Жексенбі, 24 Қараша 2024
Зерттеу 4521 5 пікір 21 Наурыз, 2019 сағат 15:58

Наурыз - ырым мен сенім тағлымы

Наурыз – түркі тілдес халықтардың ең асыл қазыналарының бірі. Ғасырлар ғаламаты  бұл күннің мерейін асырумен келеді. Құт пен киеге толы Наурыз - адам мен табиғаттың  ерекше үйлесім тапқан және жан дүниенді жандандыратын күнге айналған.

«Жаңа күн» танымы. «Наурыз» атауы алғаш рет Зороастризм дінінде кездеседі. Оған дәлел «Наурыз» иран тілінде «жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа күн наурыз айының 21- нен 22 қараған түні ауысады. Осы түн адам мен табиғат үшін маңызды орынға ие. Не себепті десек?. Біріншіден, күнтізбелік реттілік (күн, ай, жыл) сақталынған. Екіншіден, Күннің эпитеті бұл - отОт - зороастризм үшін ең басты таным негізі. От өзімен бірге ғарыштық бастамаға ие.  От  бар жерде тіршілік бар, өмір бар. Жаңа күн – бұл жаңа өмірдің бастауы дегенді ұйғартады. Өйткені, күн (күнтізбелік) - адам өмірінің уақыттық өлшемі. Ғалым А.Сейдімбек те: «күн мен түннің  теңесер мерзіміне, яғни жыл басына «мәңгілік өмірдің бастауы» ретінде айрықша мән берілген» деп  ойымызды құптарлық пікір білдіреді. [1, 225 б].

Қазақ халқының да дүниетанымда «от» түпнегізінен бастау алатын «от-басы», «от-ағасы», «ошақбасы», «от-ана» түсініктері бар.  Қазақтардағы ошақ-қасының аманшылығы бұл отбасы мүшелерінің аманшылығы іспеттес. Ал ошақтың сөнгені жамандықтың белгісі. Сондықтан да жанған ошақтың өшпегені абзал. Ошақ отының лаулауы тіршіліктің, өмірдің символы ретінде танылады.

Үшіншіден, наурыз айының 21-нен 22-не қараған шақ ғарыштық заңдылық бойынша күн мен түннің абсолютті теңескен уақыты деп танимыз. Жоғарыда күн мәселесіне біршама тоқталып өттік. Ендігі кезекте әңгіме түн жөнінде болады. Түн – адамдар бойында  қараңғылық, суықтық, қорқыныштық қасиеттер тудырады. Түн - өліммен ассоциацияланған. Түн – жаманшылықтың хабаршысы. Сонымен қатар түн бұл Айдың да мекені. Ай - ғарыштық планета ретінде Күннің де серігі. Яғни бір-бірінсіз тіршілік жоқ. Бұл ғарыш заңдылығы, табиғат заңдылығы.  Табиғат заңдылықтары бойынша Күн мен Айдың арасында аса бір гармония заңдылығына сәйкес тепе-теңдік (баланс) бар. Мәдениеттанушы Серік Ерғали табиғат аясындағы  тірі мен өлі, қыс пен жаз, қыз бен жігіт, Тәңір мен іңір сипатындағы дуалистік тартыстардың бар екенін атап өтеді.

Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» дастанында Айдың құбылмалылық табиғаты былайша сипатталады. Ай туғанда кіп-кішкентай болады, одан кейін толған айдай толысады. Ең сонында кішірейіп жоқ болады – дей келе айдың жетілу фазаларын айтады. Айдың адам табиғатына тигізер ықпалы зор. Әсіресе әйел затының табиғаты осы аймен өлшенеді. Сонымен қатар адамның өмірлік фазаларымен де сәйкес келеді.

Бұл күндері адам табиғатпен санасып, аспан құбылыстарын бағдарлап, тіршіліктің негізгі заңдылықтарын меңгеріп, өздерінің өмір тіршілігін табиғатқа икемдеп, Тәңірге ерекше сеніммен табынып, дүниенің, табиғаттың жаңғырар, қайта түлейтін сәтін назардан тыс қалдырмай, оны ерекше құдірет пен кие деп танып, құтты күндеп танып, ол күнді Ұлыстың Ұлы күні деп атаған тәрізді. Ұлыстың Ұлы күні деп танылуының да мәні өте зор демекпіз. Ұлы – деген сөзді діни тұрғыдан Жаратушы, Тәңір, Құдай, Алла түсініктерімен де ұластыруға да болады. Академик Ғарифолла Есім «Ұлы» деген сөзге қатысты былай дейді: «Ұлы дегенде біздің түсінуміз керек, ұлылықтың еш теңдесі жоқ екендігін. Теңі жоқ нәрсе ғана - ұлы. [2,244 б]. Сонда бұл Наурыз – Ұлыстың  Ұлы күні – деген адамзаттың теңдесі жоқ күні ғой деген ұйғарымға келеміз. Яғни, түркі әлемінің ғана емес, адамзат үшін ортақ құндылықтық негізін аңғартады.

Жаңа күн - құтты күн. Наурыз дегенде бірден ойымызға «құт» сөзі келеді. Өйткені, «Наурыз құтты болсын!», «Жасың құтты болсын!»,  «Құт құйылсын!» - деген ізгі бата тілектерімізді қарша жаудырамыз.

«Жаңа күн»  жер дүниеге шапағаты нұрын шашқанда, одан «құт» құйылады деген түсінік бар. Кімнің бойына, асына  көп құйылатын  болса, сонда соншама ырыс... көп болады деген сенім қалыптасқан... Сондықтан да Ұлыстың Ұлы күні атқан таңды, шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алып, тілейтін. «Жаңа жыл құтты болсын!», «Құт дарысын!», «Құтың құтты болсын!», «Жасың құтты болсын!» дейтін тілек түрлерінің мән мағынасын айқындала, ашыла түссе керек. Демек, Наурыз күні күннен шығып құйылатын  «Құт» біз кейде түсінетіндей дүние, мүлік, мал, қаржы түріндегі заттық қазына емес. Ол нұр, сәуле, адамның рухани жан дүниесін байытатын, тазартатын, нұрландыратын, сәулелендіретін, күш-қуат беретін қасиетті, құдіретті, киелі ұғым. [3,39-40б]. 

«Құт» деген бұл түркілік ұғым. Құт лексемасына байланысты түсініктеме беріп кетсек, құт- көпөлшемді, көпқырлы субстанциялық негіз. Көп жағдайда оны Көне  түркілік әдебиеттерде жан, өмірлік қуат, рух, бақыт, дәулет, жақсылық, жолы болу, бағы ашылу,сәттілік, табыс, кісілік, ұлылық, дәреже, ақиқатқа жету, нұрлану, шынайы бақыт пен шаттыққа кеңелу ретінде танылады. Қарап отырсақ адамзат үшін бәрі де құттан басталады және не нәрсенің болсын негізінде құт бар. Мәселен, Күн де құт, Ай да құт, Жер де құт, жан да құт. Бәрінің де бастауында құт бар. Өйткені, ол адамзатқа өмір сүруге, өмірді кешуге, молшылық пен жетістіктерге қол жеткізу үшін қажет. Ал ол өмір әрине табиғаттың, қоғамның шеңберінде болады. Бұл адамның дүниеге, табиғатқа деген құндылықтық пен зиян келтірмеу қатынасын айғақтайды. 

«Құт» құйылады деген мәселе өте бір мән берерлік бастау. Құйылу негізінде әлде бір сұйықтықты меңзейтінін байқауға болады. Бұл жердегі сұйықтық сүт туралы болып отыр деп қабылдауымыз  орынды. Сүт ыдысқа құйылады. Ал адам тәні мен жаны бос ыдыс болмақ. Мифтік түсінік бойынша аспанда сүт көлі болған-ды. Ол сүт ырыс, несібе болып адамға беріледі деп болжамдаған. Шын мәнісінде де, ана құрсағындағы нәресте  іште жатқанда тек қана кіндік тамыршалары арқылы қоректенеді. Нәрестенің дүние есігін ашуы ана омырауында сүт бездерінің  жібуіне әкеледі. Нәрестенің өз несібесі мен ырысы дегеніміз осы аспан әлеміндегі сүт көлінің ана омырауына беріледі деген сенім қалыптасқан.

М.Боис наурыз дүниетанымы жөнінде: «Зороастризм ғылымы тәртіп ережелерін ғана емес, сонымен бірге тәртіп талаптарының қаталдығын жұмсартатын көптеген көңілді әдет-ғұрыптарды қамтитын толыққанды рухани өмірді ұсынды. Бұл дүниеден безуге шақыратын дін емес, қайта өмірге құштарлыққа шақыратын сенім болды» - дейді.[4,93б]. Бұдан біздің ұйғаратынымыз Наурыз діннің ұстанымдарын  гөрі, адамзаттық ұстанымдарды жоғары қояды. Өмірге деген құштарлық, құлшыныс алдыңғы қатарға шығады. Бұл шынымен де халықтық, адамзаттық кейіпте болып, табиғатты үлгі ететін бірлік пен біртұтастылық, ынтымақ пен ауызбіршілікті дәріптеледі. Ынтымақ пен береке бар жерде ғана құт дариды демекпіз.

Көрісу салты. Қазақ халқының негізгі тұрмыс тіршілігі қыс айларында қыстауда өтетіні белгілі. Климаттық жағдай өте қатал. Бұл тұрғыда күңгірт күзден кейінгі қылышын сүйреткен қыс келгеннен кейін елді мекендердің ең бастысы адамдардың арасында едәуір алшақтық қалыптасады. Бірі-біріне боран кездері жолдың болмауынан тіпті арақатынас, байланыс үзіледі. Ағайын бауырлардың, көрші-көлемдердің бір дастархан басында бос қосулары азаяды. Тек қана көктем айы Наурыз келген кезде ғана байланыс қайта жанданып, жолдар ашылып, адамдар бірі-бірімен қайта бос қосу үшін бас аманшылығымен жан аманшылығын білу мақсатында, бір-біріне көрісу, қауышу үшін елді мекендерді аралаған. Оның бастауы әрине ағайын-туыстардан басталып, елмен жермен қауышуға ұласады. Бұл көрісу салты адамсүйгіштік пен  рухани бірліктің жоғары идеалы болмақ. Біздің пайымымызша да көрісу ең алдымен жанның амандығын білдіретін дүниетаным.

«Ұзын сары» танымы. Наурызда күн ұзарып, түн қысқарған сәтті «ұзын сары» келді деген. Ұзын сары дегеніміз не десек? Ұзын - ұзақ дегенді білдірсе, «сары» деп тұрғанымыз әрине күн жөнінде болып отыр. Яғни, «ұзын сары» күннің ұзақтығын меңзейді.

«Ұзын сары» келер шақта  адам ағзасы дайын болғаны абзал. Ол наурыздан басталып жаз аяқталған кезеңге дейін созылады. Міне, осы кезеңде Наурыздың басты тағамы «наурыз көже»  дайындалынады. Көженің құрамына көп жағдайда дәнді дақылдар мен ет, сүт өнімдері қосылады. Және ол құрам 7 астан аспауы орынды. 7 дәмнің болуы наурыз көжені дайындаудағы қатаң регламенті десекте боларлық. Бір жағынан 7 саны қасиетті сан десек, екінші жағынан 7 дәм адам ағзасының 7 мүшесіне  тән дәрумендер кешені. Бұның өзін тамақтануда жүйелі ұмтылыстын болғандығының куәсі іспеттес. Екінші жағынан «ұзын сары» күннің ұзақтығы негізінде өмірдің ұзақтығын да меңзейді.

Наурыз көженің құрамында сүт өнімдерінің болуы талаптан гөрі сенімді қалыптастырады. Күннің ұзақтығын сипаттай отыра, бұл күнде «Ақ мол болсын!» деген тілектер айтылады. Бұл тілек әрі қарай тілеуге ұласып,табиғат көгін мал-жаннан аяп қалмағанын тілге тиек етеді. Ақ мол болсын деген ниет «Қымыз мұрындық», «Саумалық» ырым-жоралғыларды қалыптастырады.

Қымыз мұрындық - бұл дәстүр бойынша бие байланып, қымыз сауылады.Сауылған қымыздан тек ағайын-бауырлар ғана емес, көрші-көлемде, алыс-жақындары да дәм татқаны абзал. Неге десек ?. Себебі, ақты тығып (жасырын ) ішу - араздықтың бастамасы. Саумалық тілегінен үзінде келтірейік.

Саумалық, саумалық,

Жаңа келген жақсылық.

Жаңа келген мереке,

Жаңа келген береке.

Көрмедік пе, көрдік пе?

Саумалық, саумалық.

Сүт көп, көмір аз.

Өмір көп, өлім жоқ, - деп тілеу мен ниет білдіріледі. Ақ - жақсылықты,  ізгілікті шақырады. Ынтымақ келіп, береке ортасы орнайды. Береке орнаған ортада құт құйылады деген сенім болған.

Көне наным-сенім бойынша адамның тазару процесінің бірнеше жолдары болғанды. Мәселен, зороастризмде отпен, сумен тазару сенімі кездеседі. Түркі сенімі бойынша тазарудың бірден-бір жолы бұл ағарғанмен тазару. Бүгіңде оның денсаулыққа пайдалылығы медицина ғылымымен дәлелденген.

Ақ – адам мен табиғаттың бір-біріне деген бата-тілегі мен ниеті. Ниетім ақ деген соның айғағы. Тек қана наурыз айында ғана емес, сонымен қатар әр кезде де адамзат табиғатқа аса бір ұқыптылықпен, жауаптылықпен қатынас жасағаны абзал демекпіз.

Наурыз мерекесі  көтеріңкі көңіл көтеретін ойын-сауық ойындары арқылы көрініс табады. Мәселен, «Селт еткізер»,«Ұйқыашар».  А.Омаровтың «Наурызнама» еңбегінде: «Ерте кезде бойжеткен қыздар жігіттерге жаңа сауған уызға соғымнан қалған ет қосып, «Ұйқыашар» деп аталатын ерекше тағам пісірген» - деп түсіндіреді. Бұл жерде «Ұйқыашар» тағам ретінде түсіндірілген. Содан кейін: «Мұның сыры көп» -дейді. Әрі қарай: «Тамақ бозбалаға күш бітіріп, сүйіспеншілік сезімін оятады, табиғат біткен түлеп жатқанда Ұлыстың ұлы күні ұйықтап қалмасын дегені. Өз кезегінде жігіттер қыздарға айна, тарақ және иіссудан тұратын «Селтеткізер»деп аталатын сыйлық ұсынатын. Мұндағы айна- пәктік пен жастықтың, иіссу-бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің символы».[5,25б]. Шын мәнісінде ол былай болуы да әбден мүмкін. Тыңдалық. Ұйқы – адам ағзасының тынығуы. Ұйқысыз адамзат өліп кетуі әбден мүмкін. Мәселе, 21 нен -22 қараған түні ұйықтамауда болып отыр. Бұл түні күн мен түннің теңесуі өзіндік кульминациялық деңгейге жетеді. Және ұйқыны жан мен тәннің бір-бірінен алшақтауы ретінде түсініледі. Міне, сондықтан болар, қалғып бара жатқан жас буынға сыйлық беру арқылы селт еткізіп, ұйқысын ашуды тілеген. Өйткені, ол түні жер бетінде түн аралап, үй аралап Қыдыр ата келетіні туралы сенім негіз болып отыр.

Халықтың наным-сенімінде Қызыр қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таным көзімен атыру үшін Қызыр ата түн  ордасы ауа дала кезеді. Жолай өзі сияқты ұлыс таңына ынтық жанды кезіктірсе, қасын көтеріп назарын салатын көрінеді. Қызыр атаның назары түскен адамның басына Бақ Қонбақ...Қазақ тіліндегі «Қызыр дарымай, Бақ қонбайды»деген мәтел осынау байырғы наным-сенімге орай айтылған. [6,228 б].

Ұлыстың ұлы күнінде адам да, табиғат та, әлеуметте біртұтастылықта. Бұл күнде жадыраңқы күйді тек қана табиғат қана емес, адамзатта, әлеуметте сезінгені дұрыс. Бұл күні жаманшылыққа жол жоқ.

Ізгілік тазалықтан басталады.Тазалық тек тәннің ғана емес, жанның тазалығы. Таза адам ғана даналықты тірек етіп, ізгі қылықтардың амалына айналдыра алады. Ізгі кісі кешірімшіл болып келеді. Өйткені, кешірім – жанның рухын жеңілдетеді деген сенім қалыптасқан.

Ұлыс күні нанға деген құрмет жасалынып, бауырсақ, 7 шелпек пісіріледі. Шелпектен оң қолымен үзіп жеп ауыз тию арқылы бір-біріне ант беріп, реніштері кешірілген. Одан әрі дастархан басында жалғасып,  үйге кірген кісінің көңіл хош болуына айрықша мән берілген. Дастархан – кең болған сайын, оның үсті дәмге толған сайын адамның, дүниенің кеңдігін сезілу өріс алған.  Дастарханнан дәм тату- өміріннің ұзақтығын сипаттайды.Әрі қарай бата тілектермен ұласады. Бата-тілектің көп болуы Қыдыр мен бақтың, құт пен берекенің болуына себеп болады деген сенім қалыптасқан. Жақсы ақ ниетке негізделген бата-тілек таусылмас энергетикалық күш-қуат береді деген дүниетаным мен сенім қалыптастырған.

Сөз сонында мынадай практикалық ұсынымдар жүйеленді. Біріншіден, бүгінгі әлеумет, оның ішінде жастар қауымы Наурыздың тарихынан мейлінше хабардар болғаны дұрыс. Тарихшылар қауымы әлі де болса наурыз туралы тарихи деректерге қол жеткізсе деген ұсыныс туындайды. Екіншіден, жастар бойында наурыз дүниетанымын білім мен мәдениет тетіктері арқылы қалыптастыру қажет. Үшіншіден,Наурыз көжені тек қана наурыз кезіндегі тағам ретінде емес, оны мейрамхана, дәмханалардың ас мәзіріне енгізгендеріміз абзал. Мәселен, ЭКСПО кезінде шетелдіктер дәм татса қандай керемет болар еді. Төртіншіден, наурызбен бірге келетін тазару философиясын жетілдіру керек. Оның ішінде жан тазалығы мәселесі де бар. Бұл орайда сүт өнімдерінің адам ағзасы үшін пайдалылығын түсіндіру арқылы үлгілі өмір салтын дәріптеу. Бесіншіден, жастар дүниетанымында «Қыдыр ата» идеалын қалыптастыру болмақ деп қорытындылаймыз.

Пайдалынылған әдебиеттер:

  1. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау.Оқу құралы.-Алматы, «Санат» 1997. – 464 бет.
  2. Есім Ғарифолла. Адам-зат. – Астана:Ақарман,2008.-382 бет.
  3. М.Жанболатұлы.Наурызнама. (Мәтін). –Семей:2009.-84 бет.
  4. М.Боис. Зороастризм. Верования и обычаи. М.,1986. 174стр.
  5. Омаров А. Наурызнама - Алматы: Қазақ ССР «Білім» қоғамы, 1990. - 32 бет.
  6. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау.Оқу құралы.-Алматы, «Санат» 1997. – 464 бет.

Жылбек Маратұлы Жанабаев

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592