Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 2611 0 пікір 22 Қазан, 2018 сағат 17:14

2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электронды денсаулық паспорттары болады

Қазан айының басында өткен Үкімет отырысында премьер министр Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың баяндамасын тыңдап, осы сала бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Сол жиында үкімет мүшелері 2016-2019 жылдарға арналған қолданыстағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жаңғыртылған жобасын ма­құлдады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған министрлік келіп түскен арыз-шағымдарға, БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселе­лерге талдау жасайтынын да айтқан еді.

Министрліктің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің барлық негізгі мәселелері алты топқа бөлініп отыр. Олар: қызмет көрсету сапасы, білікті мамандардың тапшылығы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтарды жаңарту, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру туралы ақпа­раттандыру проблемалары, денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен айқын­дылығы және азаматтардың денсаулы­ғының төмен деңгейі.

– Денсаулық сақтау министрлігі меди­циналық жәрдемнің, әсіресе меди­ци­налық-санитарлық алғашқы көмектің сапасын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, министрлік жаңа учаскелерді құру және мемлекет пен жекенің серік­тестігі аясында МСАК-тың шағын форма­ларын дамыту арқылы келесі жылдың аяғына дейін жалпы тәжірибе дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтады. 2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дәрігерге түсетін жүктемені 1 700 адамға дейін азайту қажеттігін де айтып өтті.

Және, «Отбасылық дәрігерлер» практикасын одан ары дамыту аясында диспансерлеуді өлім-жітімнің 60 пайыздан астамының себептерін анықтайтын ауруларды басқару бағдарламаларына трансформациялау жүргізіледі.

– 2020 жылға қарай артериялық гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі секілді үш ауру бойынша есепте тұрған пациенттерді осы ауруларды басқару бағ­дарламаларымен қамту 11 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар 2020 жылға қарай барлық дәрігерлер мен мейірбикелерді аталған бағдарлама бойынша оқытып шығуы керек, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Бұдан өзге, қағаз­сыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру керек, сонда медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктеме төмендейді. Медициналық көмектің сапасын жақсартудың тағы бір бағыты қауіпсіз босандыруды және ана өлімін азайтуды қарастырады. Жаңарған мемлекеттік бағ­дарламада медицина қызметкерлерінің біліктілігін одан ары арттыру, медици­налық ұйым­дарды акушер-гинеколог­тармен және анестезиолог-реанима­тологтармен жа­сақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көз­делген. Бірақ қазіргі құзырлық бөлініс бойынша денсаулық сақтаудың жергілікті жағдайына Астанадағы ми­нистрлік емес, әр әкім жеке жауапты бол­ғандықтан, бұл ретте көп нәрсе жергілікті басшыларға тәуелді. Сондықтан министр тағы да соларға жүгінді.

– Әкімдіктер барлық қажетті маман­дарды жұмысқа алып, орнықтыруы, сондай-ақ барлық жүкті әйелдерді уақы­тылы есепке алуды және оларды динами­калы түрде бақылауды қамтамасыз етуі керек. Желілік нормативке сәйкес, моно­бейінді ауруханаларды, соның ішінде перзентханалар мен босандыру үйлерін көпбейінді ауруханаларға интеграциялауды қамтамасыз ету қажет. Медициналық ұйымдар медициналық жабдықтармен жарақтан­дырудың ең төменгі стандарт­тарына сәй­кес, толық жабдықталуға тиісті. Жергілікті атқарушы органдар жедел жәрдем мен ауруханалардың барлық қыз­меткерлерін оқытып, бекітілген стан­дартты ендіруі қажет, – деді Е.Біртанов.

Биыл салада жалпы құны 31 млрд теңге тұратын 35 объектінің құрылысы жоспар­ланған. 2019 жылы жалпы сомасы 55,6 млрд теңге жұмсалатын 33 объектіде құрылыс-монтаждау жұмысы жүреді. Бірақ олардың 60 пайыздан астамына бюджет емес, жеке бизнес қаржы құюда. Кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту және медицина қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру үшін жаңа жылдан бастап, мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше шара қабылданбақ. Мәселен, медици­налық ЖОО-лар мен колледждерге іріктеу үшін қосымша емтихан енгізіледі. Оларды біті­ретін түлектер біліміне міндетті тә­уелсіз бағалау жүргізу заң жүзінде бекі­тіледі. Министрдің айтуынша, жас ма­мандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша әкімдіктердің жауапкер­шілігі күшейтіледі. – Құрметті әкімдер! Ауылдық жерлерге кадрлар тарту, оларды ынталандыру, әлеуметтік қолдау – сіздердің қолда­рыңызда! Айтылған мәселелерді жеке бақылауға алуларыңызды сұраймын, – деді Елжан Біртанов.

Медициналық жабдықтарды жаңарту аясында «Ұлттық медициналық техника базасы» атты ақпараттық жүйе құру, он­кологиялық ауруларға қарсы күрес жө­ніндегі кешенді жоспар аясында бюджет қаражатына және МЖӘ механизмдері бойынша медициналық техниканың 150 бірлігін сатып алу, медициналық техни­каны тиімді пайда­ланудың онлайн мони­торингін енгізу жүзеге асырылмақ. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес арнайы қор құрылды, онда қазір 100,5 млрд теңге жинақталған. 2018 жылғы 1 қаңтардан бері осы қор мемлекет атынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметтерінің бі­рыңғай сатып алушысы болып табылады. Министрліктің айтуынша, 2020 жылға қарай халықтың 100 пайызында электронды денсаулық паспорттары болады. Бүгінде 10 млн халықтың осын­дай паспорттары бар көрінеді. Сонымен қатар ведомство салауатты өмір салтын насихаттауға жыл сайын 2,3 млрд теңге шығындамақ. Оның барысында қазақстандықтар арасында қант, тұз, темекі, алкоголь тұтынуды азайту туралы үгіт жүргізіледі.

Бұдан соң Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол Денсаулық сақтау министрлігіне әкім­дердің ұсыныстарын қарастырып, мемле­кеттік бағдарлама аясындағы жұмыстар­ды одан ары жандандыру үшін қосымша тетіктерді пысықтауды жүктеді. Бұның сыртында, Министрлік дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдар­мен, кадрлармен қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша жұмыстарды жүйелеуге, сондай-ақ денсаулық сақтау нысанда­рының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жаб­дықтармен жарақталуы проблемаларын шешуге міндетті. Премьер-министр бюджет қаржысына қарап отырмай, денсаулық сақтау инфра­құрылымын дамыту, медициналық тех­никамен жабдықтау бойынша МЖӘ тетігін қазіргіден анағұрлым белсенді пайдалану қажеттігін атап айтты. Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, емханалар мен ауруханаларға, әсіресе бір салаға маманданған дәрігер­лерді тарту, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік қолдау бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499