Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Біртуар 4876 0 пікір 10 Қаңтар, 2019 сағат 10:16

Әкем туған топырағын сүюге әзір еді...

Керекудің Аққулы мекені талай талантты тудырған киелі топырақ. Шарбақтының шаңын бұрқырата бұлқынған баланың атағы осынша асқақтайтынын білген бар ма екен ол кезде? «Домбыраның құлағында ойнайды» - деген сөз тура Рүстембек Омаровтай оғланның туа біткен талантына  қаратып айтылғандай.  Ғұмыры қысқа, дер кезінде бағаланбаған тау тұлға... Өмір заңдылығы да шығар. Талантты тірісінде бағаламайтын да өзіміз. Төрт қыздан қалған жалғызы Қарлығаш тарихи топырағына келіп тәу етті. Біз көкейімізді кезіп жүрген сауалдарды қойып үлгердік.

- Қарлығаш Рүстембекқызы, әкеңіз жайында интернет беттерінде «еш» мағлұмат жоқ. Бұл қалай болғаны?

- Түсінемін, білемін, мүмкін мені де кінәлайтындар аз емес шығар. Жас болдық па, ақылсыз ба едік, әйтеуір әкемнен тарихқа татырлық дүниелерін дер кезінде жинап, көпшілікке ұсынып көрмеппіз. Әкеме байланысты «әттеген-ай» дейтін тұстарым да жоқ емес. Бірақ барлық олқылықтардың орнын толтырып жүрген жайым бар. Павлодар қаласындағы мұражайларға да берген құнды материалдар бердім . Алдағы күнде жинақылық танытып, әкемді тағы бір мәрте әйгілі етермін.

- Динадай дарабоз күйшінің көзін көрген тұлғаның осал болмағаны анық. Осылып алға шығып, Алматыға да алқынып жетті. Өзін көрсетті, танылды, тамсандырды. Өнерін бағаласақ та, отбасы жайында білмейміз-ау бірақ та...

- Төрт тұяғы – төрт қыз едік. Тұңғышы Мақпал, екіншісі Гүлжиян, үшіншісі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне Шәмшінұр деп аталған әпкем, мен кенжесімін. Тағдырдың шешімімен алдымдағы үш әпкем де ортамыздан ғайып болды, анамнан жалғыз қалған менмін. Әкемнің екінші жұбайынан Нұрлан атты бауырым бар, бірақ өмірдің қисынсыз өткелдерінде онымен де байланысымыз үзіліп, бүгінгі күні әлі де іздестіріп жатырмын. Анамның алғаш некесінен туылған Айгүл әпкем Шымкентте тұрып жатыр. Отбасымыздың  жалпы көрінісі  осы, сіңлім.

- Әкеңіз жайындағы ең ыстық, ең іңкәр, ең жылы естелігіңіз?

- Мейлі соғыс ардагері болсын, мейлі атағы жер жарсын – әкем отбасылық өмірде шынайы әрі таза болатын. Төрт қызының оны еркелеткенін қатты қалайтын. Кезектесіп басынан сипап, шашынан тарайтын едік, бізді еркелетпек былай тұрсын, өзі бізге еркелегенді ұнататын (тамсанып). Қоғамда, көпшілікте тау тұлға, еңгезердей ер болса да үйінде махаббат пен жылулықты аңсайтын, жаны нәзік адам еді. Қазір сол керемет кездерді еске алып, тұңғиық та тәтті ойларға берілемін. Шаңырамызға өнердің биік шыңын бағындырған, бір сөзбен айтқанда «элиталар» көптеп жиналатын. Солардың көзін көріп, аялы алақандарын сезініп өстік. Ахмет Жұбанов пен Шәмші Қалдаяқов біздің үйге жиі келіп, әдемі әңгімелер өріп отыратын. Қайран, қайтып келмес кемел шақтар-ай. Өкінішім де жоқ менің. Әкемнің қызы болғаныма мақтанамын. Қараңызшы, бүгін мені әкемнің жерлестері жайраң да жарқын көңілдерін ашып қарсы алып жатыр. Қарапайым болмысыма, нәзік иығыма әкемнің атағының арқасында шапан арқалап кеткелі тұрмын. Бұның өзі бақыт емей немене. Мен терең толқыныста тұрмын. Тым жақын, тым туған, тым тылсым құбылыс болып жатыр ішімде. Әкем туған жерін жырға қосып, естеліктері де жүрегінен ерекше есіп отыратын. Туған топырағының – Аққудың, Шарбақтының топырағын сүюге әзір еді. Тағзым етер еді тізерлеп. Мен де бүгін бойымнан бұлқыныс атқан асқақ сезімде тұрмын. Бұл енді менің де туған жерім, мен оны бүгін анық аңғарып, шынайы сезініп тұрмын. Жерлестеріме аса рахметімді айтамын.

- Әкеңіздің өнерін жалғастырушы ұрпақтары бар шығар...

- Өкінішке орай, жоқ. Суретшілер, басқа маман иелері бар, бірақ музыканттар жоқ. Бірақ шөберелерінің арасынан сурылып біреу шығатын шығар, оған күмәнсіз сенемін. Мен де өз тарапымнан әкем жайында естеліктер жазып, оны тың тарихқа айналдыруға бар күшімді салып жатырмын. Жалпы, 2019 жылы әкемнің 100 жылдық мерейлі мерекесіне орай көп сыр ашылып, жұртшылыққа жаңалық жолданады деген нық сенімдемін. Өнер өзеуресін, өктем болсын, әйтеуір бір күні жанданады, жарқырайды, жалындайды. Әкемнің де өнері қайта жаңғырады, жылт етіп, жалт қарайды.

- Лайым солай болсын! Әуезді әңгімеңізге рахмет, Қарлығаш Рүстембекқызы! Ел-жұртыңыз қашан да ескеріп, елейтінін ұмытпассыз...

Әңгімелескен: Эльмира Абетжанова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048