Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 5277 10 пікір 23 Ақпан, 2019 сағат 10:39

Полицейдің парадан бас тартуы - ерлік емес...

Жақында біздің Қостанай облысында ұсынған парадан бас тартып, адалдық танытқан екі бірдей полиция қызметкері кеудеге тағатын «Алтын жүрек» белгісімен марапатталғаны туралы осындағы баспасөз жарыса жазды. Бұл жағдай тіпті республикалық деңгейде де жалғасын тапты. Мұндай белгіні осындағы мемлекеттік қызмет істері мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы департаменті жанындағы «Астана - адалдық алаңы» атты жобалық офис үлестіретін көрінеді.

- Департамент қызметкерлері Данияр Ермағанбетов пен Қажымұрат Жұмағазинов бұл үлгісімен біздің құқық қорғау органдарының парадан аулақ жүретін адалдығын танытты, - дейді аталмыш офистің менеджері Евгений Бедыч деген азамат  әлгі жігіттерді біраз жерге апарып тастады.

Атамыз қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді бекер айтпаған болар. Бұл азаматтардың адалдығына кім-кімнің риза болары сөзсіз. Қазіргі мынау дүниенің бәрін ақша деген пәле билеген заманда ешбір еңбексіз қолына тиетін қомақты сомадан принципті түрде бас тартып, мына қу дүниеге қызықпай, өзін-өзі ұстап қалуы, әрине, қазіргі жастарға үлкен үлгі болары анық. Бұған ешкімнің де дауы жоқ.

Алайда біздің көңілімізді күпті етіп кеткен бірер жайтты айтпаса тағы да болмайтын түрі бар. Біздіңше, парадан бас тартқан адамды марапаттаудың өзі бұл дерттің қоғамымыздың тамырына терең бойлап кеткенін анық байқатады. Әйтпесе жаңағыдай парадан бас тарту ерлік емес, полиция қызметінің жақсы дағдысына айналуы қажет. Қайта керісінше ақшаға қызығып, жең ұшынан жалғасқан құқық қорғау қызметкерлерінің кездесуі төтенше оқиға ретінде қарастырылуы керек. Міне, сонда ғана елдің осындай органдарға деген құрметі артып, оларға деген сенім мықтап орнайды. Бұл бүкіл қоғам болып шешетін аса күрделі құбылыс, Ал енді жекеленген оқиғаны айрықша әспеттеудің өзі даңғазалық пен жалаң ұранға ұқсап кетері айқын. Оның үстіне «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей әлгі екі азаматымыздың бірі кейінірек дүниеге қызығып кетіп, жолдан тайып кетпесіне кім кепіл? Қанша дегенмен, олар да жұмыр басты пенде. Ал ақша  деген пәле екінің бірінің басын айналдырып жіберетін жаман қасиеті бар. Ал енді мұндай оқиға ұшырасса, әлгіндей наградан қандай қасиет, қандай бедел қалады?

Егер қисынға саяр болсақ, бұл награданың төңірегінде көңілді күпті еткен бірер сауал бой көтереді. Мәселен, әлгінде департаменттегі пәленбай қызметкерлердің ішінде осы екеуі ғана періштедей адал болса, қалғандары ше? Оларға әзірге үлкен күмәнмен қарауымыз керек пе?

Сосын, мұндай жекеленген құбылыстар әлгі менеджер айтқандай бүкіл құқық қорғау органдарының түгелдей судан таза, сүттен ақ екенін танытпайды. Міне  шындықтан тым алыстау жатқан осы сөздің өзінен жасандылық пен көзбояушылықтың көрінісін анық байқауға болады. Ал бұл жақсы үрдіс емес.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

  

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5181