Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3993 0 пікір 20 Сәуір, 2011 сағат 06:36

Қанағат Жүкешев. Сынағанды білсең – түзегенді біл (жалғасы)

Жалғасы. Басы мына жерде: http://old.abai.kz/content/kanagat-zh-keshev-zhenilistin-sebebin-bilgen-zheniske-zhetedi-basy

Әдетте «тон айналдыру» үдерісі біртіндеп жүргізіледі. Бірінші басқышта «дайындау керектен» - «дайын емес екен» деген қорытынды шығарылған. Тиісінше, «дайын емес екеннен» - «жарамайды екен», «жарамайдыдан» - «Жүкешев қазақ тілінен бас тарту керек депті» деген желеу туындаған.

Сонымен, қазақ тілінің алдыңда екі жол тұр. Біріншісі - тілді индустриялы қоғамда қолдануға дайындау. Бұл идея төңірегінде ойлана бастасаң, күш пен жігерің тілді айналысқа енгізу бағытына жұмсалады. Сен қазақ тілін ресми қолданысқа ендіру мәселелеріне тоғытылып кетесің. Алдыңнан кедергі атаулының бірінен кейін бірі туындай бастайды. Олардың біріне кіріскенде, екіншісінің шешімін тауып беретін жаңа идеялар туындайды. Олар тағы жаңа бағыттарға жетелейді.

Екінші жол - осы идеяны көтерген адамды «жау» деп жариялап, бұқараны соның соңынан түсуге жұмылдыру. Мұндайда езуінен көбігі бұрқыраған ұлтпаттар алға шығады. Айылын жиюды білмейтін олар өздерінің қоғамдық ақпарат кеңістігінде жүргенін аңдамайды, ашық мәтінмен балағаттауға жол береді. Ауыл қазағы мұндай «өткір» сөз айтып жатқан «батыл» қазақтарды сілекейін жимай тыңдайды.

Жалғасы. Басы мына жерде: http://old.abai.kz/content/kanagat-zh-keshev-zhenilistin-sebebin-bilgen-zheniske-zhetedi-basy

Әдетте «тон айналдыру» үдерісі біртіндеп жүргізіледі. Бірінші басқышта «дайындау керектен» - «дайын емес екен» деген қорытынды шығарылған. Тиісінше, «дайын емес екеннен» - «жарамайды екен», «жарамайдыдан» - «Жүкешев қазақ тілінен бас тарту керек депті» деген желеу туындаған.

Сонымен, қазақ тілінің алдыңда екі жол тұр. Біріншісі - тілді индустриялы қоғамда қолдануға дайындау. Бұл идея төңірегінде ойлана бастасаң, күш пен жігерің тілді айналысқа енгізу бағытына жұмсалады. Сен қазақ тілін ресми қолданысқа ендіру мәселелеріне тоғытылып кетесің. Алдыңнан кедергі атаулының бірінен кейін бірі туындай бастайды. Олардың біріне кіріскенде, екіншісінің шешімін тауып беретін жаңа идеялар туындайды. Олар тағы жаңа бағыттарға жетелейді.

Екінші жол - осы идеяны көтерген адамды «жау» деп жариялап, бұқараны соның соңынан түсуге жұмылдыру. Мұндайда езуінен көбігі бұрқыраған ұлтпаттар алға шығады. Айылын жиюды білмейтін олар өздерінің қоғамдық ақпарат кеңістігінде жүргенін аңдамайды, ашық мәтінмен балағаттауға жол береді. Ауыл қазағы мұндай «өткір» сөз айтып жатқан «батыл» қазақтарды сілекейін жимай тыңдайды.

Мен бұл жерде аузы балағаттан арылмайтындардың әрекетінен қазақтың назарын «жаудың» бетін қайтаруға аудару арқылы оны қазақ тілінің мәселелерін шешуден аулақтатып әкету әрекетін көріп отырмын. Бар күш, жігер уақыт та соған кетіп жатыр, ал тіл мәселесі сол күйінде қалып отыр.

Қазақ лингвистері де осы екінші жолды қалап алып, ақпарат кеңістігінде лай судан балық аулауға көшіп алған. Олардың әрекеті мынаған саяды: тіл мәселесін талқылама; талқыласаң - кемшілігі көрініп қалады; сонан кейін жастар қазақшадан одан ары жырақтап кетеді; қазақ тілінің мәселесін жауып қой; ол үшін бұқараның санасын ойдан шығарылған «жаулардың» соңынан түсуге бұрып жібер.

Сауатсыз ұлтпаттарға «сауатты» ғалымдарымыз қосылған. Жаңбырбай Жақып дұрыс түсінген: мәселе тілде, қазақтарда, соның ішінде орыстілділердің «қастандығында» да емес, қазақ тілінің тығырыққа тірелуінің басты себебі лингвист ғалымдардың тілді дамыту теориясын жасап бере алмауында.

Санадағы рефлексия жетімсіздігі

Қазіргі қазақтың басына түсіп отырған тауқыметтердің бірі мынау: қазақтардың санасында рефлексия болмай отыр.

Қазақтың миы ауыл мұғалімі бастауыш сыныптарда жүргенде құлағына құйып тастаған таптаурын «ақиқаттармен» тықпаланып қалған. Олардың саны жүз немесе одан көп те болуы мүмкін. Оның дүниетаным көкжиегі осы жүз трюизммен қоршалып тасталған. Ол осыларды ғана қайталап, өмірін кешіп жатыр.

Таптаурын ақиқаттардың кейбіреулері мыналар: «қазақ - дана халық» (жоғарыда Сәкенің айтқанына қатысты пікірді еске түсіріңіз), «билеріміз - шешен», «батырларымыз - көсем», «керемет дамып кеттік», «мәдениетіміз жоғары», «біліміміз озық», «қазақ тілінің байлығы мол», «ауыл - ұлттың ажары», «гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз», «Ресей - дос», «Батыс - агрессор», «дағдарысқа қыңбаймыз», «той бола берсін»,.. Бұл «ақиқаттардың» санаға әсері олардың үнемі қайталануының салдары болып табылатын өзгермеуден, аталған трюизмдердің шеңберінен шықпаудан, жаңалық атаулыға қарсылықтан көрініс береді.

Трюизмдермен тықпаланып қалған мидың әрекетіндегі автоматтылық ауыл адамының тұтынып жүрген мәдениетінен де айқын көрініс береді. Оның мысалы ретінде қазiргi қазақтардың XX ғасырдың 60-70 жылдарында пайда болған әндердi айтып жүруiн алуға болады. Оның себебі Ш.Қалдаяқов және онымен тұстас өмiр сүрiп, еңбек еткен авторлардың кемеңгерлiгiнен емес. Бұл құбылыс, біріншіден, ауылдан шыққан қайраткерлердің санасында рефлексия болмауының салдарынан олар жасаған мәдениетте де алға жылжу болмағанын; екіншіден, бұқараның санасында рефлексия болмағандықтан оның да көркемдік-эстетикалық талғамының өспегенiн айғақтайды.

Бұл идеялар журналистің де, жазушының да, ауылдан шыққан дипломды кадрлардың бәрінің санасынан мығым орын алған. Олар осы таптаурындарға күдік келтірген, бөгде ой айтқан адамға өре түрегеліп, қарсы шығады. Әрине, аргументпен, дәлелмен емес, балағатпен, қарғыспен қарсы шығады.

Қазақтілді кадрлар толеранттық дегенді білмейді. Кез келген идеяның, пікірдің өмір сүруге қақысы бар екенімен санаспайды. Мәдениетті пікірталас жүргізе алатындай деңгейге көтерілмеген. Олардың әрекет стильдері тұрпатты: алдымен «анау сөйтіп жатыр» деп біреу байбалам салады. Кімнің қайтып жатқанына көз жеткізбей, қалғандары айтаққа, ауыл иттерінше, көзсіз, сөзсіз қосылады. «Тыныштықты бұзушының» әр уәжін жолдан қосылушылар үстеме әрлендіріп отырады. Осыдан «похож на деда» «похож на соседаға» айналып, алғашқы ақпарат төңкеріліп түсіп, құбыжық ретінде бұқараға тартылады. Оның артынан бықсық мысқыл, логикасыз кекесін, көбінесе, тура мәтінмен берілген балағат іске қосылады. Интернет-конференцияға қатысушылардың бірі дұрыс аңғарғандай, бөгде пікір иесі, жүйкесі мықты болмаса, «жындыханадан бірақ шығуы» ықтимал. Кеңестік Қазақстанда осындай құбылыстар аз болмаған. Өз басым ондайды тарихи құбылыс ретінде кітаптарымның бірінде келтіргенім бар.

Қазіргі Қазақстанның рухани кеңістігінде осындай ауыр психологиялық ахуал орнаған. Таптаурын тұжырымдардың санада семіп қалғаны, ұлтттық сананың осыларға байланып, маталып тасталғаны сондай, бұқара жаңа идеяны қабылдамайтын, бөгде ойға төзбейтін жағдайға түсірілген. Қазақ тілінде жаңаша ой айту, жаңа идея көтеру және оны мәдениетті талқылау мүмкіндігі мүлдем жойылған.

Менің бір танысым, академик «анау - алай, мынау - былай» деп соққанда алдына жан салмайды. Осы ойларыңызды неге жарияламайсыз дегенге, «қазақтар ондайды қабылдауға дайын емес» деп жауап береді. Жаңа ойлары мен идеяларын ас үйде ортаға салатындар өздерін қара нөпір таптап кетуінен қорқып, үндемей қалып отырады.

Ежелгі Рим ойшылдарының бірі осындай ауыр психологиялық халді «сөйлегендер - білмейді, білгендер - сөйлемейді» деп сипаттаған.

Қазақша сөз алып жүргендердің дерліктей бәрі жоғарыдағы жүз трюизм шеңберінде ғана сөз қозғай алады, демек, тұжырымдары теріс, ақиқаттан аулақ, ғылыми дәйексіз, ұшқары, келешек үшін зиянды («сөйлегендер білмейді»). Ал қажетті, ұлағатты пікір айта алатындарға, жаңа идея көтеретіндерге сөз берілмейді («білгендер сөйлемейді).

Мысалдар келтіре кетейін: мен өз басым, ана бір жылы «Жас Алашқа» мектептегі білім мазмұны туралы сыншыл материал апардым. Аты - «Үркіту идеологиясы». Ол кезде редактор Ж.Қорғасбек болатын. Кіріспе әңгімеден кейін «өзім қараймын, дайындаймын, жариялаймын» деп алып қалды. Бірақ жариялай алмады. Артынан осы материалдың орысшасын дайындадым. Білім академиясының президенті Амангелді Құсайынов көтерілген идеяларды қатты ұнатты. Бөлімдерге беріп талқылатты, келтірілген әр сілтемені тексертті. Сонан кейін алдыға өзінің фамилиясын қойып, «таныстығымды салсам да жариялаттырамын» деп алып кетті. Бірақ жариялата алмады. Кейінірек «Жас алашқа» (Сәрсенбайұлының тұсында) үш мақаладан тұратын цикль апардым. Бұл жолы да жол болмады. Неге?

Өйткені, бұларда келтірілген тұжырымдар аталған «жүз ақиқат» шеңберінен шығып кететін еді.

Мен «қазақ тілі бай», «оған мемлекеттік мәртебе берілсе - болғаны», «алдымен биліктегілер қазақша сөйлесін», «қазақша білмегендерді қызмет бабымен өрлетпеу керек»,.. деген трюизмдерді аттап өткенім, бұл бағыттардың келелі нәтижеге жеткізе алмайтынын, мәселенің басқада екенін айтқаным үшін қазақтың рухани әлеміндегі елеулі күштердің қарсылығына ұшырадым.

Әрине, ғалымдар мен журналистердің бәрінің интеллектуалдық деңгейіне шүбә келтірмеймін. Олардың арасында түсінетіндер бар. Бірақ ақиқатты батыл қолдауға шығатындары аз. Өйткені, олар ештеңенің байыбына бара алмайтын қара нөпірдің балағатын естіп, жаласына ұрынудан қорқады.

Бізде бөгде ой айтып, тың идея көтеретін адам батыл болуы, сонан кейін оларды қорғай алатын рухани әлеуетті болуы керек. Қазақтың рухани әлеміне қатысты өткір пікір айту үшін камикадзе керек.

Мен де пендемін. Менің де қателесуге қақым бар. Талқылау кезінде менің қатемді біреу жанашырлықпен, дұрысы былай деп көрсетіп беріп жатса, мен оны қуана қабыл алар едім. Мәдениетті талқылау болса, мен өзімде әбден дәлелденгенін күтіп жүрмей-ақ, әлі пісіп жетілмеген ойларымды да ортаға салған болар едім. Салауатты талқылау барысында бар тұман тез-ақ ашылар еді. Өкінішке орай, Еуропаны алға сүйреп шығарған рухани тұтқалардың бірі пікір алуандығы дегеннің біз маңайына да бара алған жоқпыз.

Абайдың дойыры қазақтың жон арқасын тілгілегенімен, санасына саңлау түсіре алмады. С.Торайғыров та «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн бола алмады». «Оян, қазақ» деп жар салған М.Дулатовтың үндеуінен кейін де қазақ ұйқысынан жазбады. Қазақтың үнемі жеңіліске ұшырап, аштық болса - қырылып, қыспақ болса - шетке қаша беруінің себебін түсіндіріп берем деген Н.Масанов та ұлтпаттардың соққысына ұшырады. Бұлай бола берсе - қазақ ақиқаты ешқашан ашылмайды, ақиқат ашылмаса - алға жылжу да болмайды.

Сонда қазақтың рухани аспаны қара түнектен арылмай, тұншыққан күйі мәңгі қала бермек пе? Жоқ, әрине. Біз ұлттың санасына сәулені қайдан алып, қалай құюды білеміз.

Сынағанды білсең - түзегенді біл

«Тіл олай жетілмейді»- деп кескін тұжырымдайды сөз алушылардың бірі. Осыны оқып отырып, адуыны қатты екен, тілдің қалай жетілетінін нақты дәлелдермен, нұқып көрсетіп беретін шығар деп күтесің. Өкінішке орай, автор ары қарай «шіріген жұмыртқадай былжырап» (осы автордың өз сөзі) өзгені қойып өзіңе күлкілі жағдайға түсіп отырған қазақ тілін «қалай жетілдіру» керек екендігі жөнінде ауыз аша алмайды.

«Солай болғанын» айтуға қақың жоқ, егер «қалай болатынын» көрсете алмасаң. Хайдеггердің тұжырымдауынша, «Ардың сыншыл функциясы бар». Сын мен ар қатар жүретін ұғымдар. Арлы сыншы «олай емес» екенін көрсеткеннен кейін, «қалай болуы керек» екенін айтады. Сынағанды білсең - түзегенді біл. Түзеуін білмей, сынауын ғана білу - арсыздың ісі.

Қазақ тілі «мың жылдық дауылға төтеп берді» деп соғады бұл шіркін. Қазақ тілінің индустриялы қоғамның дауылына шын төтеп бергенінің куәсі болып отырсақ, онда ол жөнінде өзеурей дауласып неміз бар еді? Аталған жүз былшылдың бірі. Бұл «тұжырымнан» да алдау мен малданудың шылауында малтып жүру көрініп тұр, тілді тығырықтан суырып алып, индустриялы қоғамның дауылына төтеп бергізудің амалы жоқ.

Сенің тілің - сенің ділің немесе шаталардың шатасуы

«Мәңгүрттер», «азғындар», «топас», «топырақ басып жүрмес», «қара жер жиренетін», «кие атқан», «тозақтан тыныштық табатын», «аш», «жын», «албасты»,.. Бұлар бір ғана «сұрақта» ұшырасатын шайпау сөздер.

Асау Тарпаң деген атпен жазып жүрген бейбақтың сұрақтарын оқығанда қазақ лексиконының «жетіліп» кеткенін көріп, алдымен көңіл құлазыды. Артынан қараңғыға тығылып алып, тас атып жүрген мұның жынысы кім екен деген сұраққа тірелдім. Тілінің ащылығына қарап, сірә, әйел болар деп ойладым. Өйткені, қазақта «бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы» деген бар.

Лингвистикада адамдар тобының жиі қолданатын сөздерін зерттеу арқылы ойын, ойы арқылы әрекетінің мазмұнын анықтайтын әдіс бар. (Менің кітабымда тіл, ой, әрекет арасындағы байланыстарды зерттеген жеке тарау бар). Сол әдісті қолдана отырып, сөз саптаушының жан әлеміне үңілуге болады. Кәсіпқой психологтар үш ауыз сөз айтқан адамның әйелімен қалай тұратынына дейін біле алады.

Бір социолог анкеталық сауалдама жүргізіп, түрлі халықтардың өмірлік практикада жиі қолданатын сөздерін анықтапты. Ағылшындарда ол; даму, заңдылық, технология, экономика, компьютер, механизм, самолет, сапар,.. сияқты сөздерден тұрады екен. Ал қазақтардың аузына алдымен ауыл, туыс, мал, қи, тұрақтылық, пара, құдағи, той,.. сияқты сөздер түсетін көрінеді.

Адамның сөзі оның сауаттылық деңгейiн ғана емес, оның әрекетiнің мәнін көрсетеді. Өйткені, әрекет ойдан, ой сөзден туындайды. «Қазақ тiлiнде, - деп жазды М.Жұмабаев,- қазақтың асықпайтын, саспайтын сабырлы мiнезi - бәрi көрiнiп тұр». Осыған мазмұндас пікірлер айтқан өзге ғұламалар да жеткілікті.

Н.И.Конрад: «Адамзаттың интеллектуалдық дамуының ең айшықты және дәл көрсеткіші оның тілі болып табылады».

Д.Левитов: «Адамның мiнезіндегi ерекшелiктер оның ауызша сөйлегенiнен де, жазбаша сөзiнен де, сөздiк қорынан да, морфологиясынан да, сөз құрауынан да, сөйлеу стилiнен де көрiнiс табады».

З.Фрейд: «Сөзден шатасу, жаңылыс жазу мен қате оқу, қол сiлтеу мен түрлi қылықтар,.. солардың көмегiмен адам тереңде жатқан сырларын ашады».

Біреу М.Хайдеггердің «тіл - болмыстың үйі» дегенін келтіріпті. Солай екені рас. Бұл да жоғарыда аталған ғұламалардың пікірлеріне ұқсас. Сенің тілің сенің болмысыңды айқындайды. Осы қағидаларға сүйене отырып, мысалы, «шошқа» деген сөзді жиі қолданатын адамның сол қорсылдақ жатқан үйшіктің маңайына түнеп жүретінін аңғаруға болады. «Орыстың дамбалымен аузын сүрткен» деген тіркесті бірнеше адам қайталапты. Бұл - подвалда осыны айтушының шешесі мен оған келіп жүрген клиент орыстың д-ның қатар жататынын үнемі көретін, бір күні орамал екен деп онымен аузын сүрткен адам екенін көрсетеді. Бүркеншік атпен тығылып жүрудің өзі сенің өміріңнің үнемі қараңғыда өтіп жатқанын айғақтайды.

Балағат - әлеуметтің түбінен шыққандардың қолы. Шаруа мен құлдан шыққандар билік басына келгеннен кейін де боқтампаздық әдетін тастамайды. Кеңес Одағында жоғары лауазымдағылардың өзінен төменгі қызметтегілерді балағаттау жағдайлары үдерісті құбылысқа айналған болатын. Н.Хрущев әлемге әйгілі боқтампаз ретінде танылды. Қатардағы шошқашыдан шыққан ол БҰҰ-ның трибунасынан «капиталистерге» «покажу кузькину мать» деп айғайлап, ботинкасын шешіп алып трибунаны ұрғаны жарты әлемнің есінде. Бас хатшылардың соңғыларының бірінің одақтық телеэкраннан «я его послал, туда, куда обычно, русские люди посылают» дегені бар. Сондықтан көпшілік алдында, баспасөзде, соның ішінде, электронды ақпарат құралдарында аузына өлген тышқанды тістеп шығу құбылысы ешкімді таң қалдырмаса керек.

Асау Тарпаң, Қабыл, Сәке,.. деген аттармен жазып жүрген адамдардың қолданған сөздеріне қарап отырып, олардың подвал шаталарының ұрпақтары екенін ажыратып алу қиын емес.

Шата - анасын білетін, әкесін білмейтін адам, подвалда самоопал ішіп жүргендердің тастандылары. Ол есейгенде «әкем қайда, кім» деп шешесінен сұраған. Шешесі кімнен, қашан тапқанын ұмытып қалған. Осыдан кейін ол өзінің «подвал тозағындағы» өміріне әкесі кінәлі деп, бар қырсығын соған жауып өмір өткізген. Ол әкесінің, әйтеуір жынысы еркек болғанын біледі. Сондықтан кез келген еркектің бетіне сұқтана және өшіге қарайды («мені тастап кеткен осы емес пе екен?»). Еркекке деген өшпенділік, ассоциация механизмі бойынша ерге тән сөз сөйлеп, әрекет ете алатын танымал қайраткерлерге де өшпенділікке ұласып кеткен.

Тастанды балалардың көптігі жағынан Қазақстанның дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірінде екені әркімге белгілі. Ресми сөйлегенде сыпайылап  толық емес отбасынан шыққан делінетін балалардың үлесі барлық баланың 1/5 -нен 1/3-не дейінгі үлесті құрайды.

Кеңес кезінде шаталарды қорғайтын арнайы заң болған. Ол заң бойынша материалдық көмек заңды ата-анадан туылған балаға емес, некесіз туған балаларға берілетін. Шата бала тапқан әйелдерді жалғыз басты ана («мать-одиночка») деп атайтын. Қазақстанның қазіргі заңдарында да шаталарды қорғайтын баптар бар.

Бұларды сөз қайтару үшін айтып отырған жоқпын. Бұл - шаталардың әлеуметтік категория ретінде көрініс беретінін көрсететін ғылыми сипаттама.

Шаталардың көбеюі мен ұлттық моральдың азғындауы арасында тура пропорция бар. Шаталардың сөздері шатас, мінездері шатақ болады. (Шата, шатасу, шатақ, шәлкес, шәлкем-шалыс,.. сөздерінің түбірі бір). Қазір кез келген шата ұлт атасының шаужайынан ала түсетін болды. Сананың қалтарыстарында автоматты жүзеге асып жатқан былапыт ой, шаталардың аузына «ақ ит болып кіріп, көк ит болып шығып» жатыр.

Интернетке шығып жүрген қазақ шаталарының балағаттары мен былапыт сөздерін оқып отырып, алдымен «қаным қайнады», артынан «жаным ашыды» (Абай айтқандай). Бұл құбылыс қазақтың рухани аяларының түгелдей қаусап тұрғанын, әсіресе, ұлттық моралдің тозғанын, мектептің азғанын, отбасы институтының қабырғасы сөгіліп тұрғанын көрсетеді. Қоғамдық ақпарат кеңістігіне шығып алып, жоғарыда келтірілген тіркестерді қолданып сөйлеу нағыз шатаның шатағының көрінісі болып табылады.

Қазақ фольклорында батырды көзіне күл шашып жеңетін мыстан кемпірдің бейнесі бар. Подвал шаталарының шашатын күлі - олардың шайпау сөздері.

Лениннің «жауларымен сасық сұйық шығарып күресетін жәндіктер болады» дегені бар. Подвал шаталарының шайпау сөздері - олардың күрес құралы ретінде қолданатын сасық сұйығы.

Сасық сұйық шығарып немесе күл шашып жүрген шаталармен шәлкем-шалыс келіп жүрудің өзі шатасудың көрінісі. Ондайлардан жеңілу - абырой.

Подвал шаталарымен сөйлеу мәдениеті, журналистік этика, ғылыми мораль, қарапайым адамға тән әдеп, қарым-қатынас өнері (искусство общения) туралы сөз қозғау мүмкін емес. Өйткені, олардың болмысы бұл категориядағы сөздермен айқындалмайды. Олардың когнитивтік картасында мұндай ұғымдар белгіленбеген.

Ғылыми талқылау деңгейінде сөз таластырғысы келетін адам бет пердесін тастап, ашық алаңға шығуы керек. Ғылыми журналдарда аргументке - аргументпен, дәлелге - дәлелмен, тұжырымға - тұжырыммен, ғылыми этиканы сақтай отырып, мәнге қатыстыны талқыланғанда ғана шындықтың беті ашылады.

Балағаттау мен жала жабуға үйірліктің басты себебі - әлсіздік, рухани қортықтық. Бүркеншік атпен үңгіріне тығылып алып, жарықтағыны сыбау кез келген қорқақтың қолынан келеді. Күшті болсаң жарыққа шық, ереже бойынша белдес.

Министрдің, депутаттың және басқалардың көтерген шуы туралы

Ана тiлiнiң ғасыр бойы шешiлмей келе жатқан мәселесін көтерiп, оны жөнге салуға бойымда бар күшім мен қажырымды жұмсап, өзімше дамыту жолдарын ұсынғанымда, кейбір министрлер мен депутаттар аузына келген ғайбатын айтып, қолынан келген күйесiн жақты. Мен атой салып, оларға қарсы шықпадым. Күл шашқандарға қарсы күл шашпадым, оғын тасадан атқандарға тасадан оқ атпадым. Үнсіз қалдым.

Маған қарсы ақпараттық соғысқа Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Байтұрсынов атындағы Тіл білімдер институтының, Әуезов атындағы әдебиет институтының академиктері, белгілі басылымдар («Ана тілі», «Қазақ әдебиеті») қатысты. Әлгі терме айтып жүретін депутат менің атымды жаттап алып, мен туралы ауызына келген ғайбатын көкіп, талай басылымның басын қатырды, өңмеңдеп қоймай, маған жаза сұрап, ашпаған есігі, кірмеген тесігі қалмады, жазғандарымды, ғылыми дәрежемді жоюды талап етті.

Ғайбат дегенге қатысты осы жерде Құранның бір сөзі ойыма түсіп отыр. Құран ұлағаты бойынша ахиретке барғанда ең ауыр жазаны адам ғайбат айтқаны үшін тартады. Жазықсыз адамды ғайбаттағаны үшін берілетін жаза адамға кісі өлтіргені, зорлық жасағаны, қарақшылығы үшін берілетін жазадан әлдеқайда ауыр болады.

О.Сүлейменовтың «Минута молчания на краю света» деген өлеңi бар. Онда ақын Үндiстанның Тынық мұхитқа сұғынып жатқан оңтүстiк мүйiсiне барғанда ойына келгенін өлеңге өзек еткен.

Бұл - М.Гандиді жаулары атып кеткен жер. Ол серiктесi үндi ақыны Чаттерджиден:

- Гандидi атқан кiм?- деп сұрайды. Үнді ақыны оның атын атамайды.

- Бір сволочь,- деп қолын сiлтей салады.

Жалпы жексұрынның атын атамау, түсiн түстемеу көптеген халықта ұшырасады. Қазақтың да қасқырдың атын атамай, оны "итқұс" дейтiнi бар. Мен де осы үрдіске ден қойдым.

Бір сөздікте «сволочь» сөзі қазақшаға «сүмелек» деп аударылыпты. Мен сүмелектердің атын атамаймын. Олардың есiмiн атап жатуды арыма сын санадым. Менің аттарын атағаным олар үшін үлкен марапат болар еді.

Сүмелектердiң сүмеңдеген әрекетінен кейін үнсіз қалу керек. Әрине, ол үнсіздік -  жеңіліс емес, бұрынғыдан да зор дауыспен үндеу үшін тағат табу, іштей ширығып, қайтадан топастың көзін бақырайта айтуға мүмкіндік беретін, сабырлы үнсіздік.

Сүмелектер қоғамдық пікір мен тарихты жасайтын кімдер екенін білмейді. Кез келген билеушінің немесе заманында дүркіреп тұрған атақтылардың нағыз тарихи келбетін жасау философтар мен тарихшылардың қолында екенімен олардың ісі болмады. Лев Толстойдың «патшалардың тағдыры менің қолымда» деп неге айтқанын түсінбеді. Олар биік мансаптылардың, атақтылардың бейнесін жазушылар мен ғалымдар қалай жазып қалдырса, келешек ұрпақ солай қабылдайтынын ескермеді.

Мен философпын әрі тарихшымын. Тарихтың шынайылығында қалай болғанын, қазіргі дәуірдің нағыз сипаттамасын, кімнің кім болғанын, келешек ұрпақ тек менің кітаптарымнан оқып білетін болады. Сондықтан, бұрынғы министрге, депутатқа және басқа айтаққа қосылушы академиктерге айтарым: «сендер - пешкасыңдар, мен - шахматшымын, қай пешканың қай клеткада тұратынын мен анықтаймын, сендердің тағдырларың менің қолымда».

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636