Сенбі, 23 Қараша 2024
Масқара! 4439 45 пікір 13 Ақпан, 2019 сағат 11:08

Рудныйдың әкімі «Рухани жаңғыруға» қарсы ма?

Қостанайда елді-мекендердің, көше аттарын бүгінгі күннің талабына сәйкес, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту бағытында түбірімен өзгерту мәселесі қашанда қиын жағдайда жүреді. Өзге ұлттың өкілдері әлі де басым болғандықтан ба, ол бірден саяси сипат алып, «ойбайға» бергісіз «аттанға» айналып шыға келеді. Дегенмен, мұндай қатты қарсылыққа қарамастан осындағы зиялы қауым бар, өзгелері бар, әйтеуір біраз дүние дұрысталып қалды.

Мәселен, атақты большевик Таран атындағы ауданға атақты классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің есімі берілетін болғандығын естігенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандығын несіне жасырамыз. Сондай-ақ облыс орталығындағы сол қызыл коммунистің атындағы үлкен көше де енді Тәуелсіздік деген қасиетті атқа ие болды.

Дегенмен, осынау өркенді істің біздегі кейбір өткенді аңсаушылардың қарсылығына қарамастан табандап болса да алға жылжи берері ақиқат.

Тек бір өкініштісі бұл істе біздегі билік тұтқасын ұстаған кейбір азаматтарымыздың тым солқылдақтық көрсететіндігі. Қажет кезінде өз ойын ашық айтуға жасқанып, сол бір демогогтардың жетегінде кететіндігі қынжылтады. Дәл осындай оқиға облысымыздағы кеншілер қаласы атанған Рудный шаһарында көрініс беріп, бәрімізді де жерге қаратып кетті. Бұл жағдай осы қаланың әкімі Бақытжан Ғаязовтың жергілікті тұрғындарға есеп беру кездесуінде орын алды. Сол бас қосуда Роман Тұрлыбеков деген біреу салғаннан-ақ әкімнің жағасынан ала кетті.

«Мен осындағы Ленин, Октярдің 50 жылдығы, Дзержинский көшелерінің аты өзгереді дегенді естідім. Мұның керегі не? Бұл біздің тарихымыз емес пе? Бүйте берсек тіпті келешекте Рудныйдың аты да өзгерер»,-деп өрекпей келе оған бұған кететін қаржыны қаладағы әлеуметтік мәселелерге жұмсау керек қой деп тікелей ақыл айтуға көшеді.

Ал әкіміміз оған не деп жауап қайтарды дейсіз ғой? Құлап қалмаңыз, орындықтан мықтап тұрып ұстап тұрыңыз. Әкіміз, сірә, бұл сауалды көптен күткен болуы керек, қысқа да нұсқа жауап қатып, бұл мәселені бірден шешіп тастады.

«Шынын айтқанда менің өзім де мұндай өзгертуге шын ниетіммен қарсымын. 2017 жылғы дейін небәрі 6 көшені өзгерттік. Мен жақында бұл үрдісті біржолата тоқтаттым»,-дей келе алдағы 1,5-2 жылда Рудныйда ешбір көшенің атының өзгермейтіндігіне уәде берді.

Мінекей, тәуелсіздік тұғырын бекем ұстайды деген әкіміздің бүгінгі бейнесі осындай. Осы орайда біздің көкейімізде біраз сауалдардың туындап қалғандығы рас. Біріншіден, бұл әкімге көше аттарын енді өзгертпеймін деп тоқтам жасауға кім құқық берді. Екіншіден, әлгіндей керітарпа адамдардың «бұл біздің тарих қой»деген әбден таптаурын болған, бүгінде оның ешбір мәні қалмаған қағидасымағына берер жауап та дайын емес пе? Ондайларға «ондай тарих ескірген, қазір жаңа тарих жасалып жатыр. Сондықтан мұндай өзгерістер бүгінгі заман талабынан туындайды» деп жауап қайтаруға әбден болар еді ғой.

Бұл әкімнің осылайша батыл жауап қайтармай, не себепті қорқа соғатындығына түсінбедік. Қанша дегемен оны бұл Рудный халқы сайлаған жоқ қой. Ол жоғарыдан тағайындалған, ендеше ешкімге де жалтақтамай тәуелсіздігімізге қатысты мәселелерді еркін шешуге кім кедергі? Тек өзінің табансыздығы болмаса.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502