Қарағандыда не жағдай болды? Ресми ақпарат не дейді?
Қаңтардың 1-інде Қарағандыда болған оқиға қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда.
Жұрт ұлтаралық қақтығыс деп сипат берген бұл оқиға туралы жергілікті құзырлы органдар ресми ақпарат таратты. Ресми тілдегі ресми ақпаратты қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.
Сонымен, Қарағандыда не болды? Облыс әкімдігі мен прокуратурасының мәліметі міне:
Қаңтардың 1-і күні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим" дейтін ресторанда жанжал болған. Оның арты жаппай төбелеске жалғасқан. Төбелес кезінде 1 адам қаза тапқан, және үшеуі жарақат алған. Жарақат алғандардың дені пышақталған.
Құзырлы орган ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) және 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қазірге дейін жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде жанжалға қатысы бар дегендердің үшеуі ұсталған және біреуіне іздеу салынған.
Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желілерде тарап кеткен ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Онда 2 адам қаза тапты делінген және жанжалға ұлтаралық сипат берген.
Шындығында жанжал екі компания арасында болған. Және ұлтаралық сипат алмаған. Өйткені әр топта қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де болған.
Тұрғындарды арандатушылыққа бой алдырмауға, тергеу органдары берген шын ақпаратқа құлақ асуға шақырамыз. Заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында, ұлтаралық араздықты қоздыруды қасақана жүзеге асыру ҚР Қылмыстық кодексінің 174 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуға әкеліп соқтыратынын ескертеміз.
Сол үшін де облыстық прокуратура тұрғындарды және БАҚ өкілдерін ресми құзырлы орган ақпаратын күтуге шақырады.
Құқыққорғау органы тергеудің ашық өтуін қамтамасыз етеді. Тергеу барысы туралы барлық ақпарат БАҚ-та және әлеуметтік желіде жарияланады.
Тергеу барысы облыстық прокуратураның қатаң бақылауында.
Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі
Abai.kz