сапалы команда жасақтай алдық. Біздің артықшылығымыз, оқытушыларды қажетсіз қағаз толтыртып әурелемейміз. Бізге керегі нәтиже. Мұғалімдерімізден сұрайтынымыз осы ғана.

Тағы бір айта кетерлігі, мен алғаш мұғалімдік қызметке кіріскенде химия, физика, математика пәндерінен қазақша материал мүлде табылмайтын. Оқытушылар амалсыз өзге тілдегі оқулықтарға жүгінетін. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін орталығымыз оқулық дайындаумен де айналысып келеді. Бүгінге дейін 48 оқу құралын шығардық. Тағы он қаншасы баспадан шығуға дайын тұр. Бұл оқулықтарымыз көпшіліктің игілігіне жарап жатыр. Еліміздің жер-жеріндегі оқытушылар, ата-аналар тапсырыс беріп алғызып жатады.

— Елімізде оқулықтардың сапасы әлі сын көтермейді емес пе?

— Біздегі оқулықтағы қателіктер ешқашан түзетілмейді. Себебі, бізде оқулықтың дайындалу жүйесі қате. Оқулықтың жазу құқы, авторды тағайындау құқы толықтай баспалардың қолында. Осыдан барып бір оқулыққа төрт-бес мекеме жауап береді. Ал қате шықса кінәліні табу мүмкін емес. Бұдан да маңыздысы оқулық авторлары бүкіл зейін-зердесін оқулық жазуға арнай алмайды. Басқаша айтқанда оқулық жазумен қосымша жұмыс ретінде айналысады. Олар мектепте, университетте сабақ бере жүріп оқулық жазады. Оқулық қатесіз болсын десек, автор басқа жұмысты қайырып қойып, жыл он екі ай оқулық жазып отыру керек. Алайда біздің авторларда ондай мүмкіндік жоқ. Амалсыз оқулық жазуды қосымша қолға алады.

Ендігі бір үміт жаңа технологияда тұр. Егер алдағы уақытта білім саласы жаңа ғасырдың жүрісіне ілесіп, мектептердің интернетпен жабдықталуы қамтамасыз етілсе оқулық керек болмай қалатын деңгейге жететін боламыз. Өйткені, қазіргі кезде кез-келген оқулықтың электронды нұсқасын табуға болады. Біз бірақ ол мүмкіндікке әлі жете алмадық.

— Сіздердің орталықтарыңызда осы бағытта қандай жұмыс істеліп жатыр?

— Бүгінде дамыған біраз ел қашықтықтан оқытып диплом беріп, сапалы маман тәрбиелеуге көшті. Өзге тілді интернет кеңістігін орта білім мен жоғары білімнің лекцияларын үйде жатып-ақ тыңдап, ізденісің болса, білімнің шыңына шыға аласыз. Ал бізде ше? Онлайн деген біздікілер үшін тек формалды есеп беру жолы, бар кабинеттер мұражай болып тұр, ал қазақ тілді интернет кеңістігіміз біліммен емес, арзан ойын-күлкі шоумен толып тұр.

Бізге соңғы кездері шалғай ауылдардан, облыстардан, қалаға келіп оқуы қиын ауылдардан хабарласатын оқушылар мен ата-аналар көбейіп кетті. Мектептен сұранып бір аптаға, екі аптаға келіп кететіндері де бар. Осы күрделі түйінді шешу үшін, мектеп бағдарламасындағы ҰБТ-да келетін, жұрт қиналатын біраз тақырыптарды видеоға түсіріп алып, көптің керегіне берсек деген мақсатта видеосабақтар түсіруді бастап, түсірілген сабақтарды орталықтың арнайы YOUTUBE әлеуметтік желлісіндегі QAZBILIMTV арнасынан көрсете бастадық.

Осы ұстанымда қаншама жұмыс атқардық, өткен бір жылда youtube желісінде 70-тен астам сағаттық сабақ жарияладық. (Осыған байланысты айта кетейін, өткен жылы биология пәнінен “көз” – деген тақырыпқа сабақ түсіргіміз кеп, осы тақырыпта youtube-те не бар екен деп ақтардық, дәл осы тақырыпқа орысша 78 сабақ, ал ағылшынша 312 сабақ бар екен, бірақ, қазақша бірде бір сабақ жоқ. Өкінішті әрине, бұл деген интернетте қазақтың көзі жоқ деген сөзді білдіреді.) Міне, біздің елдің білім кеңістігіміз бос, сол үшін де ұрпағымыз өзгелердің дүниесімен сусындап жүр.

Биыл жыл соңына дейін 100 сабақ түсірсек деген ниетпен бастаған сабағымыздың қазір тең жартысын түсіріп, талапкерлердің назарына ұсындық, алғаш түсірген сабағымызды 27 мың түлек көрсе, соңғы сабақтарымызды мыңнан астам түлек өз пайдасына жаратты. Тегін һәм сапалы онлайн курстар алдағы оқу жылында бұдан да көбейеді деген сенім бар.

— Кейбір талапкердің ҰБТ-да сәл төмен нәтиже көрсетуіне не себеп болады деп ойлайсыз? 

— Бұған әртүрлі жағдай себеп болады. Кейде тіпті тестке 100% дайын баланың өзі сәтсіз нәтиже көрсетіп жатады. Кейбіріне көңіл-күй мәселесі, кейбіріне денсаулық мәселесі әсер етеді. Кейде балалардың өзі телефон, шпаргалка секілді керексіз заттарға сеніп жаза басып жатады. Сол үшін балалар тестке психологиялық жақтан да дайын болу керек. Ата-аналар балаларын ҰБТ-ға бір күн қалғанда немесе ҰБТ-дан кейін психолгтарға апарып жатады. Менше бұл сәл ертерек жасалуы керек жұмыс. Баланы жан-жақты дайындау керек. Біз оқушылармен психолгиялық жұмыс істеу бағытында орталықта тұрақты түрде ай сайын «Мамандық таңдау және болашақ», «Ізденіс һәм нәтиже», «ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетудің 7 жолы» және тағы басқа тақырыпта тегін мотивациялық семинар-тренинг өткізіп тұрамыз. Бұл мотивациялық семинар-тренингтер өңірлерге іс-сапар барысында да міндетті түрде өткізіліп, бүгінде ата-аналармен оқушылардың алғысына бөленіп жүр. Бұл семинар-тренингтер биылғы оқу жылында да неше мәрте өткізілді.

— Сізше мүлде сабақ ұқпайтын бала бола ма?

— Негізі мүлде сабақ ұқпайтын бала болмайды. Мен үнемі «Қазақтың әр баласы дарынды, дұрыс бағыт беру бізге парыз» дегенді айтып жүремін. Бірақ, адам болған соң шынымен шамасы жетпейтін балалар болады. Бұның басты себебі оқушы білімінің бастапқы фундаменті дұрыс қойылмауында. Бастауыш кезінде ауырып, көп сабақ қалдыруы мүмкін немесе сол бастауышта белгілі ауытқулар болып дұрыс білім ала алмаған болуы мүмкін. Негізі 1-6- сынып кезінде дұрыс білім алған бала кез-келген уақытта жүрісінен жаңылмайды. Бала психикасы бәсекеге қалыптасқан, бала бәсекені жақсы көреді. Егер бала кіші сыныптарда үндемей ең артта отыратын жағдайға түсіп қалса, онда бала басылып қалады. Сол үшін балаға әсіресе бастауыш сыныптарда көп көңіл бөлінуі керек.

Бастауыш оқушыларына басымдылықты арттырған тағы бір мәселе — ата-аналардың шоу құмарлығы болып отыр. Бастауышта оқитын балалардың күнделікті кестесін көрсеңіз жаныңыз ашиды. Бала өнердің әр саласына, спорттың әр саласына жазылған. Оның сыртында мектепте оқуы бар. Сөйтіп, таңертең сегізде үйден шыққан оқушы кешкі сегізде үйіне жете алмайды. Ал бұған оқушы физикалық тұрғыдан үлгеруі мүмкін емес. Содан сабақты да толық игере алмайды. Сол үшін баланы қалыптан тыс шаршатуға болмайды.

— Біздің елде өнер мен спорт білімнен әлі маңызды. Сізше білім қашан бірінші орынға шығады?

— Бұған енді сіздер, ақпарат құралдары, кінәлісіздер. Жалпы БАҚ спорт пен өнердің маңынан шыға алмаса білімнің екінші орында тұрғаны тұрған. Қазақстанда әнші-биші, спортшыдан өткен жұлдыз жоқ. Бүкіл ақпарат құралдары соларды жарнамалайды. Әлемдік білім сайыстарында жүлде алған жеткіншектеріміз толып жатыр. Алайда солардың бірде-бір сұхбаты, жетістігі, өмір жолы жайлы жазба таппайсыз. Осыны көріп алған ата-ана адам болудың жолы осы деп баласын өнерге, спортқа сүйрейді. Егер әлемдік сында жүлде алған бір оқушыны, соның мұғалімін Олимпиада да алтын алған боксшы мен бапкеріндей бағаласа білім мен мұғалімнің де мәртебесі өсер еді.

— Биылғы жолдауында Елбасы мұғалім мәртебесі туралы заң әзірлеуді тапсырды. Сізше бұл заң қоғамдағы ұстаз беделін арттыра ала ма?

— Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдауды біз бес жыл бойы айтып келген болатынбыз. Елбасының өзі осындай тапсырма бергенде бәріміз қуандық. Ендігі мәселе заңның қабылдануы мен заңды кімдер жасауында тұр. Және аталған заңның орындалу тетіктері толық көрсетіле ме деген сұрақ та бар. Егер бұл бұрынғы кейбір орындалмайтын заңдар қатарында болса, онда ерте қуанған болуымыз да мүмкін. Бұл заңда бүгінгі қоғамдағы ұстаз беделін түсіріп жатқан істердің бәрі ескерілуі керек. Сондықтан мұғалім мәртебесі туралы заңды жасауға қатардағы қарапайым ұстаздар тартылуы керек деп есептеймін.

— Еліміздегі мұғалімдер қосынына қалай баға бересіз, қоғамдағы ұстаз беделінің түсуіне кейбір оқытушылардың өзі әсер етіп жүрген жоқ па?

— Көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ, әріптестерім айып етпесін, өкінішке орай білім саласындағы оқытушылар қосынына көңілім толмайды. Ұстаз беделінің төмендеуіне сапасыз оқытушылардың әсері бар екені де шын. Алайда мұғалімдер қосынының деңгейі төмендеуіне не себеп? Мұғалімдер жалақысының сонша жыл төмен болуы, мұғалімдер статусының сонша жыл төмен болуы мұғалімдік мамандыққа баратындардың сапасын қашырып жіберді. Мұғалімдік мамандыққа баратындар сапасы төмендеді деген сөз мұғалімдер қосынының сапасы түсті дегенді білдіреді. Шынын айту керек, кейбір өңірлерде мектептегі кешегі тазалықшы, кешегі күзетші сырттай оқып диплом алып мұғалім болып кетті. Осындай жағдайлар орын алып жатқан кезде мұғалім беделін көтеру шынында қиын.

Мен үнемі мұғалім беделін көтеру үшін кешенді жұмыс істелуі керек екенін айтып жүрмін. Бұл мұғалім мамандығына келетін талапкерлерді іріктеуден басталып, біліміне қарай жалақы төлеу, мұғалімдерді қайта дайындаудан өткізу, кейбір шынымен ұстаздық статусқа толмайтындарын қысқартуға дейін қамтиды. Әсіресе, мұғалімдік мамандыққа жоғары деңгейдегі оқушыларды тарту керек. Ол үшін бұл талапкерлерге қосымша стипендия тағайындау керек шығар. Сонда қосымша сыйақы алып оқығаны үшін университет бітірген білімді түлектер мұғалімдік салада жұмыс істеуге міндетті болады. Қазіргі кезде басқа мамандыққа түсе алмағандар педагогикалық мамандыққа түседі, тіпті университетте жақсы оқыған мұғалімдік мамандық иелерінің өзі мектепке бармай тағы қашады.

— Биыл кейбір талапкерлердің қаңтар айында ҰБТ тапсыратыны айтылуда.

— Қаңтар айында өтетін тестілеуден кейін талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Бұл енді білім жүйесін толық бизнестендіру деп ойлаймын. Менің ойымша, мемлекеттік емтихан өте қатаң деңгейде, әділ түрде бір-ақ рет өту керек. Керек болса ҰБТ мен кешенді тестілеуді де біріктіріп, әр оқушының әділ өз бағасын алуына мүмкіндік жасау керек. Әйтпесе, әркім әртүрлі уақытта тапсырып, біреуі көшіріп, біреуі сатып алып жинайтын балл біздің түбімізге жетеді. Сол үшін емтиханды барынша қатаң өткізу керек.

— Сөз соңында «QAZBILIM» орталығының облыс орталықтарына қанат жаю жоспары жайлы айта кетсеңіз.

— Мен санды арттырып, сапаны жойып алудан өте қорқамын. Сапасыз жұмыс істеу өзіме сын көрінеді. Сол үшін дәл қазір өзге өңірлерде орталық ашу жоспарда жоқ. Егер алдағы уақытта менің кадрлар қосыным Астана мен Алматыны толық қамтып, деңгейі одан асқан кезде ғана келесі бір облыс жайлы ойланамыз. Тағы бір айта кетерлігі, біз қазір тек Астана мен Алматыда ғана орналасқанымызбен, өзге өңірлерден де келіп оқып жатқан оқушыларымыз аз емес. Сөз соңында біздің бір ғана мақсатымыз — оқушыларға сапалы білім беру екенін еске саламын.

Әңгімелескен: Қуаныш Қаппас

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530