Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында 13 ақпанда жарияланған бұйрық жобасында министрліктің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына бірқатар толықтыру енгізу қарастырылған.
Құжат жобасы бойынша, іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін сақтауға және модератор белгілеген регламенттің сақталуына жазбаша келісім беруі және журналист пен БАҚ арасындағы келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін ұсынуы тиіс.
Егер журналисте осы құжаттар жетіспеген жағдайда немесе өтiнiштiң мазмұны талаптарға сәйкес болмаса, сонымен бірге жиын, отырыстар мен басқа да іс-шаралар өтетін ғимаратта журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда мекеме журналисті тіркеуден бас тартуы мүмкін екені айтылған.
Құжат жобасында тіркеген органның ішкі тәртібін және модератор регламентін бұзған журналисті тіркеуден айыру туралы шешім қабылдануы мүмкін деп жазылған.
Қолданыстағы БАҚ туралы заңда журналисті тіркеуден айыруға "аккредиттеу ережелерiн бұзғаны не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратуы" негіз болатыны көрсетілген.
Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұйрық жобасын 27 ақпанға дейін талқылау үшін қоғам назарына ұсынған.
Abai.kz