Жексенбі, 24 Қараша 2024
Анық-қанығы 5154 2 пікір 6 Ақпан, 2019 сағат 09:18

Желтоқсаншыларды ұлт мүддесі үшін бірігуге шақырамын...

Өткен қаңтар  айындағы  "Жас Алаш" газетінде жарияланған Гүлмира Тойболдинаның "Желтоқсан ақиқаты" әділдік іздеп жүр" деген мақаласын оқып, Г.Тойболдинамен келіспейтіндігімді айтқым келеді. Себебі жазылған мақалада көп шындық жазылмаған. Шындық жазылмаған соң, дау-дамайдың туындайтынына күмән жоқ. Табиғи құбылыс.

Ұйымға жаны ашыған адамның бірінші әрекеті ұйым қалай құрылды, тіркеу жолында қандай қиыншылықтарды басынан өткізгенін айтар еді. Және де осы шаруаның басында кімдер болды, қандай қаражатпен құрылды деп көмек берген адамдардың аттарын атап, ұйымды сақтап қалуға күш жұмсауды ойлар еді ғой. Гүлмираның жазған барлық мақаласын оқып отырсаң, ұйым аспаннан түсіп,  өзі келе қалғандай. Тіпті Гүлмира Тойболдинаның бір сөзінде 2008 жылғы мамыр айындағы өткен Құрылтай жиналысында мені өздері төраға етіп сайлағанын жоққа шығарғысы келіпті. Осы ұйымның әу басынан бастап төраға қызметіне  сайланып, 2008-2016 жылдар аралығында төраға қызметін атқарған едім. Ұйымның құрылуына қаражат  тауып, бірінші құрылтай жиналысын өткізіп арасы бір жыл ішінде республиканың  сегіз облысынан  филиал ашып,  тіркеуден өткізген едік. Ұйымды тіркеуден өткізу  маған қиынға соқты. Таныстар іздеу керек болды. Г.Тойболдина маған Астана қаласынан бір таныс заңгердің телефонын берген болатын. Ол танысы менімен жолығып, ұйымның Жарғысымен танысқан соң, тіркеуге көмектесе алмайтынын айтты. Тіркеу менің мойныма жүктелген соң, бір адамды тауып алып, соның көмегімен (әрине текке емес) 2009 жылдың наурыз айының 27 күні ұйым тіркеуден өткені туралы хабар алдық. Егер де осы ұйымның құрылуына қаражат таппасам, не болмаса тіркеу мәселесін шешпесем «Патриоттық қозғалыс Желтоқсан ақиқаты» Республикалық  қоғамдық  бірлестігі өмірге келмес еді. Қаражат деп отырғаным бірінші құрылтай жиналысына Республикамыздың  алты облысынан  желтоқсаншылар шақырылған еді. Олардың шығарған ақшасы үш күндік жатын орыны, тамағы мен Құрылтай жиналысына  Алматы қонақ үйінің конференц  залын  жалға  алуға жұмсалды. Құрылтай жиналысына  105 адам қатысып, барлығына түскі мезгілге рестораннан ас берілді. Тамаққа жиыны 450 000 тенге төленген еді. Ұйымның құрылуына 650 000 тенге жұмсалды. Оған көмектескен Нұртай Салихұлы болатын,

Г.Тойболдина ұйым жиналысында желтоқсаншылардан тек шындықты айтуларын талап етеді екен. Егер, Г. Тойболдина нағыз шындықты айтқысы келетін болса, ұйымның қалай құрылғанын, басында кімдер болғанын және нақты құрылтайшылар кімдер екенін айту парызы емес пе? Бүгінгі  күні құрылтайшыларымыз деп жүргендердің 80 пайызы кейін келгендер, нағыз құрылтайшылар мені және де басқа да құрылтайшыларды Г. Тойблдинаның нұсқауымен заңсыз алынған екен деген өсек-аяң арада өріп жүр. Егер де заңсыз алынған  құрылтайшылар сотқа беретін болса, жеңіп шығатынымызға  біздің күмәніміз жоқ. Бірақ бізге айқайлаудың керегі болмағандықтан, ұйымның тағдырын осыларға беріп, отырмыз.

«Патриоттық  қозғалыс Желтоқсан ақиқаты» РҚБ құруды алғашқы болып, сөз қозғаған Әділханов Хәлелхан болатын, бұл 2006 жылдың желтоқсан айының 17 күні Алматы қаласының алаңында болған. Мен ол кезде Дос Көшім басқаратын  РҚБ « Ұлт тағдыры» қозғалысында  атқарушы директоры болатынмын. Ұйымның Жарғысын, Бағдарламасын жазуға көмек көрсеткендер Дос Көшім мен Болат Дүйсенбі ағалар еді. Осы сөзімді дәлелдеп беретін осы адамдар жанымызда жүр. Бірақ Әділханов Хәлелхан құрылтайшы тізіміне кіре алмады себебі сол жылы жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен Тіркеу комитеті қабылдамады. Құрылатын ұйымның қатарына адамдардың жиналуына өз еңбектерімен көзге көрінгендер; Ықыласова Ақкүміс, Күргенбаева Күміс, Өскенбаева Күлімхан, Әділханов Хәлелхан, Болатова Мәрзия, Ерменбетова Пернеғыз, Утарбаев Ертас, Құспеков Бейсенбай, Шөжебаев Өрікбай, Исаев Қанат, Бейсенбаева Жұлдызай, Талғат Айтбайұлы, Гүлмира Тойболдина болатын. Әділдігін айтсам, Г.Тойболдина біздердің басымыздың қосылуына себепкер болғаны рас. Жаңадан құрылайын деп жатқан ұйымның жиналыстарын өткізіп тұруына  өз офисін беріп, отырған  азамат Жұмаш Көкбөріге ризашылығымыз мол. Ұйым тіркелген уақыттан бастап, жарғымыздың талаптарына сай өз жұмыстарымен көзге түсті. Ұйымның куәлігі, жалауы «Желтоқсан ақиқаты» газеті, музейі, офисі дегендей жиналып отыратын орындарымыз да болды. Ұйымға Алматы қаласы бойынша 350 адамдай тіркеуге тұрды. Облыстарда 200 адам тіркеуде болды. Желтоқсаншылар өздері қаражат жинап Астана қаласына барып Парламент ғимаратының алдына Желтоқсан көтерілісіне статус беру мәселесін көтерді. Акциялар ұйымдастырылды. Желтоқсан  көтерілісінің  25 жылдығына  орай «Желтоқсан ақиқаты» медалі шығарылды «Желтоқсан ақиқаты» кітабы шықты. Аңырақай шайқасының 280 жылдығына,  Абылай ханның 300 жылдығына, Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына,  Райымбек бабамыздың 310 жылдығына Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына супер марафондар ұйымдастырылды. Жыл сайын 31-ші  мамыр күні  саяси қуғын-сүргін күнін еске алуға арналған «Алаш батырларына тағзым» деген ұранмен «Алматы- Жаңалық» арақашықтағы марафондары үйымдастырылды. Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары Сәбира Мұхамеджановаға,  Сұлухан Назароваға  және Ләззәт Асановаларға оқыған мектептері мен жерленген жерлеріне мәрмәр тастан ескерткіштер орнатылды. Батыр қыздарымызға  жас ақындар сайысы мүшәйралар өткізілді. Бірінші, екінші, үшінші орындарға сыйлықтар тағайындалды. 2016 ШҚО Аягөз ауданының орталығында Тәуелсіздік таңы « Желтоқсан-86» монументі бой көтерді.

Осы жұмыстарға белсене араласып, қатысып, өз қаражаттарымен көмек көрсеткен Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері Парламент депутаты Сабильянов Нұртай Салихұлы, Ержан Ұзақ, Ізтілеу Тойшыбайұлы, Күргенбаева Күміс, Байбосынова Гульнар, Бельбаев Қайрат, Лепесов Сайлау, Бөгісов Сәбит, Қайырбаев Санат, Жаманбай Нұржан, Токсеитова Сапура, Искакова Роза, Тойболдиева Кульмариям, Әлімбаев Сәтпай болатын. Ұйым 2016 жылдың аяғына дейін тек ұлттық бағытта жиыны 186 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шараларды бірігіп жүріп атқардық. Сол уақыттарда әр желтоқсаншы азамат «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ аты аталса төмен қарайтын хәлге жетті. Бәріміз пендеміз қателік бәрімізде  болады. Адам баласы болғандықтан қателіктер жіберуіміз өмір шындығы. Мен ешкімді кінәлайын деп отырған жоқпын, кешірімді болуды ұғатын жасқа келдім. Кешірімді болсаң, Алладан сауап болады дейді ғой. Мен жақтан сіздерге деген ренішім басылып, өкпем сейілген. Айтайын дегенім, бір-бірімізге ала көзбен қарамай, шындықты айта отырып, өзіміз көтеріп, өзіміз құрған ұйымның болашағын ойлағанымыз жөн. Бөлінетін ешнәрсе жоқ. Қазақтың жерінде, мүддесін де қорғайтын біздер, қазақтар. Қазақтан басқа ешкім елдің намысын қорғамайды. Мені сендер қанша шеттесеңдерде, екі құлағым мен екі көзім «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РБҚ-нің жағдайы алаңдататыны да ақиқат. Өйткені, кезінде денсаулығым мен уақытымды осы ұйымға аяған күнім болған жоқ.

Егер қажеті болса 2016 жылдың сәуір айында өздерің тағайындаған Болат Құрымбаевпен ортақ тіл табысып, ұйымның мақсаты үшін бірігіп  жұмыстар істеуге тілек білдіргендей жағдай болса қашпаймын. Тек Болат Құрымбаевпен екеуміздің арамызға ши жүгірту болмас үшін екеуміз де бірге істеуіміз қажет. 1986 жылы желтоқсан көтерілісінде  Алматы қаласының  алаңында қызыл террорға бірінші болып соққы берген «Қазаққа қазақ басшы болсын» деп ұрандаған желтоқсаншылар, әрдайым Тәуелсіздігімізді қорғауға күшімізді саламыз. Ұлт мүддесіне келгенде  ренішті қойып  бірігуге шақырамын.

Нүкен Бейсенғазы Сәдуұлы, «ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РБҚ-нің экс-төрағасы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576