Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2851 0 пікір 22 Мамыр, 2011 сағат 08:43

Нұрбосын Жанпейісов: «Жапонның үй шаруасындағы әйелдерінің өзі ғаламдық мәселені ойлайды»

Нұрбосын Жанпейісов, Жапониядағы Тохоку университетінің профессоры;

- Өзіңіз айналысып жүрген ғылым саласы бойынша қандай жаңалық аштыңыз немесе жапон ғылымына, технологиясына қандай ғылыми әдістемелер енгіздіңіз?

Нұрбосын Жанпейісов, Жапониядағы Тохоку университетінің профессоры;

- Өзіңіз айналысып жүрген ғылым саласы бойынша қандай жаңалық аштыңыз немесе жапон ғылымына, технологиясына қандай ғылыми әдістемелер енгіздіңіз?

- Бұл сауалыңызға қысқаша ғана жауап берейін. Негізі, ғылым тек бүгінгі күнге ғана емес, адамзаттың келешегіне жұмыс істеуі керек. Жаратылыстану саласында өткен ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап кванттық химия мен кванттық физи­ка өз үлесін қосып келеді. Менің тікелей айналысып жүрген ғылымым - кванттық химия мен кванттық физика саласы. Бұл, басқаша айтқанда, жылдам есептейтін суперкомпьютерді пайдаланып, бүгінгі күнге дейінгі ғылыми жетістіктерді, жаңа­лықтарды түпкілікті түсіну арқылы (атомды молекулярлық әрі электрондық түрінде) тың жаңалықтар мен адамзатқа керек  жаңа материалдар, қосылыстар алу жолда­рын ашу болып табылады. Атап айтқанда, күр­делі қосылыстар мен жеке алынған химия­лық үдерістің механизмін әрі қасиет­терін толық зерттеу арқылы жаңаша әдіс немесе жаңа материалдарды алу жолдарын есептеу десек қателеспейміз. Осы ретте мен өзімнің кванттық химиялық кластер әдісімді түзіп шығардым. Бұл әдісті пайдалану арқылы, мәселен, табиғи газды тек жағу үшін ғана пайдаланбай, одан басқа да жанармай (тек мұнайға ғана қарап қалмай) және жасанды заттар алуға болатыны жайлы, титан қос тотығы негізінде жаңадан (қасиеті алдын ала белгілі) қосылыс алу арқылы ауаны және суды тазартуға, күн сәулесі энергиясын толығырақ әрі үнемді пайдалану жолы жайлы және басқа да жарияланған ғылыми жұмыстарымды айта кетер едім.

- Жапония ғылымы мен технологиясында кеңестік ғалымдардың үлесі, соның ішінде қазақ ғалымдарының үлесі қаншалықты?

- Жапон елі мен жапон қоғамы басқа елдерге қарағанда біршама өзгешелігі бар ел. Оны көпшілік естіп те, біліп те жатқан болар. Мен мұны қайталамай-ақ қояйын. Кеңес өкіметі кезінде ғылым мен технология саласындағы қарым-қатынас екі ел арасындағы ғылыми конференциялар мен симпозиум өткізумен ғана шектелсе, кейінгі уақытта бұл байланыс деңгейі біршама көтерілді десек болады. Оның негізінде жапон елінің оқыған, білімді адамдарды сыйлайтындығы жатыр. Олар Кеңес өкіметі кезіндегі терең оқыту, білім беру жүйесін жоғары бағалайды және белгілі ғылыми бағытын жалғастырып келе жатқан ғалымдармен санасады. Дегенмен жапон ғылыми қоғамы ғалымдардың бұрынғы жетістіктерін ескере отырса да, бүгінгі күнге үлес қоса алатын білімі барын ғана өздеріне уақытша мезгілге жұмыс істеуге шақырады. Ал жапон университеттерінде тұрғылықты қызмет ететін санаулы ғана шетелдік ғалымдар бар. Сондықтан қазіргі кезде қазақ ғалымдарына қойылып отырған талап өте төмен деңгейде десек те болады.

- Егер Қазақстанға жұмысқа шақырса, атамекеніңізде қызмет етуге келісер ме едіңіз?

- Мен Қазақстаннан кеткелі, яғни өз елім­де еңбек етпегелі 30 жылға жуықтап қалды. Әрине, елге барып тұрамын. Алдында Ресейде 12 жыл болып, артынан Германия, АҚШ, Жапонияның түрлі университеттерінде жұмыс істедім. Бұрынғы кезде Қазақстанда санаулы ғана университет бар еді. Қазір олардың саны артқанымен, сапасы төмендегенін естіп жатырмын. Дегенмен елдің көркеюіне, қазақ ғылымының дамуына да үлес қосатын уақыт келер деп ойлаймын. Бірақ бір айта кетерлігі, бұл - елге шақыру немесе шақырмауға байланысты емес.

Балаларым жат елде өссе де, ана тіліне құрметпен қарайды

- Қазақстан ғалымдарымен, қайраткерлерімен байланыс орнатқансыз ба? Орнатсаңыз, қай дәрежеде?

- Орта мектепті және университетті Алматы қаласында тамамдадым. Оқу бітірген соң университеттің химия факультетінде төрт  жыл жұмыс істедім. Елге барған сайын ретін тауып, өзім оқыған, еңбек еткен білім ордасына барып сәлем беріп тұрамын. 1995 жылы Киото  университетінде жұмыс істеп жүрген кезімде ҚР Ұлттық Ғы­лым академиясының бұрынғы президенті, марқұм Өмірзақ Сұлтанғазинмен танысқан едім. Бертінге дейін хабарласып, сөйлесіп жүрдік.

- Балаларыңыз ана тілін қанша­лық­ты меңгерген, өз отбасыңызда ел туралы әңгіме жиі бола ма?

- Балаларым Ресейде дүниеге келсе де, орыс балабақшасына немесе мектебіне барған жоқ. Бөгде елде тұрсақ та, балала­рыммен қазақ тілінде сөйлесемін. Дегенмен әр елдің, әр жердің өз салты, мәдениеті болатындықтан, олар көбінесе өзара жапон тілінде сөйлесіп кетеді. Бұл өздеріне жеңіл әрі ыңғайлы болуы мүмкін. Қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан ғаламтор мүмкіндіктері арқылы еліміз­дің медиаресурстарын қарап, мүмкіндігінше ел жаңалықтарын үйде айтып отырамыз.

Кеңес Одағы бір кездері Мәскеудегі Ғылым академиясының бөлімшесі ретінде Новосибирск қаласына 40 шақырым жерде академиктер қалашығы құрылған болатын. Онда 26 ғылыми-зерттеу институты мен бір университет бар. Осы жолмен 25 жылдан кейін жапон елі де Токиодан 120 шақырым жерде академиктер қалашығын құрды. Ол қаланың аты Цукуба деп аталады. Сондағы атақты Цукуба университетінің 3-курсында  ортаншы ұлым оқиды. Соңғы кездері аталған университетте 30 шақты қазақстандық студент оқып жатыр. Сол балалармен достасып, араласып, хабарласып, өзінің қазақ тілін меңгеру деңгейін біршама жоғары көтерді.

Өткенде елге келгенде Алматы әуежайында ұлым кедендік тексеру кезінде қазақ тілінде сөйлессе, ұлты қазақ қызметкер қыз орыс тілінде жауап берген екен. Ұлым орыс тілін жақсы білсе де, бұған намыстанып, ағылшын тілінде сөйлесті. Әлгі қызметкер қыз жауап қата алмай қалғанда, балам оған: «Неге өз ана тіліңде сөйлемейсің?», - деп ұялтып тастады. Сондықтан балаларым шетелде туып-өссе де, өз ана тіліне құрметпен қарайды.

Жапон аралдары төрт тектоникалық қабаттың үстінде орналасқан

- Жапонияның зілзала мен цунами­ден кейінгі бүгінгі ахуалы қандай?

- Өткен айдағы зілзала, оның соңынан келген мұхит дауылы (цунами) жапон еліне біршама ауыртпалық әкелгені рас. Бірақ көптеген қиындықтар біртіндеп қысқа мерзім аралығында өз орнына келіп жатыр. Сендай мен Токио, Осака қалалары арасындағы әуе жолының қатынасы қалпына келтірілді, оған қоса, жылдам жүретін Шинканзен пойызы да қайта жүре бастады. Апаттан кейін бұл қалалар арасында тек ресми түрде бекітілген қалааралық автобустармен ғана барып-келуге мүмкіндік болатын. Қазіргі кезде жылдам жүретін көлік жолдарының барлығы дерлік қайта ашылды. Дегенмен өте ауыр зардап шеккен әрі цунами толық алып кеткен мұхит жаға­лауына жақын аймақтарды қайта қалпына келтіру үшін біршама уақыт керегі рас. Бұл жұмыстардың жоспары қабылданып, іске асырылып жатыр. Алдыңғы қатарлы дамыған  мемлекет болғандықтан, Жапония қысқа мерзім аралығында қайта қал­пына келеді. Оған күмән жоқ.

Жалпы, жапон елі - өте таза мемлекет. Бізге келген өзге елдің азаматтары, тіпті қазақстандықтар шылым шегіп болғаннан кейін оны тастайтын қоқыс жәшігін іздейді. Бірақ Жапонияда көше жиектерінде қоқыс жәшігі болмайды. Әркім өзінің қоқысын бірге алып жүреді. Жер сілкінісі болғаннан кейін спортзалдарда түнеген жапондықтардың өзі ешқайда қоқыс тастамай, барлық қалдықтарды жинап отырды. Біз елге келгенде Талдықорғандағы бір жама­ға­йынның үйіне қонаққа бара жатқанбыз. Сонда көлікте кетіп бара жатқанда үніміз шықпай қалды. Өйткені жолдың екі шетінде шашылып жатқан қоқыстан жаның түршігеді. «Сіздерде де цунами өткен бе?», - деп әзілдедім. Бірақ бұл әзіл емес, ұят қой. Балаларымыздан қатты қысылдық. Олар мұндай қоқысты туғандарынан көрмеген ғой.

Жапон елінде тазалық сақталмаса, халық талап қойып шыға келеді. Тиісті орындарға маза бермей қояды

Тағы бір айтатын мәселе, біздің студенттер оқуды бітірулеріне екі жыл қалған кезде өздерінің жұмыс орнын белгілеп қояды. Биыл бұл 86 пайыз көрсеткішті құрапты. Соның өзіне ата-аналар наразылық танытып, мұны төмен деп отыр.

Жалпы, Жапония жуырдағы зілзала мен цунамиден үлкен зардап шексе де, бірлігі бекем халық, экономикасы озық ел болғандықтан, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жұмылғанындай қайта жұмылып, дамудың жаңа биігіне шығады деп ойлаймын.

Жалпы, Жапониядағы жер сілкінісі оның үлкен төрт тектоникалық қабаттың түйіскен тұсында орналасқандықтан болып отыр. Оның біреуі Америка жағынан, біреуі Ресей жағынан, «Азиялық» аталатын бірі Қытай, Корея жағынан келсе, тағы бірінің аты «Филиппин» деп аталады. Бірақ атауы ғана болмаса, бұл пласт Филиппиннен келмейді. Осы төрт пласт бір-бірімен қажалғанда, бір тау төмен кетсе, біреуі жоғары қарай үйкеліп, үлкен импульс туғызады. Сондықтан жер мен мұхитты көтеріп тастайды. Жапония орналасқан пласт жыл сайын 10-12 сантиметрге Қытай орналасқан пласттың астына қарай сұғынып барады. Шамамен миллион жылдардан кейін Жапония су астына кетуі мүмкін.

- Қандай апат орын алса да, адамға ең әуелі керегі бұл - ақпарат. Жапон халқының осы апатты жағдайда ақпаратты жеткізу тәсілі қандай? Неге жапондықтар әбіржуге жол бермейді, сабырлы қалыптарынан танбайды?

- Осы жер дүмпуі қатты болған уақытта мен дәрістерімді аяқтап, өз жұмыстарымды жасап, қағаздарымды реттеп, енді жиналыс өткізейін деп отырған едім. 11 наурыз күні сағат 14.48-де жер сілкінісі болды. Негізі, жер сілкінісі болғанда адамдар орнында отыра беретін. Өйткені ұзақтығы ары кеткенде 20-30 секундқа ғана созылатын. Бірақ бұл жолғы жер сілкінісі толық 3 ми­нут­қа созылды. Адамдардың тұрғандары тұрып, отырғандары отырып, не істерлерін білмей қалды. Бірақ ешқайсысы сасқалақтап, айғай шығарып, жүгірген жоқ. Зіл­заланың кіндігі Сендай қаласынан 110 ша­қырым жерде, мұхит астында болғандықтан, оған ең жақыны біз едік.

Жер сілкінісінің магнитудасы 9 балға жетті. Дегенмен өте тығыз салынса да, бірде-бір ғимарат, үй құлаған жоқ. Жапонияның дамығаны соншалықты - жер сілкінісі боларға 6-10 секунд қалғанда ұялы телефонға, теледидарға сигнал жіберіледі. 6-10 секунд бұрын су, газ, жарық барлығы автоматты түрде өшеді. Сол 6-10 секунд ішінде сағатына 300 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыз да тоқтап үлгереді. Мәселен, Токио мен Сендайдың арасы 420 шақырымға жуық. Осы аралыққа жүрдек пойыз 90 минутта жетеді. «Шинканзен» пойызы талай мәрте жер сілкінісі болғанда әлгіндей жылдамдықта келе жатса да тоқтап үлгереді.

Сөйтіп, жер сілкінісінің дүмпуі басылғаннан кейін сыртқа жүгіріп шықтық. Мен 2-қабатта отырғанмын. Сол аралықта тағы да біршама дүмпулер болып жатты. Сыртқа кетіп бара жатқанымда кеңседегі кондиционер, компьютер, басқа да құрылғылар ойыншық іспетті еденде домалап жатты. Далаға шыққанымызда автокөліктер де ойыншық сияқты тұмсығымен жер сүзіп, бір қолдан екінші қолға лақтырған сияқты қақпақылданып тұрды. Тұрған жерімізде табанымыздың астындағы жер түсіп кете ме деп ойлаған сәттер де болды. Әрине, қатты қорыққан адамдар шетелдің адамдары еді. Біздің университетте 1570-ке жуық шетел  студенттері оқиды. Шамамен 400-дей шетелдік жұмыс істейді. Көп қорыққан солар болды. Жапондықтар өздерін «Біз - бұл елдің қонақтарымыз» деп айтады. Себебі бұл елдің зілзаласы мен мұхиттан келетін цунамиі көп. Сондықтан олар: «Біз ғимараттарды қанша күшті салсақ та, оны жер сілкінісінің өзі қиратып, сындыра алмаса да, мұхиттың суы шайып кетуі мүмкін. Сондықтан біз - бұл елдің қонағымыз» деп есептейді. Сол себепті зілзалаға әрқашан салмақпен, емін-еркін қарап үйренген. Ал шетелдің адамдары бұған бой үйретпегендіктен үрейленіп, зілзала болған соң бір сағат өтпей жатып, сөмкелерін арқалап, тайып тұра бастайды.

Біз жер сілкінісін осылайша қарсы алдық. Артынан теледидардан жер сілкінісі болған сайын 1 секунд өткенде ақпарат  түсіп отырды. «Мына жерде магнитудасы мынадай жер сілкінісі болды». Экран бетінде бүкіл жапон жерінде тіркелген жер сілкінісінің бәрі жазулы тұрады. Жапондықтар үшін ең маңызды ақпарат - «цунами бола ма, болмай ма?». Цунами болмаса, елдің бәрі бірден тынышталады. Егер цунами болса, Жапонияның картасы теледидар бетінде тұрады. Цунами болатын жағын қызыл түспен бояп қояды. Судың биіктігі 25-35 см болады деп белгіленіп, әбден қауіп сейілгенше картаны теледидар бетінде ұстап тұрады. «Сақ болыңыздар, осы аймаққа бармаңыздар» деген ескерту сөзін жазып қояды. Ал бұл жолғы зілзаладан кейін теледидар бетінде: «20 минут ішінде цунами болады, оның биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Жағалауға жақын адамдар жағалаудан кетіңіздер» деп жазылды. Эпицентрде басталған цунами 110 шақырымдық жерден шамамен 20 минут ішінде жағалауға жетеді. Біз цунамиді көрген жоқпыз. Өйткені біз тұрған қала жағалаудан 35 шақырым жерде болатын. Мұхит  толқыны бізге жетпеді. Сендай қаласына келмеді.

Ал жағалаудағы оқиғаны бір сағаттан кейін көрдік. Жағадан 15 шақырымға дейінгі аумақтағы шағын қалаларды, үйлерді цунами алып кетті. 9 балдық жер сілкінісінің өзінен аман қалған үйлерді қағаздан жасалған үйлер сияқты, көліктерді ойыншықтар сияқты, үлкен теміржолдарды вагондарымен қоса сыпырып әкетті. Алып кемелердің өзін қаланың ортасына әкеліп тастағанын көрдік. Түрлі жағдайлар болды...

Қанша апат болса да, өмірдің өз ырғағы болады

- Жапонияда қанша қазақ бар?

- Жоқтың қасы деуге болады. Бүкіл Жапония бойынша 100-ге жуық қана қазақ бар. Біз тұратын Сендай қаласына оқуға жаңадан бір қазақ баласы келген екен. Онымен әлі таныса қойған жоқпыз. Қазір көбіне жапондармен араласамыз. Әрине, қазақ болса қуана қарсы алушы едік. Әзірге біздің қалада жоқ.

Елге, атамекенге келгенімізде ағайын-туыс біржола келгеніміз туралы сұрады. Біз Жапониядағы зілзала мен апаттан қашып келгеніміз жоқ. Көп мекемелердің үзіліс  алғанын пайдаланып, елге келіп қайтуды көздедік. Алматыда құдайы тамақ бердік. Алайда жұмысымыз Жапонияда болғандықтан, қайта қайттық. Өйткені көппен көрген ұлы той. Мұнда да 120 миллион халық тұрады. Қанша апат болса да, өмірдің өз ырғағы бар. Әркім өз жұмыстарын жалғастырады.

- Елге жол жиі түсе бермейді. Атамекеніңізде қандай өзгешелік бар?

- Алматы қазіргі уақытта біраз көркейген. Көп өзгеріске ұшыраған. Әдемі, әйдік ғимараттар бой көтерген. Бірақ ауасы, экологиялық ахуалы сын көтермейтіндей деңгейде. Инфрақұрылымды дамыту керек. Мыңдаған көліктердің бөліп шығаратын улы газы адамдардың  денсаулығына үлкен залал тигізіп жатқанын ойласақ, қала әлемдік талапқа сай көркейді деп айтуға келмейді. Санитарлық тазалық өте төмен. Балаларымыз өздерінің қиялындағы атамекенін көзбен көргенде көңілдері сәл түсіп қалды. Бір баламыз «мұнда қоқыс өңдейтін зауыт салу керек екен» деді. Адамдардың менталитетін өзгерту керек, олар тек бүгінгі күнмен ғана емес, келешекпен де өмір сүруі тиіс. Мәселен, жапонның үйде отырған әйелдеріне дейін ғаламдық жылынуға қарсы қандай үлес қосу мәселесін ойлайды. Мәселен, олар майлы ыдыстың майын шүберекпен сүртіп алып барып қана жуады. Өйткені майлы су, біріншіден, құбырды кірлетеді. Екіншіден, мұхитқа барып қосылса, қоршаған ортаға залалын тигізеді. Сондықтан әркім өзінше жеке тұлға ретінде ғаламдық мәселеге үн қосады.

Мәселен, цунамиден кейін ағашы да, асфальты да, тасы да, кемесі де араласып кетті. Бірақ жапондар оның бәрін экскаватормен жинап алып, күресінге лақтырып тастамайды. Әрқайсысын жеке-жеке жинап алады. Ағашты бір бөлек жинайды, темірінен қайта темір жасап шығарады. Тасын үгітіп, қайта тас жасайды. Асфальттарын жинап, қайта асфальт жасайды. Топырағының өзін қайта топырақ қылуға күш салады. Себебі өзінде мұның бірі де жоқ. Лақтырып тастау үшін бұл дүние өзіңде болу керек. Олар үйді құлатса да осылай істейді. Бір үйді 30 жылға арнап салады. Көпқабатты үйлерді де. Уақыты келгенде үйлерді қиратады. Оның орнына қайтадан келесі 30 жылға арнап жаңа үй тұрғызады. Қирату барысында қасындағы үйлерге зақым келмесін деп, су сеуіп, шаңдатпай, байыппен атқарады. Арматурасына дейін, астындағы тасына дейін қайтадан өңдеп, жаңа үйге сол материалды қайта пайдаланады.

- Әңгімеңізге рақмет.

ОҚШАУ ОЙ

Бір қызық мәліметті айтайын. Нагасакидің қасында Мязаки айлағы бар. Сол жерде көп жылдар еңбек етіп, сұрыпталып, бордақыланған сиырлар өсірілді. Осы сиырлардың арасында үш сиырдың жұқпалы танау қуысының ауруына шалдыққанына байланысты 10 жылдан астам өсірілген 11 мыңға жуық сиырдың барлығын өртеп жіберді. Мязаки елді мекенінің бастығы сонда жылап тұрып: «Тым құрығанда осы сиырлардың ұрығын мұздатып қалдырып қояйық», - деп өтінген. Соның өзіне жол берілмеді. Өйткені өкімет жалпы халықтың денсаулығын ойлайды. Егер елде бір адам жұқпалы дерттен өлсе, ол хабар міндетті түрде жарияланады.

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5476