Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Біздің шенеунік 10550 13 пікір 23 Қаңтар, 2019 сағат 08:32

"Шоқынған" әкім Әшімбетов енді "тәржімашы" болып жүр

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласының «атағы» аспандап тұр. Неге десеңіз, шахтерлер қаласының әкімдігі таяуда «айды аспаннан бір-ақ шығарып», хритиандардың шоқыну рәсіміне арнап қазақтың киіз үйін тігіп берді. Өздері «қонақжайлылыққа» балаған бұл әрекетті әкім-қаралар суға түсушілерге аста-төк бауырсақ, яғни, ұлттық тағамымызды таратумен «әспеттеді». Осылайша, рухани жаңғырамыз деп жүргенде, ұлттық құндылықтарымызды өзге діннің қолжаулығына айналдырды.

Шоқыну рәсіміне тігілген киіз үй

Киіз үй ішіндегі дастархан

Тұрғындардың айтуынша, Екібастұздың Крещениеге киіз үй тігуі бірінші рет емес екен. Солнечный кентінде орналасқан МАЭС-2 кәсіпорны жартылай жалаңаштарға жыл сайын киіз үйді паналатып үйренген көрінеді.

Жалпы, осындай өрескел әдеттерді екібастұздық шенеуніктердің бойынан бұрыннан байқап келеміз. Бұлардың Құрбан айт пен Рамазан айының ауызашарына жұртты шақырғанда, өзге діннің шал-кемпірлерін, нақтырақ айтсақ, бұрынғы қызыл коммунистерді қоса жинап алатыны бар. Олар сонда алақандарын жайып ишара танытып отырса, бірсәрі. Шақырам десе, Екібастұз бен оның маңындағы ауылдарда аузы дуалы ақсақал немесе жалғызбасты қария қаншама?!

Әлеуметтік желідегі киіз үй дауы суымай жатып, кеншілер шаһарында тағы бір «қызық» болды. Бұл енді қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің ауыл халқы алдындағы есеп беру жиынында болған жайт.

Әкімдермен бірге халық алдында жергілікті полиция қызметінің басшылары да есеп беретіні белгілі. Былтыр осындай есеп кезінде Екібастұз қаласындағы жергілікті полиция қызметінің бастығы Елнұр Букаев Бесқауға ауылы халқының алдында орыс тілінде баяндама жасаймын деп ұятқа қалған. Оның баяндамасы аяқтала бере жергілікті тұрғындардың бірі: «Түк түсінсем бұйырмасын!» - деп, елді күлкіге қарық қылғанын ұмыта қойғамыз жоқ. Есесіне ол жайт жергілікті полиция қызметі мамандарының жадынан жылдам өшкенге ұқсайды.

22 қаңтар күні осы өңірдегі Ақкөл ауылдық округінде Елнұр Букаевтың орынбасары Сәбит Қожелдақов орысша зуылдай жөнелмесі бар ма? Біле білсек, Шідерті немесе Әлкей Марғұлан ауылдарындағыдай түрлі ұлт аралас ауыл емес, Ақкөл – қазақылықтың қаймағы қалқып тұрған ауыл. Ол жерде орысша сөйлеудің тіпті қисыны жоқ.

Бір жақсысы, қазір жұрттың санасы ояу емес пе. Ауыл ақсақалдарының бірі – кезінде өзі де мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Қабылқайыр Райымқұлов орнынан тұрды да, полиция қызметкерінен «Бізге орысша баяндамаң қажет емес!» - деп, өзге тілдегі есепті тыңдаудан бас тартты. Ал полиция қызметі басшысының орынбасары қазақша білмейтін болып шықты. Ақыры Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің тәржімашы міндетін атқаруына тура келді. Мемлекеттік қызметші мен қарапайым халықтың бір-бірімен өз тілінде ұғыса алмауынан сорақы не бар екен?!

«Бұрынғы әкімдерді шоқыну рәсімінен көрмеуші едік қой, Әшімбетов онда неғып жүр?!»

Жалпы, қазіргі уақытта Екібастұзда мемлекеттік тіл, ұлттық дәстүр жайы осылайша қожырап тұр. Бұл, сірә, қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Нефедованың салғырттығынан болса керек. Әйтпесе басшысын қалың елдің алдында қарабет қылмай, Крещениені шатыр тігіп атқаратын жөні бар емес пе еді?! «Қырып аласыңдар ма?!» дегендей бедірейіп дегенін істеді. Енді, міне, Екібастұзда әр аялдамада, әр үйдегі үстел басында күбір-жыбыр, сол киіз үй туралы әңгіме, «Бұрынғы әкімдерді шоқыну рәсімінен көрмеуші едік қой, Әшімбетов онда неғып жүр?!» деген жауабы белгісіз сұрақтар...

Тіл демекші, Екібастұзда тіл мәселесі қараң қалғалы қашан. Алысқа бармай-ақ, әкімдікте өтетін жиындардың бірнеше жылдан бері мемлекеттік тілде өтпей келе жатқанын атасақ та жеткілікті. Түркістанды көркейтем деп кеткен бұрынғы әкім Қайрат Нүкеновтің тұсында да солай болған. Онымен қатар, көшелер мен мекемелердегі маңдайша мәтіндері толы қате. Оны реттейтін Нефедованың жайы әлгіндей. Тіпті алда-жалда алдына таза қазақша жазылған құжаттар мен есептер бара қалса, көгеріп-сазарып қалатыны бар.

Біз білетін Екібастұздағы тіл мәселесі осындай. «Орыстанған» деген таңбадан арыла алмай жүргенде, «шоқынған» атанып кетеміз бе деген қорқыныш қосылып тұр...

Аслан Өмірзақ, Екібастұз

Abai.kz

13 пікір