Серік Әбілхан. Экономикалық көрсеткіш көтерілсе, әлеуметтің әлеуеті артады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен он-лайн тәртібінде облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісі болып өтті. Алқалы жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау орындарының басшылары, қала, аудан әкімдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау саласына «жедел жәрдем» қажет
Өңірдегі денсаулық сақтау саласына жедел медициналық көмек көрсету қажет. Ұзын сөздің қысқасы осы. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, бұған дейін сан мәрте айтылып, айызы қанған медицина мекемелеріндегі түйіні қиын түйткілдер облыс әкімдігінің бұл жолғы отырысында тағы да сын тезіне ілікті. Баяндамашы - облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерлан Масалимов. Бір ерекшелігі ол өзінің әзірлеп әкелген баяндамасын бастан-аяқ мемлекеттік тілде жасап, бәрімізді бір серпілтіп тастады.

Басқарма бастығының деректеріне жүгінсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаржысы 34 386 млн. теңгеге, яғни, 99,7 пайызға орындалыпты. Ал үстіміздегі жылы аталған салаға бөлінген қаражат мөлшері 42 922,5 млн. теңгені құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 24,6 пайызға өскен. Тегін медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін былтыр 31 263,1 млн. теңге қаржы қарастырылса, биыл оған 38 601,9 млн. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталмақ. 2015 жылға дейін адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығын 69 жасқа жеткізу, 28 ауылдық амбулатория салу, Өскеменде қан орталығының, Семейде туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құрылысын аяқтау және осы қалаларда көпсалалы ауруханалар салу жоспарда бар.
- Емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, заманауи технологиялармен жабдықталуда. Оған былтыр 1 127,6 млн. теңге қаражат бөлінген, соның ішінде - жергілікті бюджеттен 503,7 млн. теңге, республикалық бюджеттен 623,9 млн. теңге. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 436,9 млн. теңге қаржыға 24 ден-саулық сақтау нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 718,9 млн. теңгеге 14 медицина мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек денсаулық сақтау нысандарын салуға 4 334,9 млн. теңге қаржы бағытталды, - деп атап көрсетті Ерлан Масалимов баяндамасында.
Қарап отырсақ біршама істің басы қайырылған сияқты. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаржының мөлшері де аз емес, ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ неге екені белгісіз, қарапайым жұртшылықтың ақ халатты жандарға деген өкпесі қара қазандай. Көңілі толмаған көпшіліктің жолдаған арыз-шағымынан сүрініп жығыласыз. Ауруханаға қаралу керек десеңіз қос қолын төбесіне қойып зарлайды бәрі. Неге? Адам өміріне араша түсуші абзал жандарға деген халықтың көңілі неге суыды? Жауап біреу-ақ - медицина мекемелеріндегі құлқын сәріден тұратын ұзын сонар кезек күту мен сапасыз дәрігерлік қызмет көрсетуден онсыз да басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық әбден қажыды. Бұл мәселені аймақ басшысы да жақсы біледі.