Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 9432 0 пікір 27 Сәуір, 2011 сағат 09:39

Әсет Пазылов. Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаммед Әмен шығармаларындағы әйел бейнесі

XX ғасырдың басында Қазақстанда мәдени - ағартушылық  идеялардың  өркен  жайып, зиялы қауымның қалыптаса бастаған кезі болатын. Осы тұста қазақтың санасын оятатын туындылар да дүнйеге келді. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр-Жүсіп, Әлихан Бөкейхановтың қыл қаламынан шыққан мұралар халық мүддесімен үндесіп жатты. Алдыңғы буын ағаларға ілесе шығып, құлагердей алға ұмтылған зиялы қауым өкілдерінің бірі Мұхаммед Әмен болатын. Ол жаңа замандағы жаңғырған қазақ мәдениетінің тарихында асқар шыңға айналды. Оның шығармалары жас толқынға ұран болды. Мұхаммед Әменнің тез өсіп жетілуіне қоршаған орта мен Мәшһүр-Жүсіптің арнасы себепкер болды. Әменнің  қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби тақырыптағы шығармалары өз алдына бір төбе, ал оның ғұмырнамасы жеке зерттеу арнасы болмақ. Оның қай өлеңін алмасаңыз да гуманистік, адамгершілік, демократтық, педагогикалық идеялары баршылық.

XX ғасырдың басында Қазақстанда мәдени - ағартушылық  идеялардың  өркен  жайып, зиялы қауымның қалыптаса бастаған кезі болатын. Осы тұста қазақтың санасын оятатын туындылар да дүнйеге келді. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр-Жүсіп, Әлихан Бөкейхановтың қыл қаламынан шыққан мұралар халық мүддесімен үндесіп жатты. Алдыңғы буын ағаларға ілесе шығып, құлагердей алға ұмтылған зиялы қауым өкілдерінің бірі Мұхаммед Әмен болатын. Ол жаңа замандағы жаңғырған қазақ мәдениетінің тарихында асқар шыңға айналды. Оның шығармалары жас толқынға ұран болды. Мұхаммед Әменнің тез өсіп жетілуіне қоршаған орта мен Мәшһүр-Жүсіптің арнасы себепкер болды. Әменнің  қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби тақырыптағы шығармалары өз алдына бір төбе, ал оның ғұмырнамасы жеке зерттеу арнасы болмақ. Оның қай өлеңін алмасаңыз да гуманистік, адамгершілік, демократтық, педагогикалық идеялары баршылық.

Ұлт болашағы мен дәуір бейнесі  жөнiнде Ахмет Байтұрсынұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының мұраларының шоқтығы биiк. Дегенмен де бұл салада қалам тартқан әрбір жан   Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхаммед Әмен тағылымдарына соқпай кете алмайтыны шындық. Себебі олар  тек қана өз дәуірінің дара тұлғалары ғана емес, сонымен бірге  қоғам қайраткерлері. Большевиктік идеология тұсында толқынға қарсы тұрып, тарихи оқиғалардың куәгері болып қана қоймай үн қоса білді. Аласапыран дүниеде көптің бірі болмай, көштің алдында жүрді.

Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхаммед Әмен шығармашылықтарының тоғысқан жері әйел теңдігі мен қыз бала тәрбиесі. Әсіресе қызды қалың малға жас кезінен айттыру әдетінің зияны төңірегіндегі ойлары бірін бірі құптағандай.

Әр бір ұлттың өсіп-өнуі ұлттық сана мен тектілікке байланысты. Ол үшін әр қайсымыз  ұл-қыздарымызды аялай білген абзал. Қазақ қызының тәрбиесі мен әйел теңдігі Алаш зиялыларының еңбектерінен орын тапқаны ақиқат. Алаш зиялыларының әйел мәселесіне мезгіл-мезгіл оралып, басылым беттерінде өзекті мақалалары мен өлеңдері шыққан соң, Совет өкіметі тарапынан қолдау тауып, әйел теңдігі беріліп, олардың құқықтары қорғалған болатын. Әйел бостандығына қарсы болған, ескілікті аңсаушыларды Мұхаммед Әмен сынай отыра:

Жастықтың, уыз іште, оты-жалын,

Ұшқын бар лапылдаған тіпті қалың.

Болмаса Хақтан жәрдем таупық суы,

Қандай жан сөндіргендей оның бәрін?!

Сонда да жаза кесіп, ықтияр қыл,

Әр істе түзулікті ал-аққа дәлел (дабыл).

«Бұл дәурен кетпес менен!»-деп тұрмысың,

Билігі сенде ме еді ай мен жыл?! [1] -деп, ерте ме кеш пе сәулелі күннің боларына сенетінін жеткізуге тырысқан.

Әйел теңдігі туралы қазақ зиялылары қоғамда пікірталас тудырып, қазақ халқының намысын оятуға тырысты. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романына баға бере отырып Әлихан Бөкейханов: « Мұнда қазақтың қай жерінде болса да, малға қызығып я партияға қызығып, қыздарын жастай күйеуге беру жайы бар, ысырапқа ақша шашып, жақынымен араздасу, қызын сүймегеніне жылатып ұстап беру, ....» [2]  деп, қоғамға және адамзатқа жат қылықтарды сынға алады. Әрине бұл «Алашым-данам, үш-жүзім - панам» деп жүрегі соққан  жандардың ортақ пікірі болса керек. «Айтылмаса-сөз жетім» демекші Мұхаммед Әмен де:

Қалды бидай сабаны,

Жақсысы кетіп, жаманы.

Шоң мен Шорман заманы

Не нәрседен кем еді?!

Бармай-ақ қой әріге,

Қарашы бергі кәріге!

Пейілге бай бәрі де

Дастарханға кең еді.

Партия қуған заманның

Қу, сұм болған наданның

Бұл сөзім қай адамның

Көкірегіне енеді?! [3], - деп, қараңғылық пен надандықтың торынан шыға алмай жүрген жандарды сынай отыра, сақтануға шақырады.

Мәшһүр Жүсіп халықтың қараңғылықтан шыға алмай жүргенін, шала сауатты молдалардың мал таппақ әрекетінен және ескілікті аңсаған байлардың сараңдығынан екенін түсінгендіктен,  «Жаман әйел туралы» [4], «Жақсы әйел» [4, 188-б.], «Әйелдер туралы» [4, 191-б.], «Ұқыпты әйел» [5], «Момынның әйеліне шығарғаны» [5, 230-238 беттер], деген  сын үлгісінде жазылған өлеңдерін қыз мәселесіне арнаған. Ал Мұхаммед Әменнің «Қыз тағдыры» [6] деп аталатын өлеңінде, қазақ қызының жүрегімен қаламаған жанға тұрмысқа шыққанын, және аянышты халі мен оның ішкі күйзелісін, мәнсіз өмірін қынжыла отырып, ашып көрсетуге тырысады. «Теңі емес бір пасыққа берсе егер, Көңілін көтере алмай зар болғаңдай», деп әйел теңсіздігін жырға қосады. Әлеуметтік теңсіздік пен жастардың бақытқа жетуіне кесе көлденең тұрған ескі әдет-ғұрып екенін ерте түсінген ақын, қыздың болмысы мен еркіндігі туралы,  қоғамдағы құбылыстар мен қарапайым қазақ ауылының тыныс тіршілігі жайында жазды. Қыз баланы күшпен тұрмысқа беру салтын құптамаған Мәшһүр Жүсіп «Дала Уалаяты» газетінің 1890 жылғы кезекті санында: «һәм әбден ер жеткен соң, өзінен ризалық сұрап, ықтияр қылған жеріне берсе керек. Ер бала болсын, қыз бала болсын, өзді-өзі ықтиярласып қосылған соң, бұлардан жан-жал, ұрыс, талас анда-санда болмаса шықпайды және бір-біріне махаббатты болып, бұлардан туған бала һәм жақсы туады» [7], деп білімсіздік пен теңсіздіктің ектек алуына жол бермей, күресу керек екенін жазады.

Қазақ қыздарының қалың малға сатылуы, күшпен сүймеген адамға ұзатылуы, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп кемітуге жол бермеуді мақсат тұтқан ақын, өлеңдерінде махаббаттың құдіреті мен адалдық пен ғашықтықты жырлап, ескіліктің шырмауын бұзатын жол іздейді. Мұхаммед Әмен «Талапты оқыған жастарға» деген өлеңінде: «Кетті қазақ адасып, Дінге жүрмес жанасып, Қарындасқа қарасып, Қол қайырым ию жоқ» [7, 44-бет.], деп  замана бейнесін сомдай отыра:

Ешкімге сеніп тұрма ағайын деп,

Шаянша қылқынып тұр шағайын деп,

Әкеңменен туысқан алаштан жат

Нағашың тұр қазықтай қағайын деп [8], адамдардың жауыздығын, қатыгездігін, әділдіктен безінгендігін анық та ашық суреттеп, қазақ қыздарына тек білімнен ғана пана іздеуін ескертеді.

Әйел мәселесі төңірегінде Әлихан Бөкейханның да қалам тартқаны мәлім. Оның 1899 жылы «Туркестанские Ведомости» газетінде «Женшина по киргизской былине «Қобыланды» атты ғылыми еңбегі, 1902 жылы  «Бесправность киргизких молодух» мақаласы және 1925 жылы  «Қызды малға сату», 1923 жылы «Батыр Бекет» атты шығармалары жарыққа шықты [9].

Спандияр Көбеев "Қалың мал", Сұлтанмахмұт Торайғыров "Қамар сұлу", Міржақып  Дулатов "Бақытсыз Жамал" романдарында ескі әдет-ғұрыптың қыспағына түскен қазақ  қызының тағдыры баяндалып, әйелдің теңдігі мен адамшылығын қорлайтын ескі әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күрес жүргізген жастардың ерлігі мен қайсарлығы және сүйгені үшін күрескен екі жастың қайғылы тағдырлары баяндалған.

Жүсіпбек Аймауытовтың«Қартқожа», «Ақбілек» романдары мен «Күнікейдің жазығы» повесінде қазақ әйелінің теңдік жолындағы күресі, халықтың азаттағы мен әлеуметтік жағдайларын шынайы бейнелеп, елін білімге шақырады. Бұған оқу-ағарту мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектері куә. Бейімбет Майлин «Қыздың сәлемі», «Қашқын келіншек», «Ақсуаттың жанында» деген өлеңдерінде қазақ ауылындағы ескі салттардың етек алуы мен бойжеткеннің  аянышты тағдыр суреттеледі. Мұхаммед Әменнің де: «Мен арсыз: жүрек сезбей, жұрт та сенбей, Алдым-жар, артым - тұман, қалдым сасып» [10] деген өлең жолдарынан заман кейпі, кескіні есіп тұрған тәрізді.

Мәшһүр Жүсіп әйелдің бейнесі төңірегіндегі өнегелі ой-толғамдарын «Ұқыпты әйел» [5,  212-215 беттер] өлеңінде өрнектеп кеткен. «Бидайдың барар жері диірмен» демекші қияға ұшып, жарын тапқан келіннің ұқыптылығын бейнелейді.  «Түзеп бақ үй жайыңды күні бұрын», деп үй шаруашылығына үлкен жауапкершілікпен қарау керектін ескертеді.  «Екінші тәтті (тәтлі) болсын ішер асың, Ұмтылып, шауып тұрсын ықыласың» деп аспаздық өнердің болуын, «Суымен (шуымен) қандыр мейман тойдың дағы», деп қонақжайлылығын, «Байын сыйлап жетеді ол мұратқа», деп мәдениеттілігін, сүйгеніне деген қошеметін, «Жаяды жайнамазын құбылаға» деп, имандылығы мен әдептілігіне бас иіп, қысқа да нұсқа айшықтап, жеткізуге тырысқан. Отбасының негізгі ұйтқысы болғандықтан бойжеткеннің жан жақты шеберлігін сипаттай отыра «он саусағы майысқан, бармағынан өнер тамған шебер» болуы шарт екенін ескертеді.

Ел арасында сақталған жыр дастандарда, қазақ қызының жан-дүниесі нәзік, инабатты екені жиі баяндалады. Ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған  қайсарлық пен даналықтың иесі әйел заты екені айдай анық. Мәселен кешегі өткен Тұран патшасы Томирис, Шыңғыс ханның әйелі Бөрте, Қабанбай батырдың жары Гауһар, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Абылай ханның қызы Айтолқын, Кенесарының қарындасы Бопай тарихи тұлғалар емес пе? Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» дастандарындағы Мамыр мен Еңлік махаббатың мәңгілік символы ғой. Ал Домалақ ана (Нұрила), Қалампыр ана, Қарашаш, Қарқабат, Абақ, Шашты, Ұлпан, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршын, Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере сияқты аналарымыздың тағдыры мен өмірі, болмыс бітімі, адамзатқа үлгі болмақ. Бұлардың әрқайсысы көрегенділікті, тапқырлықты, адалдықты, махаббат пен сұлулықты  үйлестіре білген ақыл-парасатың иелері. Осыданақ қазақ қызының инабатты, ізетті, сыпайы, көркем мінезді болғанын көреміз.

Абай Құнанбаев:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, - деп қыздың әсемдігін, көріктілігін сымбаттылығын ерекше жырға қосса, Сұлтанмахмұт Торайғыров арудың сұлулығын дене бітімімен байланыстырып:

Жұмар бас, дөңгелек бет, орта бойлы,

Толық шеке сыпаттар терең ойды.

Тік иық, шын бұраң бел қардай еті,

Сұлу сымбат көркіне көңілім тойды, - деп сипаттайды. Өз кезегінде Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі,

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері, - деп, қызды көркемдіктің, нәзіктіктің бейнесі ретінде қабылдайтынын көреміз.

Қазақ қызына байланысты айтылған: бота көзі мөлдіреп, аққудың көгілдіріндей, ақмаралдай керілген, қызыл жүз, иісі - гүл аңқыған, нұры - күн шалқыған, ақша жүз, алқызыл бет сияқты толып жатқан тіркестер де сұлулық ұғымынан туындаса керек. Ел арасында: «Қыз емес, қыздың аты-қызыл алтын, Көрінер туған Айдай-жүзі жарқын», деген де ұлы сөз бар. Қыздың сұлулығы мен сырт пішінін бейнелейтін маржан сөздер әр ақын жазушының шығармаларында, ғашықтық жырларында орын тапқан. Көне көз қариялардың сөзіне құлақ түрер болсақ, қыз сұңғақ бойлы, сыңғырлаған дауысты келеді. Оймақ ауыз, күлім көзді, жайдары мінезді болған. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Мінсіз аппақ тістері қолмен қойғандай. Екі бетіндегі нәзік жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәріндей» десе, Сәбит Мұқанов «Мөлдір махаббат» романында «... шынында да үлде мен бүлдеге оранған, асыл тастармен, алтын бұйымдармен безенген, талдырмаш сұңғақ бойлы, сұлу кескінді қыз!» деп тамсана отырып жазады. Бұдан ақылына көркі сай, көздері нұрлы, денесі сымбатты, жүрісі ұнасымды қыз кімді болса да тамсандыратынына көз жеткіземіз. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырындағы «Ай мен күндей екеуін толықсытып», «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян» деген тармақтардағы сөз маржаны да соның айғағы болса керек.

Қыздың ажарына қарай: әдемі қыз, көрікті қыз, шырайлы қыз, әсем қыз, сұлу қыз, ажарлы қыз, ару қыз деп бөлгені мәлім. Олардың сипаттамалары:

  • әдемі қыз- баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қыз;
  • көрікті қыз-істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз;
  • шырайлы қыз-көз жанары өткір, бет-әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр қыз;
  • әсем қыз-жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз;
  • сұлу қыз-сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп күймейтін, келбетті қыз;
  • ажарлы қыз-дене бітісі жинақты-тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты қыз;

ару қыз-бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз [11].

«Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» демекші, жас ұрпақ тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Содан болар қызды қырық үйден тыйған  аталарымыз қыз тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Қыз - ата-анасының, отбасының айнасы.

Қыз бала тәрбиесіне тек ана ғана жауапты емес. Бұл баршамыздың ісіміз. Дегенмен де «Қыз ақылы-шешеден» демекші, қыздың анаға бір табан жақын екені ақиқат. Тәрбиенiң негiзi «ананың әлдиiнен» басталады емес пе?! Ана қыз үшін тұлға, әрі жанашыр адамы. Сонымен бірге мұңдасы. Ол анасына ғана ашылып сырын айта алады. Ол анасынан үлгі алып қана қызға тән қасиеттерді бойына сіңіріп, ізеттілік пен ар-ұяттың және адамгершіліктің мағынасын түсінеді. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақ айтпай ма «алып (яғни батыр, балуан) анадан» деп. Бұған қарағанда, ана жақсы болса, онан туған бала да жақсы болады. Ана бір жаман, ғылымсыз, меңіреу болған соң онан туған бала не қылып оңсын?!», деп, ана сүтімен бойға сіңген асыл қасиеттер, сәбидің көкірегінде жатталып, ұлттық рух болып сіңетінін ескертсе керек.. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Бой жеткен ару қыздарын сырт көзден сақтап, оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген.

«Қазақ қыздың жолы жiңiшке» деп бекер айтпаған. Себебі отбасы мен босағаның беріктігі қыз абыройына байланысты екені мәлім. «Қыз қылығымен жағады» демекші ақындар қыздың сұлулығына емес ақылдылығы мен даналығын жырға қосқан. Абай Құнанбаев:«Ары бар, ақылы бар, ұяты бар; Ата-ананың қызынан қапы қалма» деп орынды айтса керек. Қыз абыройы туралы жазу үшін қоршаған ортасына көз жүгірткен абзал. Себебі оның абройлы болуы ақыл парасатының және инабаттылығының жоғарлығында. Білімге құштарлығы мен биімделігінде. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, оларды орындап отыруды да қыздың абыройы деп санаған. Бұларға ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, ұлт дәстүрлін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, қой, сиыр сауа білу, кілем тоқи, кесте тіге білу т.б секілді мінез-құлықтық қасиеттер мен дағды, икемділіктерді жатқызған.

Қыз - нәзік те қайратты, алғыр, салмақты да ширақ, төзімді жан. Ол бойжетіп келін, дүниеге сәби әкеліп ана кейін салиқалы әже болады.  Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Бұл ұлы заңдылық. Сондықтан әйел тіршіліктің мәні, жылулық пен мейірімділіктің, берекенің бастауы болмақ.  Әйелдің басты міндет - отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

«Қыз-қонақ» және «Қыз-елдің көркі» демекші, келін болып түсу - үлкен қуаныш, зор мәртебе. Қандай ата ана болса да қызының қадір қасиетімен құтты орнына қондырып, өрісінің кеңигенін армандайды. Мұхаммед Әменнің сөзімен айтар болсақ: «Тең болып екі зайып қосылса егер, Арман не сол уақытта, а, дариға-ай!» [6]. Ер жігіт сүйгенінің тектілігіне, сырбаздығына, ішкі мәдениетіне назар аударары мәлім.

Мәшһүр-Жүсіп: «Дүниенің: еркек - бір қанаты, ұрғашы - бір қанаты. Екі қанатпен ұшқан құс қандай ұшқыр?! Мұсылман халқы ұрғашыны бүркеп, жасырып, кісіліктен қалдырғандықтан, сыңар қанат құс сықылды, дәнемеге жарамай қалғандығы - сол. Еуропа жұртлары әйел халқын еркекпен тең ұстады. Жынысы әйелге харрит, азатлық, ерік берді. «Ұл, қыз - екеуі бір бас» - деп, ғылым-білімге, өнерге жарыстыра, бәсеке қылып қосып еді. Әр турадан әйел халқы ілкім үздік шығып, байды да жақсы бақты. Солай болғаны үшін, мүкіл періште есепті болды. Ғылым-білімді ұрғашыдан туған бала - туа әр нәрсені біліп, кісі болуға жарайды» - дейді.

«Махаббат мәңгілік жырмысың,  Өзгеге айтылмас сырмысың» [6, 188 бет], - деп махаббаттың құдіретін жырға қосқан ақын жазушылар табиғи сұлулыққа бас иген. Ғашықтық адалдыққа, мөлдір махаббатты құрметтеуге, үй болудағы үйлесімділікке жол ашары хақ.

Мәшһүр-Жүсіп пен Мұхаммед Әмен қызды таңдағанда сұлулығынан гөрі ішкі жан дүниесі мен рухани байлығына назар аудару керек екенін баса айтады. Ал Абай Құнанбаевта «Жасаулы деп, малды деп байдан алма», деп дәулетімен даңқына қызықпауын ескертеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қыз сүю» деген өлеңінде:

«Қыз сондай сен іздеген сұлу болса, Көргенде құмарланып кеудең толса., -деп  ғашықтықтың құдіретін жырласа, Шал ақын: «Жақсы әйел бойын түзеп сылақтайды, Өз бойынан басқаны ұнатпайды» деп әдептілігі мен кішіпейділігін бинелеп: «Жауыз қатын қабаған ит сияқты, Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас», деп жаман әйелдің жағымсыз бейнесін сомдайды. Бұл тақырапта да қалам тартқан Мәшһүр Жүсіп «Жақсы әйел» деген өлеңінде:

Жалғанның жарастығы жақсы ұрғашы,

Қиылып маңдайында көз бен қасы.

Бір талы нама харамға көрінбес пе,

Астында жаулығының тұрса шашы.

Сүмбіл шаш күнде жуып, талдап өрген.

Еріне шын махаббат көңіл берген,

Қолында Құдай берген ырзық мол боп,

Мейманның қошеметін тәуір көрген [6, 188 бет], - деп әйелдің ізеттілігі мен ұқыптылығын, сұлулығын сипаттай келе, «әйелдің бәрі осындай болса» деп армандайды. Енді бірде Мәшһүр Жүсіп:

Жұмағы бұл дүниенің жақсы қатын,

Шығарса ағайынға жақсы атын.

Гүл жүзді, шырын сөзді, нәзік болса,

Түзетсе үй мүлкінің салтанатын [6, 186 бет], - деп әйелдің босағаның беріктігі мен өмірдің мәні екенін баяндай келе,  ерінің адал жары, аялы ана, отбасы беріктігін сақтаушы, шаруашылықтың барлық жақтарын игере алатын, қонақты лайықты қарсы алып және әр кімді де сыйлай білетінін жеткізеді. Ақын  «Жаман әйел туралы» деген өлеңінде: «Дүниенің ол тозағы жаман қатын, Жаман қатын шығармас ердің атын» деп, тәрбие көрмеген қыз баланың әйел болғандағы дөрекілігі мен білімсіздігін сынайды.

Мәшһүр Жүсіп: «Жақсы әйел ерге несіп бола қалса, Кім қияр сол қатынның басқан ізін!», - дей отыра «Ұқыпты әйел» деген өлеңінде:

Алған жарың осылай болса керек,

Ғылым, білім, өнерлі, болса зерек.

Ерлерін сондай қатын тәрбиелесе,

Жалғанның азы көбі неге керек! - деп, тұла бойы тұнған үлгілі әйелдің бейнесін орынды сомдайды. Жаман әйелдің оның қисапсыз әрекетін бейнелеп берді. Әрине бұл ата анаға және ауылына үлкен сын болмақ. Сондықтан да көрегенді аналар қыздарын тұлымды кезінен тәрбиелеген.

Мәшһүр Жүсіптің пайымдауынша: «Қыз баланы һәм әбден ер жеткен соң, өзінен ризалық сұрап, ықтияр қылған жеріне берсе керек». Сонда шынайы сүйіспеншіліктің арқасында отбасы бақытты болып, саналы да тәрбиелі ұрпақ дүниеге келмек. Ал егер керісінше болса: «Еркегіне ұрғашы, - бір-біріне көңілсіз болып жүргенде туған бала онша жақсы болмайды және ұрғашының түсіне карау жарамайды, есі мен ісіне қарау жарайды», деп қоытындылайды.

Ия, Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіпбек Аймауытұлының және Мұхаммед Әменнің шығармалары - халқымыздың әлеуметтік-саяси өмірін сипаттауымен және білімге уағыздауымен маңызды.  Сондықтан да олардың әрқайсысы  көсем, ұстаз, тұңғыш, бірінші, айрықша деген теңеулерге лайық ұлт жанашырлары.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Орталық ғылыми кітапхана қоры, Алматы Ғылым академиясы. 1170 папка, 1030-1045 беттер.
  2. «Роман деген не?» // «Қазақ». Орынбор, №48, 1915 жыл.
  3. М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 11-том, Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, -2007 жыл. 143- бет.
  4. М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 1-том, Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, -2005 жыл. 186- бет.
  5. М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 4-том, Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, -2004 жыл. 212-215 беттер.
  6. Қуанық Мәшһүр-Жүсіповтың әулеттік мұрағатында сақталған Мұхаммед Фазыл көшірмелерінің екінші папкасы 155-бет.
  7. М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 13-том, Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, -2008 жыл. 325- бет.
  8. Қуанық Мәшһүр-Жүсіповтың әулеттік мұрағатында сақталған Мұхаммед Фазыл көшірмелерінің бірінші папкасы 21-бет.
  9. Сұлтанхан Аққұлыұлы «Әлихан-әдебиетші ретінде» // Жұлдыз. №5, 1993 жыл, 179-180 беттер.
  10. «Жалқаулық жастан үйір бойды басып» өлеңінің түп нұсқасы ҚР ҒА Орталық Ғылыми кітапханасы, қолжазба қоры, 1170 папкада сақталған. М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 11-том. Павлодар "ЭКО" ҒӨФ, 2007жыл. "Әмен Көпейұлы өлеңдері" 140-бет.
  11. Бөлеев Қалдыбек.  «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби    дайындау».  Алматы «Нұрлы әлем ». 2004 жыл.

Қосымша Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы 2008 жыл.
  2. А. Сейдімбек, Қ.Салғарұлы, М.Жолдасбекұлы «Елтұтқа» Астана 2001 жыл.
  3. Е.М. Арын, Б.Т. Баткеева, Қ.М. Алдабергенов «Бір туар дара тұлғалар» Павлодар 2003 жыл.

Әсет Пазылов,

Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп мұражайы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552