Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4565 5 пікір 28 Қаңтар, 2019 сағат 12:46

Жаса, бұзықтар жылы!

–Балам бері келші, – дедім мен қуанғанымнан атып тұрып,–киноға түскенсің бе не? Инстаграмда жүрсің ғой?
Балам жетіп келіп, ұялы телефоныма үңілді де:
–Ікке, кино емес қой, бөтен мектептің үш баласын қатар тұрғызып қойып, он шақты сыныптастарымызбен жабыла ұрып тастадық!
–Әкелші бетті, адам болайын депсің ғой? Мына жығылған баланы тепкілеп жатқан сен бе?
–Мен ғой әке.
–Адам болу деген осы! Әкелші бетті! Үммә, үммә! Әй, мамасы? Мамасы!
Әйелім келді.
–Баламыз адам болыпты! Тоғызыншы сыныпта жүріп, «групповой» төбелескке қатысыпты!
–Ойбуу, рас па? Нағашы жұртына хабарлап, сүйінші сұрайын! –деген әйелім ұялы телефонын құлағына жабыстырды, –Әләу? Мама? Немереңіз мектеп аралық жарысқа, ой, төбелеске қатысып, бірінші орынды жеңіп алыпты! Не дейсіз? Халықаралық төбелеске қатыссын? Ондай төбелес жоқ қой мама! Қатты қуанып отырмыз! Біздің тәрбие ғой, біздің! Ия, ия, үндемей, үйде жүре берсе қайтер едік? Аты шықты! Ия, ия, әлеуметтік желі арқылы баламызды бүкіл Қазақстан танып жатыр! Білім министрлігінен құттықтап жатыр!
–Ойбаай, мына жығылған баланың үстіне отыра кеткен сен бе? Ішінен тепкілеген сен ғой? Қалай, қай жерінен тепкілеуді біледі біздің бала! –дедім мен қуанышым қойныма сыймай. Бір кезде мектеп директоры келіп, қолымды қысып, сілкілеп тұрып алды:
–Сіздің ұлыңыз үлкен ерлік жасады! Мұндай жағдай бұрын–соңды болған емес! Қатты әсер етті. Қуанғанымыздан бұтымызға жіберіп қоя жаздадық! Біздің мектептің абыройын асқақтатқан балаңызға қарғыс... ой, алғыс грамотасын алып келдім! Өзіміздің мектептің баласын ұрмай, бөтен мектептің оқушыларын сыныптастарымен жабыла ұрып құлатқан ғой?! Бәрі жабылып ұрған! Не деген татулық, не деген бірлік, не деген ынтымақ десеңізші? Бірігіп ұру деген– татулықтың белгісі! Биылғы жастар жылы осындай болса керек!
Мен мектеп директорын құшақтай алдым. Оның көздері күлімдеп, кәдімгідей масайрап қалды.
–Әке, тіліне темекінің шоғын бастым ғой! –деп масаттанды балам. Директор оның арқасынан қақты.
–Әке, шешесінен боқтадық!
–Әдеби тілде боқтағаны қандай жақсы болған! –деп директор одан сайын мақтанды.
–Өліп қалса ше? –деп қалды әйелім.
–Ой, ондай оқиғалар күн ара болып жатыр емес пе? Полиция деген кейбір сиырдың алдына бір қапшық жоңышқа, ой кешіріңіз, ақша тастай салсақ, соны жеееп тұра береді олар, –дедім мен. Не керек, бір кезде полиция тергеушілері келіп, бірі қолымды алды.
–Тәртіпсізұлы Бұзықбайдың әкесі сіз бе? –деп сұрады ол.
–Ия.
–Құтты болсын! Балаңыз үшін курортқа отыз күндік жолдама алдыңыз!
Неткен қуаныш, неткен, бақыт, он күн болды, түрменің төрінде демалып жатырмын! Бақа болсын, басқа болсын, баламның арқасында! Жаса, бұзықтар жылы!

Мұхтар Шерімнің facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053