Жексенбі, 16 Желтоқсан 2018
46 - сөз 624 0 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 12:41

Біз дайынбыз ба?

Қазақстанда 2019 жылдан бастап қоқысты сұрыптап тастау жүйесі енгізілмек.

Алдымыздағы жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет территориясы бойынша пластик, қағаз, жалпы қатты қалдықтарды полигонға көмуге тыйым салатын заң күшіне еңбек. Бұл дегенің, қайта өңдеуге жарамды қоқыс қалдықтарын іріктеуді бүгіннен бастауымыз керек деген сөз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан бойынша қоқысты сұрыптап, қайта өңдеп шығаратын 130 кәсіпорын жұмыс жасайды делінген. Алайда, бір жыл ішінде, 3,2 млн тонна қоқыстың 330 мың тоннасы ғана қайта өңдеуден өтеді. Бұл көрсеткіш 10,5 % - ды құрайды. Яғни, бір кәсіпорынға шаққанда әрқайсысына 2538 кг – нан келеді. Осы орайда туындайтын сұрақ: 130 кәсіпорын толықтай өз жұмысын атқара ма, әлде, ресми мәліметтерде сан толтыру үшін ғана жұмыс жасайды ма?

Енді, ең қызықтысы, 2018 жылы 10,5 % - ды құраған көрсеткіш 2016 жылы небәрі 2,6 % - ды ғана құраған. Демек, осы уақытқа дейін қоқыс қалдықтарының барлық түрлері ешқандай қадағалаусыз жер астына көмілген, жағылған, сол арқылы жерасты суларын улап, жер эрозиясына шалдықтырып, ауа ластануын бірнеше есеге арттырды. Астана, Алматы сынды ірі қалалардағы смог, түтінге қарап өткен жылдардағы олқылықтың нәтижесін көре аламыз. Әр екінші алматылықты жөтел мазалайды, ал Астана қаласының территориясы тұмша пен түтіннен көзін ашпайды.

Қоқысты қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың ақталып айтатын жалғыз себептері бар: «Халық қоқысты сұрыптап тастамаудың кесірінен, 75 % қайта өңдеуге жарамды қатты қоқыс қалдықтарының небәрі 10% - ы ғана қайта өнделеді».

Демек, айналып келгенде барлық мәселе өзімізде екенін түсінуге болады. Мемлекет жағдай жасауда. Себебі, таза қала, жақсы экологиялық жағдай, халық денсаулығының жақсы болуы - ең әуелі үкімет басындағылардың қызығушылығында болуы тиіс, іс – жүзінде қалай екенін білмеймін, қағаз жүзінде сондай сипатқа ие. Мәселен, 2018 жылы Энергетика министрлігі ӨКМ операторына 3,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуге келісімін беріпті. Бөлінген қаржының 30-40% ы контейнерлерді орнатуға, кәдеге жарату пунктерін ашуға жұмсалса, ал қалған 60-70% - қоқыс қалдығын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үшін қарастырылған. Бұл қаржы мүмкіндігін барлық өңірлер пайдаланбайды, дегенмен орнымен қолданылса, бастапқы кезеңге жетуі тиіс.

Ендігі міндет - қарапайым халық, яғни әрқайсымыз қоқысты сұрыптап тастаудың маңыздылығын сезініп, жауапкершілікпен қарауымыз тиіс. Астана қаласы бойынша барлық оқу орындарына және кейбір аудандарға арнайы сары контейнерлерді орнатып үлгерді. Алайда, қоқысты қайта өңдеу зауытының қызметкерлерінің айтуынша, адамдар сары контейнерге сұрыпталмаған қоқыстарын тастайды, немесе мүлдем басқа, ортақ жасыл контейнерлерге лақтырады екен. Бұл ақпараттың жетіспеушілігінен, насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен орын алған олқылықтың нәтижесі деп білемін. Сондықтан, мемлекеттік телеарналардан, қала ішіндегі жарнама тақталарынан қоқысты сұрыптап тастауға үгіттейтін хабарламалар санын көбейтуіміз керек. Алдағы айларда осы бағытты қолға алатын болсақ, оң нәтижесін берері сөзсіз.

Қала тұрғындарының айтуынша, үй маңындағы қоқыс жәшіктері өз уақытында босатылмайды. Сол себепті, қоқысты бос контейнерлерге тастауға, кейде контейнер сыртында қалдыруға мәжбүр болады екен. Демек, қоқысты тасымалдауға көлік жетіспейді, физикалық тұрғыдан үлгермейді деген сөз. Проблеманың шешімі ретінде арнайы ұйымдарға осы жағдайды ескерулерін ұсынамын! Сонда ғана ұйымдастырылып жатқан барлық шаралар оң нәтиже береді.

Мұрат Әбеновтың facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір