Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5988 3 пікір 19 Ақпан, 2019 сағат 11:21

Ұларбек Дәлейұлы. Жетті сізге де өмір мизамы...

Өмір ағыстарында талай адаммен дос боласың. Біріне іні, біріне аға дегендей. Иран-Ғайып ақынның Мұқағали ағасына: «Біздей іні табылар іздегенге, Сіздей аға қазаққа табыла ма?..» деген өлең жолдары қаншама дүниені бойына сиғызып-ақ тұр.

Менің жастық өмірім үшін айрықша орны бар, ұмытуға болмайтын ағаларым тым көп емес. Айналып қана кетейін, сол ағаларымның бірегейі – Қазақ прозасында айрықша ізі бар жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев еді. Сол кісімен бірге өткен аз ғана уақытым жайлы жазсам, есіме қай-қайдағы түсе береді. Жоғалтып алып жоқтайтын қазақпыз ғой, тірісінде қадірін қаншалықты білдік, ол жайлы айтудың өзі ауыр...

Әлқисса, 2009 жылдың қыркүйек айында бір шаруалармен Астанаға бара қалдым. Даңқты жазушы Рахымжан Отарбаевтың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада басшысылық қызметте екенін алдында естігенмін.

Ақын досым Бауыржан Қарағызұлы да сонда жұмысқа енді орналасып жатқан. Араға бірер күн салып Баукең екеуіміз Рахымжан ағаға сәлем беруге кірдік.

Қайратты ұзын шашын артқа қайыра сілкіп, жараған бурадай одырая қараған сұсты да келбетті кескіні әлі көз алдымда.

Амандықтан соң әдебиет жайлы әңгімеге қызу кірістік. Өлең де оқыдық. Түркістаннан магистратура бітіргенімді, әдебиеттанушы ғалым, сыншы Құлбек Ергөбектің шәкірті екенімді естіп, сәл көңілсіздене қалғанын байқадым. «Ағаларымның арасында бір келіспестік бар ма, әлде...» деген мазасыз ой басымды құрсаулады.

– Ол ағаң керемет сыншы, қазақ әдебиетінің отымен кіріп, күлімен шыққан ғалым. Әттең, кенже ұлы қайтыс болғанда, ауырып жатып көңіл айтып бара алмап едім. Өзімді қылмыскер сезінемін... – деді өкіне.

– Құлбектің шәкірті әрі өкіл інісі болсаң, сен де осал бала болмадың. Өзің қазір қайда тұрасың? – деп сұрады іле-шала.

Осы жылы ғана үйленгенімді, Алматыда тұратынмды, Астанаға жеке шаруалармен келіп, енді кешікпей кететінмді айттым.

Алдындағы телефонның қасында тұрған сұры түймешікті басты да, әлдекімге өзіне келуін бұйырды.

Айналмалы ұзын креслосынан маған бұрылып түксиген бойы:

– Сен бала Алматыға кеткенді қой. Кадр бөлімінің басшысын шақырдым, қазір саған осы кітапханадан орын қарайық, – деп қысқа қайырды.

Мен аң-таңмын.

Күттірмей егде тартқан әйел адам кірді.

– Бізде қандай бос орындар бар?, – деп сұрады.

Бір құшақ қағазды ақтара отырып, «Жақында өзіңіз құрып жатқан «Хұснихат» баспасында бас редактор жоқ», – деді әлгі апай.

– Дауай, мына жігітті сол орынға аламыз!

Түксиген қабағымен маған қарады да: «Алдағы қазан айына дейін әлі оншақты күн бар. Алматыдағы жүктерің мен бала-шағаңды алып Астанаға көшіп кел. Бұл қала сендер сияқты жастардың өркендейтін жері!».

Болды, бітті.

Таңдана сыртқа шығып, Талдықорғанға жақында көшіп келген үлкен үйге, әкеме телефон соқтым. Мән-жәйді түсінген ол кісі де Астанада қалуымды қолдады.

Қысқасы, тез жиналдым. Астананың көшелерін білмеймін, қай қуыстан тұрақ табарым да белгісіз. Бауыржан екеуіміз ақылдаса келе кітапханаға жақын Сауран көшесінен 3-4 бөлмелі пәтер жалдап, өзіміз сияқты үйсіз жүрген тағы бірнеше жас отбасын тауып, «қауымдаса өмір сүруге» бекідік.

Солай болды да.

Ақтөбеде төркіншілеп жатқан әйелім үш айлық баламды алып, Астанаға келуге ол да жиналды. Енді пәтерақыға ақша табу керек. Қалтам таязып кеткен.

Құжаттарымды көтеріп, кітапханаға келсем Рахымжан ағам жоқ екен. Ойым сол кісіге жағдайымды айтып көмек сұрау. Ұят та болса, әлі бұйрық шықпаған жұмысымнан айлықты алдын ала сұрау.

Рахама телефон соғып едім, Атырауда екен. Кібіртіктеп мән-жайды айтқандай болдым.

– Әй, бала, тұтқаны қойма. Төртінші қабатқа көтеріл де бухалтерге телефонды бер, – деді.

Алдында ғана терминалдан 200 теңге салғамын. Байланыс қаржым бітіп қалмасын деп, лифтімен жоғары көтерілдім. Алқын-жұлқын кіріп, бухалтер әйелге кірпіш nokiaмды ұстата қойдым. Алғашында таңданып, Рахамның дауысын естіген соң бірдеңе түсінгендей болды да әрі қарай тыңдады. Ар жағынан «Андағы жігітке менің айлығымнан қырық мың теңге бер қазір» дегенін естіп қалдым.

Сонымен, пәтер төленді. Көңіл орнықты. Жұмыс басталды.

Аға қамқорлығы деген сол ғой, тәні де жаны да мұздай суық қалаға үйренісіп, енді көтерген шаңырағымның биіктеуіне Рахамның бір кісідей көмегі тиді.

Баспа жұмысы жақсы жүрді. Бос уақыт болса Рахам кабинетіне шақырып алып, әдебиеттің өткені мен бүгіні, өзінің өмірі жайлы қызықты әңгімелер айтатын. «Моно Лиза» әңгімесі маған әсер еткені сонша, тіпті, «МОНШАҚ ҺӘМ МОНО ЛИЗА» деп Рахымжан ағаға өлең арнадым.

Рахамның «– Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында сен аман жүрші, – дедім сыбырлап. – Мені қойшы…» деген диалогы мен қатарлы бір буынның жүрегінде жатталды.

Кейін осы өлеңдегі бір сөз – «Күз жауған соқпақ» деген атпен екінші кітабым жарық көрді.

Құстары үркек қанатын сілкіп,

Түстікке түнде түзеген бойын.

Тұратын қырда тұманын бүркіп,

Қараша айы– бұл менің айым.

 

Жетті маған да, өмір мизамы,

Моншақтап жасы қалды-ау, Моншақ қыз…

Көрмеймін мұңды Моно Лизаны,

Жақынбыз тағы сондай алшақпыз.

 

Геркулес сынды батыстың ері,

Жалғыз түп жусан молаңа қоям.

Иілмес басы, бүгілмес белі,

Мен де бір асқақ далалық Ноян.

 

Сүйсем де сонша, кешіре алмайтын,

Ла Скала!

Сол қартың ар ма?

Ғасырлық жаңбыр өшіре алмайтын,

Өкпем бар Римдік суретші шалда.

 

Тырналар!

О, мұңлық құстар,

Қайтесің өткенді жоқтап.

Жап-жасыл жүрек көктемге құштар,

Кешер ме мені күз жауған соқпақ?!

 

Басымнан солай бір дауыл өткен,

Шақырып ақшам,

Алматы шамы.

Сол үшін мен де Каспийден кеткем,

Тамшылап ағып арымның қаны.

 

Жетті ме саған өмір мизамы,

Моншақ жасыңды төкпе, Моншақ қыз.

Күлдіріп ертіп Моно Лизаны,

Кешіресің бе, саған барсақ біз?..

 

…Құстары үркек қанатын сілкіп,

Түстікке шулап көшерде мамыр.

Тұратын қырда тұманын бүркіп,

Қараша айын есірке, Тәңір!!!

Шынайы көңілімнен шыққан осынау жыр жолдарына Рахам дән риза болды. Әр көрген сайын мені жазуға қузайтын. «Жаз, жаз! Мына дүниеде саған берілген мүмкіндік сол. Мансап, байлық бәрі баянсыз. Артыңда тек жазған дүниелерің ғана қалады» деп отыратын.

Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан «Соғыстың соңғы бомбасы» деген кітабы төте жазумен және қытай тілінде жарық көрген еді. Ол жақтағы оқырмандар таласа-тармаса оқыды. Қытайдан келген, кітап оқитын кез келген қазақ Рахымжан ағаны іздеп келіп сәлем беретін. Ағаның оларға деген ықыласы да бөлекше еді.

Қанаты енді қатая бастаған біз үшін Астанадағы өмір алғашында ауырлау тиді. Ағалардың жылы алақаны осындайда ең керек екен. Талықсам қолтығымнан демеді, көңілім түссе қолпаштады.

Рахаңның соңынан ерген жастар – біздің арамызда мынадай бір әзіл бар еді: «Рахымжан аға бізге көп көмек көрсетті. Талай жақсылық жасады. Бірақ, ажырасып не ішіп кететін талай «орайдан айырды» ғой» дейтін. Осы әзіл арқылы ағаның інілеріне қамқорлығын анық көруге болатын сияқты.

Бір жылдан кейін Рахымжан аға болмайтын себептермен кітапханадағы қызметінен кетті. Жұмыста басшы ретінде қабылдап алғандықтан ба, ағама көп еркелей алмай жүрдім. Сөйтсем, әлдеқашаған ағаға, аға болғанда жауға бермес,  дауға қимас нағыз жанашыр ағаның өзіне айналыпты.

Рахаңмен ілесе біз де кітапханадан кеттік... Аумалы-төкпелі күндерде үйіме арнайы іздеп келіп, қалымызды біліп кетіп жүрді.

Осылай басталған аға-інілік байланысымыз Рахамның соңғы күніне дейін үзілген жоқ. Жоспарлары, жазатын дүниелері тым көп еді. Бәріне үлгіре алмады. Аққан судай зулаған уақыт ақыры арамыздан алып кетті.

Былтыр 17-ші ақпан күні Алматыда жүргенмін. Ұйқыдан тұрсам,  «Рахымжан Отарбаев қайтыс болды» деген қаралы хабар қазақ даласын, әлеуметтік желілерді солқылдатып тұр екен. Қонақ үй терезесінен далаға қарап отырып, мен де солқылдап жыладым...

Соңғы жылдары ауру азабымен алысып жүргенін, сонда да әдебиет үшін ірі жобаларды бастап, өзі де жанкешті еңбек етіп жатқанын білетінмін.

Өзгені білмеймін, қапыда келген қаза соңынан ерген біз сияқты бауыр-қарындастарына ауыр тиді. Ай бойы аза тұттық. Жоқтадық, іздедік...

Жазушылығы бір төбе, адамдық қасиеті мен ізігілі бір төбе ағамыздың бос қалған орны бүгіндері анық біліне бастады. Қандай қызметте, қай жерде жүрсе де жастарға қолынан келген көмегін аямады. Руға, жерге тарту деген оңбаған мінезді бойына бір дарытпады. Таланты бар жас көрсе, мәпелеп өсіруге, аялап жетелуге қашанда дайын еді.

Иә, ағатай! «жетті сізге да, өмір мизамы...»

Биыл аға қазасына жыл толды. Азалы жоқтауымның бір парасы осы еді. Біз сізді ешқашан ұмыта алмаймыз. Тәніңіз қара жер құшағына кеткенімен, сіздің ұшан-теңіз еңбектеріңіз халқыңыздың, оқырмандарыңыздың жүрегінде.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627