Жексенбі, 24 Қараша 2024
4045 1 пікір 1 Ақпан, 2019 сағат 11:08

Каспий конвенциясы. 20 жылға созылған келіссөз туралы

Сенаторлар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялады. Яғни, заңдастырды. Сенаттың отырысына спикер Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті.

Ал конвенция депозитарийі  - Қазақстан Республикасы. Бүгін 20 жылға созылған келіссөз туралы сөз шығармақпыз...

Бұл конвенция Каспий теңізін жағалай орналасқан бес ел үшін өте маңызды құжат. Осы құжатта оның қойнауын, түбін, суын, балығын, табиғи ресурстарын, оның әуе кеңістігін пайдаланудың әр мемлекетке тиесілі құқы көрсетілген. Осы құжатта шекара белгіленген. Қай мемлекетке қанша территориядан тиесілі екені келісілген. Енді тараптар сол келісім бойынша Каспий теңізіне меншіктік етеді. Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің айдыны түрлі тәртіптегі аймақтарға бөлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:

-Бұл өте маңызды құжат. Сыртқы істер министрлігі 20 жыл бойы келіссөздер өткізді. Ақыры 5 мемлекет оң нәтижеге келді. Сондықтан тарихи оқиға деп күмәнсіз айтуға болады.

Михаил Бортник, сенатор:

-Қаралып отырған Конвенция бұдан былайғы ынтымақтастықтың негізі құралатын тұғырнама ретінде басты құжат болып табылады. Қабылданған Конвенцияға жағалық мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын сәйкес келтіру жөніндегі ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді, қазірдің өзінде Каспийдегі  экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және ынтымақтастықтың басқа да түрлерін тереңдету және кеңейтуге зор мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда бес ел - Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойған еді. Сөйтіп, шекарамыз түгел дерлік бүтінделген. Осылайша, 20 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келген келіссөздер өз нәтижесін беріп, Каспий маңы елдері ортақ мәмлеге келген.

Бесінші Каспий саммиті барысында қабылданған нақты шешімнің бірі - теңізде әскер орналастыруға тыйым салынып, оны тек экономикалық мақсатта игеруге келісім берілген.

Каспий келіссөздерінің осынша ұзақ уақытқа созылу себебі, Каспий жағалауында орналсақан елдердің ортақ шешімге келе алмауында екені сөзсіз. Каспийдің құқықтық мәртебесі осы кезге дейін екі елдің – Кеңес Одағы мен Иранның арасында жасалған келісіммен реттеліп келеді. Кеңес үкіметі тараған кезде Каспий жағалауында тағы 4 ел пайда болды – Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Ресей. Осылайша, енді Каспий теңізін екі елдің емес, 5 елдің арасында бөлуге тура келді.

Каспий келісімін тығырыққа тіреп келген басты мәселенің бірі оның атауына байланысыты болды. Каспий жағалауындағы бес ел оны теңіз деп санау керек пе, әлде көл деп тану дұрыс па деген талас төңірегінде келіссөз жүргізіп келді. Өйткені Каспийдің табиғи байлығы мен су айдынының қалай бөлінетіні оның көл немесе теңіз деп танылуына байланысты болатын.

Бұған халықаралық теңіз құқығы нормалары себеп болып отыр. Бұлай дейтініміз, 1982 жылы 10 желтоқсанда Ямайканың Монтего-Бей қаласында қабылданып, 1994 жылы 16 қарашадан бері атқарылып келе жатқан БҰҰ теңіз құқығы жөніндегі халықаралық конвенциясында теңізді пайдалану жайлы ережелер анық көрсетілген. Онда теңіз жағалауында орналасқан кез-келген ел сол теңіздің жағалаудан 200 миль (370 шақырым) көлемiндегі экономикалық аймағын пайдалануға құқығы бар деп бекітілген.  Осыған байланысыты өз бөлігенде мұнай-газ мөлшері молынан табылған Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей елдері Каспийді теңіз деп тануға мүдделі. Осы арқылы олар жоғарда аталған БҰҰ-ның қаулысы бойынша өзіне тиесілі өңірдің байлығын еркін игермекші. Ал Түрікменстан мен Иран бұған келіспейді. Олар Каспий теңіз емес - көл. Сол үшін Каспийдің байлығы бес елге ортақ. Ал оны игеру үшін көлдің ортақ иесі саналатын бес елдің келісімі керек деп есептейді.

Бұл елдердің Каспийді теңіз емес деп шыр-пыр болатын да жөні бар. Осылай болғанда халықаралық теңіз құқығы нормаларын айналып өтуге болатынын айттық. Және олардың Каспийді теңіз деп танымауына негіз де жоқ емес. Себебі, Каспий ешқандай мұхитпен немесе теңізбен тікелей тұтаспайды. Тек Самур,  Еділ,  Жайық,  Терек, Құр қатарлы бес өзен құяды. Каспийдің осы ерекшелігін өз көзқарастарына көпір еткен екі ел күні кешеге дейін оны теңіз деп танудан бас тартып келді. Алайда, Ақтауда қабылданған конвенцияның бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған жобасына қарасақ, жағалаудағы бес ел Каспийді теңіз деп тануға тоқтаған тәрізді. Себебі, осы мәселе шешілмесе Каспийдің суы, табаны, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін пайдалану туралы келісімге келу мүмкін емес. Жиналысқа қатысушы бес ел басышылары да Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қоймаған болар еді. Осыған қарап Каспийдің теңіз мәртебесінің мойындалуына ең белсенді түрде қарсы болып келген Иран да райынан қайтқан секілді деп межелеуге әбден мүмкіндігіміз бар.

Егер Каспий теңіз деп танылып, кеше қол қойылған конвенцияда БҰҰ-ның халықаралық теңіз құқығы нормалары басшылыққа алынатын болса, бұдан біздің ел ұтылмайды. Себебі, Қазақстанның Каспийдегі үлесі 29,6%. Оның үстіне теңіздің солтүстік, солтүстік шығыс бөлігінде мұнай, газ байлығы басқа жақтарға қарағанда мол. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының жартысынан астамы теңіздің қазақстандық бөлігінде жатыр деген болжам бар. Ақыры сөз бастаған соң бізден басқа төрт елдің де теңізден алар үлесін көрсете кетейік. Әзірбайжанның үлесі – 19,5%, Ресейдікі – 18,7%, Түрікменстандікі – 18,4%, Иранның үлесі 13%. Осы санды мәліметтерге қарап-ақ, Иран елінің ұзақ уақыт бойы Каспийге теңіз мәртебесін қимай жүрген себебін түсінуге болатын секілді.

20 жыл жағаласып жүріп, теңізді пайдалану үлесі мен иелік ету аумағын анықтап, Ақтау төрінде қажетті құжатқа қол қойылғанымен, Каспий мәселесі бірден шешіле қоймайды. Каспийдің Қазақстан жақ жағалауына келіп жайғасып, Маңғыстау жұртының марқа көңілмен жайған дастарқанынан дәм татқанына мәз болып, барлық мәселені бір жолда шешіп, қол алысып қайтатындай бес елдің басшысы ауыл үйдің ұсақ шаруасымен жүрген жоқ. Бұл дегеніңіз аталған бес елдің экономикасына тікелей әсер ететін ірі мәселе.

Алдымен Каспий маңының қауіпсіздігі талқыға түсері сөзсіз. Осыған байланысыты Ақтауда қабылданған конвенцияда теңізде жағалаудағы бес мемлекеттен басқа елдің әскери күштерінің болуына тыйым салынатыны анық көрсетілді. Құжаттағы бұл норманы Каспий теңізіндегі ең озық әскери-теңіз күштері бар ел – Ресей қолдап отыр.

Негізі Каспий маңында өзге елдің әскері пайда болуынан алаңдап, мәлімдеме жасаған дәл осы Ресей ақпарат құралдары мен сарапшылары болатын. Мамыр айында Ресейдің белгілі ток-шоуына қатысқан қонақ сөз арасында «Қазақстан АҚШ-тың Каспий теңізі жағалауында әскери база құруына қосылды» деген болатын. Бұған Қазақстан арқылы өтетін америкалық әскери емес жүктердің транзитіне қатысыты мәселе себеп болған көрінеді. Өйткені, биыл мамыр айында Елбасы Ауғанстанға жүктерді жеткізу туралы АҚШ-пен арадағы келісімге енгізілген түзетулерді мақұлдаған болатын.

Тағы бір түйткілді мәселе, теңіз табанымен суасты құбырын жүргізу мәселесі. Конвенцияда «тараптар Каспий теңізінің табанымен суасты құбырын жүргізе алады» делінген, бірақ, ол үшін теңіздің құбыр не кабель жүргізілетін секторына иелік ететін тараптың келісімін алуы керек.

Түрікменстан теңіз табаны арқылы өз газын Әзірбайжанға жеткізіп, одан әрі батысқа – Түркияға, Қара теңізге және соңында Еуропаға жеткізетін газ құбырын салуды 20 жылдан бері армандап келеді. Негізі бұл жобаға тек Түрікменстан ғана емес Қазақстан мен Әзірбайжан да мүдделі. Бұл екі ел де Құрық қаласынан Әзірбайжанның Ескене портына мұнай жеткізетін «Қазақстан Каспий тасымалдау жүйесі» құбырын салуға ниетті.

Алайда, бұл жобаның жүзеге асуына Ресей мен Иран жол қойғысы келмейді. Олар бұл жоба Каспийдің қайталанбас биосферасына зиян келтіруі мүмкін деп санайды. Десе де, сарапшылар Ресей мен Иран табиғатты сылтауратып, өз экономикалық мүдделерін көбірек ойлап отыр деп есептейді. Екеуі де газ экспорттаушы бәсекелестері – Түрікменстан мен Қазақстанның өнімін Еуропаға сатқызбауға тырысып отырған көрінеді.

Тағы бір айта кетерлігі, сәл бұрын Қазақстан мен Ресей Каспий теңізі мен Қара теңізді тұтастыратын «Еуразия теңіз каналын» ашуды ұсынған болатын. Осы арқылы Каспий теңізі жағалауындағы елдердің шын мәнінде үлкен теңізге шығу жолын ашқысы келген. Сонымен қатар бұл жоба арқылы Каспий теңізінің су деңгейі тұрақтылығын сақтауға болады деп есептеген. Алайда, теңіз жағалауы елдерінің бір ауыздылыққа келмеуі және жұмсалатын қаржы мөлшерінің шектен тыс көп болуы себепті бұл жоба қазірше қағаз жүзінде ғана қалып отыр.

Сонымен 20 жылдан астам уақытқа жалғасқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойылды. Енді міне, Қазақстан Сенаты конвенцияны ратификациялады. Өте ірі мұнай мен газ қорын құшағына алған Каспий теңізін бөлісу, ондағы ресурстарды пайдалану бойынша келіссөздер әлі де өз жалғасын табатын болады. Бірақ, Ақтауда қол қойылған құжат барлық көзқарастарды бір арнаға тоғыстыруға бағытталған ұзақ жылдық жұмыстың алғашқы жемісі деп бағалауға әбден болады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5558