Аты аңызға айналған "Қара майор" өмірден өтті
Ауған соғысының аты аңызға айналған ардагері, арнайы мақсаттағы 177-отрядтың командирі, ел “қара майор” атап кеткен әйгілі отставкадағы полковник Борис Керімбаев 12-ақпан күні 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ташкент жоғары әскери училищесін оқып бітірген соң, Германиядағы совет әскері қатарында қызметін бастаған.
1973 жылы барлау ротасының командирі болды. 1977 жылы штаб басшысының орынбасары, ал, кейінірек Теміртаудағы 52 857 әскери бөліміндегі мотоатқыштар батальонының командирі болып тағайындалды.
Керімбаев басшылық еткен сарбаздар азиялықтардан (қазақ, қырғыз, өзбек және тәжіктерден) құралғандықтан “мұсылман батальоны” аталып кеткен. 1989 жылы отряд Ауғанстаннан ең соңғы болып шықты.
Борис Керімбаев 1990 жылдардың басында Қазақ ССР азаматтық қорғаныс штабына жұмысқа ауысып, 1992 жылы полковник шенінде отставкаға шыққан.
Борис Керімбаев басшылық еткен 177-ортяд сапында генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақов, генерал-майор Мұқан Естайұлы Дүйсекеев сияқты болашақ қорғаныс министрлері де болған.
2018 жылы Алматыда Борис Керімбаевтың 70 жылдығы аталып өткен болатын. Онда Борис Керімбаев:
“Мен қарамағымдағыларды барлауға көбірек үйреттім. Жүгіріп, атысуға мүмкіндік болмады. Менің басты міндетім – оларды операцияға ертіп апарып, үйлеріне тірі қайтару. Екі жыл екі айда мен 45 адамды жоғалттым. Соғыс құрбансыз болмайды ” деген болатын.
Біз марқұмның қазасына көңіл айта отырып, Борис Керімбав туралы түсірілген “Возвращение в Афганистан” фильмін көрермен назарына ұсынамыз.
Abai.kz