Ұлттық әуен әуелеген күн
Ұлттығымызды ұлықтайтын ұлы мұра болып қалған дәстүрлі музыканы дәріптеудің тағылымы мол. Өйткені мәдениет пен өнер ғана кешегі күн мен бүгінді байланыстырып, болашаққа темірқазық бола алады. Сондықтан да өскелең ұрпақтың жезтаңдай әнші, дәулескер күйшілердің «сарқытын ішіп», олардың әндерімен құлақ құрышын қандыруы маңызды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында біздің мәдениетіміздің бай екенін қадап тұрып айтты. Міне, осы тұрғыдан алғанда халқымыздың музыкасын насихаттау арқылы дала фольклорының мәдениетін қайта жаңғыртып, бойына қан жүгіртуге болады.
«Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған идеяларды іске асыру мақсатында партия бастамасымен «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалінің тұсауының кесілуін осындай игі істің бастамасы ретінде қабылдаған ләзім.
Ең алдымен ән мен жыр мерекесі киелі Семейден басталып, Ертіс-Баян өңірінде жалғасты. Төл өнеріміздің майталмандары ұсынған кешті қызықтау үшін Ж.Айматауытов атындағы қазақ музыка-драма театрына халық көп жиналды.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев сөз алып, бұл кештің тәрбиелік мәнінің зор екенін айрықша атап өтті.
- «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болып, қолға алған «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалінің Естай, Майра, Иманжүсіп, Иса Байзақовтар дүниеге келген өңірде жалғасын табуы – біз үшін зор қуаныш. Бүгінгі әдемі кештен үлкен де, жас та ерекше әсер алып, дала музыкасымен сусындатып қайтарына кәміл сенемін. Сахнада өнер көрсететін, есімдері елімізге етене таныс жезтаңдай әнші, дарабоз күйшілердің қатарына жергілікті жас өнерпаздарды да қостық. Сол арқылы олардың шығармашылығын шыңдап, алдыңғы буын өкілдерінен тәлім-тәрбие алғанын қалаймыз. Демек, партияның бастамасының тыңдарман қауымға да, жас өрендерге де берері мол, - деді М.Бегентаев.
«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева партияның ұлттық құндылықтарды ұлықтауға әркез әзір екеніне тоқталды.
- Дәстүрлі музыка – мол мұра. Сол арқылы қазақ халқының азаттыққа жету жолын, бастан өткерген қиыншылықтарын айқын аңғаруға болады. Қуанышты, шаттық пен бақытқа толы кездерін де ән-жырмен жеткізген халықпыз. Осыны ұмытпай, санамызда жаңғырту – азаматтық борышымыз. Партиямыздың «Ұлы Даланың көне сарындары» фестивалін ұйымдастыру туралы ойын бірден құптап, қолдаған өнерпаздарға ризашылығымызды білдіреміз, - деді Ж.Тәйкебаева.
Фестивальге танымал өнер адамдары – жыр-термешілер Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, күйшілер Батыржан Мықтыбаев, Арман Жүдебаев қатысты.
- Соңғы жылдары төл өнеріміздің оралуына, жаңғыруына, насихатталуына зор мән беріліп келеді. Соның бір айғағы – еліміздің барлық өңірін қамтитын осынау фестиваль. Бүгінгі таңда Астанадағы Ұлттық өнер университетінде, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы мен Құрманғазы атындағы консерваторияда дәстүрлі әннің тарихын, орындалу мәнерін үйрететін факультеттер бар. Бұл бағыттағы жұмыс өңірлерде де атқарылып жатқанына куәміз. Естай, Иса, Жаяу Мұса мен Майра туған өлкенің ұрпақтары ән салып, күй тартпауы, тыңдарманы төл өнерді ұнатпауы мүмкін емес. Дала фольклоры оларға жат емес. Сарыарқаның кең даласындағы, Ертіс өзенінің жағасындағы шаһардағы бүгінгі кеште осыған көзіміз анық жетті, - деген ойын білдірді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов.
«Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалінде белгілі өнер майталмандарынан бөлек, Павлодар облысының танымал аға буын өкілдері, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен музыка мектебінің оқушалар, колледж студенттері өнер көрсетті. Олардың қатарында Медығат Манап, Серік Сыздықов, Әсел Арынова, Нәзира Омар, Архат Қайратұлы, Жанболат Байсолтан, «Еркеназ» ансамблі бар. Залға жиналған көпшілік Естайдың, Кенен Әзірбаевтың, Майраның әндерін, Құрманғазының күйлерін, Майлықожаның жыр-термелерін тыңдап, сусындады. Домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген сынды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған шығармалар ерекше әсерлі болды.
- Шыны керек, бұған дейін дәстүрлі әнді ден қойып тыңдамаппын. Фестиваль барысында тыңдаған әндерімнің астарында терең мән-мағына жатыр екен. Туған жерді сүю, ата-анаға құрмет тақырыбын арқау еткен шығармалардан ата-бабаларымыздың бізге осыдан сан ғасыр бұрын сара жол салып кеткенін ұғындым. Тіпті, көзіме жас алған кездер де болды. Енді дала фольклорын іздеп жүріп тыңдайтын боламын, - дейді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Альбина Асқар.
Өнерпаздардың шығармашылығы қалың көпшіліктің көңілінен шыққаны ыстық ықыласынан байқалып тұрды. Павлодарлық көрермен қауым осындай рухани кештердің жиі ұйымдастырылғанын қалайды.
Құндыз Қабылденова, Павлодар
Abai.kz