Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 6531 4 пікір 4 Наурыз, 2019 сағат 14:22

Абайдың ұмыт болған «Жаңа закон» атты өлеңі хақында

«Жаңа закон» Абайдың қазақ халқына жаңа закон (арабша - низам) әкелген зардаптар туралы көлемді өлеңі (34 шумақ). Ешбір Абай жинағында жарияланбаған. Алғаш рет «Жалын» журналы (1971, №4) бетінде үш шумаққа қысқартылып басылған. Өлеңді 1970-жылдардың басында тауып алған, алғашқы пікірді айтқан да - академик Әлкей Марғұлан. Бірінші бетінде «Джанга закон» деп аты жазылған өлең Семей қаласынан Омбы (Омск) қаласында тұратын, қазақ арасында өскен орыс ғалымы  Г. Н. Потанинге «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырымен бірге жіберілген. Әлекең ұзақ өлең Абайдікі деп айтудай-ақ айтқан. Әйтсе де, басқа біреудікі деген күдікпен шығарма Абай жинағына кіргізілмей қалған. Ұмыт болғаны содан. Біз «өлең Абайдікі емес» деген пікірмен келісе алмаймыз. Тексерейік.

Әуелгі жәйт, 1878 жылы Абай істі болып, болыстық қызметтен босады. Ұлы өмірге түбегейлі бұрылыс әкелген тап осы оқиға. Оны «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіндегі:

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ, -

деген шумақ анық аңғартады. Алдыңғы екі жолда ақын 1878 жылға дейінгі, соңғы екі жолда онан кейінгі өмірін паш еткен. Бұл жерде «ерте ояндым, ойландым» дегені туған халқын тығырықтан шығармақ миссиясын иығына алғанын, бірақ оған «жете алмағанын» айтқаны.

Міне «Жаңа закон» өлеңі осы «ерте ояндым» деуінің куәсі. Ел үшін еңбек қылған алғашқы қадамы. Оған дәлелді өлеңнің өзінен алайық.

Ұзақ өлең былайша басталған:

Орысқа қарағалы көп жыл болған,

Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.

Патшаға барып жүрген жақсылары,

Шекпен үшін, шен үшін босқа ұмтылған.

Хабар жетіп патшаға біздің жақтан,

Жаны ашып ойшылдарға ой ойлатқан.

Қазаққа осы жақсы, пайдалы деп,

Ойшылдар жаңа закон - низам тапқан.

Шығарған бір законды қазаққа деп,

Бұрынғыдай қалмасын азапқа деп.

Қазы, майор, тілмаш пен казак-орыс,

Елді иттей таламасын мазаққа деп.

Түзетемін десе де қазақ халқын,

Іштегілер көп білмес елдің парқын.

«Абай бұлай жазбаса керек еді» деп күдік тудырған осы 14 жол. Бүгінгі уақыт биігінен ақ патша қазақтың қамын жеді, «жаны ашып» жаңа закон жазуға «ой ойлатқан» деген сөздер парадокс болып көрінуі мүмкін. Бірақ таң қаларлық я болмаса үрке қарайтын жәйт пе осы?

Патшаны мадақтау көршіміз Ресей мемлекетінде ­ғасырдан ғасырға асқан дағдылы дәстүр. Өйткені, дара билік тек патшаның ғана уысында (мұндай билік жүйесін – «монархия» дейді) еді.  Заң, ереже, қаулы-қарардың күллісі, олардың қабылдануы я өзгертілуі тек патшаның ықтиярында еді. Сол себептен орыстың ақын-жазушылары (Крылов, Гоголь, Толстой, Салтыков-Щедрин және т.б.) да, барлық оқығандары да патша ағзамға сенді. Жамандық, кінә патшаның өзінен емес, төмендегі көп шенеуніктен деп білді. Патша қалың орыс шаруалары хәлінен хабарсыз, егер оған шындық жетсе, жағдай түзелер деп үміт артты.

Осы ескі сүрлеуді бұзу Абайға да керек емес, он  екі жыл ұдайы болыс, яғни патшалық әкімшілік қызметкері болды. Ақ патша «Қазы, майор, тілмаш пен казак-орыс» қазақты иттей талап жатқанынан хабарсыз деп ойлаған, бұл орыс-түрік соғысы кезінде (1877-78) патша әскерін қолдап жазған хатынан да білінеді. Әлімсақтан қазақта хан, орыста патша – әділеттілік кепілі, қалың бұқара қорғаны ғой.

Енді «Іштегілер көп білмес елдің парқын» деген соңғы жолға келейік. Оның мәнісі: қазақ арасы патшалық Ресей мемлекетінің территориясын «ішкі жақ», ал ел-жұртын «іштегілер» дейтін. Өлеңде «іштегілер» деп Абай қазақ халқына қатысты жаңа заңды даярлаған арнайы комиссия мүшелерін айтқан. Ұлықтар мен ойшылдар қатысқан комиссия мүшелері екі топқа бөлініп (прогрессшіл және реакцияшыл), талас-тартыстың көрігі қызған. Осыған қанық болуы Абайдың заңға қатысты газет, журналда басылған материалдарды қалт еткізбей қадағалап отырғанының белгісі.

Сөз тиянағы, «Жаңа закон» өлеңінен патшаға кінә артып, оны ащы тілмен түйреген Абай бейнесін іздеу - қиялға ұрыну есепті. 35 жастағы қыр қазағы Абай патшаға айтқан мадақ та, егер іштегілер көшпелі жұрттың жағдайын жақсы білсе, қорғап, араша түсер деген сенім де қалыпты жәйт (айта өтері, бұл сенім-нанымнан тек 90-жылдары толық арылған. 1894 жылғы «Ескендір» поэмасы осының айғағы. Онда қойылған мақсат – аңыздағы тұлға емес, күнде көріп отырған Ресей империясының көзі тоймайтын бодандық әрекетін әшкерелеу, бұл ұққан кісіге бесенеден белгілі).

Бірақ алдыңғы үш шумақтағы ашуы жоқ, майда тіл – алдамшы көрініс. Әрі қарай кілең кектенген, шиыршық атқан өлең жолдары төгіледі.

... Советник, аға сұлтан, қазылыққа,

Жаратпайды қазақты надан ғой деп.

... Кеңестен де қалыппыз жаңа тағы,

Қазаққа қойылыпты шен бермегі.

... Оязной мен судья – ендігі ұлық,

Олардың жалуанасы тым-ақ толық.

Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,

Олар да қылмай қала ма астамшылық? –

деген сияқты сөздерден улы сия, ащы тілді Абай қаламы көзімізге оттай басылуға тиіс. Тексерейік. Бұрынғы ескі заң, 1868 жылғы дейінгі «Степное положение» (1822 жылы қабылданған) бойынша қазақтан аға сұлтан, қазы (судья) һәм губернаторға советник сайланған,  әртүрлі шен де (майор, полковникке шекті) берілген һәм солар ұлт мәселесін шешетін Кеңеске мүше болған. Өлең авторы осы құқықтарды еске салып отыр. Қазір ше?

Кеңесте бір кісің жоқ сенің мықты,

Жөн білмес надандыққа атың шықты.

Күзеті жоқ қой қорадай аралауға,

Бұрынғыдан енді артық болар тіпті, -

дей келе, Абай былайша түйін түйеді:

Бүйтіп тұрса қазақта жан қалар ма,

Оның жайын кісі жоқ аңғарарға.

Қатыныңның өзінде еркі бар ма,

Оның да еркі ояз бен жандаралда!

Бұл жерде келешек ұлы ақынның саяси еркіндік мәселесін көтерген. Бұл  тайға таңба басқандай анық. Мұны бес жыл кейін, әйгілі өлеңінде «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп қайталап айтқаны баршаға аян. Бұл ең басты мәселе! Өзгесі – алдап-арбау. «Оның (қазақтың) еркі ояз бен жандаралда!». Абайдың жеткізбек жанайғайы міне осы. Еркі (ырқы) жоқ елге ұлықтың «өз заңыңмен тұр» деуі құр көлгірсу:

Қазаққа «өз заңыңмен тұр» десе де,

Еркің түгілі, көп ісің өзіңде емес.

Елдің еркін алғаны аздай, Орта Азия мен Батыс Сібір жандаралдары (Черняев, Гасфорт және т.б. генерал-губернаторлар), енді дініне ауыз салған. Осыған күйінген ақын:

Ер, қатын жанжал болса анда-санда,

Бітіруші еді кітабымен указ молда.

Муфтиден бізді айырды, указ қалды,

Ендігі ерік ояз бен жандаралда, -

деп тағы да қайталап, қадап айтады.

Осы тұста өлеңнің шүу басында: «Орысқа қарағалы көп жыл болған», - дегенге қайтып оралайық. Расы, 1868 жылға дейін көшпелі қазақ өзін бодан (орыстың «поданный» сөзі) деп сезінбеген. Өз билігі өзінде елміз, тек қана «орысқа қарадық» деп санаған. Бодандық қамытын толық кигендік – осы «Жаңа низам» арқылы іске асты. Себебі, ол бойынша рулық басқару территориялық жүйеге алмасты. Дала демократиясына сәйкес билікке өз қабілеті арқасында келетін рубасы, билер орнына сайлау (шар салу) арқылы сайланған болыс, билер келді. Бірлік кетіп, ел бұзыла бастады. Осымен, қазақ даласына «бөліп ал да, билей бер» жүйесі енді. Билеп төстеушілерге елді емін-еркін қанауға жол ашты.

Реті келген соң айтайық, «орысқа қарау» және оған «бодан болу» әсте бір ұғым емес. Біріншісі – ерікті, екіншісі – еріксіз. Принциптік айырым осы арада. Демек, Ресей патшалығына «300 жыл бодан болдық» деп жар салуға асықпайық. Тарих ғылымында, Абай көрсетіп отырғандай, тәуелділік «Жаңа низам»   күшіне енген кезден деп мойындалуға тиісті дегіміз келеді.

Әрі қарайғы ортаңғы шумақтарда:

... Артында – помошник пен көп шенеунік,

Бөлтірік қасқырдай-ақ жабылмай ма?

... Қарасам осы күні ел түріне,

Қазақтан достық кетті бір -біріне.

... Қалаға шауып жатыр атын бұлап,

Ақыл айтар ақсақал қалды жылап, -

деген сияқты өлең жолдары Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинақта «Халық туралы» делінген (1884-86 ж.ж.) өлеңдер циклін еске салады. Өлеңнің орта бөлігін зейін қоя оқысақ, әр шумақтан таныс сарын еседі. Мысалға атқамінер топ - «онбасы, елубасы өңкей залым». Болыс пен «құр масыл» билер жалтақ. Олар көп тентекке жағынып әуре – «Орысқа көптің сөзі алынған соң, Көп жаман тәубесінен жаңылған соң» (бұл жерде «көптің сөзі» - арызқойлар қол қойған «протокол» деген мағынада). «Жаманға жақсыны ұлық берді жығып».

Бұл туралы үшінші қара сөзінде Абай: «Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание – тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған... Ол адам ...тергеулі, сотты болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені».

Би көбейді дегенше, дау көбейді де. Жаңа закон бойынша – «Бір болыстан шығады дәл сегіз би». Абай әлгі сөзінде: «Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі жыл кесілмей (пәленше уақытқа делінбей –А.О.) сайланса» дейді. Әрі қарай өлеңде ояз бен судьяның жалақысы (жалуанасы) «тым-ақ толық». Оның «артында помощник пен көп шенеунік». Олардың да ұпайы түгел - пара алады, қазақ дауының «олжаласы». Міне, осының бәрі бізге кейінгі Абай шығармашылығында бір-бір бөлек тақырып ретінде белгілі.

Өлеңнің соңғы бөлігіне келейік.

Шенеунік дознанияға ақша алады,

Тергеуші «куә айтты» деп бас салады.

Ақ, қараң табылмайды «көп» айтқан соң,

Көзіңнен аққан жалғыз жас қалады.

... «Ұрды, соқты, талады, пара алды» деп,

Қор боларсың, өтірікке есің шығып.

... Құр босқа күнде тергеу көбейген соң,

Тыныш жатып ұйықтауыңа төсек болмас.

... Ар кетті, ұят кетті, намыс кетті,

Законшілер тарттырды-ау көп бейнетті.

Ең болмаса қорықпайды Құдайдан да,

Жалған ант күнде ішеді, көзім жетті.

Осы сөздер өлең Абайдікі ме деген күдікті қоя тұр, көзіңе жас келтіреді. Өйткені, торға түскен құстай, күнде тергеуші алдында отырған шарасыз Абайды көзге елестетеді. Оның үстіне, өтірік арыз жаудырып, күнде жалған ант ішкен пысықайлармен жүзбе-жүз келсең, қайтіп налымассың? Ақынды тергеу (дознания мен допрос) жеті жылға созылып (1878-1885 ж.ж.), соның бастапқы үш жылында Абай тергеу тарапынан қатты қысым көрген еді. Сол бейнет, ауыртпалық суреттелген өлеңнің жазылу мезгілі – 1879-80 жылдар деп тұжыруға әбден болады.

Өлеңнің соңында жігіт ағасы Абай:

Елден бөлек түскен жоқ маған азап,

Қор болдың бірің қалмай бәрің қазақ, -

дейді. Өзінің басы азапқа түскеніне емес, бүкіл қазақ адамдықтан алыстады («қалмады елде адамшылық»), яғни қор болды деп күңіренген. Өлеңнің идеялық өзегі де, жанына қатты батқан жәйт те осы. Ең соңғы шумақ:

Патша тіпті қас емес, біздерге дос,

                                         Ақылдас, байғұс қазақ басыңды қос.

Бұл закон бізге тынышсыз болды ғой деп,

Өзіне жеткізсеңші жүргенше бос.

Бұл да келешек ұлы ақынның жанашырлық үні емес пе.

Тексерістен шығар қорытынды: «Жаңа закон» – ешбір кінәсі жоқ, шүбәсі мен күдігі жоқ нағыз Абай өлеңі. Оған керек дерек – өлеңде тұнып тұр. Оның үстіне, 1880-жылдардың басында терең білімді, орыс тіліне жүйрік дара азамат Абай болғанына еш күмән-күдігіміз жоқ. Ізбасарлары ше десеңіз, Абай жанында топай Бейсембайдан басқа шәкірт болмаған. Көкбай, Әріп, Мағаштар интернатта оқып жүр, өзгелері де әлі жас.

Енді әдебиетші ғалым Серікбай Қосан өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы» атты мақаласында келтірген екі дерекке тоқталайық. 1882 жылы Орыс географиялық қоғамының Омбыдағы бөлімінен Семейдегі Статистикалық комитетке қазақ ауыз әдебиетін жинастыру жайында тапсырыс келіп түседі. Оған комитет хатшысы былай деп жауап жазады: «К крайнему моему сожалению, я не могу оказать содействие отделу в сборе местных киргизских сказок по незнанию языка, так и по недостатку времени. Полагаю, что в этом отношении для отдела мог бы полезен Ибрагим Кунанбаевич Ускенбаев (управитель Мукурской волости), весьма развитый киргиз, умеющий притом писать по руский достаточно связано» (Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. Алматы, 2001. -36 бет).  Осылайша Абай ел ішінде таралған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өңдеп, толықтыруды қолға алған. Екінші дерек. 1884 жылы март айында Омбыға «Жаңа закон» өлеңі осы жырмен бірге жолдаған. Тарту («Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры мен сөз болып отырған «Жаңа закон» өлеңі) жіберілген конвертте: «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деген адрес жазылған.

Бұл дерекке қатысты С.Қосан: «Қазақ қоғамына зор нәубет әкелген «Жаңа низам» заңы туралы өте ойлы өлең жазатындай Абайдан басқа ақын болды ма екен?» деп пікір қосады.

Тергеуде жүрген Абайдың сақтықты мықтап ойластырғаны хақ. Егер өлең бөлек жіберілсе, сезікті көрінбекші. Абай әдетінше «Ибр.Кунанбаев» демей, тек «А.К.» деп көрсеткені де сол патшалық цензураны аңдаған сақтық шарасы сияқты. Қағазға араб қарпімен түскен өлеңді Абай өз қолымен жазған ба, әлде, ел ішіндегі молданың біріне көшірткен бе? Зерттей түсуді қажет ететін жұмыстың бірі осы. Мұны жазу (почерк) басқаныкі, демек, өлең де Абайдікі емес деген шалағай тұжырымға бармайық деп айтып отырмын. Өлеңнің өзінен басқадай шешуші дәлелді іздестіру бос әурешілік.

Өлең қай жылы жазылған? Бірден айтайық, 1884 жылғы емес. Бұлай десек қатты жаңылысамыз. Соңғы шумақтар оның төрт жыл бұрынғы өлең екенінің айғағы. Сезіміне қатты әсер еткен оқиғаны кейінге қалдыру Абайға жат. Өлең 1880 жылғы деуімізге жанама дәлел, осы жылы Крыловтан алғаш аударылған «Жарлы бай» атты мысал. Екі ұзақ өлеңді («Жаңа закон» - 34, «Жарлы бай» - 24 шумақ) салыстыра қарасақ, екеуі бір мезгілдікі екені аңдалмақ. Өйткені, екеуі де қарапайым қара өлең ұйқасымен жазылған.  Ауызша жырлайтын ел ақындарының үлгісіне жақын. Бұл Абай ақындыққа «үлкен өрісті, әлеуметтік еңбек деп» (Әуезов) әлі кіріспеген деген сөз. Мұны   «Өлеңнің көркемдік жағы нашар, Абайдың бізге мәлім шығармаларынан көш төмен» деген кешегі күнгі пайымдарға бола айтып отырмыз.

Сонымен, сұңғыла Абай 12 ауыр айыппен тергеуге түскен хәлде, саяси еркіндікті аңсап жазған «Жаңа закон» өлеңі ұзағынан сүйіндірсін, алаш жұрты! «Ештен кеш жақсы» демекші, ғылыми айналымға алғаш рет түсіп отыр. Жарты ғасырдай тасада қалып, ұмыт болған жырға кеңірек түсіндірме берген жайымыз сол.

Сүбелі олжамыз қай қырынан болмасын Абай мұрасын байыта түсті. Туынды, әсіресе, болыс Абай (1878 жыл) мен оқымысты Абай (1882 жылы) аралығының ойсырап тұрған олқы тұсын толтырып, үзілген жібін жалғағанымен құнды. Көпшілік қауым да осылай қабылдар деген сенімдеміз.

 

ЖАҢА ЗАКОН 

 

Орысқа қарағалы көп жыл болған,

Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.

Патшаға барып жүрген жақсылары,

Шекпен үшін, шен үшін босқа ұмтылған.

 

Хабар жетіп патшаға біздің жақтан,

Жаны ашып ойшыларға ой ойлатқан.

Қазаққа осы жақсы, пайдалы деп,

Ойшылар жаңа закон - низам тапқан.

 

Шығарған бір законды қазаққа деп,

Бұрынғыдай қалмасын азапқа деп.

Қазы, майор, тілмаш пен казак-орыс,

Елді иттей таламасын мазаққа деп.

 

Түзетемін десе де қазақ халқын,

Іштегілер көп білмес елдің парқын.

Ниеті адал болса да, пайда қылмақ,

Өзім пайда демеймін мұның артын.

 

Болыстық қылса дағы адам ғой деп,

Ескі закон бұларға жаман ғой деп.

Советник, аға сұлтан, қазылыққа,

Жаратпайды қазақты надан ғой деп.

 

Осы-ақ жері біздерді кем көргені,

Жаман мен жақсымызды тең көргені.

Кеңестен де қалыппыз жаңа тағы,

Қазаққа қойылыпты шен бермегі.

 

Рас, қазақ – надан ел, жөн білмейді,

Әр ақылды,  орыспен тең білмейді.

Өзге тағлым, өнермен жоқ болса да,

Өз пайдасын өзгеден кем білмейді.

 

Оязной мен судия – ендігі ұлық,

Олардың жалуанасы тым-ақ толық.

Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,

Олар қылмай қала ма астамшылық?

 

Олар дағы тәубесінен жаңылмай ма?

Қисыны ақша алудың табылмай ма?

Артында – помошник пен көп шенеунік,

Бөлтірік қасқырдай-ақ жабылмай ма?

 

Кеңесте бір кісің жоқ сенің мықты,

Жөн білмес надандыққа атың шықты.

Күзеті жоқ қой қорадай аралауға,

Бұрынғыдан енді артық болар тіпті.

 

Бүйтіп тұрса қазақта жан қалар ма,

Оның жайын кісі жоқ аңғарарға.

Қатыныңның өзінде еркі бар ма,

Оның да еркі ояз бен жандаралда!

 

Қылмайды мұны ойланып қазақ кеңес,

Алыстан ой ойланып уайым жемес.

Қазаққа «өз заңыңмен тұр» десе де,

Еркің түгілі, көп ісің өзіңде емес.

 

Ер, қатын жанжал болса анда-санда,

Бітіруші еді кітабымен указ молда.

Муфтиден бізді айырды, указ қалды,

Ендігі ерік ояз бен жандаралда.

 

Opыс біздің қарамас төтемізге,

Шариғатсыз, биліксіз кетеміз бе.

Біздерден заңы бөлек, діні бөлек.

Олар неге кірісті некемізге.

 

Жақпаса «надан» біздің қылығымыз,

Келіспесе «қазақша» жүруіміз.

Дінімізге тиіспесін, өзгемізді,

Өз заңына салсыншы ұлығымыз.

 

Онбасы, елубасы өңкей залым,

Білері аз, білмесі көп, жұртқа мәлім.

Жер бөлмек, ақша бөлмек оларда екен,

Шығыпты надан елден бек көп алым.

 

Сүйгеніңе (шар) салатын заман кетті,

Болыснай сияз деген тағы жетті.

Бір болыстан шығады дәл сегіз би,

Олардың біреуі араз, бірі кекті.

 

Би екеу болса, дауы төртеу деймін,

Би көбейіп, еліңді өртер деймін.

Санағанда жақсыдан жаманың көп,

Көп жаманың жақсыңды құртар деймін.

 

Ел бұзылар есірік, мас көбейіп,

Әдеп кетер аяқ пен бас теңеліп.

Ұлыққа көптің сөзі болды екен деп,

Көп жаманға жалынар бас шөмейіп.

 

Орысқа көптің сөзі алынған соң,

Көп жаман тәубесінен жаңылған соң.

Жақсың да адамдық жоқ ит болады,

Еріксіз көп жаманға жалынған соң.

 

Болыстар түзу билік айта ала ма?

Билігін билер тура тарта ала ма?

«Сендерді біздер сайлап қоймап па едік?»

Деген соң оның сөзін қайтара ма?

 

Быт-быт боп енді қазақ араздасар,

Ұлыққа шауып барып қағаздасар.

Өзі залым жақсыны қорқытпаққа,

Қылмағанын «қылды» деп жамандасар.

 

Шенеунік дознанияға ақша алады,

Тергеуші «куә айтты» деп бас салады.

Ақ, қараң табылмайды «көп» айтқан соң,

Көзіңнен аққан жалғыз жас қалады.

 

Жаманға жақсыны ұлық берді жығып,

Көп тентекке «мақұлды» қойды тығып.

«Ұрды, соқты, талады, пара алды» деп,

Қор боларсың, өтірікке есің шығып.

 

Өтірік, арыз-шағымға  есеп болмас,

Айтылмаған қазақта өсек болмас.

Құр босқа күнде тергеу көбейген соң,

Тыныш жатып ұйықтауыңа төсек болмас.

 

Талау, тонау, барымта, кісі өлтіру,

Иә, біреудің мүлкіне өрт жіберу.

Пара алмақ сондай істер оларда деп,

Қазақта сонан шықты иттей үру.

 

Қарасам осы күні ел түріне,

Қазақтан достық кетті бір -біріне.

Қылмағанды қылды деп жала жауып,

Жалған куә салады жау жеміне.

 

Қалаға шауып жатыр атын бұлап,

Ақыл айтар ақсақал қалды жылап.

Ары жоқ, ұяты жоқ бір законшік,

Орыстан тауып алар өзі сынап.

 

Ар кетті, ұят кетті, намыс кетті,

Законшілер тарттырды-ау көп бейнетті.

Ең болмаса қорықпайды Құдайдан да,

Жалған ант күнде ішеді, көзім жетті.

 

Елге орыс келуші еді баяғыда,

Пара түгіл, ем екен таяғы да.

Ақсақалды жиып ап, сұрап біліп,

Ақылмен қылушы еді аяғында.

 

Қалмады қазір елде адамшылық,

Адам түгіл, ит қылмас мұндай қылық.

Шын мен өтірікті айыра алмай,

Көргісіз қып кетеді ендігі ұлық.

 

Қылмаған бұрын қазақ мұндай істі,

Мұндай қылық мінеки басқа түсті.

Жүз арыздан біреуі  рас емес,

Қайта арсыз, ұятсыздың сөзі күшті.

 

Елден бөлек түскен жоқ маған азап,

Қор болдың бірің қалмай бәрің қазақ.

Жаны ашымас законшік шенеуніктер,

Тіліменен болдыңдар жұртқа мазақ.

 

Патша тіпті қас емес, біздерге дос,

Ақылдас, байғұс қазақ, басыңды қос.

Бұл закон бізге тынышсыз болды ғой деп,

Өзіне жеткізсеңші жүргенше бос.

 

Низам (арабша) – заң, закон.

Ояз – орыстың «уезной» деген сөзі. Әр облыс уездерге бөлінген, сол уезді басқарушы адам.

Жалуанасы – орыстың «жалование» сөзі, айлық алатын ақшасы, қазіргі лексикада «жалақысы» деген мағынада.

Ұлық – генерал-губернатор (жандарал), ояз, судья сияқты патшалық биліктің иелері.

Кеңес – бұл жерде патша билігі жанындағы ұлт мәселесін талқылайтын орын.

 Іштегілер – бұл жерде Ресей мемлекетінің заң шығарушы ұлықтары мен ойшылдарын айтқан.

Муфти – мұсылман елінде дін басшысы.

Көптің сөзі – бұл жерде «протокол» деген мағынада.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым, философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377