Италия театры «Абай» операсын әлемнің 40 еліне трансляциялайды
8 қараша күні «Астана Опера» театрының ұжымы гастрольмен Италияда болып, көрермен назарына ұлттық жауһарларымыздың бірегейі - А.Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсын ұсынады, деп хабарлайды Абай-ақпарат ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, спектакль алдында қазақстандық солистер, маэстро Алан Бөрібаев пен генуялық театр дирекциясы журналистерге баспасөз мәслихатын өткізеді.
Гастрольдік бағдарлама 10 қарашада Л. Бетховеннің № 9 симфониясымен жалғаспақ.
«Асқақ өнерді бағалаушылармен қайта қауышатынымызға әрі Италиядағы ең әдемі театрлардың бірі - генуялық театр сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. Біздің ұжым италиялық сахнада 2015 жылдан бастап опера және балет спектакльдерін ұсынуда. Сондықтан көрерменнің көзайымына айналып үлгердік. Олар бізбен жаңа кездесулерді асыға күтеді, біз үшін бұл қуанышты жағдай», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Опера солистері, Симфониялық оркестр музыканттары, хор, балет және миманс әртістері, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар мен сахна машинистері Италияның Генуя қаласына аттанды.
«Карло Феличе» театры 1827 жылы салынған, оның сахнасында әлемнің ең танымал дирижерлері мен әйгілі оркестрлері, танымал балет труппалары, атақты орындаушылар өнер көрсеткен. «Карло Феличе» театрында барлығы басқаша, біз сахнаның планшетін жауып тұратын төменгі платформаны пайдаланатын боламыз. Осылайша, декорациялардың ең ауқымды және ауыр салмақты элементтерінің бірі - Абай үйі «трюмде», яғни сахна астында орналасатын болады. Жалпы алғанда, спектакль «Астана Опера» театрындағы түпнұсқа көрсетіліміндегідей ұсынылатын болады. Көрермендер қойылымға қатысатын жануарларды да тамашалай алады» - деп бөлісті «Астана Опера» көркемдік-өндірістік кешен жетекшісі Виктор Караре.
Айта кетейік, италиялық театр «Абай» операсын әлемнің 40 еліне трансляция жасайды.
Abai.kz