Сенбі, 23 Ақпан 2019
Әдебиет 2958 5 пікір 17 Қаңтар, 2019 сағат 13:05

Қазақ әдебиетінің жауһарлары әлемнің алты тіліне аударылады

Қазақ әдебиеті антологиялары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылады. Бұл туралы кеше Ұлттық аударма бюросының ұйымдастыруымен өткен “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” атты жиында айтылды.  Оған Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері келді.

“Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” – президент Н.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасының бір тармағы. Жобаның мақсаты  - тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерді әлемге таныту. Соның ішінде, аталған жоба аясында қазіргі қазақ прозасы мен поэзия жинақтарын 6 тілге аудару қолға алынған.

Ал, осы жұмысқа қатысып жатқан шет елдік аудармашылар мен баспагерлер, туындылары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асып жатыр. Сол баспаның өкілі Джейн Котарин Маннның айтуынша, бұл баспамен жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі бизнес көшбасшылары екен. Алайда, кейбір әдеби шығармаларға да ден қояды. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті ағылшын елдеріне тараса, қазақ халқы өзінің мәдениетін кеңінен насихаттай алады. Ал, бүгінде университет баспасының әлемде 50 ден аса кеңселері бар екен.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы:

-“Аударма – әйнектің астындағы гүл сияқты” деген сөз бар. Сол гүл өзінің жұпарын шашып берердей, сұлулығын көрсететіндей болу керек.

Ал, қазақ әдебиеті шығармаларының БҰҰ ның 6 тіліне аудару деген бұрын болмаған дүние. Біздің әдебиетті өзінің деңгейінде аударып беру үшін үлкен еңбектер жасалып жатқанын байқаған боларсыздар.

Бізде аударма деген бұрын да болды. Бірақ, ол кезде әрбір жазушы өз шығармасын өзі аудартып, аудармашының соңынан жүгіріп жүретін. Ал, бүгін керісінше, аудармашылар авторларға өзі келіп отыр. Бұл - шын мәнінде құптарлық дүние.

Әкпар Мәжит, жазушы, аудармашы:

-Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына биыл 28 жыл болады. Осы жылдар ішінде осындай ұлы мәдениет жобасын жасау өте маңызды іс. Мен осындай үлкен жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Біз қазақ даласын мәдениеті арқылы ғана танимыз.

Қытай тіліне аударылған қазақ шығармалары менің білуімше, Абайдың қара сөздері мен өлеңдері. Және  Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” туындысы.  Мәселен, мен Абайдың қара сөздерін 95 жылы аудардым. Содан бері ол он реттен астам қайта басылды. Оқырмандарға кең таралып жатыр. Аударма деген сондай, оқырман жақтырса өмір сүреді. Жақтырмаса жай ғана қалып кетеді.

Бұл істе журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызының да атқарып жатқан жұмыстары орасан. Ол осы жиында жиында аударма саласының техникалық жақтарын түсіндіріп өтті.

Әсия Бағдәулетқызы, мәдениеттанушы:

-Орыс ортасында қазақ тілін жетік білетін мамандар аз. Ал, орыс ортасында сондай болса, ағылшын тілді ортада мүлде аз екені түсінікті. Сондықтан біз жолма-жол аудармамен жүруге шешім қабылдадық. Ол ең алдымен, қазақ тілінен ағылшын тіліне аудару. Оған Қазақстандағы аударма ісін бітірген аудармашылар, осы уақытқа дейін бұл салада тәжірибесі бар мамандар тартылды.

Одан кейін жолма-жол аударманы қазақ тіліндегі түпнұсқамен салыстырып, кейбір бұрмаланып кеткен түсініксіз тұстарын қайтарып бердік. Сосын жолма-жол аударманы түзетіп өзімізге алған соң, оны Англиядағы бізбен жұмыс істейтін редакторларға бөліп бердік.Онда екі топ бар: поэзия және проза.  

Ол кісілерде жолма-жол аударманы үстінен қарағаннан кейін қайтарып береді, біз қайтадан түпнұсқамен салыстырып отырамыз. Сөзбе-сөз аударма жасалғанымен, ең маңыздысы мағынасын бұзбауын қадағалап отырдық. Қазір осы екі аударма аяқталуға жақын.Ал, ондағы Сол екі туындаған сұрақтарды авторлардыің өздеріне қойып, ой бөліск қажет деп ойлаймыз.

Түйін.

Жалпы, бұл жұмысқа 50-ден аса маман тартылған. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр. Осы жұмыстар аяқталса, әлем қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысатын болады.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

5 пікір