Қоңыр үй мен ақ «Жигули»
Сыртын саз бен сабанды араластырып сылаған қотырлау қоңыр тамға қарлығаштар үйір-ақ. Бағаналары нық қағылып, еңсесін тік көтеріп, кербезденіп тұратын үйдің биіктігін ұя салуға қолайлы көреді ме, әйтеуірі жыл сайын қызғылт тамақ жүндері күнге жылтырай шағылысып, қарлығаштар үй маңдайында тізіліп отыратын.
Бұл еңселі үйдің адамдары да кербез көрінетін. Сүйегі ауыр ағаштан салынған есікті шалқасынан сілки ашып тастап, қоңыр плащының екі өңірін артқа қарай қайырып, екі қолын шалбарының қалтасына салып аласа бойлы Хабес шал тұратын. Кемпірінің басындағы орамалы қандай тап-таза болса, Хабестің де кебісі сондай таза, былғарысы күннің көзіне майдай еритін. Бұл үйдің итіне дейін кісімсіп тұартындай еді, сүйек-саяқ бағып, үй-үйді аралап жүретін бүкір иттермен ешқашан тістесіп, жаласқан емес. Ақ ешкінің тулағы төселген ағаш үйшігінен құйрығы қайқайып шығады да, иесі көз тастаған жаққа қарай бұл да ежірейіп қарап тұра қалатын. Үстінен басы артық сабалақ жүнді байқамайсың, алақандай екі құлағын жымқырып, еңсесі түскен кез болған емес. Қанша көрсең де сақ құлағы тік көтеріліп, елеңдеп тұрады.
Жасы жетпіске жетсе де ақ кірмеген қара қою шашын артына қарай қайырып тастап, асықпай байыппен түскен екі ұзын жолақ әжімі бар тар маңдайын бір тыжырайтып, бір жазып Хабес үйдің әр бағанасын тарамыс қолдарымен итеріп, сылағы түскен тұстарын тексеріп тұратын әдетінен жаңылмайды. Босаңсыған бағана көрсе кебісі күнге шағылыса аяғын тез-тез басып, құрал-сайман салынған сарайына қарай шабады. Күрек, балғасын сүйрелеп жүріп дереу жөндеуге кірісіп, үйі дәл қазір опырылып түсердей аяқ астынан әбігерлене қалатын әдеті бар.
«Бұл үйді заманның атақты кәмерсәнті Шұғайыптан сегіз өгізге ауыстырып алғанмын. Сегіз өгіз» дейді сегіз санын көрсетуге үйреніп қалған саусақтарының екі бармағын ішке қарай бүгіп көрсетіп, «Тастамалары қызыл еменнен салынған. Іііі... Қызыл еменнен, ақ емес! Емендерді сона-а-ау Ресей орманынан бір жаз, бір күз бойы тасытқан көрінеді, жарықтық» дейді дауысын Ресей жеріне жетердей етіп ұзаққа созып, келген адамға үйдің хикаясын осылай айтуға кірісетін. Тыңдаушы әңгімеге қызығушылық танытса Хабестің тиегі ағытылады. Аппақ орамалы самаурынның бурыл түтіннің ортасынан ағараңдап кемпірі шай қайнатумен болады.
Жеті-сегіз үй жайлаған бұл маңда Хабестің қоңыр үйі паңданып, еңсесін көтеріп тұрғанда өзге қоржын тамдар өзді-өзінен қораштанып шыға келетін. Хабестің өзінің бе, әлде үйінің пысы баса ма белгісіз, айналадағы өзі құралпы шалдар бұның ығына қарай жығылып, төменшіктеп келіп, өздері қос қолдап амандасатын. Дорбадай ауызын арп етіп бір үріп қалатын итінің бетіне де ешкім қарсы келіп: «Кет, жоғал!» деп айтып көрген емес.
Сол Хабес суық жаңбыры сыздықтап, біресе сіркіреп, үскірік желі ысқырып жеткен көңілсіздеу бір күзде үйдің табалдырығынан аттай берісімен сылқ етіп құлап түсті. Шағын, жұп-жұмыр денесі айналасын жайпамай-ақ, алдын ала дайындалғандай жеп-жеңіл құлады. Үнемі сабыр мен үнсіздік тұнып тұратын көздерінен үрей шашып, ақ жаулықты кемпірі көршілерге қарай құлдыраңдады. Аудан орталығындағы жалғыз ұл мен дәрігерге хабар жіберілді. Ұлдан бұрын шынылары сыңғырлап, темір-терсек құралдары сылдырлап дәрігер жетті.
Сығыр көздері тарс жұмық күйінде сіресіп жатқан шалын мүмкін қырсығып жатыр ма дегендей кемпірі бетіне сенімсіздікпен қарап қояды. Дәрігер басын шайқады, жиылған көршілер көздерін төмен салды. Ақсандық кемпір шынымен сасайын деді. Әйнектері айғызсыз, тап-таза, мөлдіреген терезеден көзі жасаурап аудан орталығына апаратын жолға қарай береді. Ондағы ойы ұл келсе аяқ астынан жеткен кесапаттан құтқаратындай болып тұрады.
Ірі денесіне сай келмейтін тар былғары курткасы сыртта жауған жаңбырға айғыздалып ұл кешігіп болса да жетті. «Хабекеңе не болды? Тыныш па?» - бірінші сөзі осы болды. Ата-әжесінің қолында өсіп, кейін үлкендердің көзі кеткен соң ауданда интернат жағалап өскен ұл әкесін «Хабекең» дейтін.
Көзілдірігін шешіп, көзін уқалай отырып дәрігер аурудың жайын түсіндіре бастады: «Инсульт соққан. Қан тамырлары қысымға шыдамаған. Оң жақ қол, аяқ, дененің жаны жоқ. Есін жиғанның өзінде адамдарды тануы, сөйлеуі бұрынғыдай болмайды. Уақыт керек, кейде бұндай аурудан жазылып кететіндер де болады» деді қасын керіп жоғарыға қарады. Дәрігерді аурудың жайынан бұрын үйдің төбесіндегі араларын жиілетіп салынған жуан қызыл ағаштар қызықтырып, алаңдатып отыр еді.
Пешке арқасын сүйей отырған Ақсандық кемпірдің көзіне жас толды, мөлдіреп барып, жылтыр жібектен тігілген жилетінің өңіріне тырс-тырс тамды.
Аудандағы ауруханаға жатқызылған Хабес ауруынан айықпады. Дәрігер де әулие екен, айтқаны айнымай келді, есін жиғанмен тілден айырылды, оң жақ денесі жансызданды. Денесі тығыншықтай шалды орнынан қозғау, күтімін жасау түйенің жілігіндей ғана әлжуаз кемпіріне қиындық тудырды. Қол-аяғы ебедейсіз өскен ұл бойы бұлғаң-бұлғаң етіп жәрдемдескендей болып, қоңыр үйде бір аптадай ғана жүрді. Күтімі қиын деп алдымен әкесінің қап-қара қайратты шашын тықырлатып қиды. Күректей алақанына оймақтай айнаны жапсырып, ыржалаңдап әкесіне шашсыз тақыр басын көрсетпекші болып әбігерленген ұлға Хабес көзін де ашпады. Тісі жиі тарақпен шашын ұқыптап артқа қарай қайыра тарап жүретін шал тақыр басын көріп қапаланады ма деп кемпірі пеш түбінде кібіртіктеп отырып қалды.
Ауданға кеткен ұл кешікпей түтінін будақтатып, алақандай ауылды басына көтере арылдатып, жер дүниені солқылдатып «Камаз» мініп келді. «Көшіріп әкетемін» деп әй-шәй жоқ кіре берістегі сары темірлері жылтырап, бетіне шаң қонып көрмеген сандықты сандық құрлы көрмей қолтығына қыстыра кетті. «Ойда жоқта көшіп барамыз. Бала қолына көшіріп алып барады» деп не қуанғаны, не мақтанғаны, не қапаланғаны белгісіз күйде абдырап, ақ жаулығы кешкі қою ымыртта ағараңдап көршілерге қарай дедектеп жүгірді Ақсандық. Әп сәтте жиылған көршілер артық сұрақсыз, тергеусіз-ақ жүкті жиыстырып, «Камазға» тиеп тастады.
Үнемі Хабестің қытығына тиіп қырсығып, кең далаға сыйыспай жүретін Идаят шал да абыржып, үй іргесінде сүйеулі тұрған көсеуді ұстап алып: «Әй көсеу қалып барады, әй, көсеуді қай жерге қыстырайын? Барған соң таба алмай жүрмеңдер!» деп әрлі-берлі сандалып жүрді де қойды. Бурыл сақалы дір-дір еткен түрінен қобалжу байқалады.
Сандықтан әтір себілген сұр пальтосын, басына пальтосына түстес келетін қалпағын кигізіп Хабесті көршілер сүйеп алып шығып жүк тиелген көлікке отырғызды. Идаяттың кемпірі Күләш келіп Хабесті қымтап аяғына жылы көрпе орады. Хабестің бетіне ешқандай өзгеріс жоқ, сығыр көздерін барынша ежірейтіп көліктің жарығы түсіп тұрған соқпақ жолға қарап отырды да қойды. Тура сау кезіндегідей қалпағы да кегжие қалыпты. Киіміне түстес қалпақ киетін әдетіне дейін жаңылмаған.
Бағанадан бері абыр-сабырдан тысқары, ешкімнің аяғына оратылмай үйшігінің жанында тұмсығын жоғары көтере сақ құлағын қақшитып дауыстарды аңдып тұрған Ақтөс көлік гүр етіп оталғанда ғана орнынан қозғалып, кебісін тырп-тырп басып асыға көлікке мініп бара жатқан Ақсандық кемпірдің ізінен арсалаңдай жүгірді. Сосын итке тән емес үргеннен жіңішкілеу, қыңсылағаннан жуандау, ұлығанға ұқсамайтын өзгешелеу дауыс шығарды. Адамша тіл қатып, бірдеме сұрағысы келгендей көзінің ағы молайып қолынан көсеуі түспеген Идаяттың жер сызған шапанынан иіскеледі.
Былғары күртесі денесінен тырсиып, рөлге ентелей жабысып алған Ерден ұлдың езуі екі құлағында. «Районда тұрасыңдар енді. Районский кемпір-шал боласыңдар! Хабекең шырт түкіріп әлі-ақ жазылып, крутой шал болады» деп жанында отырған әкесінің иығынан қағып-қағып қояды. Әкесі сау кезінде қаһарынан ығып, қажетін сұрау үшін ортаға шешесін салатын жасық ұлының батыл мінезіне Ақсандық біресе таңырқап қарайды, біресе шалы ренжіп қалады ма деп аурудың бетіне жасқана қарайды.
Ақсандық шалының ығына жығылып үйреніп қалған. Қолына ақша ұстау, базар аралап керек-жарақ алу дегенді өмірі көрмеген. Үйге, шаруаға қажеттінің бәрін Хабес өзі шешетін, өзі орнын толтыратын. Ештемені шашау шығармайды, ештемені жоқтатпайтын. Кемпіріне ай сайын гүл иісті сусабын алуды да ұмытпайтын.
Хабес қол-аяқ, тілден қалған соң сандық түбіндегі бума ақшаны қайтерін білмей ұлдың қолына ұстата салды. Қолына келін ұстап, біреудің қолынан шай ішіп көрмеген Ақсандық әуелгі баста дастарханның қарсы бетіне отыруға үйрене алмай жүрген. Қара торы жүзінде жылылық бар, жымиғанда екі беті ойылып, көздері ойнақшып тұратын келінмен тіл табысу қиын болмады. «Үйдің іші тар, заттарыңыз сыймайды» деген келіннің сөзімен ескілеу жиһаздар ішке кіргізілмеді. Жұртта қалған, дәлірек айтқанда Идаяттың қолында қалған көсеу тіпті жоқталмады. Жаз бойы жүн жуып, бояп, иіріп, бүкрейіп отырып тоқыған терме алаша бүктеуі жазылмастан ескі-құсқы жиналған сарайға кетті. Табиғатынан салмақты, ешкімге қарсы уәж айтып көрмеген Ақсандық бұл жолы да қабағын шытпады.
«Ауылдағы үйді сатамыз, бағасына келісіп келдім» деп өзеурей кірген ұлға да ештеме айта алмай жалтақтап аппақ мамық көрпенің ортасынан ойысып кіріп, ауру меңдегелі шынашақтай болып қалған қара шалға жаутаңдап қараған да қойған. Хабестің бұл әңгімені естіп жатқанын маңдайына түскен қос сызық әжімінің иіріліп, жиырылғанынан байқады. Бірақ көзін ашпастап, міз бақпастан жатты да қойды.Ұлы бөлмеден шыққанда ғана көзін ашып, төбеге ілінген жылтыр люстраға қарады. Ішінен өз үйінің төбесіндегі тастама ағаштарды ойлап жатқаны белгілі еді.
Үй бұзылды, ағаштарынан басқасы пайдаға аспай үгітіліп, азын аулақ ақшаның басы құралған болатын. Сандық түбінен шыққан бір бума ақшаға бұл қаражат қосылып ақ «Жигули» сатып алды ұлы. Ақ көлікпен орағытып біресе батысқа, біресе шығысқа шапқан ұл «Хабеке, көлік мынауский екен! Зырылдап тұр» деп иілмейтін баданадай бармағын әкесінің тұмсығына тыға жаздады. Ақсандық біресе шалы ренжіп қалады ма деп, біресе ұлының батылдығына таңырқап тағы да екі ортада жаутаңдап қалған. Хабес қабағын тарс түйіп, маңдай әжімдерін бір-біріне тоғыстырып, тыжырайып жатып алды.
Ақ көлікпен бірге селкілдеп, екі бетінің шұңқыры ойылып, аппақ тістерін көрсете күліп келін де жадырап жүрді. Төркін, дос жарандарды аралап, көрімдік жинады. Тар үйдің екі бөлмесін толтыра қонақ шақырып, ақ көлікті «жуды» сосын. Келген қонаққа орын жетпеген соң Хабес жатқан ақ төсегі бар кереует бұрышқа қарай ысырылды. Шалының бет-жүзіндегі әр қимылын бағып Ақсандық да кереуетпен бірге шетке қарай ойысты. Тілектер айтылды, домбыра шертілді, ән салынды. «Ақ шашты көрдім апа-оу самайыңнан» деп шараптан басы айналған ұл тәлтіректеп келіп, әндете Ақсандықтың бетінен құшырлана иіскеп кетеді.
Қарға адым жердегі дүкенге де көлігін оталдырып алып, еліріп шабатын ұлдың қуанышы ұзаққа бармады. Күздің қара суығынада мұз аралас балшыққа тайып, ақ «Жигули» жолдың шетіне бір бүйірімен ауып түсті. Ышқыры мен күртесінің арасы бір-біріне жетпей құйрығы жалтырап, дүңкиіп жолдың шетіне аунап түскен Ерден ұлдың көрер жарығы бар екен. Балшыққа аунаған шошқадай үсті-басы лас-лас күйінде үйге кіріп келіп, қорсылдап жылады-ай келіп. Терезесі шағылып, моторы мыжырайып қалған көлігін жоқтады ма, әкесінен ұялды ма ол жағы ешкімге де белгісіз...
Алпамсадай денесіне сай келмейтін жіңішке дауысымен сыңси жылап, миды шағып отырған боркемік ұлға назар аудармастан, көзін төбеден айырмаған күйі сазарып жатқан Хабестің арада ай өткенде жұрттың жуындысын жалап көрмеген Ақтөс арып-ашып, бойынан әлі кеткенде ауылдың бүкір, сабалақ иттеріне аяусыз таланатынын, келер көктемде ұя салуға келген қарлығаштар қоңыр үйді іздеп, кішкене қанаттарын дамылсыз дір-дір қағып, үйден қалған үйіндіні айналшықтап ұшып жүретінін ойлап жатқанын Ақсандық қана сезді.
Бақытгүл Сәрмекова
Дереккөзі: "Қазақ әдебиеті" газеті
Abai.kz