Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2675 0 пікір 25 Мамыр, 2011 сағат 12:44

Рақым Айыпұлы. Қауымдастық һәм қазақ көші

Ай соңында әлем қазақтарының төртінші құрылтайы өтетіні белгілі болды. Мұндай жаңалықты да жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың «Түркістан» газетіне берген «Бұл құрылтай бұрынғыдан өзгерек» деген тақырыптағы сұхбатынан оқып білдік. Сұхбатта Талғат Асылұлы: «Мамыр айында әлемдегi қазақтардың басын қосып, мұң-мұқтажын тыңдауды және проблемаларын шешу жолдарын қарастыруды жөн санап отырмыз.

Құрылтайды ашатын салтанатты жиында Елбасы қатысып, баяндама жасайды деп жоспарланған. Жалпы Құрылтайдың мақсаты - осы бес жылдағы жасалған жұмыстарды қорытындылап, алдағы мiндеттердi айқындау. Сонымен қоса, ауқымды мәдени шаралар өткiзбекшiмiз. Дәстүрлi қолөнер шеберлерiнiң көрмесiн ұйымдастырамыз. Ақындар мүшәйрасы өтедi. Қазақстан өнер шеберлерiнiң гала-концертi және шетелден келген өнерпаздарымыздың концертi ұйымдастырылады.

Ай соңында әлем қазақтарының төртінші құрылтайы өтетіні белгілі болды. Мұндай жаңалықты да жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың «Түркістан» газетіне берген «Бұл құрылтай бұрынғыдан өзгерек» деген тақырыптағы сұхбатынан оқып білдік. Сұхбатта Талғат Асылұлы: «Мамыр айында әлемдегi қазақтардың басын қосып, мұң-мұқтажын тыңдауды және проблемаларын шешу жолдарын қарастыруды жөн санап отырмыз.

Құрылтайды ашатын салтанатты жиында Елбасы қатысып, баяндама жасайды деп жоспарланған. Жалпы Құрылтайдың мақсаты - осы бес жылдағы жасалған жұмыстарды қорытындылап, алдағы мiндеттердi айқындау. Сонымен қоса, ауқымды мәдени шаралар өткiзбекшiмiз. Дәстүрлi қолөнер шеберлерiнiң көрмесiн ұйымдастырамыз. Ақындар мүшәйрасы өтедi. Қазақстан өнер шеберлерiнiң гала-концертi және шетелден келген өнерпаздарымыздың концертi ұйымдастырылады.

Құрылтай 3 күнге жоспарланған. Бiздiң болжамымызша, 32-34 елден қазақтар келедi. Бiр күндi спортқа арнауды жөн көрiп отырмыз. Ондағы мақсатымыз - 10-12 футбол командасын жасақтап, халықаралық футбол турнирiн ұйымдастыру. Еуропадан 2 команда келедi. Сонымен қоса, ұлттық спорт түрлерiн насихаттау мақсатында көкпар, қыз қуу, аударыспақ, тоғызқұмалақ секiлдi ұлттық спорт түрлерiнен де жарыстар өткiзбекпiз. Еуропадағы қазақтар жыл сайын өздерiнiң Кiшi құрылтайын өткiзедi. Осы Құрылтай аясында футбол турнирiн өткiзедi. Еуропаның он елiнен команда келедi.» («Түркістан» 14-сәуір, 2011ж.) депті.

Бұл құрылтайдың бұрынғыдан «өзгерек» болатын жөні де бар екен. Себебі, үш-ақ күнде өте шығатын осыдай ұлан-асыр мерекелік шаралардан кейін, әлемдегі қазақтардың басын қосқанымызбен, "мұң-мұқтажын тыңдап, проблемаларын шешу жолдарын қарастыруға" уақыт табылмайтын сияқты.  Мүмкін ондай жоспар атымен жоқ та шығар. Олай айтуымыздың себебі, әлем қазақтары ай сайын  бас қосып жатқан жоқ. Бұйырса, бес жылда бір келетін ұлы дүбірлі құрылтайды жұртқа уақытында жарнамалап, ұлтымыз үшін ең өзекті деген мәселелерді қоғам талқысына салып, елеп-екшеп, шешу жолдарын тауып, құрылтайдың қарауына ұсынсақ қалай жарасар еді! Бірақ құрылтай тақырыбына арналған алқалы бас қосу атымен болған жоқ. Құрылтайдың өтетіндігінен де қалың қауым бейхабар күйде қалды. Мұны Т.Мамашев мырза құрылтай алдында қыза түсетін қоғамдық пікірден  бойтасалау үшін әдейі жасап отырғандығы түсінікті.

Ал, бұрынғы құрылтайларға әсіресе, әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына тұтас республика табанынан тік тұрып дайындалып еді. Ұлы құрылтайдың қарсаңы да ұлтымыз тарихында мәңгілікке алтын әріптермен жазылатын айтулы уақиғаларға толы болды. Еліміз бодандықтан бостандыққа шықты. Жат жұртта жүрген біз, Қазақстан тәуелсіздік жариялағанда бақыттан басымыз айналып, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған еді. Ендігі арман -Тәуелсіз қазақ топырағына қалай жету болатын. Кешікпей оның да көкжиегі көрінді. 1991-жылы 31- желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақ радиосы» арқылы  шетелдердегі қазақтарға арнап: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекеннен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайта келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білем. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правасы туралы ел аралық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан үкіметі: «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылданды. Сондықтан, атамекенге келемін деуші ағайынға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген жан тебірентерлік, жүрек жарды сөзін естігенде, радио қабылдағышты құщақтап қуаныштан ағыл-тегіл жылағаным әлі есімде.

Ол кезде «Қазақ радиосын» қалт жібермей тыңдап, елден жеткен газет-журналдарды обырлана оқитынбыз. Тұңғыш қазақ құрылтайының қарсаңында жасалып жатқан қызу дайындық, елдегі ағайынның ықылас-пейілі бізді ғаламат тәтті сезімдерге бөлейтін. 1992-нші жылдың күзінде дүркіреп өткен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы және соған сәйкес құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына байланысты хабарды күнбе-күн естіп, біліп отырдық.

Ойлап көрсек, алғашқы құрылтайдың үлкен жетістігінің бірі -Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы құрылғалы да сынаптай сырғып он тоғыз жыл өте шығыпты. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихын таразылар тұста,бір сәт өткенімізге үңіліп, аталған Қауымдастықтың да кешегісі мен бүгініне ой көзімен қарағанымыз мақұл.

Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сан ғасырға созылған бодандықтан соң, тұтас әлем қазақтарына ғаламат рухани сілкініс тудырған тарихи уақиға болды. Ата-бабамыз армандаған осы күнге дейін отаршылдық үстемдік тұсында біздің туған  халқымыз өз басынан қандай нәубеттерді өткермеді?! Бұл туралы тұңғыш құрылтайда Елбасы: «Әрине, бодандықтың аты-бодандық. Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұланқайыр даламыз Империяның меншігіне айналды. Дініміз тәрік, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз міскін халге ұшырадық. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар Атажұртын тастап кетуге мәжбүр болды. Республиканың ұлттық құрамына таяу арада дүзеп болмастай, орасан нұқсан келтірілді; жер құнары азып, Атамекен тозып кетті. Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің саны азайып, айдынды Аралымыз тартылды, Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонының сынақтары сілкінтіп тұрды, Сарыарқаның шалғыны азып, жер жанаты Жетісудың жайлауы жүдеді». («Тәуелсіздіктің бес жылы» 52-, 53-беттер) деп мұң шаққан болатын. Шынында, отаршылдық үстемдік тұсында қайыс ноқта ма, темір ноқта ма бодандық қамытын киген халқымыз атып-асу мен қудалаудан көз ашқан жоқ. Әсіресе, өткен жиырмасыншы ғасыр тұтас қазақты торғайдай тоздырып, қынадай қырған қасіретті кезеңдерге толы болды. Шығыста Гималайдан батыста Берлинге дейін, оңтүстікте Тарымнан солтүстігі Итжеккенге дейінгі жарты әлем бейуаз халқымыздың қанымен боялды. Осындай ұлттық қасіреттен соң қайта  қауымдасқан  қазақ ұлты өзінің Қазақстандай азат елінде емен-жарқын қауышып,  бақыт құшағында армансыз шалқыған күндер еді ол .

Біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының он тоғыз жылдық тарихы бар екендігін айттық. Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайында Қауымдастыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы Құрылтайдың барысында құрылған Әлем қазақтарының орталығына бұл орайда көп міндеттер жүктелмекші. Ол ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеументтік-экономикалық, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасау керек. Ұлт бірлігін нығайтудың ұйтқысы болу керек», деп ұлтымызды ұйытудың қасиетті міндетін жүктеген болатын.

Құдайшылығын айтайықшы, тұңғыш құрылтайда шаңырақ көтерген  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  құрылтайдан соң қозғалған ұлы көшпен бетпе-бет келді. Дәл осы кезде Қауымдастық төралқа төрағасының бірінші орынбасарлығына бекітілген марқұм Қ. Найманбаев ағамыздың ұшан-теңіз жұмыс атқарғандығын астын сыза отырып, атап айтуға тиіспіз. Ол кісі өмірден өткенге дейін Қауымдастық шетелдегі қазақты атажұртпен жалғайтын алтын көпірге айналған еді. Қалекең шетелдегі қазақ зиялыларының өмірі мен атқарған ісін тіпті ата-баба, түп-тұқиянына дейін жатқа білетін. Қолынан келген жақсылығын аяп көрген емес. «Сендердің табандарыңа кірген шөгір біздің маңдайымызға қадалсын» деп елжіреп тұратын ақеділ бейнесі мәңгі көз алдымызда қалды.

Әлем қазақтарының атбайларына айналған осы шаңырақтың жұмысы, Қалекең өмірден өткеннен кейін, қатты қожырап кетті. Кезінде белдеуінен ат кетпейтін қара шаңырақ бұл күнде ел көшкен соң құлазып қалған кең жайлаудың кейпіне енді.  Алыстағы ағайынның «тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасау керек» ұжым  Еуропаны шарлап, сауық-сайран құруды әдетке айналдырды. Шеттегі қандастарды аралап, хал-жағдайын біліп жүрудің әбестігі жоқ қой, әрине. Бірақ, біздің таң қалатынымыз, қара орман қазақ ұйысып отырған жерлерге ат ізін сирек салып, өркениетті елдердегі санаулы бауырларымызға барғыштай беретіндігі. Өз кезегінде Қауымдастық басшыларының бұл әрекеті елдің іші-сыртындағы зиялы қауым өкілдерінің орынды өкпе-ренішін тудырды. Жаның жаннатта болғыр Хасан Оралтай ағамыз: «Еуропадағы қазақтардың кіші құрылтайы болып тұратынын білеміз. Бірақ, оған барып, қатысуды сіз тым қаламайтын көрінесіз» деген тілші сұрағына: «Қаламағанды қойып, оларға қарсы шықтым. Ол ұят қой. Еуропада кіші құрылтай өтеді. Әр жылғысын мен білемін. Басқасын қояйық, биылғысы Норвегияда өтті. Ол елде қанша қазақ бар екенін білесің бе? Алты қазақ қана бар. Бұл өзі менің ауылдасым. Әйелі норвегиялық. Ал, сол алты кісі тұрған жерге Қазақстаннан 20 кісі барды. Оның аты кіші құрылтай. Не дейсің бұған. Не шешіп жатыр олар? Жиырма кісі қанша қаражатпен барды? Одан да сол қаржыны бірнеше студентке шәкіртақы ретінде берсе, сол пайдалы емес пе? Жыл сайын кіші құрылтай, жыл сайын Түркия, Германия... Өйтіп Еуропаға өтірік қыдырып, сайрандағанша, Қытайдағы екі миллион қазаққа неге қараспайды? Сол Еуропадағы қазағыңның бәрінің ата-тегі Қытайдан барғандар» («Жас Қазақ» 26-қыркүйек, 2008ж.) деп жауап беріпті. Ал, Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов ағамыз: «Бізде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы деген ұйым бар. Олар қашан көрсең, Парижде, Лондонда жүреді. Еуропа мемлекеттерінің әр қайысысында әрі кетсе 150-200 үй қазақ отбасылары бар. Бұлар Қазақстанға келмейді. Оны айтасың, Түркияның қазақтары да Қазақстанға келе қоймайды. Демек, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы  осындай өнімсіз тірлікпен айналысқанша, қазағы мол Қытайға, Өзбекстанға, Ресейге жиі барып, сондағы қазақтарды Атажұртқа тартуға қызмет етсе, дұрыс-ақ болар еді» («Жас Алаш» 2-шілде, 2009 ж.) депті. Осындай ізгі көңілден туындаған әділ сын-ескертпелерге Т. Мамашев мырза «Қауымдастық туралы кейбір жөн-жосықсыз сын-пікірлерге "Ит үреді, керуен көшеді" деп қана қарап отырмыз» («Түркістан» 14-сәуір, 2011ж.) дейді. Әрине, Қауымдастық төңірегінде қалыптасқан жағдай осы мекеменің тізгін-шылбырын қолына ұстап отырған Талғат Асылұлының қарым-қабілетіне ғана байланысты емес секілді. Мәселе алыстағы ағайынға деген таным-түсінік пен ізгі пейілге байланысты ма дейсің. Ең алдымен «ұлт бірлігінің ұйтқысы болуы керек» ұжымның күнделікті тірлігіне жауапты басшы Елбасы саясатын өзінің таным-түйсігіне айналдыруы керек еді. Бірақ, ол кісі мәселеге басқаша қарайды екен. Қазақ көшіне байланысты Т. Мамашев мырза: «Көш басталған тұста шетелде бес миллион қазақ бар деуші едік. Әлі бес миллион қазақтың мұрты бұзылған жоқ. Себебі, біз жыл сайынғы өсімін ескермей келдік. Егер біз осы қазақтың өсімін әкеп алсақ та жетіп жатыр» («Түркістан» 14-сәуір, 2011ж.) деп айды аспанға бір-ақ шығарады. Түсінген адамға қазақ көшін бұдан ары көбейтудің керегі жоқ деген сөз ғой бұл. Шетелдегі бес миллион қандасымыз бізге тек өсімін алып отыру үшін ғана керек сияқты. Осыншама қазақтың болашақ тағдыры Мамашев мырзаны тіпті қызықтырмайды да. Ал, президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлт болашағы жөнінде: «Ұлт мемілекеттіліксіз өмір суре алмайды, құрып кетеді. Өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді» деген болатын. Талғат ағамыздың түсінігінше, шетелдердегі ағайын тек жан бағуы қиындап, тұрмыс қысқанда ғана елге оралатын көрінеді. Моңғолиядағы қандастарымызға байланысты: «Қазір Баян-өлгейдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарып қалған екен. Бәлкім, олардың үйренген мекенінде отыра бергені де дұрыс па?!.» («Түркістан» 14-сәуір, 2011ж.) деген пікірін басқаша қалай түсінуге болады?!  Елбасы: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол - Тәуелсіз Қазақстан!» демеп пе еді тұңғыш құрылтайда. Ал, Тәкеңнің Қытайдағы қазақтардың көші-қонына байланысты көзқарасына да көңіл аударалық: «Өз басым Қытайдың Құлжа, Тарбағатай, Алтай тіпті Гансу өлкесіндегі қазақтар мекендейтін Ақсай ауылына (дұрысы «аудан») дейін аралап келдім. "Көшем" деп отырған ағайындар баршылық. Жағдайы бар, келуге ынталылары келіп болды. Жағдайы жоқ, бірақ келгісі келетіндер аса көп» («Түркістан» 14-сәуір, 2011ж.)  депті. Қытайда қазақ бар жердің барлығын ат сабылтып, аралап жүрген Талғат ағамыз ол елде тұратын 1.7 миллионан астам қандасымызды көшуге ниеті жоқ, немесе көшке ілесе алмайтын жағдайы жоқ көтеремдер деп қарайды екен. Мәселе шынында солай ма? Қытайда виза кезегінде тұрған он мыңдаған қандасымыз қандай ниетпен Үрімжідегі визалық қызметтің есігін тоздырып жүр?! Шетелдегі қандастарымыздың «тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасауға» міндеттелген мекеменің басшысы экономикасы үздіксіз өсу үстіндегі алып елде өмір сүріп жатқан қандастарымыз хақында осындай жаңсақ пікір айтып отырса, қазақ көші қайтіп көлікті болады?! Мәселе виза дегеннен шығады, жақында ол кісінің «Азаттық» радиоснан онлайн-конференциясы өткені белгілі. Сонда виза мәселесіне байланысты: «Сыртқы істер министрлігі "шара қолданып, жөндейміз" деп жатыр. Алайда Қытайдағы ағайындар арасында осы мәселе айналасында жаз кезінде шу шығарып, өздерінің бизнес көзіне айналдырып жүргендері де бар екені жасырын емес. Бұған тек қана сондағы консулдықта отырғандар ғана кінәлі деуге болмайды» деген уәж айтыпты. Шынында визалық қызметтің маңында жүрген делдалдар қайдан пайда болады? Оларға «базар» ашып беріп отырғандар кімдер? Мәселе осында жатыр емес пе? Талғат ағамыз мұны білмейді емес,  жақсы біледі. Сонда да қашанғы әдетімен алыстағы ағайынның өзін кінәлі етіп көрсету пиғылынан алыстамаған.

Кейде біз , Талғат Мамашев ағамыз бұл салаға кейін келді, мәселенің мән-жайын жеттік білмейтін шығар деп олайтынбыз . Бірақ, ол кісінің орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев ағамыз тұңғыш құрылтайдың дайындық қызметінен бастап осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан білікті маман ғой. Ақиқатын осы кісі айтар деп жүруші едік. Қатты қателесіппіз! Өткен жылдың соңында «Егемен Қазақстан» газетінде ол кісінің «Оралман көші: Күдік пен үміт» деген мақаласы жарық көрді. Онда Сұлтекең елге оралған ағайындардың арасындағы алаяқтарды аяусыз әшкерелейді. Шын ғой! Шетелде жүрген бес миллион қазақтың ішінде кімдер жоқ?! Алаяқ та, баукеспе ұры да, қанды қол қарақшы да бар олардың арасында. Бірақ, сол алаяқтардың не себепті дәл біздің елде желі оңынан тұратыны ойландырады. Оларға  жағдай жасап отырған кімдер осы? Ақыры айтқан екен, олардың атын атап, түсін түстеп берсе, дұрыс болар еді. Сұлтанәлі мырза қызды-қыздымен тағы мынадай қызық пікір айтады: «Бұдан біраз бұрын «Қазақстанның азамат­ты­ғын алу жөнінде құжат өткізген, соған орай оларға азаматтық беру жөнінде Президенттің Жарлығы да шыққан 57 мың оралман әлі күнге Қазақстан азаматының жеке куәліктерін алмай қашып жүр».  Бұл - өткен 2009 жылдың есебі ғана. Ал Көші-қон және Статистика комитеттерінің мәліметтері­не сүйенсек, жеке куәлігін алмаған мұндай оралмандардың ұзын саны 400 мыңға жетуі мүмкін» («Егемен Қазақстан». 14- желтоқсан, 2010 ж.) Көші-қон және Статистика комитеттері осы мәліметтерді берді ме?Қандай дерек көздерінен алынды? Ол жөнінде Сұлтекең ешқандай сілтеме жасап жатпайды. 400 мың оралман бұл елге оралған қандастарымыздың тең жарымы ғой!  Бір облыстың халқына парапар осыншама ағайын Қазақстанның төлқұжатынсыз бұл елде емін-еркін сайран салып жүрсе, көші-қон полициасы қайда қарап жүр? Ал, кері көшіп кеткен болса, еліміздегі көші-қон саясатының күйрегені емей, немене? Егер осының бәрі рас болып шықса, ең алдымен осындай масқара жағдайға жол берген кінәлілерді тауып жазалау керек . Әрине, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да бұл жауапкершіліктен шет қалмауға тиіс.  Бірақ, бұл мүмкін емес! Жазушының қиял қанаты тым биікке самғап кеткенге ұқсайды.  Біздің қолымызда сол кездегі Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың 2010 жылдың 6-желтоқсанында берген ресми хаты бар. Онда өткен жылдың желтоқсан  айына дейін 705 мың 206 қандасымыз Қазақстан төлқұжатын алып, тәуелсіз елімізде түтін түтетіп жүргендігі айтылған. Бұл тізімге осы 2011-жылдың басында Прездент жарлығымен азаматтық алғандар кірмейді. Демек, осы жылғы Елбасы жолдауында айтылған 800 мың қандасымыздың елге оралғаны күмәнсіз шындық.

Бізді қайран қалдыратыны, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  соңғы кезде президент тапсырмасына сай «ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасаудың» орнына жалған ақбар беріп, жаңсақ пікір айтып, "өтірік пен өсекті жүндей сабап" жүргеніне қарның ашады. Мұндай жауапсыздық Елбасымыздың өзіне де жаңсақ қортынды жасауға итермелеуі мүмкін ғой. Бүгін Астанада басталған Дүние жүзі қазақтарының төртінші құрылтайы осы мәселелерді де талқыға салып, нақты бағасын берсе жөн болар еді .

Рақым Айыпұлы,

«Жебеу» Республикалық қоғамдық

бірлестігі орталық атқару кеңесінің

директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379