Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3998 0 пікір 28 Сәуір, 2011 сағат 05:03

Барлық орында да еңбек қауіпсіздігін сақтаудың маңызы зор – Н.Иманғалиұлы

ОРАЛ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Аталмыш күн тарихы 1999 жылдан бастау алады.

Сол жылы АҚШ пен Канадада кәсіподақтар мен қызметкерлер жұмыс орнында қаза болған қызметкерлерді еске алу күні ретінде атап өткен. Он жылдан кейін әлемнің жүзден астам елінде еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты шаралар ұйымдастырылған. Бұл мәселе елімізде де аса маңызды. Осыған орай БҚО-ның бас мемлекеттік еңбек инспекторы Нәсіпқали Иманғалиұлы өз ой-пікірін былайша білдірді.

ОРАЛ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Аталмыш күн тарихы 1999 жылдан бастау алады.

Сол жылы АҚШ пен Канадада кәсіподақтар мен қызметкерлер жұмыс орнында қаза болған қызметкерлерді еске алу күні ретінде атап өткен. Он жылдан кейін әлемнің жүзден астам елінде еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты шаралар ұйымдастырылған. Бұл мәселе елімізде де аса маңызды. Осыған орай БҚО-ның бас мемлекеттік еңбек инспекторы Нәсіпқали Иманғалиұлы өз ой-пікірін былайша білдірді.

-Біз күнделікті жұмысымызда 2007 жылы 15 мамырда қабылданып, күшіне енген Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексін» үнемі басшылыққа алып отырамыз. Жасыратыны жоқ, жұмыс бабына байланысты дау-жанжалдар болып тұрады. Тіпті сотқа беріп, құқай көрсеткендер де кездесті. Алайда біз әділдігімізді дәлелдеп шықтық. Өкініштісі сол, кейде қолымыздағы заң мен соған қатысты қосымша  құжаттардың солқылдақтығы  жоғарыда аталған қарсылық әрекеттеріне «негіз» болып жатады. Өткен жылы жазатайым оқиғаға ұшырап, зардап шеккен адамдарға қатысты  «құрғақ» мәліметті бірден ұсынғым келмейді. Мәселе мәліметте емес. Ең бастысы - еңбек қауіпсіздігі сақталуы тиіс. Сол себепті кез келген мекеме-кәсіпорын басшысы ұжым алдындағы жауапкершілігін үнемі жадынан шығармауы тиіс. Өйткені еңбек шартына отырған жұмысшы, маман немесе қызметкер өмірі мен денсаулығын сеніп тапсырады. Қай елде болсын, құнды «капитал» саналатын әр адамның өмірі мен денсаулығы еңбек қорғау туралы заңмен қорғалады. Сол заңды жүзеге асырып, қадағалап отыратын басты тұлға тек кәсіпорын мен мекеме басшысы ғана. Әрине, еңбекті қорғау жөніндегі инженер немесе өзге де осы іске қатысты мамандарды білмей отырғаным жоқ. Бірақ қайталап айтамын, ең негізгі жауапкершілік тек басшыда».

Н.Иманғалиұлының айтуынша, кейбір басшылар оқыс жағдаяттардың алдын алғаннан гөрі, жазатайым  оқиғаға куә болуға бейім. Дұрысында, алдын алу шараларын жоспарлы түрде жүзеге асырған тиімді емес пе?! Мәселен, жұмыс орнында еңбек заңдылықтарына сәйкес, міндетті түрде жұмысшы-қызметкерлер арнайы нұсқаулықпен оқып-танысып, оның ұдайы жүзеге асырылуын қадағалап отыруы тиіс. Сондай-ақ жұмыс орындары мен ондағы жағдайлар бес жыл сайын  арнаулы аттестациядан өтіп тұруы керек. Басшылар мен еңбек қауіпсіздігі үшін жауап беретін басқа да мамандар үш жыл сайын қайтадан оқу даярлығынан өтуі тиіс. Жазатайым оқиға болған кәсіпорын немесе мекеме жылына екі рет ішкі тексерістен өткізіліп, оның нәтижесі  жауапты адамдарға жария етілуі қажет. Тексерістің тек үстіртін жүргізілмей, емтихан ретінде өткені тиімді.

Мәселенің екінші жағы сол қауіпті жұмыс орындарына тіреледі. Мәселен, ағаш немесе темір өңдеу цехтарында адамдардың жұмыс істеп тұрған тетіктерге қолын салып алу, мүгедектікке ұшырау жағдайлары бар. Қаза табу да жоқ емес. Мұның себептері неде? Біріншіден, жұмыс орнында қорғаныш  аспаптары болуы қажет. Екіншіден, арнаулы киімдер мен құралдар керек. Мәселен, ағаш жону мен темір өңдеуде көзге жаңқа немесе металл ұшқыны түспеу үшін арнайы көзілдірік кию шарт. Жұмысшы-қызметкердің басында каска болуы міндетті. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе десек те, осы қарапайым талаптар үнемі назардан тыс қалады. Нәтижесінде жазатайым оқиғаға жол ашылады.  Өткен жылы облыс бойынша 14 адамның оқыс жағдайға ұшырауы - соның айғағы.

Мәселен, былтыр қазан айында Александров Гай-Жаңақала газ құбырының бойында екі азамат қаза тапты. Себеп - басшылардың қауіпсіздік техникасы талаптарын дұрыс сақтамауы және сонымен бірге жұмысшылардың аңғалдығы. Өйткені біреуі газ тұрбасының ішіне түсіп, тексермек болған. Тап сол жерде ол тұншығып, көз жұмса, көмекке ұмтылған серігі де қаза болды. Егер сол жерде олардың сақтану құралдары, мәселен,  арнаулы бүркеншігі (противогаз) болса, мүмкін өмірмен қоштаспас та еді. Қалғандары есеңгіресе де, бақытқа орай, аман қалды. Тағы бір мысал. Орал қаласындағы бір құрылыс  кәсіпорнында адам жоғарыдан құлап, қаза тапқан.

Маманның пайымдауынша, сол ұжымның байырғы жұмысшылары 15-20 адамнан аспайды. Қалғандары құрылыс маусымына байланысты уақытша келісімшартқа отырған жалдамалылар. Яғни кездейсоқ адамдармен келісім-шартқа отыру кезінде еңбек қауіпсіздігіне орай нұсқаулықтан өткізу, қатерлі жағдайлардан сақтандыру ережелері ескерілмей жатады. Нәтижесі жоғарыдағыдай. Түрлі табиғи құбылыс жағдайларын ескермей, адамдарды жұмысқа жегу де қатерлі. Соның салдарынан «Гидромаш Орион» кәсіпорнында қатты желден бір құрылысшы плитаға соғылып, өмірден озды.

Бас еңбек инспекторының дерегіне қарағанда, биыл да оқыс оқиғалар азаяр емес. Үш айдың ішінде 17 оқиға тексеруден өтті. Оның ішінде биіктен құлаған адам да, жұмыс кезінде жүрегі ұстап, өмірден кеткені де, басқалары да бар. Әсіресе, КПО б.в. қарасты нысанда түнгі ауысым кезіндегі жөндеу жұмысында қаза тапқан, 1986 жылы туылған С. есімді азаматтың тосын өлімі мейлінше қайғылы. Бұл оқиға да технологиялық желілердің жұмыс істемеуі, қауіпсіздік шараларының ескерілмеуінен және түнгі жұмысқа әкімшілік тарапынан бақылау мен қадағалаудың болмауынан туындаған.

- Әрине, кінәнің бәрін бірдей үнемі басшылыққа жаба беруге болмайды, - дейді Нәсіпқали Иманғалиұлы, - Өміріне немесе денсаулығына қатерлі жерде жұмыс істейтін жандар (құрылысшылар, электриктер, токарьлар, т.б.) еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулықта белгіленген ережелер мен шарттарды қатаң орындауы қажет. Салдыр-салақтық, айтқанды тыңдамау, жұмыс орнында арақ-шарап ішу және өзге де өрескел қылықтар тек қайғы-қасірет пен ажал әкеледі. Мысалы, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігіне тек жүргізушілер кінәлі. Егер жүргізуші тәжірибелі және өте сақ адам болса, кез келген ауа райының «құйтырқы» мінезінен аман-есен құтыла алады. Әрине, біз, еңбек инспекторлары және осы іске қатысты өзге де лауазымды тұлғалар қашанда кәсіптік міндетімізді жауапкершілікпен атқарып келдік және атқара береміз де. Бірақ басты жауапкершіліктің мекеме-кәсіпорын басшылары мен жұмыс орнындағы әр адамның өз мойнында екенін әрдайым естен шығармайық.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560