Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Масқара! 12942 34 пікір 30 Қазан, 2018 сағат 13:58

Қызылдардың "құйыршықтары" мем-қызметтен кетсін!

Комсомолдың жыры жайлы жазбақпын. Алматыдағы кәрі сүйек, құл-құтандардың жиыны қазір әлеуметтік желіде, қазақ қоғамында қызу талқыланып жатыр. Сорақы болғанда, комсомолдың адал сарбаздары күні кеше ғана Мәжілістің мінберінен бір-бірін құттықтап сөйледі.

Иә, Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде кіші спикер Божко бастап, қалғандары қостап комсомолды көкседі. Асылық мақтағанымыз емес, емен-жарқын ескі ұйымдары естеріне түсіп, еміреніп отырғандарға мінез көрсеткен Азат Тұрлыбекұлы болды. Естері кеткендердің қайда отырғандарын есіне салды. Қазақстанда ондай мейрам жоқ екенін қадап айтты. Бәрекелді дедік.

Сонымен, комсомолды көксегендер кімдер? Әрқайсысын жеке-жеке айтамын. Бұл азаматтардың айтар аргументіне құлақ түрсек – біз, жаңа буын, Тәуелсіз буын тарихты ұмытпауымыз керек екен-мыс. Оған да жауабымыз дайын.

Ұмытпау мен ұлықтауды шатастырып алғандар кімдер?

Владимир Божко

«Бүгінде Қазақстанның Тәуелсіздік алу кезеңі мен 27 жылдық даму кезеңі туралы айтқанда, оған елеулі үлес қосқан бұрынғы комсомолдар екенін ескергеніміз жөн болар. Бұрынғы комсомолдар, комсомол мектебінен өткендер, комсомол сапында өскендер, соның сапында жүріп саяси, шаруашылық және ұйымдастырушылық тәжірбие жинағандар дербес Қазақстанды құруда үлкен жұмыстар жасады. Осы залда отырғандардың барлығы дерлік сол мектептен өткендер. Осыны және біздің жас күніміздің жақсы істері туралы еске алғым келеді», - деп сөйледі Мәжілістің кіші спикері.

Владимир Карпович Божко қазір Мәжіліс депутаты, кіші спикер. Жасы 69-да.  Ол депутаттық креслоға қонжиярдан бұрын Төтенше жағдайлар министрі болып қызмет етті. Оны да қарық қылмаған соң, ақыры Мәжіліске кетті.

Өзі зейнеткер. Өзі тағы Ассамблея дейтін ұйымның мүшесі. Божконың былық-шылығы бір басынан асып жатыр. Ол Украиналық саясаткерді «жезөкшеге» теңеді. Ол қазақ тілін үйренбейтінін, мемлекеттік телде сөйлемейтінін ашық айтқан. Ол министр болған тұста су тасып, сел жүрген шетін оқиғалар жиі болып тұрды (олардың дені адами фактордың кесірінен болды). Айта берсең көп, ол өз алдына бөлек әңгіме.

Ахмед Мурадов

«Біз бүгін партия позициясы атынан осылай сенімді сөйлей алуымыз бұрынғы комсомолдық «тәжірбиенің» арқасы. Сіздің осылай жасауыңызға мүмкіндік берген де осы комсомолдық өткеніңіз. Сондықтан аман болыңыз», - деді тағы бір Мәжіліс депутаты.

Мұрадов деген кім өзі, қайдан шықты? Бұрын есім-сойы ел-жұрт ести бермейтін, сирек сөйлейтін, сөйлегенде бүй дейтін бұл Ахмед те Мәжілістегі зейнеткерлер категориясынан екен.

Ахмед Мурадов Қостанайдың Ұзынкөл дейтін ауданында туған. Жасы 67-де. 2016 жылы 24 наурызда Ассамблея атынан депутат атаныпты.

Ресейдің «Достық» орденімен, Ресей Үкіметінің арнайы дипломымен, Ресей Сыртқы істер министрлігі мен Шешенстан Парламентінің арнайы  төсбелгісімен марапатталған екен тағы. Біз Қазақстаннан алған сөлкебайларын айтып жатпадық.

Сергей Звольский

«Мен осында отырған барлығымызды комсомолдың 100 жылдығымен құттықтағым келеді. Бұл жақсы емес пе, бәріміз де комсомол болдық», - деп ерсілене езуін ыржитқан депутат Сергей Звольский деген.

Сергей Адамович Звольский Көкшетаудың тумасы екен. Өзі аррарлық салада қызмет еткен. «Нұр Отанның» мүшесі. 2016 жылы партиялық тізіммен Мәжіліске барған. Депутат атанған. Жасы 55-те.  Орыс тілінен басқа тіл білмейтін көрінеді. Өзінің биографиясында солай деп жазылған екен.

Серік Сейдуманов

«Комсомол адамзаттың ең жоғарғы идеяларына қызмет етті. Құранның, Інжілдің және басқа да киелі кітаптардың  идеяларына, сол қоғамның идеалына қызмет етті. Коммунизм идея түрінде шын мәнінде киелі қасиетті еді. Рас, репрессиямен, дұрыс басқармаумен оны бүлдірді. Оның атына кір келтіргенден – комсомолдар емес коммунистер», - деді Сейдуманов.

Сейдуманов та Мәжіліс депутаты. Мәскеуде білім алған. Жаңағы Мурадов екеуі бір комитетте жұмыс жасайды. Жасы 61-де. Мәжіліске «Нұр Отанның» партиялық тізімімен барған. Кеудесіндегі темір-терсек бір басына жетіп артыларлық екен. Оларды тізіп жатпадық. Айтпақшы, Серік Сейдуманов 100-ге тарта ғылыми мақала жазып тастаған екен. «Қазақстан көппартиялылығының феномені» деген монографиясы тағы бар.

Парламенттің төртінші және бесінші шақырылымына үміткер болған. Бесінші және алтыншы шақырылымда депутат болған. 2013 жылдан бері депутаттық креслодан түспей келеді.

Тұрғын Сыздықов

«Жастармен жұмыс істеуде комсомолда көп пайдалы тәсілдер болды. Сол методтарды қалдырып, Үкіметтің саясатына сәйкес келмейтіндерін ала берсін. Оны ешкім даулап жатқан жоқ», - дейді Сыздықов.

Тұрғын Сыздықов Мәжіліс депутаты, Коммунистік партия атынан сайланған. Жасы 71-де. Айтпақшы Тұрғын Сыздықов 2015 жылы өз партиясы атынан Президенттік сайлауға түскен. Қазір депутат. Үш ұлы, алты немересі бар.

Ирина Смирнова

«Ол жақта нұкте қойды. Совет өкіметінде комсомол деген ұйымның болғанына нүкте қойды. Совет өкіметі құлағаннан кейін комсомол ұйымының соңғы хатшысының үйінде сақталған комсомол туын мұрағатқа тапсырды», - дейді тағы бір депутат.

Ирина Смирнова да Коммуннистік партияның өкілі. Сол партиядан депутат болып сайланған. Жасы 58-де. Қырғыздың Ыстық көл ауданында туған.

Қуаныш Сұлтанов

«Комсомол саяси ұйым ретінде жұмысын тоқтатқанымен, кезінде сол ұйымның жұмысын адал атқарған мыңдаған адам бармыз. 15 жылға жуық уақытым тікелей комсомолмен байланысты. Сондықтан мен комсомолдағы қызметім үшін ұялатын, қысылатын, қызаратын еш нәрсем жоқ, керісінше, өстім өз қаталарымдыв адамдарды жетелей жүріп, өзім үйрендім. Кеңес одағының тұсында ашаршылық болды. Оған комсомол кінәлі емес. Олар жас балалар сіздер сияқты. Кеңес одағының тұсында ашаршылық болды. Оған комсомол кінәлі емес. Олар жас балалар сіздер сияқты. Әке шешелеріңіздей адамдар тапсырма берді, заман солай болды. Сондықтан тарихты беталды күстаналай беруге болмайды», - деді Сұлтанов.

Парламентітң ең егде жастағы депутаттарының бірі. Жасы 73-те. Бұл кісінің қызметтік жолын тізбелеп жатпадық. Тек бірен-саранын жаздық. 1995-2001 жылдары ҚХР, Моңғолия, Вьетнам, Солтүстік Кореяда елшілікте қызмет еткен.

Мәжіліске 2016 жылы «Нұр Отанның» атынан өткен. 1981 жылы «Қазақстан комсомолы» деген кітап жазған. Ұзын-ырғасы 200-ден астам мақаласы тағы бар екен.

Владислав Косарев

«Меніңше, солай. Мүмкін Мәдениет және спорт министрлігі жәрдемдесті. Концерт өте тамаша өтті. Алматы әкімдігі залдың жалға алуын төледі. Біз  (қатысушылар- ред.)  800 адамнан көп болдық», - депті бір сұхбатында.

Владислав Косарев те Коммунистік партия атынан Мәжіліске өткен адам. 16 қарашада 81 жасқа толады.

Мәжілістегі ең егде депутат Владислав Косарев екен. Сексеннің сеңгіріне шықты биыл. Кәрі сүйек коммунист сайлаудың санын көрген. Қайсыбір жылы түлен түртті ме, жоқ түсінде көріп, шошып оянды ма, әйтеуір ешкім керек қылмаған көсемнің қаңқа сүйегін қазақ жеріне әкелу туралы ұсыныс айтқан. Қазан төңкерісінің 100 жылдығында. Мәскеудің Кремлінде жатқан пролетариат көсемі Лениннің мүрдесін әкелейік дегенді осы Влад ата Мәжілісте көтерген.  Дәл сол жылы Дума даурығып, «Кремльде жатқан қаңқаның көзін құртайық» деп бастама көтергенде, «сендерге керек болмаса, бізге керек» деп өзеуреген. Кейін Мәскеу Ленинді Кремльде қалдырды.

Қазақ Ханы Кеңесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесінде "ләм-мим" демеген, кешегі Кейкі батырдың басын елге жеткізерде жақ ашпаған Косарев еді ғой бұл.

Айтпақшы, Алматыдағы коммунистер тойына келген тағы бірнеше депутат бар. Олар - сенатор Бақытжан Жұмағұлов, мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков, сенатор Бірғаным Әйтімова. Бұларға қоса, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов те әлгі жерге қонақ болып келді.

Сонымен... Бұл тізімде біз комсомол жиыны туралы сөйлеген және сол жиынға барған депутаттардың бірсыпырасының есім-сойын жаздық.

Бұл азаматтар Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы саналатын – Парламентте (Сенат пен Мәжілісте) депутаттық мандатты тағынып отырғандар. Бірі «Нұр Отандық», енді бірі Ассамблеялық, тағы бірі Коммунист.

Бұл азаматтардың дені зейнет жасына жетсе де, қызметтерін жалғастырып отыр. Ал кейбіреулері әне-міне зейнет жасына жететіндер. Жасы 80-нен асқан Косаревтар, оны өкшелеп келе жатқан, жасы жетпістен асқан Сұлтановтар мен жетпіске жетіп қалған Божколар.

Бұл азаматтардың ішінде Заңды белшесінен басып, Мемлекеттік тілді менсінбейтін азаматтар бар.

Бұл азаматтардың ішінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 Заңының 4-бабында тайға таңба басқандай анық жазылған талаптарды орындамай отырғандар бар. Білмесе біле жүрсін, 4-бапта былай деп жазылған:

http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z6

-Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.

-Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

-Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Бұл азаматтар жастары зейнет жасына жетсе де, мемлекеттік қызметте жүргендер бар.   «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң. 2013 жылғы 21-маусымдағы № 105-V Заңы. Онда ҚР Азаматтарының зейнетке шығу жасы және тәртібі тайға таңба басқандай анық жазылған.

Ерлер үшін зейнеткерлік жас 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас 6 ай. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 11 бабына сәйкес әйелдер үшін зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі.

Белгілі журналист Дина Елгезек, «Кеңестік жүйенің кез келген элементін қорғау – ұлтымызды қорлау» деп жазды. Өте-мөте дұрыс пікір. Мен Дина ханымның сөзін жалғай келе, кеңестік жүйенің кез келген элементін ұлықтау – Тәуелсіздікті мойындамау дер едім.

Келмеске кеткен кеңестік жүйені сағыну, оның идеологиясын жастарға дәріптеу – кеңес өкіметін аңсау, сол жүйенің орнағанын көксеумен пара-пар.

Өкінішке орай біз жоғарыда аттарын атап көрсеткен кей азаматтар кеңестің ешкімге керексіз датасын тойлап, сол комсомолдық 100 жылдығына барғанды арланбай айтып, одан қалса барғандарды жақтап жатыр. Өкінішті. Ел тізгінін ұстаған аға буын, ата буын Тәуелсіз Мемлекеттің жоғарғы мінберінен бұлай сөйлеуі – келешек жастардың санасын, мына біздің санамызды ескі жүйенің елесімен қасақана улау. «Біз болмасақ қайтер едіңдер. Сендердің Тәуелсіз елде өмір сүрулерің біздің арқамызда» дегендей сөйледі.

Түйін

Кеңес жүйесі қазақтың 3/1-ін қасақана өлтірді. 100 жыл бойы маған, менің ұлтыма, менің ата-бабама қасақана геноцид жасаған жүйеде менің, менің ата-бабамның кегі бар.

Менің жасым 23-те. Мен Тәуелсіз Қазақстанда туған ұрпақпын. Тәуелсіз Қазақстанда мектеп бітіріп, Тәуелсіз Қазақстанда білім алдым. Тәуелсіз Қазақстанда өз мамандығым бойынша жұмыс жасаудамын.

Кешіріңіздер, мен енді бұл ағаларға сенбеймін. Үлгі болар азаматтардың ай жарықта алжып, адасып, жолдан тайғаны өкінішті. Келмеске кеткен кеңестің елесі миларының қыртыс-қыртысын аралап жүрген бұл азаматтарға енді сенімім жоқ. Маған және мен секілді миллиондаған жасқа үлгі емес. Олардың бұл қылығы ешқандай ақтауға келмейтін қылмыс.

1.Бұл азаматтардың бізді басқаруына, басқарушы органда қызмет етуіне қарсымын. Өз еріктерімен қызметтен кетсін!

2.Біз Тәуелсіз елдің жастарымыз! Жастардан кешірім сұрасын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1975