Ұмытылмас Желтоқсан
Ресми түрде әзірге «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасы» деп аталатын тарихи белесті Алматыдағы қазақ жастарының СОКП ОК-нің өктем озбырлығына қарсылық танытып ереуілдеуі, өкіметтің оны қарулы күшпен дөрекі түрде басып-жаншып, тұрпайы озбырлық көрсетуі барысында ереуілдің ушығып, саяси көтеріліс дәрежесінде өрістеуі және сол реңкімен санаға сіңіп, тарихта терең із қалдырған дүрбелеңді күндер деп білеміз. Сол дүрбелеңді күндерде совет өкіметінің тұғырын шайқалтқан жаңа тарих бастау алған еді. 1986 ж. 16 желтоқсанда ҚКП ОК Пленумы Д.А. Қонаевты бірінші хатшы лауазымынан босатып, орнына Ресей Федерациясындағы Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.В. Колбинді сайлауы ертеңіне қазақ жастарының республика астанасындағы басты алаңға шығып, наразылықтарын білдіруіне себеп болды. Мәскеулік орталықтың облыстық деңгейдегі басшы қызметте жүрген, қазақстандықтарға мүлдем беймәлім орыс қайраткерін Қазақ Республикасын басқаруға жіберуіне ересек ұрпақ ренішін сездірмей іштей тынғанда, студенттер мен жас жұмысшылар мұндай шешіммен келіспейтіндіктерін ашық көрсетті. Түптеп келгенде бұл себеп – республика басшылығының ауыстырылуы – билік көзіне оғаш көрінген демонстрацияның сылтауы ғана-тын, іс жүзінде ол ұлт мәселесіндегі бұрмалауларға лық толып тұрған саяси қазанды кемерінен асырып жіберген зәрлі тамшы болған-тын. Қарсылық көрсетудің негізгі себебі – «тәуелсіз республикалар одағы» деп аталатын жасанды тәж киген, турасына келгенде, байырғы империяның жалғасы іспетті советтік мемлекетте отаршылдық және орыстандыру саясатының ашық жүргізіліп жатқаны аныққа айналғанында еді. Бұл жымысқы саясаттың тамыры әріде жатқан. Қазақ мемлекеті XV ғасырдың ортасынан өте өз этносы атымен тарих сахнасына шығып, белгілі бір дәуірде басқа мемлекеттер санасып тұрған, аумағы ұлғайып, беделі күшейген ел болғаны мәлім. Бірақ жер-суына жан-жағынан көз алартқан дұшпан көбейгендіктен және ішкі алауыздықтар салдарынан әлеуеті әлсіреп бара жатқан кезде оны күш-қуаты арта түскен орыс империясы әуелі XVIII ғасырда протекторат мәртебесінде «қамқорлығына» алған. Содан соң ХІХ ғасырда қазақтың мемлекеттілігін қилы әрекеттерімен жойған да, жұртын жер-суымен патшалықтың құрылымына біржола біріктірген. Одан, жаңа отарын өзге империялар секілді сауда айналымына енгізуімен шектелмей, отарлаудың ең зұлымдық тәсілдерін жүзеге асырған. Тәуелсіздіктің ұлы күрескері М. Шоқай кезінде дәл атап айтқандай, патша үкіметі бағындырған жерлеріне мылтық кезенген солдатының соңынан міндетті түрде соқа сүйреткен мұжығын жіберіп, алған өңірінің бәрін орыс жеріне айналдырып жіберуді қош көрген. Сосын одан да зорға көшкен. Шұрайлы жер-суын иемдене отырып, құнарсыз далаға ығыстырылған қазақты шоқындыруға тырысқан. Ондай әрекеті күткендегідей нәтиже бермегендіктен, тіпті, діні бөлек күйі қалса да, тілін, ділін, өмір сүру салтын өзгерту арқылы қазақты кәдімгі мұжыққа айналдыруды көксеген болатын. Мұндай жоспарын отаршыл үкімет империяның барлық аймағында іске асырып жатқан. Сол себепті барша бодан ел-жұрттың түрлі қарсылығына душар болған да, нәтижесінде, алып империяда азаттық аңсаған түрлі ұлттық қозғалыстар бой көрсеткен.
1905 ж. І орыс революциясының дүмпуімен империядағы мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық қозғалыстары өмірге келді. ІІ Николайдың бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарының қара жұмысына өзге тектілерді шақыру жайында шығарған 1916 ж. 25 маусымдағы пәрмені ұлттық езгіден қалжыраған халықтардың ашу-ызасын тудырды. Патшаның осы жарлығы тұтатқан қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі империя тағын шайқалтуға елеулі үлес қосты. 1917 ж. Ақпан революциясы монархияны құлатқаннан кейін туған саяси мүмкіндіктер ауқымында жүргізілген ізденістер нәтижесінде әуелі ұлттық Алаш автономиясы құрылды. Сосын, бұрынғы империядағы мемлекеттік билікті басып алып, ұлттық құрылымдардың баршасын құлатқан большевиктердің ұйғарымымен, таптық негіздегі Қазақ советтік автономиясы өмірге келіп, республика құрылды. Сонда жұрт елдігіміз жаңғыртылды деп қуанған. Бірақ бұл іс жүзінде қанды өзгерістермен астасқан алдамшы жаңғыру болып шықты. Кеңес өкіметі тұсында қазақ халқы үш мәрте алапат ашаршылыққа ұшырап, үлкен ұлттық апатты бастан кешті. Биліктің солақай реформалары салдарынан халық ретінде мүлдем жойыла жаздады. Ұжымдастыру, тәркілеу шараларына қарсы шыққан көтерілістер әскери күшпен басып-жаншылып, жұрт жаппай қуғын-сүргінге түсірілді. Сосын елдің тоз-тозын шығарған билік өзінің мемлекеттік қылмысын бүркемелейтін әдіс ретінде мәдени революция жасап, селдіреп қалған қазақты «үлкен жетістіктерге» жеткізген «социализмнің артықшылықтары» дабырайта насихаттады. Сөйтіп, халқының жартысына жуығы қырылған, дәстүрлі экономикасы тұралап, әбден титықтаған, бірақ ұлттық апаттан аман өткендердің жаппай сауаты ашылып, өнері көтерілген елді – Советтік Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ автономиялық республикасын – 1936 жылғы сталиндік Конституция бойынша одақтас республика мәртебесіне көтерді. Алайда коммунистік режим оны да өзге одақтас республикалар тәріздендіріп, біртұтас алып мемлекеттің ешқандай дербестігі жоқ құрамдас бөлігіне айналдырды. Жалпақ елді бекем шырмаған тоталитарлық жүйе бір кездері ақгвардияшылар аңсаған «біртұтас және бөлінбейтін Ресейді» жаңа түр мен мазмұнда жасап шықты. Идеология арқылы біртұтастандырылған совет елін бастапқы кезеңде уағыздалған кеңес өкіметі емес, қатаң бір орталықтандырылған коммунистік партия биледі. Ұлттық мүдде шегінді, бар мәселе тек таптық мүдде тұрғысынан бағаланды, сондай-ақ орыс халқының «аға» ретіндегі мәртебесі мойындалды. 1954–1960 жылдары Қазақ Республикасының жері тың көтеру желеуімен жаңаша отарланды. Қазақ халқы өз елінде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін (29%) деңгейге түсірілді. Көптеген қазақ мектептері жабылды, «коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен орыстандыру саясаты жан-жақты және пәрменді жүргізілді. Совет Одағының сол кездегі басшысы Н.С. Хрущев «патшалықтың жүздеген жылдар бойы жасай алмағанын аз ғана жылда жүзеге асырдық» деп мақтанды, коммунистік идеология көрігі «түрі ұлттық, мазмұны (пролетарлық) социалистік» негізде «жаңа адам қалыптастыру» бағытымен салтанат құрып, өмірдің бүткіл қырын шарпыды. Жалпақ елде орысша оқу салтқа, мақтанышқа айналдырылды. Орыс тілін білмей қалада өмір сүру, жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Аралас некелер барынша мақұлданды. Өз тамырынан ажырап, орыстанған адамдар «интернационалист» ретінде мадақталып, басқа көтере дәріптелді. Қазақтарға өз елінің астанасы Алматыға келіп, қала тұрғыны ретінде тіркелу де мұң болды. Мұндай келеңсіздіктер мен жалғандықтар республиканы жергілікті ұлт өкілі басқарып тұрғанда, «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелетін кезеңнің өзінде орын алғандықтан, олардың енді, мәскеулік орталық қазақ елін басқаруға орыс қызметкерін қойғаннан соң, тіпті де түзелмейтіні анық еді.
ҚКП ОК V Пленумында пленум мүшелері, яғни республиканың қызыл жалау жамылған отаршылдық саясат өтінде жасақталған бетке ұстар саяси элитасы, бар болғаны 18 минут ішінде республиканы ширек ғасырға жуық басқарған жетекшіні лауазымынан босатып, оның орнына ешқашан Қазақстанда болмаған, республика партия ұйымында есепке тұрып жұмыс істеп көрмеген, яғни жергілікті жағдайды білмейтін, жұртшылыққа беймәлім, өзге республикадағы орта буын қызметкерін сайлап үлгерді. Орталық Комитетке мүше осы ең таңдаулы 400-дей азаматтың бірде-бірі не босатылған басшыға ұзақ жылдарғы қызметі үшін алғыс айту ілтипатын білдірмеді, не жаңа басшыға осында жүзеге асырмақ бағдарламасы бар-жоғы, жалпы мұнда не бітірмек ойы бары жайында жалқы сұрақ та бермеді, яғни жоғарғы саяси элита ұлт болашағы жайында өзіндік ой түймеген, Мәскеу нұсқаған бағыттан ауытқудан өлердей қорқатын, қазақ халқының емес, жеке басының тағдырын ғана ойлауға машықтанған тоғышар тобыр кейпін танытты. Олардың орталық эмиссарын үн-түнсіз бірауыздан қабыл алуын ұлттық сана-сезімі сергек жастар ғана Мәскеудің қазақ халқын масқаралап, кемсітуін жалғастырғаны деп ұқты. Сондықтан да қыздар мен жігіттер жаңа басшы «таққа отырған» күннің ертеңіне, 1986 жылғы 17 желтоқсанда, Қазақ Республикасының астанасы Алматы көшелерімен лек-лек боп толассыз ағылып, ОК ғимараты алдындағы Брежнев есімі берілген орталық алаңға жиналды. Теңдессіз оқиға осылай бастау алды. Кремльдің шешіміне республикадағы билеуші элитаның құлақкесті құлша мойынсұнуымен келіспей, стихиялы түрде қарсылық білдіріп шыққан жастардың бейбіт демонстрациясы одан әрі еш баламасы жоқ саяси көтеріліске ұласты. Қыз-жігіттер ел басына «көлденең көк аттыны» қою арқылы республика мүддесін осынша елемеудің себебін түсіндіруді талап етті. Алайда басшылық шерушілер әрекеті жалаңаштаған саяси-әлеуметтік жанжалды келіссөз яки басқа да бейбіт тәсілмен шешуді ойына да алмай, бұл саяси қарсылықты өкіметке төнген қауіп ретінде бағалады. Жастарға қоқанлоққы жасап, күш көрсетті, этносаралық қатынастарды шиеленіске апарардай дәрежеде сына қағып, араздастыру әрекетін жасады, тездетіп демонстранттар толы алаңды әскери күшпен қоршауға алуды дұрыс көрді. КСРО-ның әртүрлі сегіз аймағынан Ішкі істер министрлігінің арнаулы бөлімдері әуе жолдарымен Алматыға жеткізілді. Аязды күні бейбіт шеруге қатысушыларға қарсы өрт сөндіргіш машиналармен суық су шашты. Тәртіп сақшыларында қолшоқпарлар, сапер күрекшелері, әскери қызметтегі иттер болды. Алаңға көлікпен жәшік-жәшік арақ әкелді, демонстранттар арасында басқа да қилы арандатушылық әрекеттер жасады. Өнеркәсіп кәсіпорындарының орыстілді жұмысшыларынан жасақтар ұйымдастырылып, олар темір таяқтармен, кабель кесінділерімен қаруландырылды. Содан әскерилер, милиция, жасақшылар шерушілерді жаппай ұрып-соқты, алаң қанға боялды, жүздеген қыздар мен жігіттер түрлі дәрежеде тәни жарақаттар алды, ондағаны қаза тапты. Жастарды ұлттық белгілеріне қарап көше-көшеден, студенттер мен жұмысшылар тұратын жатақханалар алдынан алып кетіп жатты. Ұсталғандарды топырлатып қала түрмелеріне тоғытты. Көбін жүк машиналарына тиеп, қала сыртына апарып тастады. Алматы жастарының шеруіне қосылуға жұмысшылар мен студенттер Қапшағай, Қаскелең қалаларынан, тіпті көрші Қырғыз республикасынан да шыққан, алайда олардың бәріне милиция мен әскерилер тоқтау салып, таратып жіберді, бірқатарын ұстап әкетті. Осындай қарсылық көрсетулер республиканың көптеген қалалары мен елді мекендерінде болды.
Демонстранттарға қарсы 50 мың шамасында әскерилер, 20 мыңдай милиция қызметкерлері, 10–15 мыңдай темір таяқ ұстаған жасақшылар, 15 бронетранспортер мен 20 су шашқыш және өрт сөндіргіш машина шығарылды. Заңды белінен басқан советтік империя «одақтас республиканың» отар құлдары дәрежесіне түсірілген жастарын зымияндықпен ұрып-соғып, қарулы күшпен қилы физикалық қиянат жасап, қорлап қана қоймай, «Алматыда нашақорлар мен маскүнемдер бүлік шығарып, жаппай тәртіп бұзушылық туғызды» деген жалған ақпаратты шартарапқа таратты. Байланыс құралдары шапшаң өшірілгеніне қарамастан, шынайы қайғылы хабар жер-жерге тез жетіп, күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді. Республиканың көптеген қалалары мен елді мекендерінде Алматы қозғалысына қолдау көрсетіп көшелерге шыққан наразылық білдірушілер билік күшімен басып-жаншылды. Барлық еңбек ұжымдары мен оқу орындарында жастардың саяси қарсылықтарын айыптайтын жиналыстар ұйымдастырылды. Алайда өткізілген жиындарға қатысушылардың бәрі бірдей билік пиғылын қолдай қоймады, өкіметтің іс-әрекетіне сын көзбен қараған сөздер де айтылды. Мәселен, үдей түскен репрессиялық шаралар көпшіліктің ұнжырғасын түсірген ахуалда өтіп жатқан талқылаулардың бірінде – 1986 жылғы 24 желтоқсанда ҚКСР ҒА-дағы республиканың жаңа басшылығы мен орталықтың жоғары лауазымды өкілі қатысқан жиналыста – академик С.З. Зиманов: «17–18 желтоқсанда болған жағдайға көп ретте біз – ересек қазақтар мен орыстар, бәріміз бірге кінәліміз», – деді. Идеологиялық және тәрбие беру мекемелерінде, оқу орындарында, совет органдарында жастардың азамат ретінде қалыптасып, идеялық тұрғыда кемелденуіне аға ұрпақтың дұрыс үлес қоспағанын, болған жәйттің басты себебі идеологиялық жұмыстың әлсіздігінде жатқанын айтты. Ұлт тілінің тәрбие берудегі әлеуетіне тоқталып, қоғамтанушылардың, тіпті барлық деңгейдегі қызметкерлердің, соның ішінде ҚКП ОК Бюросы мүшелерінің де жастар алдында қазақ тілінде сөйлемейтінін сынады. «Ұлт тілінің күш-қуаты кәдеге тым мардымсыз асырылады, оның ықпалы жыл өткен сайын құлдырап барады», – деді. Аға ұрпақтың ерліктерін, революциялық дәстүрлерін жастар тәрбиесіне дұрыс пайдаланбай отырған ОК-тің насихат және үгіт бөлімін сынға алды. Жиналысқа Саяси Бюро мүшесі М.С. Соломенцевтің қатысып отырғанына байланысты, ұлт мәселесі жөніндегі жалпыодақтық еңбектерде елеулі кемшіліктер барын атап, талдап айтты. Сосын: «17–18 желтоқсан оқиғаларына айыптылар жазаларын алады, – деді ол. – Мұнымен құқыққорғау органдары айналысуда. Мен заңгер ретінде мынаны айтқым келеді: бұл органдарды оларға тән айыптағыштық ыңғайдан сақтандыру керек. Олар жаппай репрессияны бастап кетті. Бұған партиялық бақылау қою қажет, бақылау қойылар деп ойлаймын». Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы аппаратының 25 желтоқсанда өткен партия жиналысында жазушы Бейбіт Қойшыбаев «қаумалап аулау кезеңдерінде органдардың қолына түскен коммунистер мен комсомолецтердің бәрі сөзсіз партиядан және комсомолдан шығарылуда, тергеулер, жолдастық соттар болып жатыр, ал әлі бостандыққа жіберілмегендерді, шамасы, нағыз соттар тосып тұр» деп, олардың істерін қараған кезде күні бұрын кесіп-пішілген теріс түсініктің баршасын кері қағу керек екенін айтты. «Болашақ үшін солай ету керек, – деді, – алданғандар мен арандатушыларды айыра білу қажет. Дұрысы да, жақсысы да – оларды жазалау емес, оқыту-ағарту және тәрбиелеу». Осы ретте ол оқу министрлігінің кемшілігін әшкереледі: «Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі формальді, негізінен тек қазақ балалары үшін, факультативті түрде жүргізіледі». Басқалардың ата-аналары, сондай-ақ мұғалімдер де «керексіз тілмен оқушылардың басын қатырып не керек» деп санайды, «осындай қылығымызбен біз балаларды жергілікті халықтың тілін, мәдениетін құрметтеу рухында тәрбиелеуден бастартамыз, яғни іс жүзінде партия саясатындағы интернационалистік ережелерге қайшы келеміз». Мұндай көзқарас жойылмайынша «халықтың оп-оңай жараланатын ұлттық сезімдеріне нұқсан келтіретін» әрекеттерге қарсы күресте оң нәтиже болмайтынына назар аударды. Қазақстандық орыс жазушысының ауылдарда қатар өмір сүріп жатқандар ішінде қазақ – екі тіл, неміс – үш тіл, ал орыс тек өз тілін ғана білетінін атап, «өзімізді өзіміз басқалардан жоғары қойып дәріптеушілік, әлдеқандай бір ерекшелікке иеміз деп санағандық кезінде Сүлейменовтың әйгілі кітабын қабыл алуға мүмкіндік бермеді» деп ағынан жарылғанын мысалға келтіріп, «осы ойшыл өзіне өзі сын көзбен қарау жолымен әшкерелеген нашар қасиеттер тоғышарлардың, жан-дүниесі тайыз жандардың бойынан табылғанда, ұлттық өзара қарым-қатынастардың қандай күйге түсетінін елестетудің қиын еместігін» айтты. Ұлт мәселесіне ешқашан формальді түрде қарауға болмайтыны жайындағы лениндік талапты әрдайым есте ұстау керектігін, өткен тарихында езгіде болған халықтардың ұлттық абырой мен ар-намысқа қатысты мәселелерді айрықша түйсікпен өткір сезінетіні, тиісінше бұл мәселеде жұмсақтық көрсету жағын «тұзын жеткізбегеннен гөрі, артығырақ тұздаған жақсы» болатыны жайындағы Лениннің сөзін келтірді. Оқиға қатыгездікпен өрбіп жатқан шақта партия қызметкерінің жағдайды жұмысшыларға: «...сендерге не маңызды: бірінші хатшының қазақ болғаны ма, әлде дүкенде нан толып тұрғаны ма?» деген қарабайыр да тұрпайы түсінік беруін «мейірімсіз таяқтап зәбір көрсетуден де қауіпті әрі барып тұрған зұлым қылық» ретінде сынады. Саяси өресі тар адамдардың қазақ жастарының «Пленум шешімін қолдамауын құдды күллі орыс халқына қарсы шыққандай» рәуіште қабылдағанына реніш білдіріп, «қазақ және орыс халықтарының достығын ешкім ешқашан бұза алмайтынын», өйткені бұған «ұлтымыздың қан қақсап, қасірет шегуі арқылы жеткенін», тіпті «партия-совет қызметкерлерінің ұжымдастыруды қорқынышты асыра сілтеуге ұластырып жүргізуі салдарынан екі миллиондай жанынан айрылғанда да партияға, орыс халқына сенімін жоғалтпағанын» айтты. Барша жұрт әртүрлі оқу орындарында Лениннің ұлт мәселесі жөніндегі туындыларын оқығанмен, оларды емтихан тапсырғаннан кейін мүлдем ұмыт қалдырды, «егер осы күндері соларға қайта көз салса – көшеге шыққан жастарды ақтайтын» көп тұжырым тапқан болар еді деді. «Партия тұрмысындағы күрт бетбұрысқа шейін елімізді жайлаған ахуал, атап айтқанда масайраушылық, ойға не келсе соны істеп масаттанушылық көңіл күйі, нақты жағдайды әсірелеп көрсетуге ұмтылу, идеологиялық, насихаттық жұмыстың өмірден қол үзуі» қазақ қыз-жігіттерінің шеруге шығуын біртіндеп даярлады деп, болашақта қолға алынуға тиіс нақты ұсыныстар жасады. «Бұл қозғалысқа кінәлі – біз, ересек ұрпақ, білімді ұрпақ, біз, партия-совет қызметкерлері» дей келе, жаңа биліктің саясатын байыпен түсіндірудің орнына «жігіттер мен қыздарға, біздің 17–20 жасар балаларымызға қарсы жекелеген пысықай қызметшілердің шоқпар сілтеген, сапер күрекшесімен ұрып, су атқылағыш, түтіндеткіш құтылар қолданған, тіпті аласұрған иттерге талатқан қылықтарын гуманистің ақыл-ойы ешқандай да ақтай алмайды», «өкінішке қарай, осы күндері көптеген тәртіп сақтаушылар бір сәтте-ақ жуасытушылар мен жазалаушылар рөліне құлдырап түсіп кетті» деп қорытты. Бұл көрініс атақты ақын, майдангер Жұбан Молдағалиевті қатты шошындырған еді, ол жазушылардың 1986 жылғы 31 желтоқсанда Г.В. Колбинмен кездесуінде қатты күйініп: «Желтоқсан ереуіліне қатысушы қазақ жастарын билік тұтқасын ұстағандардың қалай жәбірлеп жазалағанын көргенше, маған майданда өліп кеткенім жақсы болар еді», – деді. Әйгілі ақынның жүрекжарды сөзі жұртшылыққа кеңінен тарап кетті, алайда оны да, белгілі заңгер-ғалымның сөзін де билік қаперіне алған өкімет жоқ, бас көтеруге батылы жеткен «отар құлдарын» тұқырту шараларын жоспарлы түрде жүзеге асыра берді. Ал Жоғарғы Кеңес қабырғасындағы «қате» сөзі үшін жазушыны бірнеше жиналысқа салды, ақыры қатаң партиялық жаза беріп, жұмысынан қуды. ҚКП ОК мәліметтеріне қарағанда, 1986 жылғы 19 желтоқсанның кешіне дейін Алматы қаласы бойынша ұсталып, үстерінен іс қозғалғандардың саны – 2284, бұлардың ішінде 873 студент, 1171 жұмысшы мен қызметкер бар екен. Әр тұстан аулап, ұрып-соғып, түрмеге тоғытып, түрлі қорлық көрсетулердің, айыпты деп тапқандарды партиядан, комсомолдан шығарудың, әкімшілік жазаға тартқызып, жұмыстарынан, оқуларынан қуудың артынша ондаған сот үдерістері өтті. Репрессия қызып тұрған сол күндерде, 1987 жылғы маусымда, Қазақстан Жазушылар одағының пленумына қатысқан Г.В. Колбинге қасқая қарсы қарап тұрып, жазушы Сафуан Шаймерденов өткір сөз сөйледі. Колбиннің екі-үш айда қазақша үйреніп алам дей тұрып ыржалақтап күлгенін ащы сынға алды, оны кезінде қазақты қырғынға ұшыратқан Голощекинге теңгерді, «бейбiт шеруге шыққан қарусыз қазақ жастарын итке талатып, шоқпармен, солдат күрекшесімен сабатып, қынадай қырғаннан басқа, халыққа не жақсылық iстедiңiз?» деген сұрақтармен дүрсе қоя берді. Колбинді өзімен бірге көшеге шығуға шақырды, егер оған бір қазақ тиіссе, онда бұл өзін өзі өртеп жіберуге әзір екенін мәлімдеді. Алайда Колбин репрессияны бәсеңсіткен жоқ. 103 адам сотталды, оның ішінде екеуіне жазаның ең ауыр түрі – атуға үкім шығарылды. Қ. Рысқұлбеков, Т. Тәшенов, Ж. Тайжұманов, К. Күзембаевтар ісін қараған сот үдерісі үлкен шу туғызған еді. Қолдан қиыстырылған айып тағып, ату жазасына үкім шығарған сотта Қайрат Рысқұлбеков өзінің шындықты халыққа жеткізуді армандағанын, арының таза екендігін, адам өлтірмегенін халық білмей, шынымен қылмыскер деп санайды-ау деп қорыққанын айтты. Сот барысында өзінің ақ екеніне әкесі, анасы, барша жұрттың көзі жетті деп сенді. «Енді міне, қазір атып жіберсе де, арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар», – деді. Содан кейін өзі түрмеде шығарған, мұң мен арман-қиялға тұнған, сот үдерісіне қатысушылардың басым көпшілігін тебірентіп-толқытқан өлеңін оқыды. Әлем жұртшылығының пікірімен санасуға мәжбүр болған жоғарғы билік Рысқұлбековтың ату жазасын ұзақ мерзім абақтыда отыруға алмастырған еді, алайда түрмеден түрмеге ауыстырып жүргенде ол түсініксіз жағдайда қаза тапты.
Толқулар кезінде 8,5 мыңдай адам ұсталды, репрессиялар «37-ші жыл» рухында жүрді. Партиялық және комсомолдық жазалаулар қолданылды, сот үкімдері, түрлі әкімшілік шешімдер шығарылды. 2 адам ату жазасына кесіліп, 103 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығына айырылған. Осы оқиғаға білдірген көзқарастары үшін 52 адам партиядан шығарылған, 67-сіне партиялық жаза берілген. Жұмысшы және студент жастардың 787-сі комсомолдан шығарылып, 1138-іне комсомолдық жаза қолданылған. 1200 адам – Ішкі істер, 309 адам Денсаулық сақтау және Көлік министрліктеріндегі қызметтерінен қуылған. Республикада «ұлтшылдарды» іздестіріп, әшкерелеуді көздеген тұтас бір науқан өріс алды. ЖОО оқытушысы Әркен Уақов сотталды, бірнеше ректор мен белгілі ғалымдар қуғындалды. Соның бәрі Г. Колбиннің интернационализм және қазақ тілін оқу қажеттігі жөніндегі нақты іспен расталмаған демагогиялық мәлімдемелерімен қатар жүргізілді. Оқу орындарында жұмыс істеу және оқуға қабылдау ұлттық белгілері бойынша, алдын ала белгіленген пайыздық квоталар негізінде жүзеге асырылды. Іс жүзінде жергілікті ұлт өкілдерінің білім алуына және беделді қызметтерге орналасуына шек қойылды. 1987 жылғы шілдеде СОКП ОК «Қазақстан республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмысы туралы» қаулы қабылдаған еді. Қаулыда жалпы тәрбиеге байланысты орынды ой-пікір келтірілгенмен, Желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде бағалаған тұжырымның болуы интеллигенция өкілдерінің наразылығын туғызды. Саяси элита арасынан тек Сыртқы істер министрі М.И. Есенәлиев қана бұл бағаның дұрыс емес екенін, қазақ халқының халықтар достығына, интернационализмге адалдығын советтік кезеңнің барша қиын белестерінде дәлелдеп келе жатқанын 1988 ж. ҚКП ОК Пленумында айтты. Ол 1989 ж. 25 сәуірде депутаттық сұрау салып, Желтоқсан оқиғаларын және оның құпия шындықтарын ашу қажеттігін көтерді, бұл үшін жұртшылық өкілдері қатыстырылатын комиссия құруды талап етті. Комиссия құрылды, бірақ ол Желтоқсанның қасіретті күндеріндегі оқиғаның жай-жапсарын бүркеулі күйі қалдыруды көздеген есеппен құрылған, яғни советтік дәуірдің көп кезеңінде сынақтан өткен билеуші партия амалының туындысы болатын. Сондықтан да алғашқы Желтоқсан комиссиясы жұртшылық күткен қорытынды шығаруға қауқарсыздық көрсетті. 1989 ж. 25 мамырда Мәскеуде Халық депутаттарының бірінші съезі ашылып, онда халық депутаты ақын Мұхтар Шаханов 1986 жылғы 17–18 желтоқсан күндерінің ащы шындығын жаһанға жария еткен және желтоқсан оқиғаларына әділ баға берілуін, оқиғаға қатысқаны үшін сотталғандардың ақталуын бірінші болып талап еткен әйгілі сөзін сөйледі. Оның табандылығының арқасында, республикада түрлі кедергілерге қарамастан бірнеше комиссия жұмыс істеп, көп іс тындырды (М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» кітабын қараңыз). СОКП ОК Қаулысындағы қазақ ұлтшылдығы туралы айыптау алып тасталды, сотталған желтоқсаншылар бостандық алып, ақталды. Желтоқсан оқиғасының қайғылы көріністерге ұласуы республика жетекшілерінің саяси шарасыздығынан, олардың өткір ахуалдан алып шығатын бейбіт жол таба алмауынан, соған құлықсыздық көрсеткенінен, ақыл-парасатқа емес, қара күшке иек артуды қош көргенінен болғанын ҚКСР ЖС Президиумы 1990 ж. 24 қыркүйектегі Қаулысында атап көрсетті. Азаттық алған желтоқсаншылар өздерінің қоғамдық ұйымдарын құрып, елімізде жасалып жатқан демократиялық өзгерістерге атсалыса бастады, оқиғаға қатысты өз естеліктерін жариялады. Желтоқсаншылар жайында кітаптар жазылып, реж. Қ. Әбеновтің «Аллажар» фильмі, т.б. кинофильмдер түсірілді. Алматыда «Тәуелсіздік таңы» монументі тұрғызылды. Аягөзде де желтоқсаншыларға арналған ескерткіш ашылды. Қ. Рысқұлбековке Халық қаһарманы атағы берілді, Таразда ескерткіш қойылды.
1986 ж. желтоқсанының қаһарлы күндерінен бері көп уақыт өткенмен, саяси бас көтеру оқиғасы ұмытылған жоқ, керісінше, маңызы артып келеді. 17 желтоқсанның кешінде Алматыдағы орталық алаңда, шоқпарды оңды-солды сілтеген жазалаушылар демонстранттарды бір жайпап өтіп, 70-80 қыз-жігітті «жеңіл жәрдем» әкеткеннен кейін, түн қараңғылығы қымтаған алаңның төрт шетінде лаулап өртеніп жатқан жылжымалы милиция бекеттерінің ортасында, үкіметтік мінбер және ОК ғимараты маңында құрсанған қалқандары тұтасып ұзыннан-ұзақ тізілген әскери жасақ алдында дөңгелене шоғырланған жастардың «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп ұрандатуы, бәрі қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әйгілі патриоттық әнін шырқауы (ереуіл күндері жауынгерлік шыңдалудан өткен осынау атақты әннің кейін тәуелсіз мемлекетіміздің гимніне айналғаны мәлім) құдды халық атынан бар дауыспен теңдік сұрағандай, мемлекеттік тәуелсіздік алуды талап еткендей әсер еткен акт еді. Жас ұрпақ аузынан жалын ата шыққан осы қарапайым қос тіркесте қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі жатқан болатын. Біріншіден, қазақ елін басқаруға жіберілген орталықтың эмиссары біздің халқымыздың ұлттылық тұрғыдан өркендеуіне шек қойып келе жатқан отаршыл биліктің тап өзіндей көрінген. Сондықтан да максималист қыз-жігіттер оны қабылдағысы келмей, «көзін жоғалтуын» талап ету арқылы республиканы қуыршақ еткен отарлық қамытты қаусататын уақыттың жеткенін жастық түйсігімен сезініп, аталмыш қысқа ұран арқылы мәлімдеген еді. Екіншіден, республиканың атын алып жүрген, бірақ құқтары тым шектелген халқымыздың мәртебесін «Жасасын қазақ!» деп ашық көтерудің астарында шынайы теңдікке жету, азаттық алу арманы, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары жатқан. Саяси тәжірибесі жоқ жас азаматтар тап сол кезде мұндай мағынадағы тұжырымға, әрине, саналы түрде келмеген, олардың ішіне терең ой бүккен жасампаз ұрандары күн тәртібіне мүлдем табиғи түрде қысқа сөздер боп атқылап шыққан еді. Өйткені өскелең ұрпақтың осынау ереуілі халқымыздың өткен ғасырлардан бері әлсін-әлсін отарлық езгі мен озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, бұрқ-бұрқ көтерілулерінің заңды жалғасы болатын. М.С. Горбачев бастаған Саяси Бюроның 1985 жылдың көктемінен жеделдету, жариялылық, қайта құру сынды ұрандар тастауы, сол ұрандарымен жалпақ елде демократиялық өзгерістерге жол ашатын жаңа саясат жүргізе бастауы, сөйте тұра, біздің халқымыздың еркімен санаспай, 1986 жылғы желтоқсан айында ұлтымызға жайсыз кадрлық шешім жасауы бағзы тарихи әділетсіздіктерді қайтадан өткір түйсінткен. Алайда, жарияланған демократияны малданып, наразылық білдірген қазақ жастарының бейбіт шеруіне оларды өзімен тең сөйлесуге кем санайтын өкімет (жалпы тоталитарлық билік үшін бірінші кезекте мемлекет мәртебесі тұрғандықтан, адам тағдырымен, әсіресе «ұлтшылдықпен» ешқандай да санаспайтын билік) күш қолдануымен жауап берді. Тиісінше тыныш демонстрацияның ақыры саяси қарсылыққа, көтеріліске ұласты. Себебі биліктегі партия «совет елінде ешқандай да ұлт мәселесі жоқ» деген жалған желеуді бетке ұстайтын. Ал ҚКСР Конституциясы бойынша Қазақстан – өз аумағында өз бетінше дербес мемлекеттік билік жүргізетін егеменді кеңестік социалистік мемлекет (68-баб) еді. Кеңестер Одағын құрысқан, одақтан еркін шығып кете алатын тәуелсіз мемлекеттердің бірі ретіндегі құқы КСРО Конституциясының 70- және 72-бабтарында мойындалған-тын. Заң жүзінде солай бола тұра, Қазақ Республикасының егемендігі де, өзін өзі билейтіндігі де, ұлттылығы да мәскеулік билік тарапынан аяққа тапталды. КСРО-ның Негізгі Заңындағы: Қазақ Республикасы «...еңбекшілердің ерік-жігері мен мүддесін қорғайтын социалистік жалпыхалықтық мемлекет» делінген 1-ші баб көзалдаушылық, жәй ғана формальділік болып шықты. Совет Одағы деп аталатын алып мемлекеттің іс жүзінде «біртұтас және бөлінбейтін» патшалық Россияның жаңаша жалғасы екенін уақыт ап-айқын көрсетті. Болған оқиға теңдік пен еркіндіктің жасандылық сипатын дәлелдей түсіп, қазақ халқының шыдамын кемерінен асырды.
КСРО және ҚКСР Конституцияларының 6-шы бабтарына сәйкес, Совет Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның жетекші және бағыттаушы күші» болып табылатын. Сол «...күштің» қатаң идеологиялық торымен одақтас республикалар да, олардағы халық депутаттарының кеңестері де бекем шырмалғандықтан, кеңестер одағы біртұтас унитарлық мемлекетке айналған. Яғни КСРО іс жүзінде, өмір көрсеткендей, басында монарх тұрған Ресей империясының аты өзгертілген, төбесінде Саяси Бюро тұрған жаңа түріне айналдырылды. Міне осы кеңестік неоимперияда әділетсіздік және көпе-көрінеу жалған сөйлеу әдеттегі құбылысқа айналған болатын. КСРО-ны 1983 жылы АҚШ президенті сыртқы қатынастарға байланысты «зұлымдық империясы» деп атаған еді, шындап келгенде, бұл анықтаманың туралығы ішкі жағдайда да көрінді. Кеңес өкіметі қайта құру саясаты жария еткен демократиялық жаңаруға сенген жастарға «наркомандар, маскүнемдер» деген жалған айып тағып, оларды тоталитарлық шоқпардың астына алды. Жұмысшы және студент қыз-жігіттердің демократиялық қозғалысын әскери күшпен басу үшін құпия түрде арнайы операция жоспарын жасап, жүзеге асырды. Мұндай әрекет жастарды ашындыра түсті, соның салдарынан бейбіт шеру озбыр отаршылдыққа, неоимпериализмге қарсы көтеріліске ұласты. Совет Одағының Гимні «азат республикалардың бұзылмас одағын Ұлы Русь мәңгілікке біріктіргенін» мәлімдеген сөздермен, ал Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Гимні: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан», – деген, шынайы қазақы болмысты бейнелейтін жолдармен басталатын. Осындай кереғар мағынадағы тұжырымдардан кейінгі мүлдем саясиландырылған жолдарды есепке алмағанда, қазақтың азаттық пен ар-намыс үшін ештеңеден тартынбағаны рас-тын. Осы жанқиярлық дәстүрге адал жастар көкейге түйген күдікті бейбіт жолмен шешу мақсатында идеялық көсемнің портреті мен оның және ол құрған большевиктік партияның ұлт мүддесін көздейтін тұжырымды сөздері жазылған транспаранттарды бастарына көтеріп шықты. Бірақ алаңдағы мінбеге көтерілген өкімет өкілдері олардан тек қана «тәртіп бұзбай, жатақханаларына тарқауларын» талап етті. Жуасыту және жазалау шаралары метрополия жоспарына сәйкес мұқият жүзеге асырылды. Отаршыл билік Алматыдағы орыс тұрғындардың қолдарына ашықтан ашық суық қарулар үлестіріп, алаңдағы қазақ жастарын өлімші етіп ұрып-соғуға, тіпті өлтіріп тастауға да пұрсат ететіндей бата берді. Кеңес өкіметі басшылығының рұқсатымен жасалған осынау мемлекеттік қылмыс: «Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген гимн сөзінің шын астарын айқара ашып берді. Жаңа тұрпатты отаршылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары астанада жұрттың ұлттық белгілері бойынша қудалануына жол ашты, ұлтаралық араздықты қолдан тұтатуға әрекеттенді. «Аға» мәртебесімен дәріптелетін халық өкілдерін және орыстанған өзге тектілерді, сондай-ақ барша ләббай-тақсыршылдарды империялық орталық «бесінші колонна» ретінде пайдалануға ұмтылды. Белгілі дәрежеде біраз уақыт солай ете алды да. Кремльдің Алматыға жіберген өкілдері КСРО Конституциясындағы: «...одақтас республикалардың егемендік құқтарын КСР Одағы сақтайды» деген 81-ші бабқа қасақана, арнайы мақсатпен әрекет ететін жасақтарды қалаға өзге республикалардан тасымалдап, метрополияның отардағы «құлдарын» тұқырту, «тәртіпке салу» жұмыстарын жүргізді. Бірақ ұлттық сезім мен намыс басты түрткі болған ұлт-азаттық көтеріліс оты тез арада республиканың шартарабына тарап үлгерді. Мұндай қарсылық туатынын күтпеген орталық саяси көтеріліс жайында дұрыс ақпарат тарамауына, оны бұзақылардың тәртіпсіздіктері етіп түсіндіруге күллі идеологиялық қаруын жұмылдырды. Одақтас республикалар іштен тынғанмен, алыс шетелдер үнсіз қалған жоқ. Европа елдерінің белгілі азаматтары атуға бұйырылған көтерілісші Қайрат Рысқұлбековтың тағдырына араша түсіп, КСРО басшылығына хат жолдап жатты.
Қасаң тоталитарлық жүйеге күллі КСРО бойынша бірінші болып қарсы шығып, жанкештілікпен азаттық үнін көтерген қазақ жастарының көтерілісі басқаларды да оятты. Мәскеу озбырлығына қарсылықтар Кавказдағы, Балтық жағалауындағы одақтас республикаларда орын алды. Ұзамай, коммунистік режим тұтастырған тоталитарлық алып мемлекетте тегеурінді демократиялық өзгерістер жасалды. Кеңестік бір елге біріккен одақтас республикалар КСРО Конституциясының 72-ші бабында көзделген одақ құрамынан еркін шығып кете алатын құқтарын пайдаланып, 1991 жылы өздерінің мемлекеттік тәуелсіздіктерін жариялады. Қазақ көтерілісінің 1956 жылғы Венгриядағы және 1968 жылғы Чехословакиядағы көтерілістердің жалғасы және нәтижелісі болғанын атап айту керек: қазақ жастарының 1986 жылғы саяси бас көтеруі серпін берген ерен құбылыстың нәтижесінде кеңестік империяны ұстап тұрған коммунистік режим құлады. Тарихи оқиғаның дамуы барысында КСРО-ның өзі ыдырап қана қоймай, тиісінше, оның әлемдегі ықпалы шектелді. КСРО-ның жетекшілігімен Европа мемлекеттерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін 1955 жылы Варшавада талқылаған мәжілісте құрылған сегіз европалық социалистік мемлекеттің әскери одағы – Варшава келісімшарты 1991 жылы біржола күшін жойып, 36 жыл бойы дүниедегі әскери күштерді екіге жарып келген ұйым тарқады. Совет Одағының идеологиялық құрсауынан азат болған елдер өз мемлекеттік құрылымдарын қайта қарады (екі неміс мемлекеті бірікті, Чехословакия, Югославия федерациялары жеке мемлекеттерге бөлінді). 1986 жылғы Желтоқсан ерік-жігері идеологиямен ауыздықталған қасаң елде шынайы демократиялық жаңаруға осылайша жол ашып, өзара дұшпан әскери лагерьлерге бөлінген биполярлы әлемдегі жасанды қарсы тұрушылықты жойған құбылыстардың бастауына айналды. 2016 жылғы 25 қазанда Астана қаласында өткен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда отыз жылдық биіктен аса құнды пікірлер айтылып, өкімет алдына бірқатар маңызды ұсыныстар қою жөнінде шешім қабылданды. Сөз жоқ, ұмытылмас Желтоқсан тарихын насихаттаудың жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі маңызы зор.
Бейбіт Қойшыбаев
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz