Жексенбі, 24 Қараша 2024
2769 0 пікір 22 Ақпан, 2019 сағат 10:45

Сенаторлар халықаралық келісімдерді ратификациялады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланды.

Палата 2017 жылдың 1 қарашасында Астанада қол қойылған Қазақстан мен Иордания арасындағы құқықтық сала бойынша үш келісімді ратификациялау туралы заңдарды қабылдады. Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім уағдаласушы мемлекеттердің қылмыстық істер бойынша тергеулерді, қылмыстық қудалауды және сот ісін жүргізуде көмек көрсетуді көздейді. Құжат күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеулердің жүргізілуін реттейді. Құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібі және бас тарту негіздері белгіленді.

Сенатор Владимир Волков осы мәселе бойынша сөйлеген сөзінде біздің еліміздің экономикалық, мәдени, шаруашылық және іскерлік қарым-қатынастарының үнемі өсуіне байланысты Келісімнің маңызы мен қажеттілігін атап өтті. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша әлемдегі 195 елден шетелдік 6,8 миллион азамат Қазақстанға келген, оның ішінде 616-сы Иордания азаматы (2017 жылы - 7,7 миллион адам, оның ішінде 945-і Иорданиядан). Басқа елдерге 8,2 миллионға жуық қазақстандық (2017 жылы - 10,3 миллион адам) барған.

Шетелде жүрген азаматтар өмірдегі әртүрлі жағдайларға тап болады. Айтылған деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 947 азаматы шетелде сотталып кеткен. Біздің елімізде 1169 шетелдіктер сотталды. Олардың бәрі құқықтық көмекке мұқтаж, деп санайды депутат.

Мұндай келісімдердің тиімділігі туралы айтқанда, В.Волков статистикалық деректерді де келтірді. Оның айтуынша, 2018 жылы шет мемлекеттердің құзыретті органдары еліміздің азаматтарына қатысты қылмыстық істер бойынша көмек көрсету жөніндегі Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының 59 тергеу тапсырмасын орындады. 2017 жылы олардың саны 291 болды. Өз кезегінде шет мемлекеттерден осыған ұқсас 384 ұсыныс қаралды. 2017 жылы олардың саны 591 болды.

Қазақстан мен Иорданияның арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісім уағдаласушы мемлекеттің аумағында жүрген, ұстап беруге әкелетін қылмысы үшін сұрау салушы тараптың аумағында қылмыстық қудалау немесе сот үкімін орындау мақсатында іздеу салынған адамды ұстап беруге бағытталған.

Сотталған адамдарды беру туралы екіжақты келісім сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болған жағдайда және беруге екі тараптың келісімі болған кезде жүзеге асуы мүмкін. Өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тараптардың кешірім жасау, рақымшылық жасау немесе берілген сотталған адамға жазаны өтеу құқықтары бар.

Сенат отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

2017 жылы 30 қарашада Минскіде қол қойылған келісім ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіне орай  өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған. Келісім тараптары мемлекетаралық ынтымақтастық және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мекемеаралық өзара іс-қимылды нығайту негізінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпарат қауіпсіздігі жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз етуді міндетіне алады. Ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы сенімді нығайту шараларын дамыта отырып тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды жүзеге асырады, ғылыми-техникалық жаңалықтарды ынталандырады, ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етудің технологиялық негіздерін жетілдіру бойынша келісілген шараларды қабылдайды. Осы Келісімнің аясындағы ынтымақтастық барысында берілетін немесе жасалатын ақпараттың қорғалуы көзделіп отыр.

Палата одан басқа 2017 жылғы 29 қарашада Минскіде қол қойылған Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Құжат екі елдің қорғаныс өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды реттейді. Келісімде белгіленген ережелер өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы үшін берілетін өнімді және әскери-техникалық мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді квоталаудан және лицензиялаудан босату сияқты қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ Келісімнің аясында берілген немесе құрылған зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар белгіленген, тараптар беретін өнімнің сапасын бақылау және оны қабылдап алу мәселелері реттелген.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Нариман Төреғалиев еліміздегі театрлардың жас әртістерін жан-жақты қолдау туралы; Әлімжан Құртаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу; Ольга Перепечина  кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын нысандарға салық салу; Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге қаржы бөлу; Еділ Мамытбеков еліміздің цирк өнерін дамыту туралы сауал жолдады.

Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының Баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588