Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әттең... 9046 33 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 11:27

Ет өндірушілер қазақтың емес, ханзудың қамын жеп отыр ма?

Жақында ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы Қытайға мың тонна қой етін жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Аталған қауымдастықтың ақпаратына сүйенсек, қараша айының соңында Қарағанды облысынан 20 тоннаға жуық қой еті Қытайға экспортталған.

Айта кетерлігі, Қазақстан Қытайға тұңғыш рет ет өнімдерін экспорттап отыр.

«2018 жылы 29 қарашада 16,3 тонна көлемінде мұздатылған қой етінің контейнері Қарағанды қаласындағы теміржол вокзалынан Алтынкөл өткізу бекеті арқылы Үрімжі қаласына қарай жол тартты. 12 желтоқсанда контейнер Үрімжі-Батыс теміржол стансасында түсірілді. Ветеринарлық-зертханалық зерттеулерден кейін контейнер Гансу провинциясына жөнелтіледі», - деп мәлімдеді ҚР Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Бауыржан Бақшылов.

Еліміз ақпарат құралдарының жазуынша, еттің алғашқы партиясын қарсы алу рәсіміне ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдігі басшысының орынбасары Шыңғыс Есіркепов және Xinjiang KTZ International Logistics Co. Клиенттермен жұмыс бойынша менеджері Сейітжанов Мұхамеджан қатысқан.

«Қауымдастықтың жасаған алғашқы келісімшартының көлемі 300 тоннаны құрайды, олар жақын арада жеткізілетін болады. Бұдан басқа, осы шарт бойынша жеткізілімдер аяқталғаннан кейін Қытайға мың тонна қой еті экспортталады», - деді Б.Бақшылов.

Бұл жаңалықты Қытай ақпарат құралдары да жазды. Шығыстағы көршіміздің ақпаратына сүйенсек, қазақстандық тарап мәлімдегендей ет 12 желтоқсан күні Үрімжіге жеткен. Біздегі ақпараттан бір айырмашылығы жеткізілген 16,3 тонна еттің жалпы бағасы 280 мың юань екені айтылған. Бұл 15 миллион теңге деген сөз. Осы бойынша есептегенде біздің елден тұңғыш рет Қытай асқан қой етінің әр келісінің бағасы 920 теңге болып отыр.

Қазақстандық өндірушілер мұздатылған қой етінің экспортын төрт есеге ұлғайтқанын айтып мақтанып жүр. 2016 жылы 190 тонна қой еті экспортталса, 2017 жылы экспорт көлемі 900 тоннаны құрап, 4,2 есеге өскен. Бұл көрсеткіш биыл да біраз өскені сөзсіз. Өзімізден артылып жатса өзге елге экспорттаған әрине жақсы. Бірақ экспотқа шығарылатын өнім ел ішіндегі бағадан жоғары болғаны жөн.

Мәселен, өткен жылы біз өзгелерді жарылқап жатқанда, ішкі нарықтағы еттің бағасы 6,1%-ға шарықтап кеткен. Салыстырмалы түрде айтқанда, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше-мемлекеттердің бірде-бірінде баға дәл біздегідей құбылған жоқ. Мысалы, Арменияда еттің бағасы 3,7, Қырғызстанда 3,2, Ресейде 0,1%-ға ғана көтерілген. Еттің бағасы биыл да өсті. Желтоқсан айындағы мәліметке сүйенсек, елде ет бағасы 5-10 процентке қымбаттаған. Мұнда жылқы еті 10.5%, сиыр еті – 5,9%, қой еті 5,6%-ға өскен. Қой етінің бағасы 1500 теңгеге жуықтады.

Ал енді сұрақ туындайды. Қытайға экспорттаған мұздатылған қой етінің бағасы 900 теңге. Өз елімізде 1500 теңге. Сонда біздің ет өндірушілер қай халықтың қамын жеп отыр? Қазақтың ба, қытайдың ба? Өнімді экспортқа өзінің қажетін қамтамасыз етіп болған соң, мол пайда табу үшін шығармай ма?! Өз халқы қымбатшылықтан ет сатып ала алмай отырғанда, шетелге өз еліндегіден 40% арзан бағаға ет сатқаны қай сасқаны? Біз Қытайдың өз елінде тиын тұратын тауарларын 10-20 есе бағаға сатып алып отырған жоқпыз ба. Мәселен, бүкіл базарды жаулап алған Қытайдың кез-келген тауары өз елінде біздегіден әлдеқайда арзан екені сөзсіз. Ал біз керісінше өзімізде қымбат етті, оларға арзан бағада сатып отырмыз. Әлде «Қазақстанша бизнес» деген осы ма?!

Соңғы жылдары қытайлардың мал етіне деген қызығушылығы қатты артқанын ақпарат құралдары жазып жүр. Саны миллиардтан асатын көршіміз халқын етпен қамтамасыз ету үшін бізден ет сатып алуды бастаған екен. Біз үшін жақсы жаңалық. Бірақ осы мүмкіндікті пайдаланып ел қазынасына қаржы түсіре алсақ қана. Мәселен Қытайда ет бағасы удай қымбат. Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, биыл Қытайда соңғы бес жылдағы ең жоғары баға тіркелген. Қой еті өткен жылғымен салыстырғанда 16.4%-ға дейін ескен. Бұл мөлшермен 2000-да 3000 теңгені құрайды. Демек, Қазақстаннан импорт етілген ет бұдан үш есе арзан деген сөз.

Өз қазағына тастай қатты болғанымен, жатты жарылқағыш қазақ билігі осылайша Қытай көршісін тағы бір қуантты. Баста біз айтқан 16,3 тонна ет Үрімжіде қажетті ветеринарлық-зертханалық тексеруден кейін Гансу провинциясына жеткізіледі. Ал ол провинцияда Қазақстаннан барған осы еттің базардағы бағасы 2500 теңгеден жоғары болатынын Қытай ақпарат құралдары анық жазып отыр. Демек, кеңқолтық қазақ көршілерінен сатып алған қой етін Қытай тарапы тура үш есе қымбат бағада саудаға салмақшы.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530