Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 6024 16 пікір 14 Қаңтар, 2019 сағат 10:42

Ұлы адам

Ұлы тұлға туралы өз басымнан өткен, өзім куә  болған жайды ғана баяндайын. 1979 жылдың тамызында  Шымкенттегі Қазақ химия - технологиялық  институтын  бітіріп, одақтық жолдамамен (ол кезде  техникалық жоғарғы оқу орындарын  бітірген студенттерді Мәскеу арқылы одақтық өндірістерге арнайы бөлетін) Тәжікстанның  астанасы  Душанбеге  жақын  жерде  орналаскан Яван қаласындағы «Таджикхимпром» атты химия саласының үлкен өндірістік  бірлестігіне екі жолдасыммен бірге жұмысқа келдік.

Оныншы бесжылдықтың Бүкілодақтық екпінді алып құрылыстарының бірі боп саналған бұл үлкен өндіріс кешенінде  10,5 мың  адам  жұмыс  істейтін. Бұл химиялық зауыттағы инженер-техник қызметкерлер мен басшы кадрлар  негізінен Мәскеу, Киев, Горький, Волгоград, Иркутск, Ангарск, Баку, Ачинск, Новомосковскі мен Стерлитамак қалаларынан келген болатын. Кешендік кәсіпорындағы 5 өндірістегі 35 цехтың ішінде жергілікті тәжік ұлтынан бір ғана цех бастығы болды. Сол өндірісте 3-4  жыл қызмет  атқарғаннан кейін компартия қатарына  кабылданып, 500 адамдык күрделі цехтың  бастықтығына тағайындалдым. Ол жерлерде қызмет еткен жылдары жергілікті тәжік, өзбек халықтары өкілдерінен қаншама инженер-техник  кызметкерлер дайындадық. Мен басқарған ұжым бірнеше рет Социалистік жарыстардың» жеңімпазы атанды. Марапаттар мен беделге де ие болдық...

Бір күні осы зауытта жұмыс істеп жүрген Иркутскі қаласына жақын жердегі Ангарскі химия зауытынан арнайы шақыртумен келген Какенов Қуантай деген қазақ кісімен танысып, кейінерек отбасымызбен араласып кеттік. Қуантай  «Хлор  және  Каустик»  өндірісінде  Бас технолог боп қызмет атқаратын еді. Оның  туған  жері Қостанай  облысы  екен. Әйелі Сібір орысының қызы, бір ұл, бір қызы бар. Туыстарынан қалған немере қарындасы Сәния мен інісі Нұрланды, әкесінің 90-ға жақындаған апасын да қасына шақыртып алыпты. Ал өзі болса, қазақшаны нашар біледі екен. Апамызбен, Сәниямен жақын таныса келе  Қуантайдың  балалық  шағы  Солтүстік облыстардағы тың игеру кезінде өткенін, ал оның әкесі Қадырдың сол өңірлердегі белгілі саятшы, беделді, әрі тұрмысты, ауқатты  кісі  болғанын естіп білдік. Табиғаты сұлу, ата-бабасынан  келе жатқан «Айнакөлдің» жағасында  тұрыпты. Үйлерінен сыйлы қонақтар үзілмепті.

Сол тың игерген 1955 жылдары Қазақстан өкіметінің  басшылары тың  игерілген жерлерді  аралап  жүргенінде іштерінде Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев  ақсақал да  бар, техникалары  батпаққа  тығылып, кешке қалып қояды. Сонда  жергілікті басшылар сол маңайда тұратын Қадыр ақсақалдың үйіне әбден шаршап, титықтаған  қонақтарды бастап келеді.  Ол кісі тез арада малын  сойып, басшыларды жақсылап күтіп, домбыра, сырнайымен Арқаның сұлу сазды, арқалы әндерімен құлақ құрыштарын қандырып, әңгіме-дүкен құрып қонақтарын демалдырып, ертеңіне шығарып салған екен.

Ол кездері айналаның тұрғындары ССРО-ның әр жерінен айдалып келген  түрмеден  шыққандармен  қатар, алып елдің түкпір-түкпірінен жер  ауып  келген түрлі ұлт өкілдерінен тұрыпты. Бұл кезеңдер халқымыздың ұлт азаттық көтерілістері мен төңкеріс, азамат соғыстары мен ашаршылық, соғыс нәубеттерінен кейінгі азшылыққа айналып тұрған уақыттары екен. Қазақтар сол жерлерде 4-5 үй ғана  болса  керек, қысқасы  ол  кісілер  Қадырдың үйіне қонып  шығады. Мылтықтары  мен  азулы бөрібасар  иттері  бар  Қадекең өкімет  басшыларының қауіпсіздігі мен демалысын ойдағыдай  қамтмасыз  еткен  болуы  керек, Димаш  ақсақал  ертеңіне  10  жасар  Қуантайды  көрсетіп: «Осы  балаңды кейін оқу бітіргесін  маган жібер!» - деп, ризашылықпен аттанады. Қонаев ақсақал кейінірек іс-сапармен Қостанайға  келген сайын арнайы ат басын сонда бірнеше мәрте бұрыпты.

Қуантай мектеп бітірер кез жақындағанда  әкесі  мен  шешесі о дүниелік боп кетеді. Одан соң әскер қатарына шақырылып, Қиыр шығыстағы Тынық мұхиты  әскери-теңіз  флотында  4 жыл теңізшілік қызметті абыроймен атқарып, флот қолбасшылығының арнайы жолдамасымен  Иркутскідегі  политехникалык  институтқа  түсіп, оны үздік бітіргесін Сібірдің химия зауыттарында бірнеше жыл бойы жұмыс істеп, «10-шы Бесжылдықтың Екпінді құрылысы» «Таджикхимпромға» жолдамамен келіп жұмыс істегеніне де 5 жылдай уақыт өткен екен. Әңгіме арасында елге қайту жайлы сұрағанымда, онда ешкімнің күтіп отырмағанын, бірақ баспананың да басты мәселе екенін алға тарта отырып, енді  қаншама  жылдардан соң мүмкіншілік болып жатса, әрине елге оның ішінде Қостанайға барып тұрғысы келетінін армандап жүргенін айтты.

1984 жылы мен Қуантайдың жалғыз туысқан қарындасы Сәниямен, апамызбен ақылдасып, жоғарыдағы Қуантайдың басынан өткен жағдайларды түгел баяндап, КПСС Орталық комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа арнайы қазақша хат жазып, оны Алматыға Сәниядан беріп жібердік. Сәния Душанбе – Алматы рейсімен ұшып барып, Үкімет үйіне қабылдауға барғанда, ол кісінің жұмыс орнында жоқ, іс-сапарда ұзақ болатынын айтқан көмекшісіне хатты тапсырғанын, Алматының да өзіне өте ұнағанын айтып келді.

Әлі есімде, Сәнияның сапарынан 1,5  ай өткен соң, Тәжік ССР- і басшылығы  мен Қорған-Төбе обкомы, Яван ауданының  басшылары  мен  зауыттын  Бас  директорына дейін дүрліктірген оқиға болды. Ол Совет Одағы Компартиясының Орталық Комитетінің  Саяси Бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясының ОК нің 1 хатшысы  Д.А.Қонаевтың  атынан  Какенов Қадірұлы Қуантайға арнайы қызмет орындарының әкелген «Үкіметтік хаты»  еді. Онда Какенов Қуантайды Қостанайдағы  салынып  жаткан  химволокно  зауытына өз мамандығы бойынша Бас технолог қызметіне  шақырылғаны және қала орталығынан 4 бөлмелі жаңа пәтер берілетіні, бір ай ішінде жаңа қызметке кірісу керектігі  айтылыпты. Бұл Қуантай үшін де, біз үшін де төбеден түскен жай сияқты оқиға  болды. Себебі сол баяндалған кезеңдерден бері 30 жылдай уақыт өтіп кеткендіктен біз мұндай жағдайдың болатынына сенген де жоқ едік. Содан не керек Какеновтер отбасын жақсылап, улап-шулап Қазақстанға шығарып салдық...

Міне қазір Какеновтар отбасы Қостанай қаласындағы сол пәтерінде тұрып жатыр. Мен 7 жылдай  жұмыс істеп,  елге 1986 жылдың қаңтарында оралып, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытына жұмысқа орналастым. Сәния медициналық техникумды Куляб қаласында бітірген ұлы Маратпен бірге 1992 жылы Шымкентке келіп осында тұрақтап қалып, ұлын Шымкенттің қызына үйлендірді. Марат медицина институтын бітіріп, білікті дәрігер атанды. Сәния бірнеше немерелер сүйіп, осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Топырақ марқұмға Шымкент жерінен бұйырды...

Заманында Елінің ар намысы мен туы болған Д.А.Қонаев ақсақалдың  адамгершілігі  мен  үлкен қасиетті  адам  екенін  осы  бір  оқиғаның өзі  көрсетіп тұрған жоқ па?! Ал ондай оқиғалар Ұлы Ақсақалдың өмірінде жетіп артылады...

Ілесбек Байжанов

Abai.kz

 

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5398