Сейсенбі, 19 Қараша 2024
Алаң 6912 18 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 12:17

Комсомолды тойлаған қазақ биыл Алаш қайраткерлеріне арнап не істеді?

Былтыр «Алаштың 100 жылдығы» дейтін айшықты датаны ел болып атап өттік. Атап өттік деп далитып дардай қып айтқанымызбен, қазақтың азаттығы жолында ақтық демі үзілгенше күрескен Алаш қайраткерлеріне, бабалар рухына біз, бүгінгі ұрпақ, бүгінгі Қазақстан лайықты құрмет көрсете алдық па? Біреулер «иә, көрсеттік» дейді, енді біреулер керісінше.

Алаш па, Комсомол ма?

Биыл біз сол арыстарымызды аяусыз, қасақана қырып салған Кеңестік жүйенің бастауыш сыныбы саналатын «Комсомолдың 100 жылдығын» әжептәуір әспеттедік. Қаңқасы қурап, ешкімге керексіз қалған Кеңестің сол бір датасын мемлекеттік масщтабта атап өттік. Азаттықтың алтын бесігі атанған Алматыда дүркіретіп думан өткіздік. Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің «мен» деген депутаттарын, қала берді Ресейден елшімізді алдыртып аста-төк той қылдық. Қазақстанның халық артистерін әкеліп әуелетіп ән салдырдық. Тәуелсіз Қазақстанның әскеріне Кеңестің, Комсомолдың туын ұстатып, оны қорғаттық.

Комсомолдың 100 жылдығын Алматыда дүркіретіп тойлаған өлі комсомолдың өлмеген өкілдері бұл тойды Қазақстанның өңірлерінде де атап өтті.

Сорақы болғанда Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы саналатын Мәжілісте депутаттар бір-бірін құттықтап, ескі одақты көкседі. Ол жиынға кімдер барғанын бұған дейін де жаздық. «Қызылдардың құйыршықтары мем-қызметтен кетсін» дедік, Тәуелсіздікті тәрк еткен шенділері Тәуелсіздік ұрпақтарынан кешірім сұрасын дедік. «Ләм-мим» деген депутат табылмады. Былқ еткен біреу болған жоқ. Керісінше, «жастар тарихты ұмытпауы керек» деп көлгірсіді. Жә, ол туралы қайталап жатпайық, міне сілтеме: https://abai.kz/post/79906

Кеңестік жүйе билеп-төстеген 100 жылда қазақ қолдан жасалған екі ашаршылықты, репрессияны, дүниежүзілік соғысты өткерді. Кеңестік жүйе қазақтың 3/1-ін қасқана өлтірді. Кеңестік жүйенің кез келген элементін ұлықтау – Тәуелсіздікті мойындамаумен тең еді.

Өкінішке орай Қазақстанның, қазақтың Тәуелсіздігінің жолында құрбан болған аталарымызды мұнша құрметтеген жоқ едік. Мем-мінберде комсомолды ақтағандай, Алаш қайраткерлерін ақтаған депутат болды ма, айтыңыздаршы? Жоқ. Өйткені, Божко, Сейдуманов, Сұлтанов, Жұмағұлов, Әйтімова, Ахметбеков, Косарев, Смирнова, Сыздықов, Звольский мен Мурадовтардың миларының қыртыс-қыртысын әлі күнге сол келмеске кеткен Кеңестің елесі кезіп жүр. Өкінішті болса да шындық сол!

Ал биыл не істедік?

Биыл Алаштың жүз бірінші жылы. Жо-жоқ, түк бітірген жоқпыз демейміз. Азды-кем атқарған шаруалар бар. Енді соларға тоқталайық.

Біз «Алаш» деп сөйлейміз. Біздің шенді-шекпенділердің де аузында «Алаш» бар. Өкінішке орай, құрғақ ауыз, көпірме сөзді әркім сапырады. Ал нақты істе ше? Айтамыз, қазір.

«Ақ жол» Алаш үшін не істеді?

Қазақстанның қазіргі Парламентінде «Ақ жол» демократиялық партиясы бар. «Ақ жол» партиясы Алаштың ізбасарымыз дейді, өздерін. Алаш қайраткерлерінің рухына арнап атқарған шаруалары да жоқ емес. Оған көзімізді жұма алмаймыз. Сөзіміз сұйық шықпас үшін біз аталған партияның биылғы жылғы бағдарламасын қарап шықтық.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы және елдегі ахуал» атты саяси бағдарламасының «Ақ жол» партиясының қазіргі замандағы рөлі мен орыны» дейтін тарауында былай деп жазылыпты:

«Біздің партия ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған,  ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен  жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттыққозғалысының ізбасары болып табылады.  «Алаш» қозғалысының базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің тең құқықтылығы - біздің бағдарларымыз болып  қызмет етуін жалғастырады». 

Әрі қарай, «Қазақстан халқының рухани және мәдени салаларының дамуы» дейтін тарауда:

«Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХІ ғасырда, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғырту бөлігінде қажеттілігі жөнінде бағдарлама қабылдау», деп партияның атқаруға тиіс шараларын өзіне міндеттейді.

Міне, сол міндетті партия қаншалықты атқарды, биыл? Рет-ретімен жазайық:

2018 ақпан. «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» атты кітаптың тұсау кесері болды.  Алаш зиялылары Ресей тарихшыларының назарында атты жиыны өтті. Онда  Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Сергей Любичанковский мен осы кафедра доценті Татьяна Тугай, Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының жетекшісі Сауле Совхозовна, «Ақ жол» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова, төраға орынбасары Ерлан Ақжолов қатысты.

2018 сәуір. «Ақ жол» демократиялық партиясы 2018 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының басталғанын жариялады.

Азат Перуашев қуғын-сүргiнге ұшыраған аталарының суреттерiмен шеруге шығуды ұсынды

2018 мамыр. 31 мамыр –  саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық күні – «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары мен Орталық кеңсесінің қызметкерлері қуғын – сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» қасірет кешенінде болып, гүл шоқтарын қойды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев әрiптестерiне келешекте осы күнi қуғын-сүргiнге ұшыраған аталарының суреттерiмен шығуды ұсынды. (Бессмертный полктың аналогы ретінде)

2018 тамыз. Орал қаласында алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді. Демеушілік жасап, кітапты шығарған «Ақ жол» партиясы.

2018 қыркүйек. Азат Перуашев Санкт-Петербург Орман технологиялық университетінің ректорына осы оқу орнының түлегі Әлихан Бөкейханның мемориалды тақтасын орнату туралы ұсынысын жолдады.

2018 қыркүйек. «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауына ұсынылатын жұмыстарды қабылдау мерзімі көпшіліктің өтініші бойынша 2018 жылдың 1 қарашасына дейін ұзартылды.

2018 қазан. Ерейментау өңірінде Перуаш Кәрімұлына және Алаш ұстанымы үшін құрбан болған арыстарға арналған республикалық жарыс өтті.

Петерборда Әлиханға ескерткіш тақта орнатылады

2018 қазан. «Ақ жол» партиясының ұсынысымен Санкт-Петерборда Әлиханға ескерткіш тақта орнатылатын болды. Бұл ұсынысты, яғни ескерткіш тақта орнатуды «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған парламенттік фракция ұсынып, аталмыш Университеттің ректорына арнайы хат жолдаған болатын. Нәтижесінде осындай сәтті де, қуанышты шешім қабылданды.

2018 қараша. Ақтөбеде «XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңі өтті.

2018 қараша. Азат Перуашевтың Әлихан Бөкейханға арналған естелік тақтаны орнату ұсынысы бойынша жолдаған хатына Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшісі И. Тасмағамбетов жауап берді.

Бұдан бөлек ҚР Парламенті Мәжілісінің  «Ақ жол» фракциясы былтыр да, биыл да депутаттық сауал жолдап, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағын және Алаштанушы ғалымдардың 20-ға жуық зерттеу еңбектерін шығаруға бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрады. Нәтижесінде, биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аталған шығармаларды басып шығаруға құлық танытты.

Осы ретте жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан «XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауы жайлы бір ауыз сөз айтқанымыз жөн болар.

Биыл бұл байқауға ұзын-ырғасы 150 адам қатысқан екен. Бұл жүз елуі Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеп жүрген жиырмадағы жастар.

Расында, бұл байқаудың саналары кеңестік кесір идеологиямен уланбаған, Алаш арыстарын, Әлихан Бөкейхан бастаған Ұлт зиялыларын пір тұтатын Тәуелсіз саналы азат ұрпақты тәрбиелеуде маңызы ерекше.

Алаш қайраткерлерін ұлықтап, келер ұрпаққа насихат етіп жүрген жалғыз «Ақ жол» десек тағы жараспас. Үкімет, Халықаралық ұйымдар мен жекелеген азаматтардың да атқарған аз-кем шаруаларын айтайық.

ТҮРКСОЙ

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы биылғы жылды Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы мен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арнады.

2018 ақпан. Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астанада «Түркі әлемінде тұлғалар тағылымы» сериясы бойынша Алашорданың 100 жылдығына орай «Алаш әскері: тарихтан тағылым» тақырыбында екінші семинар ұйымдастырды.

2018 ақпан. Б. Әбдіғалиұлының «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 жж.)» атты кітабының таныстырылымы өтті. Туындының ішінде 11000 фамилия кездеседі.

2018 сәуір. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мичиган штатының университет профессоры Тимур Кожаоғлы өзінің «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабын таныстырды.

2018 қазан. Мағжанның таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді.

2018 қазан. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Македонияның Скопье және Гостивар қалаларында «Түркі әлемінің ұлы перзенттері» атты халықаралық ғылыми конференциялар өткізді.

Онда Скопье қаласындағы Македония мемлекеттік университетінің Түркология бөлімінде және Гостивар қаласындағы Визион университеттерінде өткізілген конференциялардың нәтижесінде Мағжан Жұмабаевтың мұраларын македон тіліне аудару келісілді.

Жекелеген азаматтар

2018 ақпан. «Тар заман» телехикаясы Ұлттық арнада наурыз айында көрсетіле бастады. «Тар заман» телехикаясы 14 эпизодтан тұрады. Оның кейіпкерлері - бір ғасыр бұрын азаттық үшін күрескен Алашорда қозғалысының көсемі мен мүшелері. Бұл сериалда жалпы 37 тарихи кейіпкер бейнеленген.

2018 ақпан. Белгілі тарихшы Берік Әбдіғалидің «Алашорданың әскери құрылымы» мен «Воиско Алаш» кітабын еліміздегі әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу ұсынылды. Ұсыныс авторы Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов.

2018 сәуір. Белгілі журналист Жанболат Мамай «Алаш Ресупбликасы жеңгенде...» атты деректі фильм әзірлеп шықты.

2018 маусым. Оралда ағартушы-ойшыл, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш шығармаларының үш томдығы таныстырылды. Жоба авторы - «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.

2018 қараша. «Алаш туы астында» деректі фильмі жарық көрді. Фильімнің сценарийін жазған – Болат Мүрсәлім. Режиссері – Ерген Тоқмурзин. Фильмнің тұсаукесері қараша айында Астанада өтіп, оған бірқатар саясаткерлер мен танымал тұлғалар қатысты. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып түсірілген.

Үкімет пен жергілікті басқарушы органдар

Қызылорда

2018 сәуір. Қызылордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай жайында түсірілген «Ардағы еді түркінің» атты деректі фильм көрерменге жол тартты.

Павлодар

2018 мамыр. Павлодарда №25 жалпы орта білім беру мектебінде өңірдегі тұңғыш «Шәкәрімтану» орталығы ашылды. Орталық Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы аясында жүзеге асқан.

Қызылжар

2018 маусым. Қызылжарда Қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткерi Мағжан Жұмабаевтың 125 жылды аталып өтті. Ғылыми-практикалық конференция өттi. Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкiмi Құмар Ақсақалов өңiрде ақынның мерейтойына орай 450-ден аса түрлi шара өткiзiлiп жатқандығын атап өттi. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабаевқа арналған үш кiтаптың тұсауы кесілді.

2018 маусым. Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған пошта маркасы шықты.

2018 маусым. Петропавлда ақынның тағы бір ескерткіші ашылды.

Алматы

2018 маусым. Алматыда 1920-30 жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге арналған «Алаш арыстары және ашаршылық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қарағанды  

2018 тамыз. Қарағандыдағы орта білім беретін №41 мектепке қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың аты берілді.

Білім ошағына Алаш ардақтысының есімін беру ҚР Үкіметінің 11 тамыз 2018 жылғы №500 қаулысымен бекітілді.

Семей

2018 қараша. Семейде 8 мектепке танымал тұлғалар мен «Алаш» партиясы қайраткерлерінің есімі берілетін болды.

Атап айтқанда № 49 мектепке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев,  № 3 мектепке жазушы Мұхтар Әуезов, №2 мектеп геолог-ғалым Қаныш Сәтпаевтың, №34 мектеп Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, №37 мектеп Ыбырай Алтынсарин, №39 мектеп Әлихан Бөкейхановтың, 47 мектеп Ахмет Байтұрсынов және 29 мектеп педагог Ташбек Құтжановтың есімімен аталатын болады.

Түйін. 2016 жылы Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен былтыр «Алаштың 100» жылдығын жетім қыздың тойындай өткізген едік. Есесіне биыл «комсомолдың 100» жылдығын асқан дарақылықпен тойладық. Жәй тойлап қоймадық, жас өскін, жаңа буын санасына күштеп насихаттадық. Ол жайлы жоғарыда егжей-тегжейлі айттық, қайталап жатпайық.

Біз бүгін биыл Алаш қайраткерлерінің рухына арнап, Алашқа арнап не істедік, не істей алдық деген сұраққа жауап іздедік. Оны жоғарыдан көрдіңіздер. Біз биыл жасалған жұмыстарды толық қамтыдық дей алмаймыз. Егер атқарылған шаруалардың ішінде айтылмай қалғаны болса, толықтыра жатармыз. Десе де айтпағымыз мынау еді:

Биыл атап өтерлік айтулы даталар жоқ емес еді. Барлығын толық қамтымасақ та, бірсыпырасын жазайық. Біле жүрсін деген ниетпен, әрине.

Биыл:

-қазақтың Ұлы ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы,

-қазақтың ақыны, ағартушы-демократы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы,

-қазақтың ойшыл ақыны, Алаштың атасы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы,

-Алаш қайраткері, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығы,

-Алашорда Үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовтың 130 жылдығы,

-Алашорданың Жетісудан сайланған мүшесі, заңгер Базарбай Мәметовтың 130 жылдығы,

-Алаштың халық кеңесінде кандидат болып сайланған Ережеп Итбаевтың 145 жылдығы,

-Алаш қайраткері, заңгер Мұқыш Боштаевтың 130 жылдығы,

-Алаштың халық кеңесінде кандидат болып сайланған Сәлімгерей Нұралыхановтың 140 жылдығы,

-Жетісу өңірінде Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі болған Сатылған Сабатаевтың (құжаттарда Жанеке, Жапеке) 140 жылдығы,

-Алаш қайраткері, «Ақ жол» гәзетінің редакторы Есім Байғаскиннің 125 жылдығы,

-Батыс Алашорда қайраткері Бақытжан Байтақовтың 120 жылдығы,

-қазақтың ұлтшыл қызы, Алаш қайраткері Аққағаз Досжанованың 125 жылдығын

-Алашпен идеялас болған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығын лайықты деңгейде атап өттік пе? Жоқ. Есесіне біз «комсомолдың 100» жылдығын тойладық. Міне, жағдай солай...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1328
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3100
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 4473