Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 11654 0 пікір 27 Сәуір, 2011 сағат 08:50

Әлихан Бөкейханов. «Астрономия» оқулығы

Ұлттық ой-сананың дамуына алаш арыстары жазған оқулықтардың атқарған қызметі аса бағалы. Біздің бұл мақалада сөз етеріміз, «қыр баласы» деген лақап атпен Мәскеуде 1926 жылы «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасында» төте жазумен жарияланған «Дүниенің құрылысы»(Астрономия) оқулығы. «Дүниенің құрылысы» орыстың академик жазушысы Д.Грабенің еңбегін қазақшаға аударған оқулық. Біз бұл еңбекті толығымен төте жазудан қазіргі кирилл графикасына көшірдік. Оқулық 101 беттен тұрады, 4500 данамен шыққан. «Қыр баласы» лақап аты, біздің ойымызша, Әлихан Бөкейхановқа тиесілі. Себебі «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірлерінен бастап жер, мемлекет, қоғам жайындағы мақалалары мен аудармаларында Алаш зиялысы Ә. Бөкейханов «Қыр баласы» лақап атын пайдаланып отырған. Аты аталған бұл еңбек - дүниенің құрылысы, жер мен ғаламшарлардың орналасуы жайында, ғарыштық кеңістік туралы қазақ оқушысына ғылыми түрде алғаш берілген астрономиялық теориялық білімдердің жиынтығы. Бұл еңбек сол кезеңдегі қазақ оқушысына алғаш ғылыми түрде берілген түсінік болғанымен, ондағы айтылатын аспан кеңістігі жөніндегі мәліметтер қазақ оқырмандарына таңсық дүние емес еді.

Ұлттық ой-сананың дамуына алаш арыстары жазған оқулықтардың атқарған қызметі аса бағалы. Біздің бұл мақалада сөз етеріміз, «қыр баласы» деген лақап атпен Мәскеуде 1926 жылы «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасында» төте жазумен жарияланған «Дүниенің құрылысы»(Астрономия) оқулығы. «Дүниенің құрылысы» орыстың академик жазушысы Д.Грабенің еңбегін қазақшаға аударған оқулық. Біз бұл еңбекті толығымен төте жазудан қазіргі кирилл графикасына көшірдік. Оқулық 101 беттен тұрады, 4500 данамен шыққан. «Қыр баласы» лақап аты, біздің ойымызша, Әлихан Бөкейхановқа тиесілі. Себебі «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірлерінен бастап жер, мемлекет, қоғам жайындағы мақалалары мен аудармаларында Алаш зиялысы Ә. Бөкейханов «Қыр баласы» лақап атын пайдаланып отырған. Аты аталған бұл еңбек - дүниенің құрылысы, жер мен ғаламшарлардың орналасуы жайында, ғарыштық кеңістік туралы қазақ оқушысына ғылыми түрде алғаш берілген астрономиялық теориялық білімдердің жиынтығы. Бұл еңбек сол кезеңдегі қазақ оқушысына алғаш ғылыми түрде берілген түсінік болғанымен, ондағы айтылатын аспан кеңістігі жөніндегі мәліметтер қазақ оқырмандарына таңсық дүние емес еді.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ғылым тілін қалыптастыруда сүбелі үлес қосқан Әлихан Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген лақап атпен жариялаған ғылыми аудармалар мен оқулықтарының тізімі төменде беріліп отыр: Астрономия әліп-биі (К.Фламмарионнан аударған). Мәскеу, 1924. - 225 бет; Дүниенің құрылысы (Д.Граведен аударған). Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926.-101 бет; Жердің қысқаша тарихы (Т.Тутковскийден аударған). Мәскеу, 1926. - 102 бет; Мұғалімдерге хат: Пыланеттер. Ж.М., 1926. №14-15. -21-25-бб.

«Дүниенің құрылысы» оқулығы мынадай 14 бөлімнен тұрады: 1. Бет ашар. 2. Дүниенің құрылысы. 3. Пыланеттер. 4. Дүниенің тартатын күші. 5. Жер - пыланет. 6. Жылдың қыс, жаз, жазғытұр, күз уақыттары. 7. Календарь. 8. Күн. 9. Ай. 10. Көлеңкелену. 11. Кометелер. 12. Жұлдыз жауын. 13. Көшпейтін жұлдыздар. 14. Дүниеде тоқталмай іс қылып тұрған күштер.Бұл еңбекті таза аударма деуге болмайды, негізінен қазақ оқушыларының талап-тілегіне лайықталған кезеңдік оқулық деуге әбден болады. Мәселен, бұнда «қыр баласының» өзіндік дүниетанымы мен қазақ халқының дүниетанымына тән түсініктерді баяндайтын тұстар жиі ұшырасады. Сол кезеңдегі қазақ оқырмандарының аялық білімін ескере отырып, ол ғылыми ой-жосықтарды қазақ дүниетанымына жақын ұғым, түсініктермен беруге тырысқан. Сол үшін күнделікті өмірден, айнала қоршаған ортадан мысалдар алып ұғынықты етіп сипаттаған. Мысалы: «Бұлт жоқ ашық түнде жазық далаға шығып аспанды қарастырсақ, тозған қараша үйдің жыртығындай күн, жарық жұлдыздарды көреміз. Осылардың ішіндегі ең жарығы қашан қарасаңда бір орыннан көшпеген сықылды көрінеді. Ең жарық, ең сұлу жұлдыздар қозғалса да матаулы түйедей матауын жазбайды. Осындай матаулы жұлдызды, жұлдызшаларды ұялы жұлдыз дейді. Ұялы жұлдыздар аспан кеңдігінде шашып тас­таған асықтай, шашылып жатыр». Осы мәтіндегі қараша үйдің жыртығындай, матаулы түйедей матауын жазбай, шашып тастаған асықтай деген теңеу сөз тіркестері қазақтың қай баласына да түсінікті еді әрі ғылыми ұғым дәл берілген, көзге елестетуге де қолайлы еді.

Автор («Қыр баласы») жер өз осінен өзі айналады деген түсінікті беру үшін «жер өзінен өзі ұршықтай айналады» немесе «жер күннен дөңгелек жолымен, арқандағы аттай айналады» деп қазаққа етене жақын таныс, күнде үй тіршілігінде көріп жүрген ұршық пен арқандаулы атты еске түсіреді. Бұл оқырмандардың құбылысты ұғынықты, оңай, әрі тез қабылдап алуына тиімді әдіс еді. Сол секілді Еуропадағы христиан діні өкіл­дерінің Рим шіркеуіндегі католиктерді, папа, монарх секілді діни атақ, лауазымдарын көзбен көрмеген мұсылман қазақ балалары үшін сол кезеңде «католік молдалары, полек молдасы» деп берген еді.

«Қыр баласы» астрономиялық атауларды бергенде сол зат қазақ тұрмысында болмағандықтан сипаттамалы, түсіндірмелі әдістерді пайдалана отырып және оның қазақша баламасын да беруге ұмтылыс жасайды. Біздіңше, бұл ұмтылысы сәтті шыққан. Мысалы: «Пыланеттердің көбінің ерткен қосшысы бар. Пыланеттер күннен айналғанда қосшы жолдастары көлеңкедей еріп пыланеттерден айналады да жүреді. Біздің жердің қосшы жолдасы айдың қылғаны да осы». «Жұлдызды бақылап-бағып зерттеуге осы күні өзгеше үй салады. Бұл үйдің орыс тіліндегі аты обсербаторыие. Латын тілінде обсербы - қараймын, бақылаймын, бағамын деген сөз. Олай болған соң, бұл үйдің қазақша аты қарауыл үй болады ғой».

«Астырономшылардың аспабы, қырағы түтік - телескоб. Жұлдызшы бір түтікке қарап суретін салатын аспанның аймағына телескопты бұрмалайды. Екінші түтікте сурет салып алатын асбап бар».

«Күнмен ғана жарық болады, пыланеттер аспан кеңдігінде дөңгелек сызық жолмен күнді, қазықтан айналған арқандағы аттай, айналады, соны мен пыланеттердің бұ жолын, орыс латын тілінде дөңгелек - орбыйта дейді».

Жұлдыздардың кейбір атауы қазақ тілінде бұрыннан бар екендігі белгілі (Темірқазық, Жетіқарақшы, Шолпан, Кемпірқосақ т.б.). Сол себепті автор қазақы ұғымдағы Шолпан жұлдызын батыс біліміндегі Венера жұлдызымен сәтті салыстырады. Мысалы 23-бетте: «Күннен санағанда екінші, Меркүрдің сыртында күнді айналған пыланет, Ром елі сұлулықтың құдайының атын қойған, Бенере. Бұ біздің Шолпан. Мұны мен күннің арасы 7-де тағы да он бөліктің 2-і (7,2) болады. Аспанда Шолпаннан сұлу жұлдыз жоқ, күнге еріп жүріп батыста жарқырап жанады. Күнді бастап жүріп шығыста, күн батса келе жатыр деп тұрады. Шолпанның жарығы сондай күшті, жерде тас, ағаш, айуан Шолпаннан да көлеңке тастайды». «Жер жазуында (автор географияны айтып отыр - Г.К.) жердің сабының екі ұшын пөліс дейді. Темірқазыққа қарама-қарсы пөлісті терістік, түстікке қарама-қарсы пөлісті түстік дейді» немесе «Күннің жарығы жаңбырдың бұлыттағы суынан өтіп аспандағы кемпірқосақты тігеді». «Ұршықты, зырылдауықты иіріп тақтайға тастай берсе, ұршық та, зырылдауық та сабынан тік тұрып айналмайды, жамбастап, теңге алатын жігіттей, жантая айналады. Жердің де айналатын сабы (жерде шынында түк сап жоқ, жердің сабы дегенде ой жорыған сапты айтады) жантайыңқы болады. Жердің сабының екі ұшы (бұ да ой жорыған ұш) 23-інші суретте (№) терістік, (S) түстік қаріптермен таңбаланған. Жер Күннен жыл он екі айда айналғанда сабының терістік (№) ұшын жазбай, аспан кеңдігінде бір бетке қойып айналады. О бет - темірқазық».

Ал астрономия ғылым саласын автор былайша түсіндіреді: «Аспан кеңдігін жайлаған жарық - шырақтарды бақылап, бағып тексерген білім бетін - білімді астыроном білімі дейді. Бұ білімге бұл атты гірек елі таққан. Ол елдің тілінде жұлдыз - астер, номос - қалып, заң болады. Осы екі сөзден астыроном білімінің аты шыққан. Ал астыроном білімін өрге сүйреген жұлдыз, өзге жарық сәулелі шырақтардың жүрісін зерттеген адам астырономшы аталады».

«Дүниенің құрылысы» еңбегі астрономиялық сипаттағы еңбек болғандықтан, бұнда сол ғылым саласына тән терминдер мен атаулар көп кездесетіні анық. Мысалы: аспан кеңдігі, әуесіз аспан кеңдігі, аспандағы доп, небтін (Нептун), ұран (Уран), сатырын (Сатурн), ійупітер (Юпитер), орбыйта (Орбита), меркүр (Меркурий), марыс (Марс), мердіиен, жетіқарақшы, темірқазық, қолтықтағы пыланеттер, жұлдызшы, ұялы жұлдыз, егіз жұлдыз ұясы, он екі ұялы жұлдыз, құйрықты жұлдыздар, көшпейтін жұлдыздар, жұлдыз жауыны, дүниелік тарту, майетнік, дөңгелек жолымен айналады, жер добы, жердің сабы, бысокос жыл, қалыбты жыл, иыулыйен календары, гірігорійен календері, потоспере, кыймыйе, от құсқыш тау (қазіргі «жанартау» - Г.К т.б.).

Он екі зодиак таңбаларының баламасы берілген: зодыйак ені - таңбасы, зодыйак жарығы, обен (арқар), телес (бұғы), былызнесыс (егіз), рак (шайан), леб (арыстан), дебе (қыз), бесі (таразы), ыскорпыйон (қарақұрт), ыстырлес (мерген), козерок (серкемүйіз), бодолей (суқұйғыш), рыба (балық). Бұлардың кейбіреулері бүгінгі атауларымен сәйкес келеді. Сонымен қатар Ә.Бөкейханов жаңа атау, терминдердің қазақша атауын, баламасын беруді де ойластырған. (Кестеге қараңыз. авт.)

Осындағы география терминіне қатысты Ә.Бөкейхановтың өзіндік көзқарасы бар. Бұл жөнінде былай деген: «Гео гырек тілінде - жер; гірепе - жазу. Екеуінен геугірапійе деп сөз құралған. Біздің қазақ жазушылары орысқа еріп жағырапыйа деп мұны алып отыр. Біздің тілде жер де, жазу да бар. Гыректің геугірапійесін біз жер жазыуы деп алсақ оң болады». Біз қазіргі астрономия оқулықтарында вулканды «жанартау» деп атап жүрміз. Ал автор оны «от құсқыш тау» деп берген. Бұны салыстыру үшін келтіріп отырмыз.

Ә. Бөкейханов термин жасауда қазақ тілінің өз ішкі мүмкіндігі мен сөздік қорын кеңінен пайдалануға ұмтылыс жасаған: болмыс, болмыс құлы, болмыс жетегі, таза білім, жер добы, жердің сабы, аспандағы доп, аспан кеңдігі, от құсқыш тау, тұтылыс, ұшқыш, дүниенің тозаңы, сатырынның білезік шеңбері, күннің тажы, құйрықты жұлдыздар, көш­пейтін жұлдыздар, жұлдыз жауыны, құйрықты жұлдыздар т.с.с.

Н. Төреқұловтың «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» дегеніндей, ХХ ғасыр басында кірме сөздерді қабылдауда үндестік заңын сақтап жазу басты қағидат болып алынғаны мәлім. Бұл еңбекте де сол ұстаным басшылыққа алынған: мүлійен (миллион), келеметір, сыпыр (цифр), март, ыйұн (июнь), ійүн (июнь), сентебір, декебір, пебірел, октебір, менүт, секүнт, нөл, геугырапыйе (география), телегыраб, телепон, от арба, тырамбай, пойыз т.б.

Қорыта келе айтарымыз, «Дүниенің құрылысы» оқулығы алғашқы астрономиялық оқулық санатына жатады. Оқулық қазақтың ұлттық ғылым тілін дамытуға үлес қосқан, астрономия, география, физика ғылымы салаларының тарихында өзіндік орны бар еңбек. Алаш зиялыларының мұрасын танып-білу бүгінгі таңдағы әртүрлі ғылым салаларындағы терминдерге балама тауып, жаңа жолдарды іздестіруге, зерттеуге септігі тиер деген ойдамыз.

Гүлжиһан КӨБДЕНОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Айтар ойға айқындама

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:

- Қазақ халқының астрономия туралы ілімі арғы ауызша біліммен сабақтас. Совет дәуірінде Ә.Бөкейханов еңбегімен қолжазбамен, текстологиямен айналысқан мамандар, біздер, жақсы таныс болдық. Ол кісінің кейбір мақалаларын «Қыр баласы» деген белгісіз зиялының шығармасы екен деп сол жылдары бүкпелеп жариялап та отырдық, осылайша ғылымдағы дәстүр сабақтастығы үзілмеді деуге болады. Мәселен, астрономия туралы керемет еңбектер - Х.Әбішевтің «Аспан сыры», М.Ысқақовтың «Халық календары» монографиялары тақыр жерден туған жоқ, ол ғалымдар да Бөкейхановтың мәуелі жемісінен нәр тартқан деп ашық айтуға, бүкпесіз баға беруге бүгіндері әбден болады.

Зейнолла СӘНІК, жазушы-ғалым:

- Астрономияны дамыту, аспан әлемін зерттеу - қай уақытта болса да басты орында тұрғаны анық. Ата-бабаларымыз жұлдызға қарап болашағын болжаған, таң мен келер күнін пайымдаған. Біздің табиғатпен етенелігіміз сондай, қазақ дүние-танымына аспан әлемінің тұтас болмысы сыйып тұр. Ал оны терең зерделеу үшін халықтық таным мен жаңа замандық ғылымды ұштастыра білген жөн. Міне, Әлекеңнің кітабы соның көшбасында тұр. Бұл тұрғыдан алғанда, Әлихан Бөкейханов - қазақтың тұңғыш астрономы десек те артық емес.

Серікқазы ҚОРАБАЙ, доцент:

- Бөкейханның бұл еңбегін ғарыш туралы жүйелі ғылымды қазаққа алғаш танытқан кітап деуге болады. Ш.Уәлиханов бастаған зиялылар көбінде қазақтың аспан әлемі туралы мифологиялық ұғымдарын айтатын, тіпті «Елентеай мен қыз Болықтың» айтысында да қазақтың жерді көк өгіз көтерді дегендей ұғымдары айтылатын, халық соған нанатын. Ал мына ғылыми еңбек алғаш рет астрономияны қазаққа Ұлықбектен кейін шын ғылым жүйесінде кәсіби таныстырды деуге негіз болады. Содан кейінгі буындар осы ақжарылқап Әлихан Бөкейхан ақ батасынан шапағат алып бүгінгі Тоқтар, Талғаттар ғарыш кеңістігін бағындырды. Бұл бізге мақтаныш, демек Әлихан ілімінің ақталуы!

«Дала мен қала» газеті  №13 (393)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562