Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2730 0 пікір 18 Сәуір, 2011 сағат 04:50

Елсерік. Мерекелер: мәні мен мағынасы

Елде мерекеленетін мейрамдардың өзі бекерден бекер демалатын болмаса тойлай салатын «қызыл күндер» емес. Олардың мазмұны ұлттық рухты паш ететін, елдің ішкі саясатының айнасы іспетті. Қарапайым жұртқа жай ғана мерекелік күндер болып табылғанымен, ықпалды елдердің мейрамдарының да ықпалы зор. Кезінде әлемнің екі тайталас саяси қосынға жіктелуіне мәжбүр еткен қызыл империя өз қарауындағы бодан жұрттардың мерекесін менсінбегені былай тұрсын, өз ықпалындағы социалистік елдерге де өз мерекесін таңып еді. Сөйтіп, ойдан-қырдан алынған атрибуттар мен рәсімдерден кеңестік Жаңа жыл атты ұлы мереке жасақталып, ол жайында талай фильмдер мен туындылар дүниеге келіп, идеологиялық қайнарға айналғаны бар. Әрине, бұл үшін Кеңес өкіметін жазғыруға болмайды, мемлекет болғасын оның құзырын барынша таныту - сол елдің бір мұраты еді.

Елде мерекеленетін мейрамдардың өзі бекерден бекер демалатын болмаса тойлай салатын «қызыл күндер» емес. Олардың мазмұны ұлттық рухты паш ететін, елдің ішкі саясатының айнасы іспетті. Қарапайым жұртқа жай ғана мерекелік күндер болып табылғанымен, ықпалды елдердің мейрамдарының да ықпалы зор. Кезінде әлемнің екі тайталас саяси қосынға жіктелуіне мәжбүр еткен қызыл империя өз қарауындағы бодан жұрттардың мерекесін менсінбегені былай тұрсын, өз ықпалындағы социалистік елдерге де өз мерекесін таңып еді. Сөйтіп, ойдан-қырдан алынған атрибуттар мен рәсімдерден кеңестік Жаңа жыл атты ұлы мереке жасақталып, ол жайында талай фильмдер мен туындылар дүниеге келіп, идеологиялық қайнарға айналғаны бар. Әрине, бұл үшін Кеңес өкіметін жазғыруға болмайды, мемлекет болғасын оның құзырын барынша таныту - сол елдің бір мұраты еді.

Ал, өз мұратымызға біз қалай жетіп келеміз? Бұл қарапайым болғанмен, жайдақ мәліметпен жауап бере салуға болмас, талқыға сөз берейік. Бір қарағанда, тіпті, әлгі кеңестік идеологияны біздің егемен еліміз іліп әкетіп, одан ары жалғастырып отырғандай әсер бар. Бірақ, әсер ғана емес, 20 жылда қалыптасып, орныққан сол баяғы кеңестік мерекелік дәстүр тұтасып тұр екен. Пайымымыз байыпты болу үшін елдегі ресми мерекелерді белгілеп, реттейтін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» (13 желтоқсан 2001 жыл) заңды азаматтық көзбен шолайық. Осы заңның 2-бабына сәйкес елімізде жалғыз Ұлттық мейрам бар, ол - 16-17 желтоқсан күндері аталатын Тәуелсіздік күні. Мұндағы «ұлттық» сипат нені береді? Ол бұл мерекенің тойлануына ерекше мемлекеттік сипат пен мазмұн беріліп, оның мерекеленуіне елдік бюджеттен арнайы қаржы бөлінуі тиіс деген сөз! Алайда, оның қалай аталып өтетіндігі айтыла-айтыла жауыр болып, етіміз үйренген ахуалға тірелді.Тіпті, «жаңа жылдық салпыншақтарды» Тәуелсіздік күнінде тағып, оны әжуәлауға көштік емес пе?!

Әлгі ұлттық мейрамның мысын басып жүрген «Жаңа жыл» мейрамы да 1-2 қаңтарда аталып өтеді. 1 қаңтарды жаңа жылдың басы дегеннің өзінде 2 қаңтардың оған не қатысы бары белгісіз. Әлде Ресейде солай болса, бізде де қабылдануы керек дәстүр болғасын ба?! Әлде араққа сылқия тойып алып ертеңіне бас жазатын күнді рәсімдеп қойғанымыз ба? Және де негізін Иса пайғамбардың туылған күніне орай алған бұл «жаңа жылдың» 80 пайызға жуық мұсылман тұратын Қазақстанға неліктен ыстық екені белгісіз! Онымен қоймай, бейресми түрде 12 қаңтарда «ескі жаңа жылды» мерекелейтінімізді телеарналарымыз қалт жібермей жамырай насихаттай жөнелетіні тағы бар.

Шын мәнінде, 1 қаңтардың Қазақстан үшін «жаңа жылға» қатысы жоқ, алайда, адамзаттық жыл санау күні есебінде құрмет көрсетуге болады. Жаңа жыл ретінде Наурызымыздың (дәстүрлі жаңа жыл) бар екенін ұмытпайық! Ал, 1 қаңтарды «Күнтізбелік жыл басы» деп атасақ, өркениетті де, Иса пайғамбарды да, қазақстандықтарды да ренжітпес едік. Себебі, 1қаңтар -  ең әуелі күнтізбелік, экономикалық-қаржылық ресми жыл басы екені рас. Тіпті, одан бас тартып керегі жоқ, солай мойындап, 1 қаңтарды ғана мереке күні еткен ләзім.

Аталмыш заңның 3 бабы бойынша «мемлекеттік мерекелер» деген мәртебе алған мейрамның бұл біріншісі және бастысы. Заңды шолып, мерекелерді жалпылай тізіп шықсақ, мынадай көрініс болмақ:

1-2 қаңтар - Жаңа жыл;
8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күні;
21-23 наурыз - Наурыз мейрамы;
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
9 мамыр - Жеңіс күні;
30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;
25 қазан - Республика күні.

Келмеске кеткен кеңестік 8 наурыздың неғып жүргенін бір ит білсін! Оны, тіпті, гендерлік саясаттың көзі болып табылатын батыс елдері де менсінбейді, ал бізге не қажеті бары беймәлім! Бұл егемен еліміздің Тәуелсіздік мазмұнына ғана емес, тіпті, мыңдаған жылдар бойы кемсіту көрмеген, ру-тайпаға бас болған қазақ әйелдерінің қаһармандық тарихына нұқсан келтіру ғой.

«Наурыз мейрамы» деген мерекенің не екенін өзіміз де білмеуге айналдық, ол - Көктем мерекесі ме, күн мен түннің теңелу күні ме, әлде қазақы жаңа жыл ма? Айтпақшы, шығыс мерекелерін менсінбейтін кеңес өкіметі тұсында жылдардың хайуандық мазмұны аталмаған еді. Тек қана өткен ғасырдың  80-жылдарының соңында ғана әр жылға тән хайуандық кейіп пен кие барын шығыстық үрдістен білген посткеңестік ағайындар 1 қаңтардан бастап соларды атайтынды шығарды да, соның екпінімен Наурызда енетін жылдық киелерді біз де соғып жіберетін болдық. Еліміздің батысында 14 наурыздан бастап, қыс кетіп, көктем шығуымен қатар, жылдың да мазмұны өзгеретінін ғасырлап мойындап келген ата-бабамыз, Барыс жылымен тек қана сол күні қоштасып келген еді. Енді Қоян жылын  Иса пайғамбардың туған күніне орайластырып, 1 қаңтардан енгізетін пұшайман халға жеттік. Сонда не ұттық? Наурыз мерекесінде не мазмұн мен мән қалды? Қысқасы, Наурыз мерекесіне өз мағынасын жүктеп, оны Жаңа жыл деңгейіне көтеру әрекетін қолға алу қажет.

«1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі» деген сөйлем өңі өзгерген кеңестік  пайым екені көрініп-ақ тұр. Бірақ бұл «бірлік» Қазақстанға не беріп отыр деген сауалға келсек, түйткіл көп. Халықтың бірлігі дегеніміз - күнделікті әрбір тату өткен күн емес пе? Оған мереке арнаудың не керегі бар? Онан да «Ассамблея күні» десек, әлдеқайда дәйекті болар еді. Бірақ оның ел халқына не қатысы бар екені тағы сауал туғызады. Қысқасы, бұл көзге қораш болып, «кеңестік тамырымызды» үзіп алудан жасқану ниетін әйгілеп-ақ тұрған «мереке».

9 мамыр - Жеңіс күні. Бұл да алдыңғы мереке мазмұнымен мәндес «ұлттық айшығымыз». Шын мәнінде қазақ даласына, халқымызға жеңіс тек қана 1945 жылдың 9 мамырында келген емес, ол ғасырлар бойы талай күндерде дүркін-дүркін болып келген оқиға. Соның дәлелі - әлемдегі аумағы жөнінен 9-орынды иеленіп отыруымыз. Оған бірден бір дәйек - ата-бабадан қалған Ерлік мінез! Сол себепті, бұл мерекені ең болмағанда Тарихымызбен сабақтастырып, «Ерлікті дәріптеу күні» деген әлдеқайда аяулы және ұлтымыздың мінезі мен болмысына сәйкес болар еді! Сонда біз далиған даланы сыйлаған батырларымыздың ерлігін дәріптейтін бір күнді арнаған болар едік-ау, шіркін!

25 қазан тарихи жағынан ел егемендігіне жасалған басты қадам болатын. Өйткені, декларацияны басқа жұрттардан кеш жария етсек те, отарлық құрсауын алғашқы бұзу осы күннің еншісінде, сонысымен алашқа аяулы бұл күн. Алайда, қазақтың Тәуелсіздігін нықтай беру әлдебір күшке жақпаған сыңайлы. Әйтеуір, осы мерекеден қағылғанымызға екі жыл. Оның үстіне «республика» дегеніміз демократияға бір табан жақындастыратын ұғым еді, әлгі күштерге ол жағы да жақпаған болу керек.

Бұлардың бәрі «мемлекеттік» мәртебесі болғанмен, жергілікті бюджет есебінен аталатын мейрамдар. «Жаңа жылдың» Тәуелсіздік күнінен де асып түсіп, аса ерекше безендірілуі мен атап өтілуіне қарағанда, жергілікті биліктерде қызыл империяны аңсайтындар қаншалықты дегенді ойласаң, жаның түршігеді.

Алаңдататын тағы бір мерекелер бар.Олар - православиелік Рождество күні мен Құрбан айттың алғашқы күні. Бұлардың ешбір ресми мәртебесі болмаса да, саяси мәртебесі зор екенін қазақ баласы аңғарар ма екен? Шын мәнінде, Еңбек кодексі арқылы қитұрқылықпен жарияланған бұл мереке күндері арқылы Қазақстан мұсылман елі болудан бас тартқандай қадамға барып отыр. Елдегі 20 пайыз православиеліктерге 80 пайыз теңестіріліп, діни екі басты мереке аталып өтуі арқылы Қазақстан «православиелік мұсылман» елі болуда. Шын мәнінде, 3 күн мерекеленетін Құрбан айт мейрамы неге үш есе азайтылды деуге мұсылман елі болсақ қатты ойлануға тура келеді. Әрине, елді алалау ниетімізде де, ойымызда да жоқ, бар болғаны соны алалайтын кейбір факторларды ашуға тырыстық. Ел болғасын мерекесі де соған лайық болғанға не жетсін! Егемен елдің мерекесі де егемен болуға лайық емес пе?!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5678