Жұма, 22 Қараша 2024
Мәселенің мәні 8016 6 пікір 18 Ақпан, 2019 сағат 15:27

Майлыбаевтың беймәлім ісі һәм жас шахматшыға порнографиялық қысым жасаған кім?

Тараз өңірінде туып-өскен аса талантты шахматшы қыз Бибісара Асаубаева 2016 жылы Ресей асып, сол елдің атынан жарыстарға қатыса бастағанын білеміз. Бұған спортшының анасы Лиана Таңжарықова мен Қазақстан шахмат федерациясы арасындағы дау себеп болды. Сол кезде барлық БАҚ осы уәжге сеніп, осылай деп ақпарат таратқан еді. Әрі Лиана Таңжарықованың арызы бойынша Қазақстан шахмат федерациясы ауыр сынға қалды. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті. Енді бағамдасақ бәрі біз ойлағандай оңай емес секілді…

Өткен аптада отандық ақпарат құралдары Бибісара Асаубаеваның Қазақстанға қайта оралатынын жарыса жазды. Спортшы қайтадан өз елінің атынан бақ сынауға шешім қабылдаған екен. Қазақстан Шахмат федерациясының баспасөз қызметі шахматшының елге оралуына қажетті құжаттар дайындалып жатқанын мәлімдеді.

«7 ақпан күні ҚШФ президентіне спортшының менеджері хабарласып, оның Қазақстан Шахмат федерациясына оралу жайындағы өтінішін жеткізді. Ресейдің Шахмат федерациясы да бұған келісімін берген. ҚШФ өз кезегінде спортшының елге оралуына қажетті құжаттар мен өтініш жіберді. Жуық арада Халықаралық шахмат федерациясы шешім қабылдайды деп үміттенеміз», - деді ҚШФ атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Шынын айтқанда Бибісараның Ресейге кетуіне оның анасы әрі менеджері Лиана Таңжарықова аса белсенділік танытқан. Сол кезде бар болғаны 12 жастағы жасөспірім үшін шешім қабылдап, өмір жолын өзге арнаға салған өз анасы енді қызын жетелеп қайтып келіп отыр. Біз бұл жерде қаршадай қыздың қадамын аңдып, кінә артқалы отырған жоқпыз. Бірақ осы үш жылдық салпаңдаудың астарында үлкен сыр жатыр ма деп ойлаймыз…

Бибісара Асаубаева

Әу баста Лиана Таңжарықова ҚШФ-ны кінәлап, шу шығарғанда оған шын сендік. Себебі, әділдік әркез үстемдік құра бермейтін Қазақстан спортында танысы жоқ таланттарды шетке қағу адам таңғалатын іс емес еді. Асаубаева да осындай әділетсіздікке ұшырады деп ойладық. «Бибісараны Қазақстан чемпионатынан шеттетті, шәкіртақысын төлемеді», - деген Таңжарықованың жанайқайы бұл ойымызды шыңдай түскен.

Сол кездегі дау-дамайды бір еске ала кетейік. 2016 жылы қыркүйекте Лиана Таңжарықова Zakon.kz-ге сұхбат беріп, ҚШФ Бибісараны Қазақстан чемпионатына қатыстырмағанын, әрі 2016 жылы қаңтардан бастап шәкіртақы төлемегенін айтқан.

Ал бұған жауап ретінде ҚШФ дәл сол қыркүйек айында түсініктеме берді. ҚШФ атқарушы директоры Ирина Грищенконың айтуынша, 2016 жылы 12 ақпан күні ҚШФ атына Лиана Таңжарықова хат жазып, Бибісараға төленетін ай сайынғы шәкіртақыны 33 мың теңгеден 55 мың теңгеге жоғарылатуды сұраған. Л.Таңжарықова хат соңында талабына қосылмаса, федерациядан кететіндігін мәлімдеген.

Ирина Грищенко спотшының анасына дәл сол ақпан айында хабарласып мәмілеге келгендерін айтады. Алайда, 30 мамыр күні Л.Таңжарықовадан қызының «басқа федерацияға ауысуына байланысты» ҚШФ қатарынан шығару туралы өтініші келіп түскен. Тағы бір айта кетерлігі, Л.Таңжарықованың өзі 2012 жылдың қаңтарынан бастап «Ұлттық штаттық команда және спорттық резерв дирекциясында» шахматтан бапкер болып қызмет істеген көрінеді.

Осынша дау-дамаймен Ресей асқан жас спортшынының ол жақтағы жолы даңғыл болды дей алмаймыз. Солтүстіктегі көршіміз қаршадай қызға қонақжайлылық таныта алған жоқ. Алдымен, 2017 жылы Ресейлік бапкер Евгений Соложенкин Бибісараны алаяқ деп айыптады. Нақтырақ айтқанда, оны электронды құжаттар мен гроссмейстерлердің кеңесін тыңдады деп кінәлаған.

2017 жылы қыркүйек айында Евгений Соложенкин шахматшы Бибісара Асаубаева әлем чемпионатында электронды нұсқаушы қолданды деп айыптады. Осы іске байланысты 2018 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен сотта куәгер Нестеров бұл айыптаудың ойдан құрастырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Асаубаеваның аталған чемпионаттағы қарсыласы Лиза Соложенкина әкесі Евгений Соложенкин өтірік айтқанын мойындаған. Бірақ жас спортшыға жала жапқан бапкер үлкен жазаға тартылған жоқ.

Қызын алып, Ресейге көшкен Лиана ханымның өкініштен өзегін өртеген тағы бір жағдай 2018 жылы орын алды. Сол жылы маусым айында Лиана Таңжарықова қызының тағдырынан алаңдап, дабыл қақты. Бұған себеп, белгісіз педофил жас шахматшыға порнографиялық суреттері бар хат жіберіп, қорқытқан.

Грузияның Батуми қаласында өткен әлем чемпионатында Бибісара әлемнің экс-чемпионы Александр Халифманмен кездеседі. Бірнеше күннен кейін жас спортшының атына хат келіп түскен. Хатта порнографиялық журналдың парағы болған, ол суретте бір топ жігіт кішкентай қызды зорлап жатқаны бейнеленген. Бұдан да сорақысы, хат конвертінде қолданылған мүшеқап салынған. Осыдан-ақ, жат жұрттың талантты жеткіншекті маңдайынан сыйпай қоймағанын білуге болады.

Бөтен елде жүріп осындай қысымдарға ұшыраған жасөспірім енді елге оралмақ. Өз баласын өзектен теппейтін қазақ 14 жастағы жас спортшыны құшақ жая қарсы алатыны сөзсіз. Өзге елдің атынан жарыстаға қатысқаны үшін оған ешкім кінә артпайтыны да анық. Алайда бізге Бибісараның бөтен елге кетуі мен Бағлан Майлыбаев ісінің бір байланысы бардай көрінеді.

Бәріміз білетіндей, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін 2017 жылдың маусым айында бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Оған ҚР ҚК 185 «Мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату, жария ету» бабының 1 және 3-бөлігімен көзделген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев — Жамбыл облысының тумасы. Мемлекеттік қызметте ракетаның жылдамдығымен жоғары көтерілген азамат. ҚазҰУ-жың журналистика факультетін бітірген соң 1998 жылы РФ Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет Академиясының саясаттану және саяси басқару кафедрасының аспирантурасын аяқтаған. Араға алты жыл салып, ҚР Президенті Баспасөз қызметінің жетекшісі қызметіне, жеті жылдан кейін Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына қол жеткізген. Қызметте ракетаның жылдамдығымен көтерілді деп осыны айтып отырмыз.

Ел Президентіне ең жақын жұмыста жүріп, мемлекеттің құпияларын Мәскеуге тасыған Майлыбаев қалай тез өссе, солай тез құлады. Тіпті, өзінің қолға алынатынын арнайы қызметтің шенді қызметкерлері кабинетіне келіп, қамауға алу ордерін көрсеткенде бір-ақ білген деседі. Десе де, Ақордадағы басты қарсыластарын Ресейдің ықпалымен ығыстырып, мүмкіндігінше биік мансапқа жеткісі келген Майлыбаев өз тағдырының екі жүзді қылыш үстінде тұрғанын болжамауы мүмкін емес. Сол үшін ол «ісім теріске айналса, түбінде тұрағым Мәскеу болды» деп ойлауы сөзсіз. Осы ойдың жетегінде отбасын алдын-ала Ресей асырып жіберуі қисынға келеді. Мәскеу мен Астананың ара-қатынасы өте жақын. Қазақ шенеунігі үшін отбасы Қазақстанда тұрса да, Ресейде тұрса да келіп-кетері жоқ.

Ал Бағлан Майлыбаевтың Ресей үшін істеген қызметі қандай құпия болса, отбасы жайлы мәліметтер де сондай құпия. Оның әйелі, бала-шағасы жайлы ақпарат жоқтың қасы. Сәйкесінше, біз сөз етіп отырған шахматшы Бибісара Асаубаеваның әкесі жайлы мәлімет та мүлде қол жетімсіз. Жамбыл облысынан шыққан вундеркинд-Асаубаеваның жанында үнемі жоғарыда аты көп аталған анасы Лиана Таңжарықова ғана жүреді.

Енді аты-жөндеріндегі ұқсастық пен туған жерінің бірдей болуына және өзге де сәйкестіктерге қарап Бибісара Асаубаеваның әкесі Бағлан Асаубайұлы деп есептесек, оқиға былай өрбуі мүмкін:

Жоғарыда айтқанымыздай, Мәскеуге жұмыс істеп жүрген Майлыбаев сақтық үшін отбасын Ресейге жіберуді ойлайды. Ол үшін әділетсіздікке ұшырап, амалсыз елден кеткендей болу табылған ақыл емес пе?. Осы мақсатта Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары салауатымен Майлыбаев өзі нұсқау беріп, Бибісараның шәкіртақысын тоқтатуына, жарыстан шеттетуіне болады. Немесе оның саяси қарсыластары шынымен қызына қысым жасауы мүмкін. Мейлі қалай болмасын, Асаубаеваның Ресей асуына осы дау жеткілікті болды. Бұған қоса ел арасында «ҚШФ талантты шахматшыны шетке қағып, оның өзге елге кетуіне себеп болды» деген сөз қалды. "Екі жеп биге шығу" деген осы болса керек.

Бағлан Майлыбаевты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 2017 жылдың 12 қаңтарында қолға алды. Маусым айында бес жылға сотталды. Ал 2018 жылы ақпан айының басында Лиана Таңжарықова қызының Ресей азаматтығын алғысы келетінін айтып жар салды. Тіпті төлқұжатты Ресей президенті Путиннің өзі табыстағанын қалайтындарын жеткізді. Алайда араға тура бір жыл салып, биыл ақпан айының басында Қазақстанға қайта оралып отыр.

Қарап отырсаңыз, Майлыбаев Астанада май шелпектің үстінде отырғанда Асаубаеваны аттай қалап алдырған ресейлік тарап 2017 жылы қыркүйек айынан бастап қызға қырын қабақ танытты. Ол жайлы біз жоғарыда жаздық. Осы жерде сол жылы маусым айында Майлыбаев сотталғанын тағы да айта кетейік. Мүмкін сәйкестік шығар…

Сөз соңында айтарымыз, Бибісараның Қазақстанға қайтып келгені біз үшін жағымды жаңалық. Ол — халықаралық шахмат федерациясының тарихында тұңғыш рет небәрі жеті жасында FIDE-нің шебері атанған спортшы. Аса дарынды. Өкініштісі үш жыл сәл бұралаң жолды жүріп өтті. Елге оралған талантты спортшы енді саясаттың құрбаны болмаса дейміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320