Сәрсенбі, 6 Қараша 2024
Саңлақ 9088 13 пікір 8 Қаңтар, 2019 сағат 09:55

Қазақстандық спортшы Путинді пір тұтады

Қазіргі таңда қазақ билігі үшін халқтың көңілін аулаудың жалғыз жолы қалды. Бұл жол – әлемдік аренада жақсы өнер көрсеткен әнші не спортшының жеке жетістігін бүкіл елдің жеңісі ретінде көрсету. Жұртшылықтың жағдайын жақсарта алмаған билік ел назарын осыған аударып, көбімізді шатастырып отыр. Сөйтіп көп халық елдегі саяси-әлеуметтік өренің өскеніне емес, әншілер мен спортшылардың жолына телміретін жағдайға жетті.

Алайда билік әспеттеп, халық көтермелеген көп әнші мен спортшының елім деп еңіреп жүргендері шамалы. «Еліміздің атын шығарып, туымызды желбіретті» деген сол спортшылардың бірде әнұранды білмей, бірде мемлекеттік тілді білмей қалатынына етіміз үйреніп кетті. Сонда да жеке адамның кішігірім жеңістерімен елдің атағы аспандап кетпейтінін түсіне алмай өзімізді алдап жүрміз.

Осыдан тура бір ай бұрын Ұлттық Олимпиада комитеті 2018 жылғы «Жылдың ұлттық спорттық жүлдесінің» жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Сол кезде «Жыл жаңалығы» жүлдесін жас велошабандоздар Глеб Брусенский мен Евгений Федоров алды. Бұл спортшылар аталған жүлдеге лайық емес деуден аулақпыз. Себебі, Глеб пен Евгений 2018 жылдың қазан айында Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында велоспорттың командалық түрінен топ жарған. Алайда ұлттық жүлдені беріп, мақтаған жас спортшымыз жақында тамыры бос екенін байқатып алды.

Бір сұхбатында Глеб Брусенский өзінің жеке қызығушылықтары жайлы былай деп жауап беріпті: «Видео түсіріп, оны өңдегенді ұнатамын. Кітап оқимын. Көбінесе психологиялық, сондай-ақ, белгілі адамдардың өмірбаяны туралы оқығанды ұнатамын. Өмірде Владимир Путин, Александр Винокуров, Алексей Луценко және Петр Саганды пір тұтатымын».

Бұл жерде соңғы үшеуі велошабандоздар. Ал бірінші аты аталған адамды қалай түсінуге болады. Бізше айтқанда «бүкіл едің атын шығарып, туын желбіретіп жүрген спортшы» өзге елдің президентін үлгі тұтатынын айтып отыр. Сонда өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі болатын өз елімізде адам қалмағаны ма?! Әлде елдегі аға буын өкілдеріне ұқсап тәуелсіздіктің ұрпақтары да Ресейді әлемдегі ең мықты ел деп санай ма?! Бұған ширек ғасырда ұлттық идеологияны қалыптастыра алмаған қазақ билігі жауап бере ала ма?

Бұны оң мен солын білмейтін жас баланың әлі пісіп-жетілмеген шикі пікірі деп ақтармыз. Өткен жылы қыркүйекте бар қазақтың махаббатына бөленген Геннадий Головкин де спортшы үшін ең бастысы біз ойлағандай елдің атын шығау емес екенін көрсетіп берген еді. Кәсіпқой бокста жекпе-жек басталар алдында қарсылас қос боксшының және АҚШ елінің әнұраны орындалады. Алайда, 15 қыркүйек мексикалық  Сауль Альвареспен жұдырықтасатын біздің Гена осы рәсімнен бас тартты. Басқаша айтқанда, өзі «аспанға көтеріп, әлемге әйгілеп» жүрген көк туымызды аспанға көтергісі келмей қалған.

Енді футболшыларымыз жайлы айтайық. Футбол – өзге елдерде мемлекет қазынасына миллиондаған қаржы құйып отырған табыс көзі. Ал бізде ел бюжетінің майлы жілігін мүжіген масыл спорт.  Атақты «Global Sports Salaries» компаниясының жақында ғана жариялаған мәліметінше, Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орында тұр екен. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады екен. Шетелде футболшыларға төленетін жалақы қарапайым халықтың қалтасынан шықпайды. Әр команданың жеке иесі, өз демеушісі бар. Ал біздің елде бірнеше жүз футболшыға жылына 150 мың долларды халық төлеп беріп отыр.

Қарапайым халық ауызынан жырып берген ақшаға семірген футболшыларымыз аспанда қалқып жүр. Еуропа түгілі Ресейде доп тебе алмайтын біздің қисық аяқтар өздерін қол жетпес «жұлдыз» санайды. Халықтың есебінен жүргендерін ұмытып, халық алдында жауап бергісі келмейді. Біздің елдің футболшыларынан сұхбат алу әлемдік деңгейдегі атақты адамдардан сұхбат алғаннан қиын. Мәселен дәл осы футболдағы басты жүлде «Алтын доп» сыйлығын бес реттен алған Криштиану Роналду мен Лионель Месси тілшілерге сұхбат беруден бас тартыпты дегенді әлі естіп көрген жоқпыз. Сұхбат беру деген істеп жатқан ісіңнен ел алдында есеп беру екенін біздің футболшылар ешқашан түсінбес.

Ел алдында есеп беру былай тұрсын, қазақстандық футболшылар әнұран айтудан да намыстанады. Ұлттық құрамалар арасында матч басталарда қарсылас екі елдің әнұраны орындалатын дәстүр бар. Қазақстан құрамасы кіммен кездессе де қарсылас құраманың футболшылары өз елінің әнұранын жан-тәнімен айтып тұрады. Қарап қызығасыз. Ал біздікілер ернін жыбырлатудан аса алмайды. Кейбірі тіпті ернін де қозғамайды. Егер осы сөзімізге күмәнмен қарасаңыз, ғаламтордан Қазақстан құрамасының кез-келген матчын қайталап көріңіз.

Ұлан Қонысбаев деген футболшы бар. 2016 жылы ауыр жарақат алып, жасыл алаңға былтыр ғана оралды. Негізі тәп-тәуір ойыншы. Жақында сол футболшы өзінің Instagram stories-ында сурет жариялады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен салтанатты іс-шараға футболшыны шақырған екен. Ұланның өкінішіне орай арнайы шақыру билетіне оның фамилиясы Қонысбай болып жазылып кетен. Ал өз тегінің Қонысбаев болып жазылғанын мақтан көретін біздің жігіт ұйымдастырушыларға осыны ескерткен.

Шақыру билеті ресми құжат емес. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан жиналыс. Демек Ұлан Қонысбаев дегенді Ұлан Қонысбай деп жазудың еш оғаштығы жоқ. Оған бола сый-құрметім түсіп кетті деп санаса футболшының ой-деңгейінің дәрежесі осы деген сөз. Айтпақшы, неге бұлай жазғанын футболшының өзінен сұрадық. Алайда жоғарыда айтқанымыздай, өздерін өте мәртебелі санайтын қазақстандық футболшылар ешқашан сұраққа жауап берген емес.

Есімін қазақшалаудан ат-тонын ала қашқан футболшы жалғыз Ұлан емес. «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Серікжан Мужиков деген жігіт бар. Байқап отырғандарыңыздай тегі Мужиков деп жазылып тұр. Ал бұны футболшының өзі арнайы талап еткен. "Барлық БАҚ өкілдері тегімді «Мұжықов» емес «Мужиков» деп жазсаңыздар екен" деп сұхбат берген осыдан екі-үш жыл бұрын. Сөйтіп Серікжан орыстың «мужик» деген сөзі үшін атасының атын ауыстыра салған.

Сөз соңында бразилиялық атақты футболшы Роналдоның отаншылдығы жайлы айта кетейік. Әлем футболының аңызына айналған «қасқа тіс» Бразилия құрамасымен бірге екі мәрте әлем чемпионы атанған. 2002 жылғы әлем чемпионатында топ жарған соң Роналдо журналисттерге берген бір сұхбатында: «Мен енді Бразилияға қарыз емеспін» деген көрінеді. Қарапайым футболшы болса да Отан алдында өтейтін борышы бар екенін осылай сезіну керек. Бірақ, есімін ана тілінде жазудан намыстанып жүрген біздің футболшылардан бұндай ерлік күтудің өзі күлкілі.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1093
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1878
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1854