Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 7857 15 пікір 11 Наурыз, 2019 сағат 11:47

Қазақша білмеген адамның депутат болуға хақы жоқ

Елбасымыз Назарбаев партияластарына «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Біз қол қусырып қарап отырмай, жұмыс істеуіміз керек. Әр облыста, әр қалада, әр ауданда филиалдар бар. Сіздер партия мүшесі екендеріңізді айтып, қол қусырып отыратын болсаңыздар, біз жақсы партия бола алмаймыз. Алда парламенттік сайлау, президент сайлауы келе жатыр. Осыдан өту үшін біз халықтың сенімін ақтауымыз қажет», - деді.

80 пайыз мұсылман ділді, қазақ тілді халықтың сенімін ақтау үшін «Нұр Отан» партиясының осы жолы бұрынғыдай күшке салмай, мемлекеттік тіл салтанат құрған әділ сайлау өткізуі керек.

Иә, сайлау келе жатыр. Бірақ осы жолға сайлау қазақ тілді болып өте ме, өтпей ме, бәр гәп осында жатыр. Ұлттың бар үміті ресми билік тіркелуіне рұқсат берген «Ақ жол» мен «Ауыл» партияларының республика тарихында бірінші рет қазақ тілді сайлау өткізуге мұрындық болуында. Осы уақытқа дейін қазақ тілін білмесе де, ел атынан сөйлеуші депутаттардан әбден зәтте болғанымыз жасырын емес. Енді еліміздің «Сайлау туралы» Заңына өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтар «аудандық, қалалық, облыстық және республикалық» мәслихатқа депутат болып сайлана алмайды деген тармақ қосылуы қажет. Өйтпесек, түрлі деңгейдегі мәслихат пен парламентіміздің орысша сайрағаны еш тыйылмайды.

Құттықтаймынды – «қытықтаймын», өсіредіні – «осырады» дейтіндер аяғын байқап басатын болады. Депутат боламын дейтін азамат сол елдің тілін білмей, «тілдік орта» жоқ деген сылтауды алға тартпай, дәстүрін құрметтемей төрге озбауға тиіс. Олар башқұртстандық қазақ тілді «Сары кыз» ютуб каналын (https://youtu.be/RoyNTbhpVnE) жүргізуші блогер Уфа мемлекеттік авиациялық университетінің студенті  Вероника Сандаковадан немесе Армян мемлекеттік университетінің  аспирант қызы Шушан Хачатряндардан үлгі алса дегіміз келеді.

Басқа елде тұрып, қазақ тілін жете меңгергендер саны жетіп артылады. Ал, елімізде тұрып, қазақша бірауыз білмей, депутат болам дегендерге жол жабылатын уақыт жетті. Әрі сайлау шарасы тек қазақ тілінде өтуін ел болып талап етуіміз азаматтық парызымыз әм конституциялық құқығымыз. Оған Елбасымыздың «Сіздер партия мүшесі екендеріңізді айтып, қол қусырып отыратын болсаңыздар, біз жақсы партия бола алмаймыз. Алда парламенттік сайлау, президент сайлауы келе жатыр. Осыдан өту үшін біз халықтың сенімін ақтауымыз қажет», - деген сөзі куә.

Ел тарихында мемлекеттік тілді қолжаулық қылмайтын қазақ тілді депутаттық корпус қалыптастыратын уақыт жетті. Әрі Ассамблеядан сайланатын депутаттарда ана тілімізді білгенін талап етуіміз керек. Бұған елді соңына ертіп, жарқын дербес тілдік тәуелсіздікке жетелейтін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының белсенділігі қажет. Бұл ұлттық зор шарадан әр қазақ тыс қалмайды деген ойдамыз.

Қай тілде белгілі бір мемлекеттік органға шағыну әр азаматтық жеке бастық ісі. Ал, өзге тілді, яғни, бұрынғы отаршылар тілін араластырмай, тек мемлекеттік тілде саясат жүргізу, билік ету, жұртты басқару бүкіл қазақ елінің мұраты. «Орыс тілінсіз Қазақстанның»  заманы туды. Өзге тілділер мемлекеттік тіліміз бар екенін ұғынды. Бір атқа екі ер салынбайды.

«Көп қорқытады, терең батырады» деген халық даналығы осы сайлауды өткізгелі отырған орыс тілді билікті, ана тілді бұқараға қарай бет бұрғызуы – уақытты жеткен мезет. Өзге тіл араласқан сайлауға әм мәслихатқа нүкте қоятын уақыт жеткенін ел тарихы өзі бізге сездіріп отырған жайы бар. Осы сын сағатта билік «ұлттың сағын тағы сындыра ма, сындырмай ма!?» деген көңілді күпті етер сауал сананы мазалайды!?

Әбіл-Серік Әлиакпар

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196