Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5389 0 пікір 29 Сәуір, 2011 сағат 06:42

Қанат Әбілқайыр. Жасарал Қуанышәлинге жауап хат

ДАТ

ДАТ

Құрметті, Жасарал аға! Маған бағытталған мақалаңызды оқып біраз ойға қалғанымды жасырмаймын. Сол ой жетегінде отырып өзіңізге бірер ауыз жауап жазуды орынды көрдім. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді, болмас елдің баласы бірін-бірі қотырым дейді». Біз болмас елдің балалары емес шығармыз. «Ер шекісбей, бекісбейді». Біз шекіспесек те, көңілге аздап салқындық түсіріп алған сияқтымыз. Неге? Бәрі «Как одним листком бумаги власти остановили массовую голодовку интеллигенции» атты «Азаттыққа» шыққан мақаладан (сол мақаланың дәптерше үлгісінде таратылуынан) басталды. Ол жерде жазылған дүниелерге тіл қату азаматтық парызым еді. Мен тек соны орындаған секілдімін. Иә, сол мақалада жастық қызбалықпен дөрекілікке барғандаймын. Адамның ата тегімен ойнау жақсылық әкелмейтінін білем. Біздің Мұхтар ағамыз Оразалинді «Қоразалин» деді. Көп уақыт өтпей өзі Шахановтан «Шакаловқа» ауысып кеткенін аңдамай да қалды. Біздің аға буынның көрсеткен өнегесі - сол. Содан кейін ағалардың жасаған қадамын мен де жасадым. (Бәлкім шалыс басқан шығармын.) «Мұхтар Шакаловтың шайтандықтары туралы» деген парақшаны оқыған соң, сол қадамды жасамау мен үшін азаматтық сын секілді көрінді. Бұл - бір.  Алайда қазір ойласам сол жазған мақаламды Хасен аға мен сіздің жеке адрестеріңізге жіберуім керек еді. Мен оны қоғамның талқысына салып жібердім. Ол оттай лапылдады. Сол отқа май құюшылар да табыла кетті. Оның ақыры балағат сөздерге ұласты. Бұл шындығына айтқанда сізге де, маған да, қала берді исі қазаққа қажет қарекет емес еді. Енді өкінгеннен пайда аз, уақытты кері бұра алмайсыз. Елдестірмек аға да жоқ екен. Керісінше, бүгінгі қоғам үшін біздің, яки әкелер мен балалардың арасының өстіп алшақтағаны қажет секілді. Мен қазір қызбалыққа ерік берсем, сіздің де, менің де қарсыластарымыздың еселене түсетіні анық. Сол себепті де, мен сізден дат сұраймын. «Датың болса, айт» десеңіз, айтайын.

Алдымен...

Кешегі Әлиханды, Ахметті, Міржақыпты дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарымыз бар ма бүгін? Бар, әрине. Сәкен мен Бейімбеттей, Тұрар мен Мұстафа Шоқайдай ұлы болған елдің бәрі ұсақталып кетпеген болар. Алаш зиялыларының көтерген туын төменге түсірмеу сіз бен біздің еншімізде еді. Ол туды алдымен саясатқа ертерек келген сіздер ұстадыңыздар. Алтын құрсақты аналардың бүгінгі ұрпағының еңбегін жоққа шығармаймын, ұлтымыз үшін от көседіңіздер. Ол от кімді күйдірмеген? Сізді де, Хасен ағаны да, (жек көрсеңіз де айтайын) Мұхтар Шахановты да қарып түсті. Мен осылай ойлаймын, осыны ғана білем (қателесуім де мүмкін). Енді бүгін қарап отырсам, сол от көсеген ағаларым қолындағы жалынмен бір-біріне сес көрсететін болыпты. Қолдарындағы от су ағаштай бықсып, айналасын түтіндеп жіберді. Сол түтіннің ішіндегі біздей жастар не істей алады? Ысқа ұрынып өлеміз бе, жоқ әлде тұяқ серпеміз бе? Әсілінде, оппозицияның билікке келуі мақсат емес, билікке ықпал етуі мақсат. Оппозиция билікке дегенін істете алса ғана - оппозиция. Ал, біздің оппозициямыз жаңағы көк түтіннің ішінде қалмады ма? Бұл жай алашордашылардың да басынан өткен еді ғой. Бір жақтан ақтар, екінші жақтан қызылдар қыспаққа алған тұста олар дұрыс жолды таңдай білді. Жаппай халықты ағарту жұмыстарына бет бұрды. Оның жемісі - сіз бен бізбіз. Ал, біздің бүгінгі сенген көкелеріміз болмайтын нәрселерге «публично» күшеніп, «всенародно» ышқынатын болып алды. Осылай алтын уақыт рәсуа болып жатыр. Ол басқасын былай қойғанда, «айлакер билікке» майдай жағады. Біз мына жақта бір мақала, мың коментариймен бас қатырып жатқан кезде, ана жақта не болып жатыр? Қош!

Қожаназар көзірін басқа жақтан іздесін...

Жасарал аға! Енді тікелей сізге оралайық. Біріншіден, сіздің жүйкеңізді қазір Қожаназар Сейіткеріммен болып жатқан соттың мәселесі жұқартып жүрген шығар. Тура осындай сәтте менің мақалам жығылған үстіне жұдырық болыпты. Мен егер де осы мақала «Қожаназардың көзіріне» айналарын білгенде жазбаған болар едім. Сіздердің де намыстарыңызды жанымаған болар едім. Әрине, қазіргі сот процесіне мұның еш қатысы жоқ деп білемін. Егер осыны киіліктіргісі келетін біреулер болса, ел алдында да, сот алдында да түсінік беруден қашпаймын.

Бір сәттік көңіл күй

Басынан сөз асырмаған елдің оғландарымыз. Десе де, менің һәм сіздің мақалаңыздан кейін екеумізді де оңдырмады, айтақшылар. Жақсы пікір жазсын, жаман пікір жазсын, көптің аты - көп. Сізді білмеймін, мен сол пікірлерге лайықтымын деп ойлаймын. Сіздің де маған қарата айтқан сөздеріңізден айналып өткім келмейді. Әрине, мойындау қиын. Бірақ, сол көп пікірлер сіздің еліңіз үшін істеген игілікті істеріңізді жуып-шайып кетеді дегенге сенбеймін. Пікір дәл сол кездегі ойды, көңіл күйді білдіреді. Менің соншама қазымырланып материал жазуымның да себебі, сол сәттегі көңіл күйдің әсері. Ал, бәрін одан кейінгі жасаған игі қадам шешеді. Жасарал аға, Абай атамыз: «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан жаман сасисың өлсең тағы» дейді. Құлаққа соншама тұрпайы естіледі. Десе де, ақиқаты осы. Абай осы сөзді маған да, басқаға да айтып тұрған жоқ па? Иә, рас. Мен «мәдениетсіз» һәм «көргенсіз» адам шығармын. Десе де, мен сіздің аузыңыздан шыққан кейбір сөздерге (теріп жатпай-ақ қояйын) түсіністікпен қараймын. Махамбет бабамыз: «Хан емессің аярсың, Айыр-құйыр шаянсың» демей ме Жәңгір ханға? Сол жердегі «аяр» сөзіне мән беріңізші. Дәл Махамбеттің батырлығын бойына жиған сіз де осы сынды сөзді жоғарыға тайсалмай айтып жүрсіз. Сондай кісіні мәдениетсіздердің сапына қосқым келмейді. Егер қоссам, сол қосақтың арасында Абай да, Махамбет те, қала берді исі қазақ кетіп қалар еді. Осы сөздерден кейін ақыл есімнің «түзулігіне» иланарсыз. Өйткені, есімнің дұрыстығы жайлы пікіріңіз де бір сәттік көңіл күйдің әсері деп білемін.

Әсіреұлтшылдық жайлы

Жасарал аға, ендігі кезек «әсіреұлтшылдығым» мен «нәсілшілдігім» жөнінде. Шындығын айтайын, қаншама жан айыптаса да, мен осы пікірімде қаламын. Себебі, саясат сахнасындағы сансыз қойылымдар мені осыған итермелейді. «Қазақтың жауы - қазақ» деген идея маған жат. Мен үшін «Әр қазақ менің - жалғызым». Жарайды, Козловтың бүгінгі қадамын кейбір қазақ оғланы аттай алмай отырған шығар. Десе де, сол қадамға күдікпен қарауға мәжбүрмін. Неге? Мен туған кезде менің әке-шешемнің басына желтоқсанның соққысы тиді. Олар алаңға «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деп шықты. Колбин қанша қазақша үйренемін деп шырылдаса да, олар қаймықпай қарсы тұрды. Козловқа жұмыртқа лақтырғыш желтоқсаншыларда шатағым жоқ. Осы талапты қойған әке-шешелеріміз әсіреұлтшыл ма еді? Сан ғасырдан бері өз көсемін аңсаған исі қазақ әсіреұлтшыл ма еді? Егер солай десеңіз, мен ол аттан да бас тартпаймын. Козлов мырзаның теориялық тұрғыда президент болуға хақысы бар, ал нақты практикада ше? Бұл ойды кім айтқанын бәріміз де білеміз. Енді сол қарапайым арифметикаға бола бас қатырудың қажеті жоқ-ау шамасы. Жылқының үйірін бұқа қайырмас болар. Оны менен де жақсы түсінесіз ғой, аға! Ал, өзге диаспора өкілдерін қырып-жоятындай, иә болмаса ұлт пен этнос арасындағы араздық туғызатындай ештеңе айтпағанымды білемін.

Айтпақшы, Козлов дегенде еске түседі. Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақтың екі зиялы азаматы: Қазақстанды қазақ басқара алмайды, басқа ұлттан біреу болмаса дегендей хат жазған ғой Мәскеуге. Мәскеу бұл екеуінің өтінішін қанағаттандырып, Қазақстанды билеуге Ф.Голощекинді жіберді. Мұның артының немен тынғанын бәріміз жақсы білеміз. 2,5 млн. халқымыздан айрылдық!..

Сөз соңы

Әрине, мен сіздің тегіңізге тиісуге еш хақым жоқ еді. Бірақ, дер кезінде Шахановтың тегіне тиіспегеніңіз туралы мәлімдеме жасамадыңыз. (Бұл жерде мен Шахановтың да, сіздің де жағыңызда емес екенімді ескертемін.) Мақалаға да жауап өте кеш беріліп отыр. «Алдына келсе, атасының құнын кешетін» қазақ - кешірімді халық. Сол себепті, кеш те болса, кешірім өтінемін. Тек сізден ғана емес, Хасен ағадан да. Сосын жастардың өз ойы, өз жолы бар. Олар Бутяның да, Шахановтың да дегенімен жүрмейді. Мен осы пікірде қаламын. Илегеніміз бір терінің пұшпағы. (Егерәки идея бір арнаға тоғысса, бірге ағамыз. Сіз де талай азаматпен бас қостыңыз ғой. Бүгін тілге тиек еткен Козловпен де.) Солай бола тұра, сізді тұқыртып, Шахановты, я Бутяны ақтап алғаннан не ұтам? Ал, енді «жас көкжалыңыз» сіз жаумен жалғыз арпалысқанда қайда жүрді? Осы сауалға әзілмен жауап қатайын. Сіз отыз жыл бұрын саясатқа келгенде бұл пақырыңыз дүниеге келмеген еді. Әке-шешеміз отбасын бәлкім құрды, бәлкім құрмады. Құрған күнде де, бесінші баласы дүниеге келгенше, кемі қанша жыл қажет? Сол себепті де, ол кезде мен сіздің, я саясаттың жанынан табыла алмадым. Ал, желтоқсан оқиғасы болып жатқан кезде бес айлық бала болатынмын. Ертегідегідей күн санап өсе алмадым. Онан кейінгі бес жылым жерден таяқ жеумен өтті. Аяққа тұрып, тәй-тәй басу бақандай бес жыл уақытымды алды. Ол кезде ел тәуелсіздігін алып, саяси сахна қызып тұрған болатын. Тілі жаңа шыққан бала қанша былдырлағанымен, ештеме түсініп болмайсыз ғой. Одан кейінгі он үш жыл жерден емес, елден таяқ жеумен өтті. Өзімдей өрім балалар намысы үшін, мықтылығы үшін жаға жыртысып, топ-топ болып төбелесіп жатқанда қарап тұра алмадық. Ал, игілік үшін күресіп жүрген батыстағы сізге, оңтүстік шығыстағы менің даусым ол кезде жете алмады. Бір жағынан дағдарыс қысып, әке-шешемізге болыстық. Онан кейінгі төрт жылым университеттің қабырғасында өтті. Пікір білдіру үшін де, оқымақ керек. Оқыдық. Ал, енді саяси һәм журналистиканың әлеміне де қаз басу үшін де кемі бес жыл қажет емес пе? Сол бес жыл жаңа басталды, аға! Тәй-тәй басқан баланың сүрінгеніне, жығылып жатқан жан ғана күледі. Қолдап демеу - парассаттылықтың белгісі.

Алтын уақытыңызды бөліп оқығаныңыз үшін алғыс айтамын!

Айтпақшы...

Айтпақшы, Жасарал аға! Қазақтың классик жазушысы Оралхан Бөкей: «Ит мені қапса, мен оны қапсам, иттен айырмам не?» депті. Коментарий жазғыш қауым етектен алды деп, балағына жабыссақ, иттен айырмамыз бола ма? «Ит итті қаппайды, ит адамды қабады». Осыны да ойлай жүрейікші. Бұл менің осы материалға пікір білдіретіндерге айтқан соңғы сөзім болсын!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5565