Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әкімнің ісі 7263 16 пікір 27 Ақпан, 2019 сағат 14:13

«Едрить твою..., Бәке!»

Бас қаланың бастығы Бақыт Сұлтанов күні кеше ғана Ақордасы бар Астанадағы Тіл басқармасын жапты. Шүрегей тілді шенеунік қазақ тілінің қорғаны саналатын сол бір басқарманы керексіз деп тапты.  Сол туралы аз-кем сөз құрайық...

Астанадағы Тіл басқармасын жабу кімге керек болды? Не үшін? Бұған кім араша түсе алады? Кешелі-бері көбіміз осы сұраққа бас ауырттық.

Бұл туралы әуелі белгілі журналист, тіл жанашыры, бүгінде Президент пәрменімен құрылған «Отандастар» дейтін қорда қызмет ететін Мәди Манатбек мырза «Facebook» желісінде жазды. Дабыл қақты. Араша сұрады. Мынау Мәкеңнің жазған жанайқайы. Көз жүгіртіп шығыңыздар, әуелі...

Елді ойлайтын ертеңшіл әкім деп мақтаған Бақыт Сұлтановтың бүгінгі шешімі шынымен жаға ұстатты. Елордамызда мемлекеттік тіл мәселесі шешіліп қойғандай, енді тіл басқармасы дербес мекеме ретінде жұмыс істемейтін болыпты. Бұл әкімнің де тіл дегенде тіксініп қалатынын кім білген. 

Сұлтановтың шешіміне сәйкес Астанадағы қоғамдық-идеологиялық жұмысты ендігіде жаңа құрылған Қоғамдық даму басқармасы жүргізеді. Бұл мекемеге қоғамдық даму басқармасы, мәдениет және спорт басқармасы, тілдерді дамыту және архив (мұрағат) ісі басқармасы біріктіріледі. Әкімнің бұл экономикалық тұрғыда пайдалы, қаржы үнемделеді дегенін естіп жатырмыз. Әйтседе тіл мәселесінде, идеология саласында, әсіресе ұлттық сана құлдыраған қазіргі кезеңде үнем дегенді айтудың өзі жауыздықпен пара-пар.

Солтүстік аймақтарды айтпағанның өзінде, қаймағы бұзылмаған Түркістан және Жамбыл облыстарында тіл басқармалары жұмыс істеп келеді. Ендеше Астанаға не жорық? Тілдерді дамыту басқармасының арқасында Астана қазақыланып келе жатқан. Оразкүл Асанғазы, Ербол Тілешов, Тілеуғали Қышқашбаевтардың бастамасымен қала көшелері, аудандарына қазақша атаулар беріліп, сауда орталықтары мен ғимарат маңдайшаларындағы атауды қазақша сауатты жазу жұмыстары қадағалана бастаған. Тіл басқармасына жүректі азаматтар жұмысқа алынып, еріктілер тобы құрылып, Астанада тіл тазалығын талап етуші жастар көбейген. Руханият орталығы ашылып, ұлт үшін маңызды іс-шаралар өткізіле бастаған.

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Елбасының аузымен айтсақ: Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді,- деп мәлімдеген де мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан асып қалай айтуға болады. Түсінген адамға бұл жәй сөз емес тапсырма. Сондықтан Сұлтановтың бүгінгі шешімін асығыс жасалған қадам деп санаймын. Басқадан үнемдесе де тілдік, ұлттық мәселеден үнемдеудің керегі жоқ. Әсіресе әлеуметтік мәселелер ушыққан қазіргі кезеңде. Тіл – ұлттың сүйенетін түп тамыры. Ендеше тілдерді дамыту басқармасын дербес мекеме ретінде сақтап қалуға әлі де болады деп сенемін. Көп түкірсе көл деген. Елдігімізді білдірейік, ел болып талап етейік.

Мәди мырзаның бұл сөзін біз де құп көрдік. Алып-қосарымыз жоқ. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан, Жамбыл секілді облыстардың өзі тіл басқармасының қызметіне мұқтаж болып отырғанда айыр тілді Астанаға не жорық?

Ол аз десеңіз, қайсыбір жылы Алматы облысында Тіл сарайы салынды. Талдықорғанның қақ төрінде. Ақындар мен батырлар туған Жетісудың өзі Тілге деген құрметін осылай көрсетті. Біз біреуді асыра мақтап, екіншісін даттағалы отырғанымыз жоқ. Мысал келтірдік.

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік гимн, Елтаңба мен Туымыз секілді мемелекеттік нышан. Сондықтан мемлекеттік тілді оқу, үйрену, оны қадірлеп, қастерлеу Қазақстанды мекен еткен әрбір ұлт өкілінің қасиетті борышы болуы және мемлекеттік тіл елімізді мекен еткен ұлт пен ұлыс өкілдерін түсіністіріп, достастыратын, ынтымағын жарастыратын ұйытқы болуы тиіс». Бұл да Президенттің сөзі. Былтыр ғана бас қалаға басшы болған Бақыт мырза Сұлтанов бастығының осы сөзін естімесе керек. Естісе, өстір ме еді?!

Президент Назарбаев бұл сөзімен – еліміздің болашағы қазақ тілінде екенін айтқан еді.

Жоғарыда Талдықорғандағы Тіл сарайын сөз еттік қой. Оны салған Серік Үмбетов еді. Қазір бұл орталықтың аударма, ономастика, методикалық көмек көрсету сияқты бөлімдері тіліміздің өркендеп, дамуына жағдай жасап отыр.  Қазақстанның жер-жерінде мемлекеттік тілді өркендету үшін мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып жатыр. Барлығын көріп, біліп отырмыз. «Бәрекелді!» айтып жүргеніміз де рас.

«Итің жаман дегенде өлгенім-ай» демекші, енді көрмейсіз бе, басқаларға үлгі еткен бас қаладағы Бақыттың өзі не істеп отырғанын?!

Бақыт Сұлтанов туралы айтайықшы, енді. Бұл Бақыт қазақ тілінің бақыты емес, соры болып келген сыңайлы. Сұлтановтың сыйынары басқа, сорты бөтен, салты бөлек пе, әйтеуір тіл басқармасын жауып тынды.

Бұл Сұлтанов бұрын министр болып қызмет қылған. Қаржы, экономика министрліктерінде кіші министр, сосын министр болған. Президент әкімшілігінің де табылдырығын аттаған. Президенттің көмекшісі де болған.

Президенттен екі ескерту алып, ақыры Астана әкімдігінен бір-ақ шықты.  Ол Астана әкімі болып, 2018 жылдың 11-қыркүйегінде тағайындалды. Астананы «олай қыламын да, бұлай қыламын» деп қыруар сөзін шығындап, есеп берген өткенде. Ол есебін Елбасынына да көрсеткен.

Жалпы Бәкең министр болып та қарық қылмаған. Мәжілісмендердің сынын көп естіген. Нығматулиннен те таяқ жеген. Сөзіміз сұйық шықпасын, солардың бірнешеуін еске түсірейік...

Ол министрлікті шамамен 5 жылдай басқарды. Президенттен 2 ескерту алды.

1. 2016 жылы Астанадағы пантеонның салынуына 79 миллиард теңге жұмсалатыны қоғамды шу болды. Сол кездегі министр Сұлтанов көзі бақырайып, «түк білмеймін», «естімедім», «көрмедіммен» құтылған.

«Құны 79? Біздің қарауымызға бұндай құжат әлі келген жоқ. Бұл талқылау әкімшілік деңгейде жүріп жатыр. Біз сомасын әлі көрген жоқпыз» деген.

2. Одан кейін «Қорғаста» кедендік бақылауды күшейту туралы жарлық шығарды. Бұл құжатты депутат Азат Перуашев «ерсі әрі белден төмен әрекет» деп бағалады.  Бәкеңнің бұйрығы бойынша кеденшілер әркімнің жеке заттарын ақтарып көріп, іш киімдеріне дейін қол жүгірте алатын еді.

3. Сұлтановқа Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бір емес, бірнеше мәрте сөгіс айтқан. Міңгірлеп сөйлегені үшін Мәжілістің таяғын жеген.

Әсіресе, бюджетті игере алмауға қатысты депутаттар сауалына жауап бере алмаған. Министр Сұлтановқа  төраға Нығматулин ашуланып, «барлығын сұйылтып жібердіңіз» деген. Сөйтіп, сауалға нақты жауап беруін талап еткен.

4. Нығматулиннен ұлттық компанияларды жекешелендіруге қатысты жауабы үшін де ұрыс естіген.

«Жауабыңыз түкке алғысыз. Сіз не нақты жауап беріңіз немесе жауап бермеңіз, министр мырза!» деген еді қатқыл дауыспен сол кезде.

5. Мемлекет ақшасын оңды-солды жұмсағаны үшін Президенттен де сөз естіген.

«Сен өзің барлығын таратып бересің. Саған мемлекеттің қалтасындағы ақша табысталды. Қазына ақшасы табысталды» деген еді Президент.

6. Арада екі-үш ай өткен соң, Назарбаев Сұлтановқа тағы бір ескерту жасады.

«Мен бір рет айттым. Ақшаны үнемдеп жұмсау керектігін ескерттім. Міне, екінші рет айтып отырмын. Үшіншісі соңғы болуы мүмкін» деген еді.

Айтпақшы, өткендегі Астанадағы бес баланың қазасы күллі жұртты делсал күйге түсірді. Ақыры қалай аяқталғанын жақсы білесіздер. Міне, сол бір шетін оқиға болған шаңыраққа Бәкең бас сұқпаған да. Қарамағындағыларға тапсырма беріп, барлатып қайтқан.

Міне, Бәке сондай «керемет» адам, «мықты» министр.

Біздің Бәкең сондай адам... Мықты ғой, шіркін... Несін сұрайсыз? Енді міне, Қаржы министрлігін басқарып, қарық қылмаған адам, бас қаладағы Тіл басқармасын жауып тынды... Өкінішті...

Бәкеңнің өзіне түсінікті тілмен түйіндесек, «едрить твою...!»

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5553